Қайырымдылықтың шегі жоқ
«Алтын жүрек» сыйлығына үміткерлерді тіркеу басталды. Қайырымды жандарды анықтауға бағытталған шара осымен 11-ші рет ұйымдастырылғалы жатыр. Өтінішті қабылдау қыркүйектің 30-ына дейін жалғасады. Үміткерлердің қайырымдылықпен айналысқанын дәлелдейтін есеп құжаттары, фото және видео сияқты нақты мәліметтері болуы керек. «Алтын жүрек» сыйлығы 11 номинация бойынша табысталады. Жеңімпаздар 27-ші қазанда анықталады.
– Қайырымдылықпен айналысатын адамдардың қатары көбейіп келе жатқаны қуантады. Алғаш «Алтын жүрек» жобасы дүниеге келген жылдары елу шақты ғана өтініш қабылдайтынбыз. 2016 жылы 181 өтініш келіп түсті. Биылғы жылы да ол көрсеткіш жоғары деңгейде болады деген сенімдеміз. Атымтай Жомарттардың ішінде елге танымал тұлғалар да жетерлік. Мәселен, спорттың аңызға айналған тұлғасы Жақсылық Үшкемпіров Мыңбаев ауылындағы жатақхана мен балабақша құрылысының инвесторы болды. Осының арқасында 38 жас отбасы қоныс тойын тойлап, 100 бала балабақша табалдырығын аттады. Жаңа білім нысанында қажетті кабинеттердің барлығы бар. Сондай-ақ, Жақсылық Үшкемпіров жергілікті балаларға арнап спорт мектебін ашты. Қазір мұнда 300 бала самбо, дзюдо, бокспен айналысып жатыр, – дейді «Алтын Жүрек» сыйлығының бас үйлестірушісі Гүлзат Сахова.
Елімізде соңғы 2 жылда 15,8 миллиард теңгеге қайырымдылық көмек көрсетіліпті. Атымтай Жомарттардың мұрындық болуымен елде 75 мектеп, 58 балабақша, 49 аурухана ашылып, 3 мыңнан аса науқас баланың өмірі өлімнен арашаланған.
– Сыйлықты берерде ең алдымен, қарапайым, алыста тұратын адамдарға назар аудармақпыз. Себебі, қалада тұратын адам мен ауылда тұратын адамның мүмкіндіктері екі талай. Бірақ дегенмен адамгершілік пен қайырымдылыққа шектеу жоқ, – дейді Саттар Мәжитов.