Жас болғаныммен көк өрім…
11.08.2017
2064
0

Атырау облысындағы жас қаламгерлердің басын қосу, шығармашылық насихат пен қамқорлық жасау мақсатында «Фариза жұлдыздары» атты жас ақындар клубы құрылғалы нәтижелі жұмыс істеп келеді. Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев тұсауын кескен клубтың ашылу салтанатына еліміздің бірқатар зиялылары қатынасып, сәт-сапар тілеген болатын. Поэзия падишасының есімін иеленген шығармашылық клуб аз уақыттың ішінде біраз жұмыстар атқарып үлгерді. Жас ақындардың шығармалары республикалық басылым беттеріне жарияланып, кездесулер мен түрлі форматтағы шаралар өткізіп келеді. Ғ.Сланов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасынан поэзия падишасы, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ф.Оңғарсынова атындағы кабинет ашылды. Мұнда клуб мүшелерінен өзге, дарынды мектеп оқушыларына да шеберлік сыныптары өткізіліп келеді. Атырау облыстық телеарнасымен біріккен «Алаужыр» тележобасынан бөлек, Атырау жас ақындарының антологиясын шығару жоспарланып отыр.
«Фариза жұлдыздары» атты жас ақындар клубының мүшелерінің бірқатар өлеңдерін басылым бетіне бергенді жөн деп санадық.


Асланбек Шығыров

Вальс

Қос қолым шыбықтай майысқан беліңде,
көзіммен шашыңды тарағам…
Жаным-ау, сенің де, менің де,
Сәт қой бұл қалаған.

Қаттырақ құшақтап нәп-нәзік беліңнен.
Сезесің…
Жүректің дүрсілін.
Жаныңды ұққанда сенің мен,
Сезімнің атқанда бүршігі.

Басталар…
Шынайы махаббат басталар,
Тек тоқтап қалмасын мына әуен.
Айтарын айтады басқалар,
Еһ, әуен… тоқтама тұра бер.

Мен сүйем дәл осы қалпыңды,
Бақытым, сен үшін бәрін де жасайын.
Басыла алмаған мауқымды,
Басайын…

Жүрегім тұншығып иісіңе,
Кетеді үйреніп.
Жүзіңе қараумен сүйсіне,
Тоқтамай биледік.

Бірақ…
Тоқтады әуен де, тоқтады жанарлар сүйісі,
Тас-талқан етті де үмітті.
Сен сепкен әтірдің иісі,
Жүрекке сіңіпті…

Рахымжан Асқар

 

Бағаланбай келді ғой бақ құны көп,
Жақсы емес жүректің назы артқаны.
Сенсіз өткен күндердің шаттығы жоқ,
Сенсіз өткен түндердің азап бәрі…

Білсең бізді бірнеше жайт сынаған,
Жігер керек жүректі емдетуге.
Сенсіз қалай күлемін, айтшы маған,
Сенсіз қалай жүремін жер бетінде…

Мені тосар, жарығым, тағат бар ма?
Тым жырақта кезігер күн шынында.
Сенсіз кеткен жетімек сағаттар да,
Саған деген сезімім тұншығуда…

Секемшіл санама кеп нұр тұнады,
Түсімде көретіндей сірә, бүгін.
Сенің жылағаныңа кім кінәлі?
Менің құлағаныма кінәлі кім?
 

 Ұлмекен Шәукенова

Жаңбырда тәнім мұздап, жаным жылып,
Жүректі аппақ нұрға малындырып.
Келемін ең әдемі өлкеде мен
Сіз қайда жүрсіз екен сағындырып?

Көңілді алаботен күйге орадым,
(Әуелден,жасандылық сүймеді арым).
Ап-ашық болғым келді аспанға ұқсап
Жаңбырмен төгіп тастап кейде бәрін.

Кеудеде титтей ғана бар еді үміт,
Үлгерді ойды жаулап,әне, күдік.
Мен сізден аса алмаспын әдемілік
Мен сізден қаша алмаспын-Әдемілік!

Меруерт Қабылова

 Гүл сыйлашы…

Гүл жұпары ашар сезім көрігін,
Қызғалдақ пен раушан боп өмірім.
Көктем күні дүниеге келген соң,
Хош иісті гүлге ынтық көңілім!

Мазалаумен жанарымды жалқы мұң,
Таппағанда қу тірліктен жан тыным.
Жүрегімді жылы сөзбен толтырып,
Жұбаныш қып гүл сыйлашы, алтыным!
Бұл өмірдің дей алмаймын бәрі мұң,
Бірақ кейде жетпес көпке қарымым.
Өзге жандар көңіл жібін үзгенде,
Еркелетіп гүл сыйлашы, жарығым!

