Шардараны шырайлы мекенге айналдырамыз
Әсілінде «біреуден ілгері, біреуден кейін» қағидасымен ғұмыр кешетін халқымыз өмірлік тәжірибесінде талайларды көре білгеннен болар «ер – туған жерге, ез – тойған жерге» деген мақалды кейінгіге мұра етіп қалдырыпты. Бұрыннан қазақ әрбір сөзін салмақтап айтуға үйренсе, сөз ұғынар жан оны өсиет деп қабылдайды екен. Халық өсиетіне адалдық танытқан азаматтар аз болмапты. Қазір жоқ деп айтсақ бабалар аманатын арқалап жүрген кейбір жандарға қиянат болар еді. Кіндік қаны тамған мекеннен алыста, өзге қалада тұрмыс тауқыметімен күн кешіріп жүрген базар сатушысы туған ауылы есіне түссе, қамсыз балалық сәтке ойша оралып, қызара бастаған шаршаңқы көзіне жас үйірілері рас. Егер ол бөтен қалада қамсыз тіршілік кешіп, мансаптың ыстық буына елітіп отырса ше? Мұндай адамдардың туған мекенге деген сағынышын оңай білу мүмкін емес. Тек іс-әрекеті одан хабар берсе керек. Бұл жерде күн көріс қамымен жүрген кедей жан мен ауқатты адамның туған жерге деген сезімін салыстыру мақсатымыз жоқ. Бұлардың алғашқысы, яғни тұрмысы нашар адам өз жерін іштей жақсы көрсе, келесісі туған жеріне үйіп-төгіп жақсылық жасауына мүмкіндігі бар екенін еске салмақшымыз. Ал бүгінгі кейіпкеріміз бұл екі топқа да кірмейді. Және оның өз жеріне жасаған жақсылығы жылда өнім беретін жеміс ағашындай ғұмырлы деп айта аламыз. Ол қазір өз кәсібінің, маңдай терінің арқасында ұстаз атанып отыр. Албырт кезінде алдынан үлкен өмірге орасан мүмкіндіктер есігі ашылғанына қарамастан өзінің туып-өскен ауылына қайта оралып, бар игілікті жерлестерімен бірге көруді қалады. Ал бүгін әлем чемпиондары тура осы ауылдан, сол жанның қол астынан шығуда. Шардара аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Арман ҚАРСЫБАЕВПЕН туған жері төңірегінде ой өрбітіп, алдағы жоспарлары туралы әңгімелескен едік.
Арман ҚАРСЫБАЕВ, спортшы
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы турасында естіген боларсыз. Ол жерде Елбасы «Туған жер» жобасын қолға алуды ұсынып еді. Туған ауылыңызға жасаған жақсылығыңыз аз емес. Әйтсе де, болашақта өз ауылыңыздың ертеңі үшін тағы қандай игілікті істерді атқаруды мақсат тұтасыз?
– Елбасының аталмыш мақаласы еліміз үшін маңызы зор дүние болды.
Бұл маңызды құжатқа шардаралық спортшылар нақты істермен қолдау көрсетіп келеді деп айтқан болар едім. «Туған жер» жобасында «Туған жерге туыңды тік» деген тамаша қағида бар. Бір ғана мысал айтайын, «Чемпиондар аллеясын» ашу арқылы біздің спортшылар өзгелерге үлгі-өнеге көрсетіп отыр. Бұл ісіміз өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор дүние болды деп есептеймін. Сонымен бірге, «Шардара Армспорт» клубында жаттығатын түлектер өздерінің он жылдық кездесулерінде өздері оқыған мектепке қомақты сый-сыяпат жасады. Яғни бір мектептің оқушылары өздері оқыған сыныптарын ағымдағы жөндеуден өткізіп берсе, екіншісі спорт құралдарын сыйға тартты. Мұнан бөлек, ауыл түлектері спорт алаңдарын салып беріп жатыр. Бұл да жастарымыздың туған жерді түлетуге қосып жатқан үлестері. Ербол Сәкиев есімді волейболшы азамат өз қаржысына ауданда тұңғыш рет жағажай волейболына арналған алаң салып берді. Қазіргі таңда шардаралық жастар жағажай волейболынан облыста алдыңғы орында. Алла жазса, келешекте спорттың осы түрінен әлем чемпиондары Шардарадан шығып жатулары ғажап емес. Көрдіңіз бе, бір азаматтың демеушілігі ауданда тұтастай спорттың дамуына септігін тигізіп отыр.
«Туған жерге тағзым ет» деген аталы сөз бар. Сол айтқандай, өзіміз туып-өскен өлкені көркейтуге бағытталған мұндай шаралар бір жылмен шектеліп қалмайды. «Туған жерге хан да қарыз» дегендей, Шардараны шырайлы мекенге айналдыру үшін алдағы уақытта да шамамыз келгенше өз үлесімізді қоса беретін боламыз.
– Туып-өскен ауылыңыз турасында айтып берсеңіз. Ол бұрын қандай еді, ал қазір қандай?
– Мен Шардара қаласында туып-өстім. Оңтүстіктің бір шалғайында жатқан Шардара ауданы өзгеге ұқсамайтын табиғатымен ерекшеленеді. Жалпы, біздің өңірді Қызылқұм аймағы деп есептейді. Ал Қызылдың құмы ішін Қызыр баба аралаған қойнауы құтты мекен болып саналады. Құмның арасынан айналаға тіршілік нәрін сыйлап Сыр өзені ағады. Сылаң қаққан Сырдың бойы ну тоғай, қырғауылы мен қояны бұл жердің сәнін одан әрі кіргізеді. Қызылқұм массивін игеру мақсатында осыдан жарты ғасыр бұрын Сырдария өзеніне бөгет салынып, Шардара су қоймасы мен су электр стансасы өмірге келді. Сыйымдылығы бес млрд. текшеметрден асатын айдын шалқар теңізіміз тек біздің ауданның ғана емес, Оңтүстіктің мақтанышы. Шардара су қоймасы мен оның жағалауындағы табиғи шағыл құмы туризм кластерін дамытуға таптырмайтын мекен. Міне, осындай ғажайып мекенмен қалайша мақтанбаймыз?! Мен спорттық жарыстарға қатысу үшін шетелге көп шығамын. Африка, Америка құрлықтарында болдым. Еуразияны түгел араладым десем де болады. Бірақ мен үшін шағалалы Шардараға жететін жер жоқ деп есептеймін. Кеңес Үкіметі кезінде Шардара қаласы өзінің тазалығымен, әдемілігімен Одаққа танылған екен. Шардараның балығы мен күрішін білмейтін адам жоқ десе де болады. Шардара қаласы қазіргі таңда қайта гүлдену үстінде. Тәуелсіздік алған ширек ғасыр ішінде Шардарада ауыз толтырып айтатындай жағымды жаңалықтар қатары мол болды. Былтырдың өзінде аудан орталығынан екі жүз алпыс орындық зәулім спорт кешені салынып, пайдалануға берілді. Теңіз жағасынан екі қабатты тарихи-өлкетану мұражайы салынды. Мұнан бұрынғы жылдары іске қосылған «Тұңғыш Президент», «Тәуелсіздік», «Тың игерушілер» саябақтары халықтың игілігіне қызмет етіп келеді. Ауданда туризмді дамыту жөнінде тың жұмыстар қолға алынуда. Елбасының ауыл халқына деген қамқорлығын шардаралықтар терең сезініп отыр деп айта аламын. Таяу жылдары Шардара ауданы туризмі дамыған, ауылшаруашылығы мен өндірісі өркендеген аймаққа айналатынына сенімім зор.
– Кезінде өзіңіз де чемпион болдыңыз. Алдыңызда мүмкіндіктер есігі мол ашылды. Әйтсе де, Алматыдағы оқуыңызды бітірген соң туған жеріңіз Шардараға қайта оралуға не итермеледі?
– Бұған бір сөзбен жауап беретін болсам, өзімнің туып-өскен жерімде спортты дамыту, шардаралық жастарды салауатты өмір салтына кеңінен тарту болса керек. Студент кезімде қол күресінен талай-талай жарыстарға қатысып, чемпион атанып жүрдім. Жалындап тұрған албырт кезде Алматыда қалып қоймастан, Шардараға қайтып келгенім де дұрыс шешім болған шығар. Сол кездегі жастық шақты, одан сәл ары жылжысақ бала кезді сағынышпен еске аламын. Бүгінгідей ұялы телефонға, ғаламторға тәуелді болмай еркін өстік. Мен жетінші сыныптан бастап зілтемір, кір тасын көтерумен шұғылдандым. Ол кезде спорттың бұл түрінен дәріс беретін арнаулы маман да жоқ, кітаптан оқимыз, теледидардан көреміз, өз бетімізше таңнан кешке дейін темір-терсек көтеріп жаттығамыз. Өзім құралпы балалармен үйдегі мал қораның бір бұрышын спорт залына айналдырып, шамамыз келгенше шұғылданумен болдық.
1993 жылы М.Әуезов атындағы орта мектепті бітірдім. Бірақ спорт саласына емес, құжатты Қазақ көлік және коммуникациялар академиясына тапсырдым. 1999 жылы аталмыш білім ордасын экономист және менеджер мамандығы бойынша аяқтап шықтым. Қол күресімен академия қабырғасында жүріп айналыстым. Бұл жерде баяғыдай өз бетімше емес, армрестлинг спортының технологиясын тереңдеп меңгеріп, кәсіби спортшы ретінде үйреніп шықтым. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Шардарада екі жыл жұмыссыз жүрдім. Жұмыссыз деген аты болмаса спорттан бір сәтке де қол үзгенім жоқ. Қайта жаттығуға зілтемір мен оған қосымша қол күресін де ендіріп, жүйелі түрде спортпен айналысып отырдым. Айналысып қана қоймастан, ауданның атынан кір тасын көтеруден және қол күресінен облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп отырдым. 2001 жылы Шардара ауданы бойынша сол кездегі бірден-бір спорт мектебі – бүгінгі №1 аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне жұмысқа орналастым. Мұнда зілтемірден және қол күресінен арнайы секция ашылып, аудан жастарын осынау спорт түріне баули бастадым. Жаттықтырушы бола жүріп өзім армрестлингтен бірнеше рет Азия чемпионы атанып, әлем чемпионаттарына жолдама алдым. 2005 жылы Жапонияның Токио қаласында өткен әлем чемпионатынан жүлдегер болып оралдым. 2006 жылы Шардара ауданының әкімі Серікбай Ибадуллаевтың өкімімен аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің тізгінін ұстадым.
– Бүгінде шәкірттеріңіз әлем біріншіліктерінде жүлделі орындарды иеленіп жүр. «Шардара Армспорт» командасы туралы айтып берсеңіз?
– 2001 жылы ең алғаш рет спорт мектебіне жаттықтырушы болып қабылдандым дедім ғой. Сол кезде Шардара аудандық армрестлинг спорты Федерациясын құрып, оның аяқтан тұруына басшылық жасадым. Шағалалы өңірде алғаш құрылған қол күресі спорты секциясында басында небәрі бес жігіт болып жаттығатын едік. Арада өткен он алты жыл ішінде «Шардара Армспорт» командасының қанаты мейлінше кеңге жайылды. Алғашқы қарлығаштары іспетті бес жігіттің саны бүгінде бес жүзден асты. Қолымдағы соңғы мәлімет бойынша бүгінгі таңда Шардара ауданы бойынша «Шардара Армпсорт» командасында жеті жүз жас бар екен.
Қандай бастама болсын оның өзіне тән қиындығы болады. Қол күресі спорты ауданда осындай биік деңгейге жетуі үшін көптеген қиындықтардан өтуге мәжбүр болды. Қаржылай жетіспеушілікті қаншама рет бастан кешірдік десеңізші. Алайда, біз әу-баста өзімізге мақсат қойғанымызда кез келген кедергілерден мойымай, орта жолдан тоқтап қалмай, тек қана алға қарай ұмтылу-ды міндет деп санағанбыз.
Қол күресімен шұғылданушылардың қатары артқан соң №1 М.Әуезов атындағы орта мектебінің жертөлесін жалға алып, кешегі күнге дейін сонда жаттығып келдік. 2016 жылы халықаралық турнирлерде жеңген сыйақыларымызды жинап, асар тәсілімен «Шардара Армспорт» клубының арнайы спорт залын ашып, үлкен мақсатымызға жеткендей болдық. Ғимаратта қол күресіне арналған екі жүз жетпіс бес шаршы метр, ауыр атлетикаға арналған екі жүз шаршы метр, футболға арналған жеті жүз шаршы метр, көгалдандыру және сыртқы жаттығуға арналған төрт жүз шаршы метр жаттығу залдары мен алаңдарында барлығы жеті жүз жас спортпен шұғылданады. Олар қол күресі, кір тасын көтеру, ауыр атлетика түрлері бойынша тегін жаттығады. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың «Шатқалды жерлерді игеру» бағдарламасына шардаралық спортшылар да лайықты үн қосып, биылғы Астана күні мерекесінде клуб жанында бос жатқан жерді арнайы қоршап, «Чемпиондар аллеясын» аштық. Бұрын күл-қоқыс басып жатқан алаңды осылайша демалыс орнына айналдырып, онда үш жүз түп декоративтік ағаштар отырғыздық.
Енді 2001-2017 жылдар аралығында қол жеткізген жетістіктерімізбен бөліссем. Осы жылдар арасында «Шардара-Армспорт» спорт клубынан 18 спортшы – Әлем чемпионы 19 спортшы – Әлем чемпионатының жүлдегерлері 19 спортшы – Әлем кубогы иегерлерін 134 спортшы – Азия чемпиондарын 78 спортшы – Азия чемпионатының жүлдегерлерін 28 спортшы – Азия кубогының иегерлерін 220 спортшы – Қазақстан Республикасының чемпиондарын 243 спортшы – Қазақстан Республикасының чемпионаты жүлдегерлерін 30 спортшы – Халықаралық турнирлер жеңімпаздарын 52 спортшы – ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шеберін 83 спортшы – ҚР спорт шеберлерін 395 спортшы – Спорт шеберлігіне үміткерлерін 2 жаттықтырушы – Қазақстан-ға еңбегі сіңген жаттықтырушы дайындалған.
Міне, қажымай-талмай жаттығу мен ізденудің арқасында қол күресінен осындай биікке шығып отырмыз.
– Спорттың бокс, күрес, футбол секілді түрлері әлемде кеңінен танылған. Қол күресі спортына соңғы кездері қандастарымыз әлем біріншілігінде көзге түскеннен кейін барып көңіл бөліне бастады. Қол күрес спорт түрінің әлемдегі беделі туралы не айтар едіңіз?
– Ойыңызды түсіндім. Бокс, күрес, футбол секілді ойындар олимпиадалық ойындар болғандықтан кеңінен танымалдыққа ие спорттардың қатарына жатады. Қол күресі спорты секілді сексенге жуық ойындар олимпиадалық ойындардың қатарына кірмейді. Алайда, солай екен деп бұл ойындарды тоқтатып қоюға болмас. Әлемдік деңгейде алатын болсақ, армрестлинг спорты өзіндік орны, мәртебесі айқын спорт түрі болып саналады. Осы саланың мамандары қол күресінің ережесін егжей-тегжейлі даярлап, олимпиадалық спорт түріне енгізуге дайындалып отыр. Алдағы болашақта басқа да спорт түрлері секілді армрестлинг спорты да олимпиадалық спорт қатарына кіретініне сеніміміз зор.
Жалпы, қол күресінің қазақ баласына жаттығы жоқ. Ұлы даланың ұландары ат үстінде жүріп, талай-талай ойын түрлерін меңгергені белгілі. Соның бірі – жиын-тойларда білек күшін сынау арқылы қол күрестіретін тамаша ұлттық ойын болған. Ата-бабамыздан қалған осынау ұлттық дәстүрімізді біздер одан әрмен дамытып, әлемге танытып келе жатқанымызға қуанамын. Қазіргі таңда армрестлинг спорты бойынша Ресей мемлекеті алдыңғы орында тұрса, одан кейінгі орында біздің Қазақстан келеді. Яғни әлемдік аренада қол күресінен алдыңғы үштіктің қатарындамыз. Шелектеп тер төгудің арқасында білекке күш жинайтын бұл спортты осал деп айтуға ешкімнің аузы бармаса керек. Әлем бойынша алдыңғы үштіктің қатарындамыз деп бекерге айтып отырғаным жоқ. Былтырғы жылы Болгарияда өткен әлем чемпионатында жетпіс бес келі салмақ дәрежесінде ақтық сынға шыққан екі спортшы да қазақстандық, соның ішінде Шардара ауданының қос спортшысы болды. Мағжан Шәмиев пен Шынболат Райханов есімді екі даңқты спортшымыз финалда кездесіп, Шынболаттың жеңісімен аяқталды. Бұл тарихта болмаған жағдай. Шағылдың құмында шыныққан шарболат жігіттеріміз қазақтың қайсарлығын бүкіл әлемге осылайша паш етті. 2016 жылы Польшада әлем кубогы үшін үлкен сайыс ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасы құрамасының тоқсан пайызын құраған Шардара ауданының спортшылары әлем кубогын жеңіп алғанын да осы орайда мақтанышпен айта кеткенім жөн шығар.
Қол күресі Қазақстанның барлық жерінде дамып келеді. Әсіресе, Талғар, Тараз қалаларының қол күресшілерін атап көрсетуге болады. Бірақ олардың құрамасы әр түрлі ұлт өкілдерінен құралған. Ал біздің Шардараның ерекшелігі – қол күресімен шұғылданатын спортшылардың жүз пайызы өзіміздің қаракөз бауырлар.
– Алда қандай жарыстарға қатыспақ ойларыңыз бар? Болашақ жоспарларыңыз туралы айтып өтсеңіз?
– Ауданның қол күресшілері биылғы жылы да табыспен бастап, түрлі деңгейдегі жарыстарды жеңіспен аяқтап келеді. Дәл қазіргі күні қол күресшілеріміз Венгрияның астанасы Будапешт қаласында 1-11 қыркүйек аралығында өтетін ХХХІХ әлем чемпионатына қызу дайындалып жатыр. Бұл әлемдік додадан да қоржынымыз толып қайтады деген сенімім зор. Жыл басынан бері біздің спортшыларымыз Египеттің, Өзбекстанның қол күресшілерімен кездесіп, екеуінде де айқын басымдықпен жеңіске жетті. Бір сөзбен айтқанда, қол күресшілеріміздің тәжірибесі жеткілікті, нағыз бабында тұр деп айта аламын. Алла жар болса, мажар елінен де мерейіміз үстем болып келеміз деп отырмыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Нұрлайым БАТЫР.