Дизайнерлікті талантпен байланыстырамын
«Жасында тырысқан қартайғанда қуанады», – депті Махмуд Қашғари. Іс-әрекетіңмен көпке үлгі көрсетсең, қоғамға да сыйлы боласың. Ең бастысы – өзің сүйген іс арқылы қоғам игілігіне қызмет ету. Мұндайда кездескен кедергілер мен қиындықтарды елемей-ақ өте беретіндейсің. Өйткені, істеген ісіңнен ләззат алу қай кезде де тынысыңды ашып, жүрегіңе жеңілдік беретіндей. Ол да өз жұмысынан шабыт алады. Ол аз уақытта қазақ киімін брендке айналдырып үлгерді. Бизнесте нәзік жандылардың да көшбасшы бола алатынын дәлелдеп келе жатқан еңбекқор маман қазақ киімі сапасы жағынан әлемдік брендтерден кем түспейтіндігін айтады. Елбасы айтқан «100 жаңа есім» жобасы бойынша жас кәсіпкер, дизайнер Айжани Нұрлановамен отандық өнім туралы әңгімелескен едік.
Айжани НҰРЛАНОВА,
дизайнер, кәсіпкер
– Қазақстандық өнімді брендке айналдыру туралы бұрындары көп айтыла бермейтін. Бастапқыда кәсібіңізді осы бағытта жандандыру оңайға түспеген шығар? Мұндай істі қолға алуға не түрткі болды?
– Ең бірінші қозғаушы күш, ол – Елбасы. Өйткені, Елбасының әрбір әрекеті алғашқы қадамымды жасау үшін қозғаушы күш болды. Ол кісі ең бірінші рет «Қазақстанда жасалған» деген акцияны ұйымдастырғаннан кейін қалай болса да осы акцияның әрі қарай өрбуіне үлесімді қосып, пайдамды тигізгім келді. Сосын «неге Қазақстанда отандық супермаркет ашпасқа? Неліктен оның ішінде барлық отандық өнім болатындай жағдай жасамасқа?» деп ойладым. Осылайша барлық тауар өндірушілермен кездесіп, супермаркетті аштық. Өкінішке орай, супермаркет ұзақ жұмыс істеген жоқ. Өйткені, отандық өнімнен көпшілік бейхабар еді. Қиыншылықтар аз болған жоқ. Зал жалға алынғандықтан, ол кезде доллардың бағасы көтеріліп, супермаркетті жабуға тура келді. Бірақ осыдан кейін мен отандық костюмдер тігуді ойға алдым. Құжат бойынша менің негізгі мамандығым – заңгер. Ерекше қызығушылығым болғандықтан, кейін дизайнерлік курс оқыдым. Өз басым, көбінесе Елбасының сырт киімдеріне қатты көңіл бөлетінмін. Қалай да сол кісіге бір табан жақын болып, қандай қызмет көрсетуге болады дегенде, «ерлерге арналған отандық костюмдерді неге жасамасқа?» деп ойладым. Өйткені, ол нәрсе жоқ қой бізде. Осылайша бірінші қозғаушы күш – Елбасы болды. Ол кісі менің мотиваторым.
– Елбасы айтқаннан кейін мемлекет тарапынан отандық өнімді қолдауға көңіл бөліне бастады. Бұл сіздің кәсібіңіздің алға басуына үлкен ынта берген болар?
– Иә, сол кезеңде мемлекеттің қолдауы өте жоғары болды. Бірақ мемлекетке де көп иек артуға болмайды. Әр кәсіпкердің өз ісін домалатып әкетуге күші бар. Өйткені, біз жас мемлекетпіз. Жиырма бес жыл деген өте аз уақыт. Сондықтан мүмкіншіліктер өте көп. Мемлекеттің көмектесетін жағдайы, әрине, қаржылық және шетелдерге шығуға мүмкіншілік жасау. Бірақ маған ең үлкен көмек болғаны, ол – Елбасының отандық өнімге жасаған жарнамасы. Сол кісінің жарнамасынан кейін жұмыс алға домалап, миллиондаған қаржы келді. Отандық өнімді қолдаушылар көбейді.
– Мамандығыңыз дизайнер емес екен. Курс оқыдым дедіңіз. Біліміңізді әрі қарай жетілдіру ойыңызда жоқ па?
– Мен дизайнерлікті талантпен байланыстырамын. Бір нәрсе сызып отыратын идеялы адам сол шығарған дүниені сата білуі керек қой. Өзімді жақсы сатушы деп санаймын. Мен қымбат сата білемін. Ол нәрсеге бір жерден білім алып, оқу мүмкін емес деп есептеймін. Сондай қабілетің болмаса диплом деген жай ғана қағаз болып қалады. Істеп жүрген ісім өзімнің көңілімнен шығады. Өйткені, шын көңілден істеген іс жүректен жүрекке жетеді. Ал олай болмаған жағдайда ол істің ешқандай қуаты жоқ. Қуаты бар дүние ғана тұтынушыны өзіне тарта алады. Қазір біздің отандық өнімдер барлық ауданға барады. Мен дизайнер болып істейтін компанияның Қазақстанның барлық аудандарында филиалдары ашылған. Астанада өзімнің жеке «Айжани Нұрланова» деген үлкен компаниям бар. Онда зергерлік бұйымдарын да, киім түрлерін де таба аласыз.
– Дизайнер ретінде тұтынушыларыңызды қазір қандай жаңалықтармен қуантып жүрсіз?
– Біз жақында Abish деген жаңа бренд шығардық. Әбіш – Елбасының әкесінің есімі. Бұл өзімнің жеке брендім. Сол кісіге деген құрметім болғандықтан ұлттық нақыштағы костюмдер, шапандар шығаратын компания брендінің атын Abish деп атадым. Бірақ ол жердегі киімдер өте қымбат. Өйткені, матасы өте жоғары сапада. Шапанның жаңа түрлерін жасап жатырмын. Халық оларды ұялмай, сырт киім ретінде киіп шығатындай жағдай жасалынған.
– Шенеуніктер көп жағдайда шетелдің бренд киімдерін кигенді ұнатады. Олар тарапынан сіздің отандық өнімдеріңізге деген сұраныс қалай?
– Сұраныс өте жоғары. Қуантарлығы, Қазақстанда қазір басқа да отандық брендтер пайда болды. Бірақ менің өзімнің клиенттік базам бар. Олар үлкен қуанышпен, махаббатпен қымбат шетелдік брендтерді менің отандық брендіме алмастырды. Ол үшін қатты қуанамын. Халық қазір менің киімдерімнің сапасы жақсы екенін түсінді.
– Әр адамның үлгі тұтатын тұлғасы болады. Сіз өзіңізге үлгі ретінде кімді атар едіңіз? Және ол сізге несімен өнеге берді?
– Тағы да айтайын, мен үшін үлгі, ол – Елбасы. Бұл жай ғана мақтау сөз емес. Ел билейтін адамдар Алладан дейді. Миллиардтардың ішінен біреуін ғана таңдап алады. Н.Назарбаев ел үшін туған сондай жан. Біз ғана емес, оны әлем мойындады. Халықтың жағдайына байланысты айтылып жатқан сын сөздерге қарап біздің қазақтар шетелге барғанда олардың жағдайына жақсылап үңіліп қараса екен деймін. Өйткені, ол жақтағы өмірді көрсе Қазақстан деп жылайтын еді. Біздегі жасалып жатқан жағдай, өмір нашар деп айта алмаймын. Кейбір мемлекеттер бар, аты бар, бірақ ешқандай заты жоқ. Ол жақта аяқ киім дегеннің не екенін білмейтін мемлекеттер бар. Суға тапшылық болып жатқан мемлекеттер де кездеседі. Ол жақта отандық өнім деген түсінік те жоқ. Олар да алып мемлекет болып есептеледі. Бірақ салыстырмалы түрде біздің елімізге ешбір мемлекет жетпейді. Біз сондай кеңбіз. Біздің қазақтардың бейнесінде әрбір ұлттың бір тамшысы бар. Сол үшін біз ерекшеміз. Тіпті, біздің мемлекетті алып қарайтын болсақ, Қызылорданың ауа райы тура Дубай, Шымкент бір жағынан Түркия секілді, Солтүстік жақтың ауа-райы Солтүстік полюске ұқсас. Біздің әрбір қала өзінше бір мемлекет. Бұл – біздің халқымыздың, жеріміздің өз ерекшелігі. Сондықтан осының бәрі бірінші – Алла, екінші – Елбасының жасап жатқан саясатының арқасы.
– Форбс тізіміне кірген 50 миллионерді отандық өніммен киіндіруді армандаған екенсіз. Ол жоспарыңыз жүзеге асты ма? Алда қандай жаңалықтармен қуантқыңыз келеді?
– Бұл арман емес, жай ғана бір мақсат. Арман дегенді мен басқаша түсінемін. Алладан келетін ерекше дүниелерді армандаймын. Ал қолымнан келетін дүниелер – ол мақсат. Сондықтан бұл да бір мақсат. Ол мақсатыма жетіп жатырмын. Бүгінде Форбстағы миллионерлердің алтауын киіндірдім. Алла қаласа, барлығын киіндіремін деп ойлаймын. Негізі мен мүлдем жоспар жасамайтын адаммын. Күнделікті жоспар жасауға арнайы блокнот ұстамаймын. Керек уақытында көмекшілерім телефоныма жібереді. Блокнотты ішін шимайлауға, қаламды алып, ішін сызып отыру үшін ұстаймын. Алға қойған негізгі мақсатым – сапалы зергерлік бұйымдар жасау. Біз қазір осы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Өте жоғарғы сападағы қымбат зергерлік бұйымдар жасауға кірістік. Өкінішке орай, ешқашан арнайы жоспар қоймаймын. Өйткені, қай кезде де Алланың қалағаны болады.
Айта кеткім келеді, «Қазақ әдебиеті» газеті бұрыннан келе жатқан газет. Мен бұрын қазақшаға өте шорқақ едім. Осы газетті көп оқитынмын. Кішігірім ғана, сол кезде он-он бес теңгедей тұратын. Бұл газетті бұрыннан сүйіп оқығандықтан алда толағай табыстар тілеймін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Нұрлайым БАТЫР.