Жақыннан да қызғаншақтау күй ұқтым,
Маған жапты бар қайғысын үйіп түн.
Бұл күндерде қолдау беріп жаныма,
Маxаббатпен гүл сыйлашы, сүйіктім!

Бұл жанардың төгілгенде жасы мың,
Ұғына біл бар сырымды жасырын.
Ренжісем, өкпелесем қуантып,
Бір құшақ гүл сыйлашы тек, асылым!

Бір тірлігін қылмасам да батылдың,
Түсінерсің жан айқайын ақынның.
Жабыққанда жүрегімді мұң торлап,
Шын көңілден гүл сыйлашы, ақылдым!

Асылай Ниязбаева

***

Ғасырдың шеріндей
Тым ұзын маңдайдың қайғылы һәм мұңлы сызығы.
Керілген, кербездеу сұлудың ұстатпас беліндей,
Тағдырдың кигізген жұқалау жүзігі.
Ғаламның бетінен
Таппағам төбеме мәңгілік адаспай қонар бақ.
Жаныңды шыдатпай ауыртар суық жел өтінен
Жанардан құлар жас тоналмақ.
Ғарыштың беймәлім
өзімді азапты тұтқыны сыңайлы сезінген кезімдей.
Дертімді тануға тырысып жетпесе кейде әлім
Тәңірге оқылар дұғалы сөзімдей
Ғайыптың жазуы
Лайланған осы бір сезімнен
мезетке мені де емдеші.
Сайтандай ойлардың жүрекке өз орын қазуы
Түн ауса түсіме енбеші,
Өтінем!

Асылбек Ещанов

Оңашада ойға оралып сырбаз-мұң,
Бес күндіктен жүрген кезде таппай мән.
Атырауда отырып ап жыр жаздым.
Аруыма Астанада қап қойған.

«Жас қалаға бара қалсаң жаны жоқ»,
«Қысы қатты» деседі жұрт ол маңда.
Жүрегімді шарпып өтіп жалын-от
Мен өртенгем сен қасымда болғанда
.
Көгершіннің қанатына хат байлап,
Ғашықтықты жеңе алмастан қашықтық.
Алыс жүрсек қауышатын шақты ойлап,
Көрген сәтте қоштасуға асықтық.

Сен де мені, мен де сені кешірмей,
Қырсықтыққа бой бергенбіз бекер біз.
Тоғыспайтын Жайық пенен Есілдей,
Екі арнада ағып өтер ме екенбіз?!

Әйгерім Түсіпқалиева

Сағыныш еді…

Түнді сарылып, телміріп күтіп,
қаққан қазықтай шұқшидым…
Жұмырлау жердің жартысын жалмап,
тереземе кеп түксидің.
Әлемді бөлеп, тербетіп қойдың,
мені бірақ сен тербетпе,
Таңды тосамын көзімді алмай,
мөлейіп ғажап келбетке.
Найзағай көкті тіліп өткендей
зымыран салды өз ізін,
Жөңкілген барлық күндізгі тірлік,
меңіреу дыбыс, сөз, ызың.
Қаншырдай қатып мелшиіп тұрған
ғимараттар да тіл қатпай,
Қаусырып, құшып қызғанып қалды,
даланың үнін тыңдатпай.
Түндерде жанған жердегі алтын
жарқырауық сансыз шамдардың,
Жымыңдап тұрған жұлдыздарыма көп
ұқсайтындығын аңғардым.
Төніп тұр аспан таңырқап, талып,
тарқатқан бұрым өргендей,
Көгілдір өңді ай дидары мен келбетін
жерден көргендей.
Еңбекқор темір тұлпарлар ғана
сынаптай сырғып ағылған,
Жылжыған жылпос осы тірлікке,
мәуріт күндерім, бағынбан!
Ана сүтінен арылмай жүрген,
жас болғаныммен көк өрім,
Өмірім менің – көліктер легі кептелісі де көп оның.
Тоқтаусыз тірлік салтанаты да
тарқамайтындай болғасын.
Селбесіп кеттім, шулы қала да –
жаныма жақын жолдасым,
Дейтұрғанменен, даланы аңсадым,
қарапайымдау кәнігі,
Асқан мейірбан асыл анама
ұқсатып баққан Тәңірі.
Жағада қалған қайықтай қақсып,
шөліркеп жүрмін ауылға,
Бұл күндер қазір қарымын бермей,
мұң боп кетті ғой бару да…
Әнтек бір күліп, көрсетіп жүрмін
сезімнің сыртқы сұлбасын
Алқымға келіп тығылған кезде
өксік секілді қорғасын,
Жылап жіберсем айыптаушылар болмасын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір