Шешендік пен айтқыштық
Өзіміз жақсы сезінгенімізбен басқаларға ұқтырып айтып, ақтарып жазып бере алмайтын, ал өзгелер түсінуге ықылас танытқанымен түйсіне де, тұшына да алмайтын нәрселерді қазекем терең толғап, қиыннан қиыстырмай-ақ емеурінмен, әзілмен, бір ауыз сөзбен оп-оңай айта салады. Айтқыштық туабітті қабілет пе, әлде жүре бітетін өнер ме деп таңданасың. Бір-ақ ауыз сөзбен жаудың да, даудың да бетін қайтарған би-шешендердің дүниетанымының кеңдігіне, биік парасатына еріксіз қайран қаласың. Бір ауыз сөзбен бағаңды асырып, бір-ақ ауыз сөзбен жасытатын да қазақ. Соңғы уақытта астарлы ойды түсініп, әзіліңе әзілмен жауап қататын кісілердің қатары сиреп бара жатқанын аңдағанда, ата-бабамыздан дарыған осы бір дара қасиеттен айрылып қалмасақ екен деп тілейміз. Астарлы сөзді түсінбек түгілі, айтар ойын мүдірмей жеткізетін ұрпақтың азайып бара жатқаны бұл тілегімізді одан сайын ұлғайта түсетіндей…
– Қазақ ауыз әдебиетінде де, халықтың арасында да әзіл-қалжыңмен түйреп, астарлы ойын шебер жеткізетін адамдарға «айтқыш-ай» деп тамсанатын едік. Әрі сол айтқыш азаматтардың айтқандары ғибраты мол тағылымды дүниеге айналатын. Ал қазір сондай кісілердің қатары сиреп бара жатқандай көрінеді. Сіз қалай ойлайсыз?
Мұхтархан Оразбай, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Ойды сөз өнерімен жеткізу адамзаттың асқақ өнері саналады.
Адамдар арасындағы көп күрделі тартыстардың соңғы шешімі, біткен жері шешен тілдің шебер айтылған уәжімен түйінделіп жатады. Тауып айтылған тапқыр ойлар әлемдік қантөгіске апаратын таласты да шешіп кетеді. Тарихта бұған қатысты оқиғалар толып жатыр. Сондықтан қазақ «тіл нарды қазанға, ерді көрге салады» деп шешен тілдің қарымын дөп басып айтады. Бірде «таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді» деп те тастайды. Шешендік тіл өнерінің қарымын қазақтың соңғы кезеңде жасаған билері де көп қолданған. Қазақ сөзге тоқтауды қоғамдық ұғым ретінде, заң ретінде де қабылдаған.
Шешендік пен айтқыштық жалаң ойдан тумайды. Оның астарында өте көп мағыналар жатады. Сондықтан сөз өнері дертпен тең деп қазақ бекерге айтпаса керек. Жастардың өз ұлтына өздері ие болуды арман етулері борыш. Қазақтың шeшeндiк өнeрi ескі сақ, ғұн, түркі дәуірлерінен бастау алып, ерекше көркeмдiк қyатымeн жалғасып, терең ғибраттық сарынымeн дараланған. сондай-ақ, аса бай тарихи жыр поэтикалық тiлiмeн өзгeшe қалыпта көрiніп, ұлтымыздың айрықша рyхани азығына айналған.
Бақыт Беделхан, ақын:
– Айтқыштық деген әжуа күлкіге құрылған дүние емес, оның астарында ащы шындық, ақиқат жатады.Кейбір айтуға ыңғайсыз, жеткізуге қиын әңгімені образбен, емеурінмен түсіндіре білу – нағыз айтқыштық.
Торғайда Айса деген азамат болған. Сол кісі айтқыштығының арқасында елдің бәрін күлдіріп жүреді екен. Кейін қартайып, дүниеден озатын шағында ел-жұрт жиналып: «бәрімізді күлкіге қарық қылып айтқыштығымен аты шыққан Айса да дүниеден өтіп бара жатыр-ау. бір аманатыңды айт, біз орындайық», – деген кезде Айса хәл үстінде жатса да: «Әй, сендер менің аманатымды орындай алмайсыңдар», – деген екен. «Бүкіл ел-жұрт болып сенің бір ауыз тілегіңді неге орындамасқа, айт!», – дейді. Сол кезде Айса: «Мен өлгенде қараңғы жерге көмбеңдерші, қорқамын», – деп соңғы демі шыққанша айналасындағыларды күлдіріп кеткен екен. Қазақ ауыз әдебиетіндегі Тазша баланың «Қырық өтірігі» де айтқыштық. Өтірік айтқан болып, ханның бүкіл кемшілігін бетіне басып айтып беруі – айтқыштықтың бір түрі. Бұдан басқа бәдік айтыстағы айтылатын тапқырлық, даулы істерде бір-ақ ауыз сөзбен тоқтам айту деген сияқты көптеген түрлері бар.
Әр ауылда айтқыштар көп кездеседі.
Бір кейуана 105 жасқа келіп қайтыс болады. Халық үйге сыймай, көшеге дейін созылыпты. Молда енді жаназаны бастай бергені сол екен, үлкен кісінің қайын інісі: «Ау, молдеке! Апамыз 105 жасқа келді ғой, кішкене көңілдірек жаназа жоқ па?..», – дейді. Оны естіп, жаназаға жиналған елдің бәрі ду күледі. Сөйтіп, қарияны соңғы сапарына күлкімен шығарып салыпты.
Бір оқиғаны ұзақ сөйлеммен айтқаннан гөрі, қысқа-нұсқа ұғынықты образбен тастай салу қашан да сөздің қаймағындай қадірлі болған. Қазақта «сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөз бар. Сөздің де жауһар секілді сегіз қыры болады. Осы сегіз қырын да түгел меңгерген адамды аузы дуалы кісі дейді. Кешегі би-шешендер, елдің абыздары сөздің әр қырын ашып, сырына бойлағандар. Сөздің қасиеті, сиқыры, дуасы, дауасы, құдіреті және т.б. болып кете береді. Кейде айтқыштықпен айтылған сөз дәл түсіп, орындалып жатады. Ол оймен айтылмайды, түйсікпен, көңілмен, сыртқы тылсым күшпен аяқасты айтылады. Бұндай сөздерді «әруақты» сөздер дейміз. Бұрынғы жаугершілік заманда тосылып қалған кездерде бір-ақ ауыз сөз қалың әскерді бастап кеткен. Осындай ұранды сөздер де бар. Сондықтан айтқыштықтың да атқаратын қызметі түрлі жанрға бөлінеді. Халқымыз сөздің құлпын ашты, сиқырын ұқты. Оны дуаға да, дауаға да пайдаланды. Демек, қазақтың сөз құдіреті – өз құдіреті.
– Сол дәстүр сабақтастығын Қалтай Мұхамеджанов, Қадір Мырза-Әлі ағаларымыз жалғастырған еді. Ал қазіргі кездің айтқыштары кімдер?
Мұхтархан Оразбай:
– Астарлы сөйлеп, айтарын жеткізуде, әлем ұлттары ішінде қазаққа жете қоятын ұлт жоқ десем, артық айтпайтын шығармын. Олай дейтінім, қазақ «қызым саған айтам, келінім сен тыңда» немесе «өткір қылыш қынға қас, шешен тіл Ханға қас» деп астарлап айтып, ақыл мен кеңесін, ойындағы ашық сөзін аңғарлы түрде ортаға сала алады. Қалжыңға сүйеп отырып, ойындағы шын сырын толық жеткізуге де қазақ өте шебер. Мәселен, «арық айтып, семіз шық деуші еді, мына өз буына семіргендер кім?» десе, бірде «бәлеліге бармағыңды сұқсаң, тырнағың ішінде қалады деуші еді ғой» деп астарлап қалжыңдайтыны тағы бар. Құрдастардың жезде мен балдыздың, жеңге мен қайынның арасындағы әзіл өте астарлы, әрі көңілді келеді. Бірде су алғалы бұлаққа кетіп бара жатқан сұлу қызды көрген екі жігіт, қыздың көйлегінің қолтығы жыртық екенін көздері шалып қалады, қалжыңдаспақ ниетпен жанай келіп, әлгі бойжеткенге былай депті: «Қарындас, қолтығында аласы бар қызыл құнажынды іздеп келеміз, көрдіңіз бе?», – дейді. сонда бойжеткен: «Жаңа ғана артында екі бұқа бар құнажын бұлаққа қарай кетіп бара жатты» деген екен. Жеңгелердің де қайындарына айтар қалжыңы көп. «Ебін тауып ойнасаң, қыз бетінен сүйдірер…» деп бір тоқтаса, «жеңгетай-ау, шөлдедім, сусын іздеп келгенім» деп қайындары қоймайды. Бұл қазақ ұлтында сақталған тамаша сөз өнері мен үлгілері деуге болады. Ал күллі әлемдегі басқа жұрт ондай қалжыңды біле бермейді. Қалжың түрі қазақ пен Моңғол халқына ғана тән ерекше сөз тапқыштық, табанда жауап бере білетін қасиет ретінде қаралады. Әлемдегі басқа ұлттарға қалжың айтарыңда, «мен қалжың айтайын» деп анықтамалы өтініш жасамай, сөз бастауға болмайды. Айтайық, орысыңа да, түрігіңе де, жапоныңа да, қытайыңа да, арабыңа да, парсыңа да, еуропалықтарыңа да төтесінен қазақы қалжыңға басатын болсаңыз, басыңыз дауға қалары сөзсіз. Олар әзілді шын көріп қалады. Ал моңғол мен қырғызға төтесінен қалжыңдай беруіңе болады. Бұл да ұлттық ерекшеліктердің бірі.
Осыған қарап, қазақ ұлтының аңғарымпаздығын, шешендігін, ұғымталдығын бірден көре аласың.
Бақыт БЕДЕЛХАН:
– Қадыр ағамызбен ұшыраса қалғанда:
– Ассалаумағалейкум! – деп амандассаң, – Уағалейкум- әссәлам! Уай, неғып жүрсің? – Жәй… – Неге жай жүресің, бірдеңе ойлап тап. Не істеп жүргеніңді біл! Адам үнемі ой үстінде жүруі керек – деуші еді. Ол кісі әдебиетте жүрген, қалам ұстаған інілерін жалпы жастарды тапқырлыққа, айтқыштыққа тәрбиелеуге тырысты. Қадір аға айтқыштығымен көпшіліктің есінде қалды. Көпен Әмір-Бек ағамыздың айтқыштығы өз алдына бір бөлек әңгіме.Бұл – дәстүр сабақтастығы. Шүкір! Қазір ойға да, сөзге де жүйрік жастар баршылық. Өз арамызда жүрген ақын Алмат Исәділдің де аяқастынан сөз тапқыштығы, ойламаған жерден қойып қалатын айтқыштығы көптің аузында жүр. Бірде Алматтың орнына бір кісі келіп отырып алыпты. Ол келген соң орын таппай, әбігерленіп қалса керек. Сөйтсе әлгі адам: «Алмат-ау, мен сенің орныңа отырып алдым ба?!» десе: «Аға, отыра беріңіз. Біздің орын кабинетте емес, әдебиетте ғой…», – деп жауап беріпті. «Қазақ әдебиеті» газетінде Ұлықбек ағамыз редактор болған кезде бір ақын келіп өлеңін ұсынған екен. Ол кісі: «Поэзия бөлімінде Алмат бар. Соған апарып беріңіз», – дейді. Сөйтсе әлгі ақын Алматқа келіп: «Сен бөтен емес, өз інім екенсің ғой, мынау менің өлеңдерім, оң көзіңмен қарарсың», – депті. Сонда Алмат көзілдірігін көтеріп қойып: «Аға, менің оң көзім онша көрмейтін еді», – деген екен… Осы секілді қызық әңгімелер жетерлік.
– Біз сөздің қадір-қасиетін, киесін ұғынған халықтың ұрпағымыз дейміз. Әйтсе де қазіргі жастардың көбі астарлы сөздің мәніне терең бойлап жатпайтын секілді. Бұның себебі неде?
Мұхтархан Оразбай:
– Қазақ соңғы жүз жылда орыс отарында болған ауыр тарихи кезеңде, өз ерекшелігін мүлдем жойып ала жаздаған, жар басына таяп қалған ұлттардың қатарына жатады. Бір ғасырлық қазақ әдебиеті атты үлкен арнаны ақтаратын болсақ, одан келер ұрпақты дұрыстап тәрбиелейтін, жібі түзу мардымды еңбектерді көре алмай басымыз қатады. Неге? Озбырлыққа қарсы шыққан, ұлтым, жерім, отаным дегендерді орыстың жауы, орыстың жауы менің жауым дегенді жазумен болды. Орыс билеушілеріне еңбек еткендерді ғана мақтаумен, мадақтаумен бір ұрпақ өмірден өтті. Амал не, осы құдіретті сөз өнері, аса ұшқыр қағылездік, ой жүйріктігі сан ғасырлық бұғау мен бұғалық астындағы тағдыр тәлкегіне түсті. Озбыр орысшыл саясат барлығына өз үкімін жүргізді.Қазақты қазақша шешен ойлаудан гөрі, қорқақтап, шошына сөйлеп, күмілжіп,міңгірлеуге ауыстырды. Осы күнгі жастарымыз өз ойын өзі дұрыс жеткізе алмайтын, ойының ұшқыр шабытына ырық бере алмайтын ынжықтық пиғылдың ауыр дағдарысына тап болғандай. Бұл әлі де болса, терең ойлануды, ұлтты тұтасымен қайталай оятудың қажет екенін көрсетеді. Ұлтымыздың бойында бар ерекше қасиеттерін аша отырып, әлемдік деңгейдегі ілгері ойлампаздықтың ұтымды тәжірибелерімен сусындата отырып, жан-жақтылы толғана алатын, кең ойламды, ұшқыр қиялдың өтінде шешен сөйлейтін, ділмар азаматтар тобын жетістіруді ойластыру керек. Адам ойындағы сілкіністер ойшыл толғамның, ұстамды пікірдің, тиянақты тұжырымдардың толғанысынан туады. Сондықтан шешен сөйлеп ой тастайтын, білгір пікір айтып, дұрыс тұжырым табатын азаматтарды көптеп баулитын болсақ, қазақ ұлтының әлемдік орны ерекше боларына дау жоқ.
Оны ендігі жерде қазақтың келешек ұрпағы таразыға салып, өздері осы заман көзімен әрлеуі қажет. Міне, осы тұста қазақтың аса құнды тарихи қағылез ойлампаздығы, шешендік тапқырлығы, айтарының астарын білетін көрегендігі қайта дәурен сүреді. Қазақ ұлтының сан-салалы ойшылдығы өзінің дара ұлтшылдығымен ұштасып, тарих теңізінің алып айдынына бет алады. Қазақ қоғамы өзіне тән ерекше қасиетін дөп басып таба алғанда, оны дұрыс игере алғанда ғана, оның саяси өмірі, экономикалық тіршілігі, мәдениеті және ғаламдағы орны, жалпы адамзаттық өресі биіктей түседі.
Жастардың шешендікті, ділмәр сөйлеп, терең толғауды, айтарын ой тереңіне жіберіп пайымдауды жете игеруге талпынулары қажет. Ділмәрсимін деп дарақылануға, шешенсимін деп былжырауға, қалжыңдаймын деп шатпақтауға болмайды. Айтар ойыңды тұтас қазақ қасіретімен, тұтас қазақ мүддесімен, тұтас қазақ қоғамымен ұштастыра отырып жеткізуді дағдыға айналдыра білу керек. Болмаса, қазіргі күндегі, әлемдегі және қазақ эстрадасындағыдай бос сөзді сағызша созып, нәрсіз ызыңды күнде қыңсылайтын дағдыға бірден көшіп кетеміз. Күлкі үшін, тамақ тауып жейтін хайуандарша ырылға басатындар, өздері айтып, өздері күлетін, күндегі болмашы күйбең мен қоқсықтарды киелі сахнаға сүйреушілер секілді, ұлы қазақтың киелі қарғысына қалмауға тырысуымыз керек.
Бақыт Беделхан:
– Әлеуметтік желілердің, уақыт ырғағының өте жылдам болуының әсерінен бұрын бес күнде орындайтын шаруаны қазір бес сағатта бітіретін болдық. Осыдан келіп, адамдардың бойында ұқыптылық, ыждаһаттылық, сөздің мәніне терең бойлау деген секілді қасиеттер біртіндеп жоғалып бара жатыр. Жүйелеп, мәнерлеп сөйлеу, үлкен кісінің алдында тәртіп сақтау, кісінің тілін таба білу – өнеге тұтатындай ғибраты мол өнер. Сондықтан айтқыштық қасиеті бар адамдарды көбейту үшін не істеу керек дегеннен гөрі, айтылған сөзді тыңдап, оның қадір-қасиетін бағалай білетін ұрпақ тәрбиелеуді мақсат етуіміз керек. Айтқыштар ел ішінде бар. Тек солардың сөзіне мән беретін тыңдаушысы жоқ. Айтқыштықты бағалап, қадіріне жеткен кезде ғана Сөз болады.Кейінгі ұрпаққа тарайды. Қазір сөз ұқпағанымыздың, сөздің қадіріне жете білмегеніміздің кесірінен қаншама жақсы сөздер ескерусіз қалып жатыр. Қазақта айтқыштық қасиеті бар азаматтар көп те, оларды бағалайтындар аз. Қазір жүре тыңдап, сөздің киесінен қорықпай, ештеңенің астарын түсінбей өтіп кететін тобыр көп. Біз айтқыштардың да, тыңдаушының да ойы таязданып бара жатқанын айтуымыз керек.
Дайындаған
Гүлім СЫДЫҚОВА.