Қаз дауысты Қазыбегім
25.08.2017
1073
0

Бауыржан ЖАҚЫП,
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының және
М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты


Қаңқылдаған қазым едің,
Жарқылдаған жазым едің.
Саңқылдаған сұңқарым ең,
Қаз дауысты Қазыбегім.

Жеті жаста билік айтып,
Ел алдында көрініп ең.
Он төрт жаста билік айтып,
Төр басында төгіліп ең.

Әз Тәукенің заманында,
«Жеті жарғы» жазып едің.
Қазағымның бар тарихын,
Шежіре боп қазып едің.

Ұлытауда ақжарылып,
Әз Әйтеке, Төле бимен,
Маңдайыңа бақ жазылып,
Таңдайыңа өлең үйген.

Бар қазақтың бірлігіне,
Қызмет еттің ғұмыр бойы.
Тәуелсіздік тірлігіне,
Өзің айтқан тірілді ойы.

Сарқылмайтын сазым едің,
Айтылмайтын назым едің.
Қасқайып сен тұрсың тірі,
Қаз дауысты Қазыбегім.

Қазағымның ұраны боп,
Шырқалатын жыр әні боп,
Берекенің тұрағы боп,
Ырыс-құттың, шырағы боп,
Жанып тұрған сазым едің,
Қаз дауысты Қазыбегім.

Қалмақпенен шайқасқанда,
Ел ғып кеткен қайран бабам.
Жоңғарменен айқасқанда,
Жер ғып кеткен қайран бабам.
Орыспенен бітістіріп,
Бел ғып кеткен қайран бабам.
Қытайменен тіл табысып,
Төр ғып кеткен қайран бабам.

Абылайға қорған болған,
Қаракесек орман болған,
Сыр бойында туып едің,
Қаратауда тарлан болған,
Арқаға кеп алты алашқа,
Атың сенің арман болған.

Атығайым, Қарауылым,
Баяндағы бар ауылым,
Шыңғыстау мен Абыралы,
Қарқаралы – нар ауылым,
Ақмолада дара нұрым,
Жаңаарқада Жаңа ауылым,
Шет пен Кентім, Балқантауым.
Сарыарқада сан ауылым,
Басын иді бүгін саған,
Тағзым етіп дара ұлым.

Жезқазған мен Қарағанды,
Жауыртау мен Нұрадағы,
Балқаш пенен Сарышаған,
Мөлдір-мөлдір Тұмадағы.

Торғай менен Семейдегі,
Қыздырды елің Арқа төрін.
Қалды сөзің көмейдегі,
Қалды бізге қамқа тоның.

Кереку мен Көкшетауым,
Атбасар мен Ақшатауым,
Қызылжар мен Ақтоғайым,
Тарақтылар ноқтадайын,
Бүгінгі күн тарихымда,
Жазылып тұр хатқа ағайын.

Бүкіл қазақ тағзым етіп,
Әруағыңа бас иетін.
Түркістанда жәннат көрген,
Қайталанбас қасиетім.

Бастауымды сенен алдым,
Байбөріден тарағанмын.
Қаратеке ұраным бар,
Мойынымда тұмарым бар,
Қойынымда құраным бар.

Сенің дауысың сияқтанып,
Қаз дауысым қаңқылдаса,
Бір түйіршік қаның бүгін,
Сұңқардайын саңқылдаса,
Сенен қайнар жырын алам,
Сенің арқаң ұлы бабам.

350 жыл тірісің,
Қазағымның бір пірісің.
Қолда баба, әруағыңмен,
Жас ұлыңның ұмтылысын,
Жас еліңнің бұлқынысын.

Шомыламын шүғылаңа,
Тәуелсізбін дулығаға.
Елім бүтін, жерім түгел,
Сен тұрғанда Ұлы баба,
Қаз дауысты Қазыбегім.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір