Ақаңның ізбасары
18.08.2017
3124
0

– Кешікпей жүрмесек, қазақ болғанымыз неткеніміз, – деп Сәкең мырс етті. Сап-сары Садықбек Адамбеков ағамыз.
–Шынында, өткен аптада, сенбі күні ауыл­дан немерелес аға-жеңгеміз келіп, осын­дағы үш туысымызды шайға шақырдық, әң­гімелесіп отырсын деп. Құдай-ау, солар­дың ең тез келгені отыз бес минөт, ал қал­ған­дары бір сағат шамасы тостырып келді, – деді үлкен Осекең, қашанғысынша баяу сөйлеп. Күміс тісі езуінен «сығалап тұратын» Оспанәлі Иманәлиев.
– «Шай ішуге келіңдер» деп шақырдың ба? – деп кіші Осекең тақымдай қалды. Кө­ме­кейі бір ашылып, бір жабылып тұратындай қырылдаңқырап сөйлейтін Оспанхан Әу­бәкіров.
–Енді не деп шақыруым керек еді? – деп Оспанәлі оған көзінің астымен қарады.
–«Ет жеуге келіңдер» десең, жалаңаяқ жа­рысып жетер еді, – деп Оспанған бізден бұрын өзі күлді. Сәкең екеуіміз қосыла күлдік. Оспанәлі «өлшеп» күлетін әдетімен екі рет кеңк-кеңк етті.
1975 жылдың соңы болар, Жазушылар одағында сатира кеңесіміздің кезекті мә­жі­лісі болмақ еді де, менің кабинетімде бас­қосуға келіскенбіз. Кеңесіміздің төра­ғасы Темірбек Қожакеевтің және басқалары­мыз­дың жиналуын күтіп отырғанбыз. Есік тық-тық қағылып ашылды да, орта бойлы, иман жүз­ді жігіт кірді. «Кім болсаң да, кел, тө­рлет!» – дедім. Ол жымия бас иіңкіреп:
– Сәлеметсіздер ме? Кешіріңіздер, Мә­кеңді іздеп келіп едім, – деді. Оспанхан гү­ріл­дей сөйлеп:
–Бұл жігіт – бізде фантастиканың шля­пісін шыр айналдырып жүрген ініміз Шәм­шиден Әбдіраманов, –деді.
–Білеміз ғой, жоғары шық, – деді Сәкең.Фантас жігіт тағы да жымиып:
–Мәкең керек еді, кешіріңіздер, – деп ақырын бұрылып, шығып кетті.
–Іздеп келген Мәкеңінің түр-түсін айтпастан кете барды ғой, – деді Оспанәлі таңданыңқырап.
– Қыздай сыпайы жігіт, – деді Сәкең риза пейілмен…
Шәмшиденмен кейін Жазушылар ода­ғында болып жататын әдеби үлкен-кіші жиындарда кездесіп, сәлемдесіп жүрдім. Садық­бек ағамыздың мінездемесі мінсіз екен. Фан­тастикалық әңгіме, хикаят, киносценарий мені қалайда қызықтырмайтын және ондайды жазатындар асып-тасып жүретін ерекше адамдар шығар деп ойлайтынмын, ал Шәмшиден байсалды, сыпайы екен. Асықпай сөйлейді, қоңыр үнді.
Гәзеттердің бірінде, «Лениншіл жаста» ғой деймін, Шәмшиденнің «Көрінбес қор­ған» деген әңгімесі шыққанын көргенмін, бі­рақ оқыған жоқ едім. Үлкен-кіші қалам­дас­тарымыздың қайсыбірінде жолыға қал­ған­да, не телефон шалып: «Пәлен гәзетте менің түглен әңгімем шықты, оқыдың ба?», – дейтін әдет бар. Шәмшиден жақтан сондай сұрақ жылт етпес пе екен деп ойлап қойып жүрдім. Ол күдігім күдік күйінде қалды. Та­ныс­тығы­мыз тамыр жайып, әңгімеміз әрленіп жүрген сәттерде, бір қызығы, оның жанрында менің «шатағым» болмады да, ол менің сатирама «соқтықпады». Қалай басталатынын байқаған емеспін, Шәмшиден не Әлкей Марғұлан, не Ақжан Машани туралы айтып, мен білгенім­ше қостаймын. Әрине, археолог Әлекең, геолог Ақаң жайында ме­нің білетінім ол ғұлама ағаларымыз туралы жазылған гәзет мақалала­ры көлемінде ғана, ал Шәмшиденнің әсіресе Ақаң жайындағы бір әңгімесі – бір кітапқа жүк дерлік. Оның фантастикаға қадам басуына сол ұстазының «Жер астына саяхат» атты романы себепші болған екен.
2013 жылдың шілдесінде біз – Шәмшиден мен бәйбішесі, менің бәйбішем бар төртеуіміз – «Алматы» шипажайында дем алдық. Шәм­шиденді сол жолы әбден білдім.
Бір кеште, ем-домнан бос әредікте, Шә­м­шиден күлімсірей қарап:
– Ғаба, палатадан безіп, дала кезіп келсек қайтеді? – деді.
–Дұрыс, ұсыныс қашан, қайда болсын дереу қабылдануы керек, – дедім. Бәріміз күлісіп, екеуіміз далаға шықтық.
Шәмшиденнің маған «сіз» деп сызылып сөйлегені әу баста-ақ ұнай қоймаған, ресми құжат сөзі тәрізденген. Сол райынан енді қазір, оңашада қайтарғым келді де:
– Жолдас Шәмшиден мырза, ақын аға­мыз Мұзафар Әлімбаевтың: «Сіз» деген салқын сөзден қорқамын ғой, «Сен» десең, көңіл қайта шалқыр еді», – дегенін білесің, сенің де «сізді» қойып, «сенге» көшкенің заңға томпақ болмас еді, – дедім.
–Жо-жоқ, Ғаба, жоқ, болмайды! – деді, басын екі-үш шайқап.
– Е, неге? Әлде екі жарым жас кішілігіңді ескі ақшамен есептеп жүрсің бе? – деп әзіл­деп едім, ол сылқылдап күле тоқтап қа­лып, сонсоң, әлі де күле «қуып жетіп», екі қолын бірдей ұсынып:
– Сіз «Шәмшиден» деп, мен «Ғаба» деп, ағалы-інілі қалпымызды сақтайық, онымыз да «заңға томпақ болмас», – деді, қуақы­ланып.
Сөйтіп, ұсынысым өтпей қалып, қолын алып, еріксіз келісіп тындым. Одан кейін, қайтейін, шипажайдың саялы жаяу жолымен қыдырысымыз басталысымен:
– Жә, Шәмшиден інім, сенің кен инже­не­рінен, Сталин айтқан жан инженеріне айнал­ғаныңды, ғылыми-фантастикалық романның, бірнеше жинақтың авторы екеніңді, басқа да қырларыңды Жазушылар одағының анықтамалығы айтып берген. Қаныш Имантайұлы Сәтбаев атындағы Ұлттық-техникалық университетіміздің профессорысың, педагогика ғылымының докторы, техника ғылымының кандидаты­сың, «Ақжан Машани» халықаралық қоғамдық қорының керегесін керіп, уығын шаншып, шаңырағын көтеріпсің және қордың президенті екенсің, қалай, мағлұмат толық па? – дедім. Ол биязы күле сөйлеп:
– Бәрін тізіп жаза беріпті, қажеті болмаса да, – деді.
– Қажеті неге болмасын, жә, ол өз алдына. Енді сенің қазіргі әңгімең академик Ақ­жан аға Машани хақында болсын. Академик Әлкей аға Марғұланның археологтық еңбек­те­рінің біразымен таныспын. Әлекеңнің тар­ихи-ғылыми, әдеби зерттеуінің шыңы Шоқан Уәлихановтың өмірін, ғалым-саяхат­шы­лық жолын зерттеп, мұрағаттардан, сол тұс­тағы Ресей және Еуропа елдері гәзет-журналдарынан шығармалары мен жолжазбаларын, ғылыми-тарихи мәнді сызбалары мен суреттерін іздеп, жинастырып, құрас­тырып, Шоқан жайындағы арғы-бергі лебіз-пікірлерді топтап, ғибраты аса мол мақала жа­зып, жиыны бес том етіп шығарғаны бол­ды. Ғажап! Ұлы еңбек! Ал Ақжан аға туралы білуім керекті сенен естігім келеді, – дедім. Шәмшиден «шашасына шаң ілестірмей» жө­неп берді. Бісмілдәсін Есенберлин Ілиястың «Қаһар» романындағы бір кейіпкер Ма­сан­бидің шындығында Машан би, ол – Ақ­жан­ның атасы екенінен бастады. Ақаңның тегін таратып айтып, болашақ даңқты ғалымның қай­да оқығанын, кімдермен аралас-құралас бол­ғанын, геологтік нендей еңбектері барын, әдеби-ғылыми ізденісінің шоқтығы «Әл-Фараби» романы екенін әңгімеледі.
– Ғаба, Міржақып Дулатовтың «Шағым» деп атаған өлеңінде:
Мен – біткен ойпаң жерге аласа ағаш,
Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.
Қалғанша жарты жаңқам мен – сенікі,
Пайдалан шаруаңа жараса, Алаш! –
дегені бар. Ұйқасы жеңіл болса да, ойын айтсаңызшы, қандай, ә?! Ақжан аға заман, қоғам, адам туралы әңгімелерінде осы шу­мақ­ты айтатын. Міржақыптың біраз өлең­дерін жатқа білетін, – деді.
–Қазағын оята алмай кеткен ол ағамыз­дың өкінішті небір өткір ой түйіндері бар… өлең­дері… мына шумағындағы «Қалғанша жарты жаңқам…» дегені жай ғана айта салған сөзі емес, азаматтық сезімінің бір толқын-суреті тәрізді.
–Ақаң әл-Фарабидің аты-жөнін, Отырарда туып-өскенін, білім жолына тү­сіп, Араб елдеріне кетіп, сол жақта қайтыс болғанын Чехия Ғылым академиясының президенті, соғыс жылдары Алматыға ығысып келген Э.Кольманнан 1943 жылы алғаш естіпті. «Отырар – қазақтың жері, ендеше, ол ғалым – қазақ!» дейді Ақаңның ойы. Геологиялық жұмыстарын іркіп, фарабитануды бастайды. Орта Азия және Араб елдерінің кітапханаларына хат жолдап, әл-Фараби жөнінде мағлұмат бар-жоғын сұрас­ты­рады. Қызмет бабымен шет елдерге жолса­пар­ға аттанып бара жатқан аға-інілерінен, жолдастарынан ғұлама бабамыз туралы ес­тіп-білгендерін мұқияттай жүруді, кітап­та­рын көрсе, қалайда, ең болмаса, көшірмесін алып келуді өтінеді. Өзі белгілі «Ғалия» мед­ре­сесінің кітапханасынан үш кітабын тапты. Сонымен, дәрігер академик Сайын Балмұ­ханов Ыстамбұл кітапханасынан әл-Фараби еңбектерінің тізімін алып келсе, академик Шаһмардан Есенов Канададан араб тіліндегі кітабын әкеліп сыйлады. «Ақаң ол кітапты алып, сипалап, көзінде жас іркіліп, Шаһмар­дан­ға алғыс жаудырғаны есімде. Ақаң ол кітапты портфелінен тастамай, ғалымдарға, шәкірттеріне көрсетіп, кей беттерін оқып беріп: «Бабамыздың шығармаларын мүмкін болғанынша тауып, жинап, қазақ тіліне аударып шығаруымыз қажет», –деп жүрді және айтқанын іске асыруға кірісті.Әлем ғалымдары Аристотельден кейінгі екінші ұзтаз тұтқан Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз­дың атын, ғылыми мұрасын атамекеніне, қазағына оралтқан Ақжан Жақсыбекұлы Машани болды. Яғни Ақаң фарабитануды негіздеді. Ақаңның ықпалымен Ғылым академиямыздың «Ғылым» баспасынан1991–97жылдары бабамыздың трактаттары орыс тілінде шығарылып, қазақ тіліне аудару да қолға алынды.
–Фарабитануға жазушы Әнуар Әлім­жа­нов та үлес қосты ғой. Пәкістанның Кара­шиін­дегі сурет галереясынан бет-әлпеті суретін алып келіпті. «Азия мен Африка», «Лотос» журналдарына танымдық бірнеше мақала жазыпты. «Ұстаздың оралуы» романы араб тіліне де аударылды.
–Иә, Әнекеңнің ол романы –әдеби-та­рихи құнды еңбек.
–Бабамыздың туғанына мың бір жүз толғаны Алматыда өткізілуіне Әнуар бел шеше кіріскен.
– Иә, әл-Фарабиді өзбек ағайындар «өз­бек!» деп дәлелдеуге кіріскенде, 1971жылы Мәскеуде тарихшы ғалымдардың үлкен жиыны болып, сонда Ақаң әл-Фарабидің қазақ екенін дәлелдеп сөйледі, туғанына 1100 жыл толуын атап өту қажеттігін айтты. Ал Әнуар Ақаңды жақтап, егер жаңылмасам, 1972 жылы, тәжіктің ғой деймін… шығыс­танушы атақты ғалымы, академик… аты-жөні… Ғафуров… иә, Ғафуров екеуі «Литературная газетаға» болар, өзекеңдердің бетін қайтара мақала жазып, сөйтіп, бабамыздың мүшелтойы өзімізде, 1973 жылы қыркүйекте, Африка мен Азия жазушыларының конференциясы аяқталған күні, Алматыда өт­кізілді.
– Ол жәйтті жақсы білемін. Айтпақшы, кен инженері Шәмшиден Әбдіраман, сен бір жылдары Алжирде жұмыс істепсің, сол са­парың туралы әңгіме шертші! – дедім, қыз­ы­ғу­шылығымды паш етіп. Шәмшиден тағы да күле сөйлеп:
– Ғаба, оны бұл жолы айтпайын, құдай қаласа, қайта қарап толықтырған жолжазбам кітабымда шығады, содан оқыңыз, әйтпесе қызығы болмай қалады, – деді.
– Ақжан ағаның фантастикаға қол ұр­уына Ферсман, Обручев деген академиктердің ықпалы болғанын өзінің бір әңгімесінен естіген едім, ол туралы аздап болса да айтсаң деймін.
– Ғаба, ол да тұтас бір хикаят, ренжіме­сеңіз, оны да кейінге қалдырсақ қайтеді?
– Солай ма? Ал өзің Машанитанудың ір­гетасын қаладың, сол тұрғыда не атқар­дың?
– Ақаңның ғылыми және әдеби еңбекте­рін жинап, іріктеп, көптомдық жасадым ғой. 16 кітап болып шықты. Көзіңіз шалмаған екен, – деді, қоңыр үнінен таңданысы мен өкініші анық аңғарылып. Мен ыңғайсызданып қалып:
–Менің бір ағаттығым, иә, ағаттығым шығар, кітап дүкендеріне барғанда көркем әдебиет, содан кейін саяси тарих бөлімдерінен басқаларға бұрылмай шығамын, ал Ақаңның «Әл-Фараби» романын оқыдым, үй кітапха­нам­­да бар, сенің… өзің ше… әдеби, ғылыми ең­бектерің бірнеше том болар, Ақаң хақын­да­ғы ғылыми-зерттеу мақалаларың бар екен, – деп өзімше ақталдым.
– Ол жағы ұмытылмайды, «процесс пошел», бес том болар…
Сол әредікте алдымыздан үш жігіт ұшы­расып, «ассалаумағалейкүм» десіп, сызыла сәлем берді. Басында электр шамы бар бағана түбіне тақаған едік. Шәмшиден «шә­кірттерім» деп оларды атап-атап маған, мені «жазушы ағамыз» деп оларға таныстырды. Жігіттердің бірі:
– Сейілдеріңізге бөгет болдық, ғафу еті­ң­іздер. Шәке, сізге келіп едік, асығыстау бір шаруамыз болып тұрғаны, – деді, име­нің­кірей сөйлеп.
–Шәмшиден, мен дем алуға барайын. Жігіттер, есен-сау болыңдар, – деп саяжай жаққа бұрылдым.
Сол кеште үзілген әңгімеміз әрі қарай жалғаспады. Шәмшидендер шипажайға бізден бұрынырақ барған екен, екі күннен ке­йін үйлеріне қайтты. Кейін де хабарласып тұрдық. Қадірлі інім сырқатқа шалдығып, аурухананы жағалауға, ота жасатуға мәжбүр болды. Бір күні Жазушылар одағында жо­лық­тық– жүдеп қалған екен.
– Біздің Өскеменнің орыстары: «Нешауа десең, жеңіл болады» дейді, орекеңдер біл­месе айтпайды ғой, сен де «нешауа» деп, ауруды еркелетпей, жақсылап емделіп, әбден сауық, әңгіменің ескісін жалғап, жаңасын үкі­леп, әй, бір ағылтармыз-ау! – дедім, әзілге сайдыра әдейі көңілдене сөйлеп.
– Әрине, Ғаб-аға, әрине! – деді Шәм­ши­ден інім, қоңыр көзі күлімдей езу тартып.
Амал не, тағдыр «әринесін» құптамады, 2016 жылдың жазында бақиға алып кетті…

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір