ҚАЗ ДАУЫСТЫ ҚАЗЫБЕК
04.08.2017
5702
0

Софы СМАТАЕВ


Қаз дауысты Қазыбектің кіндік қаны тамған топырағы, туған мекен-жайы ешбір хат-шотта сақталмаған. Долбармен жобалап даңқты бабамызды Сыр бойында туыпты деп нақтылап айта алмай, жалпылап көрсетіп кетіп отырмыз. Өйткені, он жетінші ғасырдың екінші жартысында Жоңғар хандығының басым түсіп отырған шабуылының әсерінен ата қонысынан ығысқан қазақ жұртының Алтай мен Арқаны еріксіз тастап, Сыр бойы мен Қаратау өңіріне жөңкіле құйылғаны тарихтан мәлім. Қаз дауыс­ты Қазыбек біздің есебіміз бойынша да, бірнеше тарихи жазба деректердің көрсетуі бойынша да 1667 жылы сол өңірде туып, 1764 жылы тоқсан жеті жасында дүниеден өткен екен.

Қазыбектің асыл сүйегі – Орта жүз Арғын ішіндегі Қаракесек (Болатқожа). Қазыбектің өз әкесі – Келдібек, ұлы әкесі, яғни атасы Абыз атанған Шаншар. Бабасы – Бұлбұл. Шетінен тілге шешен, сөзге ұйыған, уәжге тоқтаған біліктілер болыпты бұлар. Қазыбектің атасы Шаншардың ескіше көп оқып, көп тоқып, төңірегіне ақыл-кеңесімен, үлгі-өнегесімен ерекшеленіп Абыз атануы да тегін емес.
Қазыбектің анасы – Тоқмейіл. Қазыбек – осы Тоқмейілден туған алты баланың ең үлкені екен. Тоқмейілдің әкесі Сүлеймен деген кісі осынау ғұлама жанмен көрші болу үшін қасына әдейілеп көшіп келмесе, Келдібек пен Тоқмейілдің бір-бірімен кездесуі, отау құруы жайындағы ел аузында аңыз болған хикая таралмас па еді, халықтың кемеңгер көсемі болған Қаз дауысты Қазыбек өмірге келмес пе еді. Әрине, себепке себеп десек те, талғампаз тағдырдың кей-кейде қиыннан қиыстырып, алысты жақындатып, болмасты болдыртып, осындай бір құдіреттерді жасай алатынына таң қалмасқа және болмайды. Қалай десек те, 1667 жылы шыр еткен іңгәсімен дүние есігін ашқан нәресте – өсе келе Үйсін Төле бимен, Алшын Әйтеке бимен терезесін теңестіріп, қазақ халқының кемеңгер үш биінің бірі –Қаз дауыс­ты Қазыбекке айналып еді.
Қазыбектің ат жалын тартып мінген тұсы халқының қиын-қыстау тағдырымен дөп келгендіктен, жүйрік мініп, сұлу киініп, бұла тірлік кеше алмаған ол. Әрине, бедеу мінгізіп, бүлде кигізіп, нөкер ертем десе, қызды ауылдың сыртында түн күзетіп, торғын шапан жамылған бұлықсыған бойжеткенді оңаша құшам десе, әке дәулеті жетер де еді. Бірақ есі кіргеннен ел бетіндегі мұңды танып, біліп өскен елгезек жігіт сол мұңды ел бетінен қууды, сол мұң торлаған ел жүзіне күлкі шырайын енгізуді өмірлік мақсұт қып алған ғой. Содан да ол ел кеңесіне ерте араласып, ел дауын шешуді өз басына ғұмырлық міндет етіп еншілеп алып, ел бірлігін сақтаудың төте жолына тайсалмай түсіп кеткен-ді.
Бала би деген аттан дана би деген атаққа дейін көтерілген Қазыбектің ғұмыр жолы он жетінші, он сегізінші ғасырлардағы қазақ халқының аса бір қилы қезең, дүрбелең шытырман оқиғаларымен тікелей байланысты.
1680 жылы Қазыбек он үш жасқа толғанда кейінде әз Тәуке атанған Тәуке қазақ хандығының тағына отырып еді. Есім ханның кезінде «алты алаш» атанып: қазақтың үш жүзі мен ноғай, башқұрт, өзбекті құраған қазақ даласындағы хандықтың бірлігі әлсіреп, ноғай, башқұрт, өзбек одақтары ыдырап, енді «төрт алаш» атауымен үш жүзге қырғыз ұлысы қосылып, Тәукенің қол астына жиналып қалған еді. Осы төрт алаштың басына төрт биді – Ұлы жүзге Төлені, Орта жүзге Қазыбекті, Кіші жүзге Әйтекені және қырғыз биін қырғыз ұлысына қойып, солар арқылы ел басқару тізгінін өз қолында ұстап отырған. Тәуке тұсында қазақтың шығыс­та­ғы көршісі – Жоңғария фашистік-фео­далдық хандығының негізгі хал­қы – ойраттар ат арқасын құрғат­пай жиі шабуылдап тұрған ғой. Бірде ойрат, бірде қазақ жеңіп ит-жығыс түсіп жатқан жерде елшіліктің, мәмлегерліктің ықпалы мол болады. Сондайда атақты үш бидің еңбегі ерекше сіңген.
1710–1911 жылдары қазақ-ойрат шабуылдары кезінде қазақтар ойратты біраз тықсырып, сәл де болса үстемдеу шығыпты. Осыдан кейін Жоңғар хандығы бұрынғыдай өршуін тежеп, бітімшілікке шақырғаны тарихтан аян. Осы бітімшілікке барған елшіліктің ішінде Қазыбек би де болған деп кесіп айтпасақ та, болжауға әбден ретіміз бар. Ұзақ ғұмырында Жоңғария хандығына елшілік, бітімшілік, мәмлегерлік міндетпен үш рет барған Қаз дауысты Қазыбек нақ сол жылдарда ойраттарда болуға тиіс. Әрине, дәл осы елшілік жөнінде жазылған құжаттың әзірше жоқтығын ескерсек, ел аузындағы аңыз-әңгімелер шындық сүрлеуіне бастар бірден-бір адастырмас шиыр. Ендеше осы аңыз, хикаяларды салыстырып, салмақтап, екшеп байқап, содан соң ақиқатқа сәйкес, ұғымға лайықты жобаларын оқырман талғамына ұсынуға болар деп ұйғардық.
Бір аңыз былай көсіледі.
Қанды қырғын ұрыстан кейін бейбітшілік жолмен бітімге келу үшін қазақ пен ойрат бір-біріне мәмлегер елшілік жібермек болады.
Жоңғария хонтайшысы (сірә, Цеван-Рабтан болса керек) «Қазақтың атақты үш биінің бірі келсін. Аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп тұрған иі­сал­мас біреу келсе, бітім болмайды» деп қолқа салады. Осы хабарды ес­ті­ген үш би қырандай дүр сілкініп, әр­қайсысы да бармаққа ниет қылған екен.
Төрде отырған Төкең екі биге кезек қарап, екі етегін қымтанып, екі иығын қом­данып қойып, тамағын қырнапты:
– Уай, қос інім, қос шырағым! Аға боп ал­дарыңа түсейін деп тұрмын. Ағаң – ал­дыңдағы әуелеп өскен дара­ғың. Інің – қана­тың мен құйрығың, қайрап салар жарағың. Артымда сендер барда қанат жайып сам­ғармын, алдаспанды сермермін. Дауласқанды жайғармын, жауласқанды жерлермін. Мен барайын бұл жолға! – депті.

Сонда Әйтеке жай оғындай жарқ етіп, жайраң қағып, шапшаңдық танытыпты.
– Уай, Төкем! «Аға – бордан, іні зор­дан» демей ме. «Іні – найза, аға – қорған» демей ме. Арқамды қорғанға тіремеймін бе, найзамды ерсілі-қарсылы іремеймін бе. Жағаласқанды жапырып, дауымды аршып, күремей­мін бе. Менің баруым жөн емес пе? – дейді ғой.
Сол кезде коңыр қаздың даусындай даусын бір жотадан екінші жотаға асыра саңқылдай Қазыбек есіліп кетіпті.
– Уай, асыл ағам! Уай, асқақ інім! Ағасы бардың жағасы бар емес пе. Жағасы бардың тоқсан пәледен сақ­тар панасы бар емес пе. Інісі бардың тынысы бар емес пе. Тынысы бардың елде – ырысы, жауда – ұрысы, дауда жұмысы бар емес пе.
Екі би үнсіз бас шұлғып, бірақ тіл қатып, ләм дей қоймапты. Қаз дауыс­ты Қазыбек енді Төле биге еңсеріле бұрылыпты.
– Бүтін билікке Төле жеткен, бүтін­ хандыққа Есім жеткен. Қазақта хандыққа жолсыз таласқандар бол­ғанмен, билікке жөнсіз таласқан­дар болған емес. Ендеше әділ би, әділетін өзің айт: аттың басы күшті ме, белі күшті ме, құйрығы күшті ме?
– Шырағым Қазыбек, жол бас­тайды әманда омырауы жүйріктің. Бөгелекті қуарда пайдасы мол құй­рықтың. Аттың белі қызметті көп қылар, саған кепті кезегі осы жолғы бұйрықтың. Жай онда қолыңды!
Атасызға ата бол!
Батасызға бата бол!
Арып-ашқан қаріптің,
Жел жағына жота бол!
Панасызға пана бол,
Кек сақтамас бала бол!
Дос сүйініп, қас сыйлар,
Асу бермес дана бол! –
деп батасын беріп, аттандырып салыпты.
Хош. Қазақтан келген елшілерді сынау үшін хонтайшы қарапайым киініп, белін жіппен буынып, түсіне кә­рілік сипат өң беріп, жотасына бөстек-өркеш өңгеріп, Қазыбектер түскен үйге келеді. Әңгімеден әңгіме туындап, бара-бара сұрақ-жауап додасы басталып кетеді.
– Әуелінде не бар? Ортасында не бар? Ақырында не бар? – деп бүкір кейпіндегі хонтайшы Қазыбекке шан­шыла қарайды.
– Арға мінәжат етілсе, барға қа­на­ғат етілсе, әуелінде ынтымақ, орта­сында береке, артында шүкірлік тұр­мас па, – деп Қазыбек бір түйіп қойыпты.
– Аспан мен жердің арасы қан­шалық жол? – деп «бүкір» хонтайшы қыңырая қадалыпты.
– Бір-ақ шақырым жол ғана.
Ол­ай дейтінім, ешкім аспан мен жер­дің арасын құлаштап өлшеген жоқ, қадамдап басқан жоқ. Күн күркіреп жауғанда, ел дүрлігіп сасатын, құ­лақ­тарын басатын. Сонда күн күркірі шақырым жерден жететін. Кем­пір­косақ құрылып, аспан мен жерді табыстырып кететін. Доғаланған иіні ша­қырымдай-ақ жерден өтетін, – деп Қазекең тағы бір қайырып тастапты.
– Батыс пен шығыстың арасы қан­шалық жер? – деп кірпіше жиы­рылған хонтайшы кіржие қалыпты.
– Небәрі күншілік жер ғана. Олай дейтінім, азанда шығыстан атқан күн ымыртта батысқа шаршап батады. Күншілік жер жүріп өтіп ұясында қалжырап жатады. Ал кереметті көз­бен көрген, шығыс пен батыстың ара­сында зымыраған күнге ерген адам­затты естіген емеспін, – деп соңғы рет кесіп түскенде, хонтайшы үн-түнсіз шығып жүре беріпті.
Содан көп кешікпей келіссөз басталып кеткен ғой.
«Біз қазақ деген мал баққан ел­міз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз…» деп басталатын атақ­ты дауын Қаз дауысты Қазыбек бабамыз дәл осы сапарында айтуы да мүм­кін деген пікірді қостағымыз бар. Не десек те, осы елшілік екі елдің ара­сындағы дау-жанжалды бейбіт жолмен тындырып, бітім тапқызып, екі елдің жер шебін белгілетсе керек.
Халық тағдырының қиын-қыстау шағында, ел өмірінің аса қиын ке­зеңін­­де шұғыл жасалатын құбылыс­тар – төңкерістер, өзгерістер, реформалар әр заманда сол халықты би­­ле­ген әкімнің, басшының пәр­мен­ді әрекетімен тікелей байланысты болған. Осы тұста біз өз қазақ жұр­ты­ның болашағын, туған халқының тарихтан өшіп кетпеуін тілеген Тәукенің, ел аузында құрметпен әз Тәуке аталған ұлы ханның еңбегін ерекше атап кеткеніміз жөн. Ол хан­дық құрған (1680–1718) тұстың бас кезінде бір орталыққа бағынған бұрынғы дербес қазақ мемлекетінің тұтастығына сызат түсе бастаған еді. Шыңғыс хан тұқымынан тараған төрелер елді іштен ірітсе, сырттан теріскей көршісі Ресей патшалығы мен шығысындағы Жоңғария хан­дығы қорқаулана қоршай түскен болатын. Бірінші Петр тұсында қатты дәуірлеген Ресей оңтүстік пен шығыс­қа құлашын кең созып, империясын барынша молайтуға жанталаса әрекет жасап жатқан кез еді ол. Дәл осы ке­зең­де қазақ жұртының іргесінен дамылсыз шаң боратып, шабуылы мен шаңдуылын үдетіп Жоңғар феодал­дық-фашистік хандығы қатты бел алып тұрған-ды. Ол аздай-ақ, Бұқар мен Хиуа хандықтары, төменгі қал­мақтар мен башқұрттар «түрт шайтанды!» қоздырып қойып, саяқ шық­қан қазақтың мал мен жанын қылғып жұтып, құнығып алған еді.
Сондықтан да әз Тәуке шығы­сын­дағы ойраттардан төнген қауіптің алдын алу үшін батысындағы орыс патшалығымен барлық қарым-қа­тынасты түзеуге мейлінше күш сал­ған. Сауда-саттық, елші алмастыру, дипломатиялық байланыстарды жандандыруда Тәукенің қызметі өте мол. Және де оның қазақ хандығын бас сауғалаған кіріптар күйде ұсын­бай, іргелі ел, темірқазықты мемлекет дәрежесінде қабылдатып, батыс-шығыс көршілерімен иығын теңес­тіріп, терезесін тең ұстап сөйлеуді дәстүрге айналдырғаны көптеген архивтік құжаттардан белгілі. Бол­жа­ғыштығы мен көрегендігі қауіп-қа­тер­дің алдын алғызып, қазақ жұртына төне бастаған зобалаңның бұлты мен түтінін бұрып жібертіп отырғаны да тарихтан мәлім.
Әз Тәукені сыртқы басқын­шы­лар­дан да гөрі, әсіресе, ішкі алауыз­дық қатты қобалжытқан ғой. Содан да ол осы бас араздық, ру таласы, іштей арбасу, аяқтан шалу, шоқ тас­тап өрт тұ­тату, үй арасының шаңын қоюла­та­тын дау-жанжал, ұйқыны алып, шырық бұзатын барымта, сырымталарды азайту, тежеу, өшіру үшін хандықтың ішкі жағдайына ерекше назар аударып, мемлекетінің күш-қуатын арттыруды алдына үлкен мақсат қып қойған-ды. Сол мақ­сат­тың түп қазығы – Ұлы жүзде билік құрған Үйсін Төле бидің, Орта жүзде әділ қазылық жасаған Қаз дауысты Қазыбектің, Кіші жүзде әділеттік жүр­гізген Алшын Әйтеке бидің қа­ты­суымен дүниеге келген «Жеті жар­ғы» еді. Қазақ даласының ереже-қағидаларының үлгілі нұс­қасы, ха­лық­тың тәртіп-низамының, салт-дәстүрінің әсем жиынтығы – «Жеті жарғы» қазақ қоғамына бір­тұтастық беріп, ынтымақтық әкелді. Ауыл-үйдің берекесін қашы­ратын талас-тартысты азайтып, бірлікке үндеді. Күншілдік, бақта­ластық, қызған­шақ­тық сияқты күйдіргі дерттен айықтырып, шаруаға құлшын­дырып, еңбекке баулып, қарекет-тірлікке икемдеді. Ел басы қосылып, ер қосы көркейіп, ел жасы азамат аталып, ұлдан ұлан өсіп, ұлт қадір­леніп, ха­лық өз қасиетін таба бастап еді. Әрине, іргелі елдің ірілігі бірден келе қойған жоқ-ты. Ол екі тізгін бір шыл­бырдың қарулы қолға тиген­дігінің арқасында болған-ды. Ол тізгін – Тәуке хан меңгерген хандық билік еді. Ол тізгін – Тәуке хан маңа­йына топтасқан үстем тап өктемдігі де еді. Ол тізгін – бүкіл халықтың әдет-ғұрыпты, тәртіп-низамды қамта­ма­сыз ететін һәм қорғайтын бірден-бір дала заң-жосығының жинағы еді. Ол тізгін – елдің елдігін, халықтың бірл­і­гін сақтап, азаттығы мен тәуелсіздігі үшін кеудесін оққа төсеп жанын құр­бан­дыққа шалатын ерлік пен жан­кеш­тілікке апаратын, арды шыңдап, намысты қайрайтын Адалдық пен Әділет нұсқалары еді.
Әлбетте, «Жеті жарғыдай» заң нормалары тақыр жерден өздігінен туа салмайды. Осы жарғының не­гі­зіне Тәуке хан «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» деп аталатын байырғы қазақ хандарының мемлекетті басқару мен халықты би­леудің қалыптасқан жосықтары мен низамдарын алғызған ғой. Ал сол ке­зеңнің үш данасы атанған, үш ке­мең­гері деп танылған, халқының үш көсеміне айналған Төле би, Қазыбек және Әйтекелер сайын сахараның сол замандағы тұрмыс тіршілігіне, қоғамдық һәм әлеуметтік ортасына икемдей түсіп, сәйкестендіре екшеп, жаң­ғыртып қайта жасаған ғой. Сон­дық­тан да бұл жарғы «Тәуке хан заң­дары» деп те аталады. Сондықтан да бұл жарғы «Төленің жеті жарғысы», «Қазыбектің жеті жарғысы», «Әйте­ке­нің жеті жарғысы» деп те аталады. Ендеше біз енді «Қазыбектің жеті жар­ғы­сында» қандай жосындар болған еді дейтін оқырман сұрақ­та­рына қолымыздан келгенше жауап іздеп көрелік.
Қарағанды облысында шығатын «Қарқаралы» журналының бірінші санында: «Көне түрік тілінде «жарғы» деген сөздің «жарлық» деген тұлғада айтылып, қазақ тіліндегі «әмір, би­лік, заң» деген мағына беретінін, ал бүгінде баршаға жақсы мәлім «Кодекс Куманикусте» «жарғы» сөзі «дау, айтыс, тартыс», «әмір», «әдет-ғұрып заңы» ұғымын білдіретінін, оларға жер дауы, құн дауы, барымта, айып-жа­за, алым-салық және басқалар ене­­тінін еске алып, бажайлар болсақ, «жеті жарғы» деген сөздің жеті салада, жеті бағыт-бағдарда, жеті бап-пун­кт байынша сараланған жарлық-әмір, байлам-тоқтам деген ұғым бол­са керек». Әдемі айтылған, дәл айқын­далған тұжырым. Әдет-ғұрып нормалары елдің жер-суын, қоныс-құдығын бөлуде, малының ен-таң­басын анық­тауда, әр түрлі дау-жан­жалды шешуде жоба-нұсқаға ай­на­лып, құн мен айып төлеудің жа­йы мен мөлшерін белгілеуді де ретке келтірген еді.
«Қазыбектің жеті жарғысының» өзінен бұрынғы жарлықтардан бір өзгешелігі – қатал кесім, қанды өлім­ге тыйым салғандығы. Әріден беріге қанды өткел салып, қарғыс зауалындай суық сұсты ажалын сүйреп жеткен «қанға-қан, жанға-жан» дейтін тоқтам-байламды барынша жеңілде­тіп, енді құн төлеу сияқты жаза, кесік түрлерін далалық правоға енгізген болатын.
Ел аузындағы аңыздарға сүйеніп, халықтық дастандарға жүгінсек, онда Қазыбек, Төле, Әйтеке түзген «Жеті жарғының» ұзын-ырғасы тө­мен­дегі жосындарды қамтитын бол­ған тәрізді.
Бірінші һәм негізгі сала – жер дауы. Қыс қыстау, жаз жайлау, қоныс, құдық – мал баққан елдің атадан балаға мирас қып қалдыратын еншісі. Өйткені, жер – атамекен, кіндікжұрт, отан. Жер – тіршілік етер ортасы, ба­ба моласы, кіндік байлар қасиетті тұрағы. Сондықтан көшпелілер үшін жерден киелі ештеңе жоқ. Жер дауынан қиын дау да жоқ.
Екінші сала – үй ішілік тірліктегі сыйластық, байланыстылық, әке мен бала, ене мен келін арасындағы қа­рым-қатынас, үлкен мен кіші ара­сын­дағы сыпайыгершілік, ата-анаға деген құрмет, жастарды тәрбие­леу, баулу сияқты инабаттылық, иман­дылық шаралары. Өйткені, « баланы жастан» дейтін қағиданы қатты ұс­тан­ған халқымыз ұл-қызын ибалы­лық­қа үйретіп, имандылық қасиетке икемдеп отырған ғой.
Үшінші тармақ ұрлық пен қар­лық­қа, барымта мен сырымтаға ке­дергі қойып, бұқараны адалдыққа шақырып, еңбекпен күнелтуге бейім­деген заңдар тізбегін қамтиды. «Арам жемейік, адал өлейік» дейтін пікір сол кезде қалыптасса керек.
Жарғының төртінші бабы ел мен ел, халық пен халық, ру мен ру ара­сын­дағы дау-дамайды әділдікпен шешуге арналған. Ынтымақтық ті­ле­ген ел дауды білекпен емес, білік­пен тындыруды көздегені ақиқат. Өйткені, Қазыбек би өмірі – соның ақиқат куә­сі. Сондықтан бұл тармақ­тың қа­зақ даласы үшін де, қазақ баласы үшін де мәні зор екені даусыз.
Бесінші бунақ-бап ел бірлігін сақтау, Отанын қорғау, сыртқы жауға той­тарыс беру, жасақ құру, сардар сайлау, сауын айту тәрізді жаугерші­лік кезіндегі мемлекеттік ірі оқиға­ларды қамтыған ереже-қағидалар шоғырын түзсе керек.
Алтыншы тармақ түгелдей құн дауына бағышталған. «Қанды кек», «қанды мойын құныкер», «ежелгі дұш­пан», «ескі жау» ұғымдары қа­лып­тастырған қаталдық пен қа­тыгездікті жұмсартып, қазақтың он­сыз­ да оңай желпілдегіш түндігіне одан сайын жел үрлемей, жаттан емес жақыннан жау тапқызатын қатқыл­дықты иітуге барын салған үш бидің, соның ішінде Қаз дауысты Қазыбек­тің де мәмлегер даналығы бар бұл тармақта. Өлімді өліммен көбейтпей, ізгілік тілекпен Өмірді арашалаған, Өмірді қорғаған бұл жосынның маңызы да ерекше.
Тағы да дәлелге жүгінейік. Қасым мен Есім хандардың әдет-ғұрып заңдары бойынша кісі өлтірген айып­кердің шаңырағы ортасына түсіріліп, қара орманы бүлдіргісіне дейін түк қалмай түгел таланып, өзі өлім жа­засына бұйырылатын болған. Ал «Жеті жарғыда» бұл даудың жазасы әжептәуір жеңілдене түскен. «Қанға – қан» жойылып, енді құн төленіп, айып кесілетін болған. Және ол
ай­ып – жеті айып аталған.
Әз Тәукенің тұсында әдет-ғұрып заңдарын жасап және соны үш жүздегі үш бидің – Төленің, Қазыбектің, Әй­те­кенің жүзеге асыруымен қазақ хан­дығы біршама бейбіт өмір сүрген еді.
Бұл кезде он сегізінші ғасырдың алғашқы ширегінде, Қазыбек Ұлы­тауды жайлап, осы төңірекке топтас­қан Арғындарға ықпал етіп отырған. Шын мәніндегі осынау кемеңгердің Тәуке өлгеннен кейін тақта отырған (1719–1828) Тәукенің ұлы ынжық, дімкәс, әлжуаз Болат ханның нашар­лы­ғынан үшке бөлініп кеткен елді ақтабан шұбырындыға ұшыратып, атадан ұлды, анадан қызды айырылтып, қайғылы күйді күңірентіп жет­кізген Жоңғар шапқыншылығына қарсы қазақ жұртын қайта көтерудегі еңбегін баса көрсету ләзім. Әсіресе, жиырмасыншы жылдардың орта шенінде Орта жүз бен Кіші жүздің ауыл­дарын қысы-жазы аралап елді бірлікке, ұлдарын ерлікке, бай-би­лерін бірауыздылыққа шақырып, азаттық аңсаған халықтың, қонысын жоқтаған босқын жұрттың тәуелсіз­дігін әперіп, атамекенін құтқаруды үндеп сауын айтқан Қаз дауысты Қазыбек бидің ат үстінен түспей, алты малтаны қорек қып, Сарыарқа­ның сарқыраған суына шомылуға да мұршасы болмай, түнгі шығына омырауын төсеп, күндізгі мұнарына бетін шайып, кең даланың кер бете­гесін сырлас етіп алғанын аңыздан да бі­леміз, құжаттардан да кездестіре­міз.
Қаз дауысты Қазыбектің елінің еркіндігі, ұлтының тәуелсіздігі, азаматының азаттығы деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жылдар бойы түн жортқан жолаушы болып жүріп, 1731 жылы Ресей патшалығы­ның қол астына бодан боп кірген Әбілқайыр хан тіршілігін қолдағаны­нан да хабардармыз. Ол-ол ма, 1741 жылы Орск қамалына барып сенатор Иван Неплюевтің алдында императрица Елизавета Петровнаға ант бермекші болған Орта жүз ханы Әбіл­мәмбет пен Абылай сұлтанға қатты ықпал етіп, Арғын руының атынан ант беруге қосылатындарын білдіріп хат жазып беріп, өз өкілін жөнелет­кенін де көне жазбалардан оқығаны­мызды растаймыз. Сонда қалай? Азаттық аңсаған Қазыбек, халқының еркіндігін көксеп, ұлты­ның тәуелсіз­дігін армандаған Қазы­бек, кіріп­тар­лықты адам бойындағы ең бір ауыр азап деп сезінген батагөй қария құл­дық құрығын, отаршылдық бұғауын, теңсіздік қамытын өз қаза­ғының мойнына өзі салып беруге құлшынған ба дейтін сұр жыландай сумаңдаған сұрақтардың тірілетінін де білем.
Бірақ сол кезеңнің шындығына сүңгіп шыққанда ғана, кереғар за­ман­ның ақиқатына бойлаған шақта ғана Қазыбек сияқты кемеңгер, сұңғыла әрі алдағысына ой көзін жіті жеткізе алатын данышпан адамның жан дүниесіне енуге болады.
Қаз дауысты Қазыбек хандыққа таласқан Әбілхайыр, Барақ, Әбілмәм­бет, Батыр сияқты хан, сұлтандардың әрекеті елді іштен іріткенін көрген еді. Ойрат, қалмақ, башқұрт шабуылы аз болғандай, ендігі қауіп қара құрттай қаптаған шүршіттен төне бастағанын сезген еді ол. Қазақ хал­қы тарихтан біржола өшіп, жоғалып, құрып кету қаупі туғанын болжаған дана қарт қайткен күнде де елді сақ­тап қалудың амалын іздеген еді. Сондағысы – Ресей империясына еріксіз қол қусыру еді. Сондағысы – еркін халықтың тәуелсіздігін құр­бандыққа шалу еді. Сондағысы – мойнына отаршылдық қамытын кию еді. Бірақ азаттық аңсаған халық та, би де сол кезде де демократиялық мұжық Ресейдің де бар екенін ұғынса керек. Ізгілікті де, қайырымдылықты да келешектен күткен Қазыбек сынды ха­лық ұлдары тәуелсіздігін жойса да, үл­гілі ұлтын, шұрайлы тілін, озық мә­­дениетін сақтап қалуға тырысқан еді.
Қаракесек Қазыбек би Арқадағы Орта жүздің ұлы биі боп тұрып Сә­меке хан тұсында да, Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан тұсында да әділет туын бір жықпай келген ғой. Әрине, сүйегі қара болғанмен ниеті түзу, ай­быны асқақ, беделі зор, аузы уәлі, ме­­рейі үстем, алды кең, абыройы ар­тық адамды төре тұқымы онша жаратпайтыны белгілі. Дәлелге құрық созайық.
1741 жылғы жаздағы қазақ пен ойрат арасындағы соғысқа байланыс­ты Қаз дауысты Қазыбек Орскідегі ант беру рәсіміне өзі қатынаса алмаса да, Орта жүздің төбе биі ретінде ант берудің қажеттігін түсіндіріп Әбіл­мәмбет хан мен Абылай сұлтанға хат жазып беріп, өз өкілін жөнелтке­нін жоғарыда айтқанбыз. Алайда сол хат Орынбор экспедициясының (Ко­мис­сия­сының) бастығы Иван Неплюевке жетпепті. Қазыбектің жіберген адамдарының бірде-біреуі Орскіге қарай өтпепті. Себеп не сонда? Себеп ат-атағы үш жүзге мәшһүр майталман шешеннің ат-есімі орыс­тың зор мәр­те­белі сарайларында көп естіле бер­ме­сін дейтін қарамыз бен төреміздің қанына сіңген күншілдік. Онсыз да алды-артын әділ төрелі­гімен, ақиқат шынды­ғымен, бұлтарт­пас туралы­ғымен орап кетіп отыратын беделді биге қарсы төрелер мен шоралар: «шет­тете берейік, ығыстыра түсейік, қақпайлап жуытпайық» тәріздес қыз­ғаншақ ой, күндес қыжыл, өзім­шіл мүддені омыраулата ұстанған ғой. Ал өздеріне қажет кезде, Қазы­бек­тің атақ-абыройын пайдаланып, дау-дамайды тезірек бітіруге асыққан кезде биді Әбіл­мәмбет хан да, Абылай сұлтан да ат сабылтып іздеп келіп, жәрдем сұрап, қол жайып, қолқа салып жатады екен. Сөзімізді тағы да дәләлдеп тұздықтайық. 1734 жылы Сә­меке хан өлген соң, соның орнына Орта жүзге хан сайланған Әбілмәмбет Түркістан шаһарында тұрып жатқан. 1761 жылы аяқ астынан хан ордасы­ның түндігін жел үрлеп, түтінін түзу ұшырмаған бір келеңсіз оқиға туындап қалып еді. Сәмекенің Есім атты ба­ласы осы Түркістан қаласының түс­ті­гінде тұрақтап қалып, ата та­ғы­нан дәмелі ме, кей-кейде немере аға­сы­на көз алартып қойып, сыныққа сылтау іздеп, сызданып жүреді екен. Ізде­генге сұраған, дәл сол жылы Әбіл­мәмбет хан Түркістан жұртшы­лы­ғына салықты әдеттегіден еселеп көбейтіп салып жібермей ме. Кент тұрғындары ауыр салықты қалай төлерін білмей, азуларын егеп жүр­генде, қолтықтарына дым бүріккен Есім сұлтан әлгілерді ханға қарсы айдап салып, Әбілмәмбетті Түркіс­тан­нан қуғызып тастайды. Содан Әбілмәмбет хан Арғын ішіндегі Ал­тай-Қарпықтағы ұлы Әбілфәйіз сұл­тан мен Қаракесектегі Қазыбекті сағалап келіп, Арқада қыстап қалады. 1762 жылы көктем туа Әбілмәмбет хан, Абылай сұлтан бастаған Орта жүздің игі жақсылары Қаракесек ұлысына, Қазыбек ауылына түсіп, ұлы бидің қазылығына жүгінеді. Ел қамын өз басынан артық ойлаған, ел бірлігін өмірлік мақсұт тұтқан Қаз дауысты Қазыбек Түркістан шаһары мен оның төңірегін Әбілмәмбет хан мен Есім сұлтанға әділдікпен бөліп беріп, қазақ даласында ушыққан үлкен дауды әдемі шешіп, қарсылас­тарды бітістірген көрінеді.
Әрине, адам болған соң әркімде де пенделік, күйкілік, шаруақор ұс­ақ­тық, пайдакүнемдік, іштарлық болуы әбден ықтимал. Бірақ Қаз дауысты Қазыбек би туралы ондаған жылдар бойы тапқан құжаттарымда, кездестірген деректерімде, естіген аңыз-әңгімелерімде ұлы бабамыздың пендешілік күйге құлдырамай, әман­да азаматтық, адамдық биік тұғырда тұрғанына көзіміз жетумен келеді. Дәл осындай шынайы адамгершілік, мөлдір тазалық, имандылық қасиет Қазыбек замандастарының көпшілі­гінің бойынан сирек табылатын. Мен өзім саясаткерлігіне, көрегендігіне, қайсарлығына, табандылығына мық­тап табынатын Абылай ханның да пенделік көрсетіп алған, ұсақтық күйкілікке құлдилаған келеңсіз сәт­терін жазба деректерден оқыған кездерде жүрегіме шаншу қадалатын. Адамгершілік пен пәктіктің биігінде тұру көрінгеннің қолынан келе бермеген ғой.
Осы орайда тағы да дәлелді көлде­нең тартайық.
1741 жылы маусым-шілде айында Жоңғария қолбасшысы Сары-манжы бастаған отыз мың ойрат шерігі Орта жүз иелігіне шабуыл жасап, қазақтың біраз ауылын шауып кеткен еді. (Кей­бір оқиғалардың әлдебір мөлшерлі уақытта айналып соғып отыратынына кездейсоқтық демей, мән бере қарайтын болсақ, Ұлы Отан соғысы­ның 1941 жылғы маусым айында бас­талуында біз әлі айқындай қоймаған сабақтастық болуы әбден мүмкін-ау). Дәл осы жолғы шайқаста жасынан қан майданға түсіп, батыр­лық дә­ре­жеге дейін көтерілген Абылай сұлтан жекпе-жекте ойрат ханы Қалдан-Цереннің Шарыш атты баласын өлтіреді. Бірақ өзі қолға түсіп қалады. Кей деректер бойынша Жоң­ғария хонтайшысының «Баламды өлтірген сұлтанды байлап берме­сең­дер, тұ­қым­дарыңды тұздай құртып, үрім-бұтағыңнан түк қалдырмаймын, қазақ!» дейтін әмір-бұйрығымен би­лер кеңесі Абылайды аңда жүргенде ойраттарға ұстатып жіберіпті-мыс. Бір шындығы: 1741 жылы Абылай сұлтанның Қалдан-Цереннің қолына тұтқын боп түсіп, екі жыл бойы аяқ-қолы кісенделіп, зынданда отыруы.
Қашаннан өз мұңынан ел қамын жоғары қойған, халық мұңын ойлаудан бір жалықпаған Қаз дауысты Қазыбек Абылай сұлтанның ерекше алғырлығын, терең айлакерлігін, болжағыш көрегендігін, ұстамды мі­не­зін, етінің тірілігін, икемді саясат­кер­лігін, сұлтандар ішінде халық мүд­десі, ел бірлігі дейтін қасиетке кө­бірек илігетінін сезіп, қайткен күнде де оны тұтқыннан босатып алуға тырысады. Содан да болар, 1742 жылдың ерте көктемінде Қаракесек Қазыбек би өз жүрек әмірімен хон­тай­шыға екінші рет барған екен (Мүм­кін бұл – оның үшінші сапары да болар).
Әрине, Қалдан-Церен атақты қа­зақ биін қанша сыйлағанымен, кемеңгерлігіне қаншама бас игені­мен, қазақ даласының тұтқасы мен қазығына айналып келе жатқан, қа­зақ мемлекетінің, сұлтан атауы қал­ма­са да, болашақ ұлы ханы болар Абы­лайды оп-оңай өңгертіп жібере қоймас та еді. Бір сөзге тоқтап, бір сөзден жеңіліп, бас шұлғып, қол қусырып, ат-шапан айып төлеп қала беретін ауыл-үйдің дауы да емес еді ол. Екі елдің арасындағы, тіпті, Ресей, Қытай, Бұқар, Хиуаларды қос­сақ, әлденеше елдердің арасын­дағы шие­леніс­кен әр түрлі сақтағы мәселе­лерді қамтыған қиын түйін еді ол. Содан да болар Сары-манжы бастаған қалың қолын тағы да тастүйін етіп дайындап отырған Қалдан-Церен айылын жия қояр ма, ауыздықты шай­нап, сыңарезуге басады ғой. Сон­дағы тілегі: Әбілқайыр, Әбілмәмбет хандар, Батыр, Барақ сұлтандар, Жәнібек бастаған батырлар, барлығы қазақтың он атақты адамы кепілдікке бір-бір баладан шығарып, «ақ үйлі аманат» берсін. Оның үстіне қазақ хан­дығы Ресей боданынан кетіп, Жоңғария үстемдігіне бас иетін болсын. Осы шарттар орындалар болса, екі елдің арасындағы жаугершілік тоқтатылып, ағайынгершілік жобамен алыс-беріс басталады. Абылай сұлтан да, басқа тұтқындар да өзд­е­ріне лайықты сый-сияпатымен еліне қайтады. Ойраттардың иелігіне өт­кен қазақтардың ежелгі астанасы – Түркістан шаһары және оның төңі­ре­гіндегі отыз екі қала қоса қай­тары­лып, қазақтардың емін-еркін көшіп-қон­уына жер бөлінеді тәрізді «жақ­сы­лықтардың» төбесін де қылтитып қояды.
Қазыбек әкелген бұл хабар қазақ­тар­ға да, орыс патшалығына да онша жайлы тимеген еді. Қазақтар, оның ішін­де Орта жүз бен Кіші жүз бұл кез­де ресми түрде Ресей қоластында болатын. Хонтайшыға «ақ үйлі аманат» беретін болса, онда Ресей мемле­ке­тінен ат құйрығын үзуі қажет. Өз ішінің алауыздығынан жылына әлденеше рет құбылып отыратын Жоңғария хандығының өзгермелі саясаты қазақ халқы үшін қолайлы болмайтыны аян. Ал тізеге салып отыр­ған ойрат өктемдігіне көнбейін десе дәл сол 1742 жылдың жазында Түркістанның нақ іргесіне төніп келіп тоқтаған қолбасшы Сары-ман­жының екі түмен қолының ыз­ғар­лы сұсын немен қайтарар? Қайтара алар ма?
Ал Ресей империясы қос басты самұрығының шеңгеліне өзі келіп түскен қазақ хандығынан қарап отырып қалай оңайлықпен айрылып қа­л­сын. Өйткені, Петр патшаның сөзі­мен айтсақ, «қазақ даласы – күн нұрына мейлінше шомылған орталық Азия елдеріне барар жолдың кілті мен қақпасы» емес пе? Ендеше орыстар кілтті өз қолынан беріп, қақпаны өз еркімен сарт жапқызбақ па? Жапқыз­бай­ды! Ендеше тездетіп шұғыл әрекетке көшу керек!
Сол-ақ екен, Сыртқы істер Кол­ле­гия­сының жарлығымен Орынбор комиссияның бастығы Иван Неплюев Пенза гарнизонының жаяу әскер полкінің майоры Карл Миллерді Жоң­ғарияның хонтайшысы Қалдан-Церенге, поручик Гладышевті Әбіл­қа­йыр ханға, тілмаш Уразалинді (әл­де Оразалинді) Әбілмәмбет ханға жедел жөнелтеді.
Карл Миллер арқылы Орынбор комиссиясы Қалдан-Цереннен «Қа­зақ­тың Орта жүзі мен Кіші жүзі Ресей боданындағы ел» екендігі, «сондық­тан бұл елге көз аларта беруін тоқ­тау­ды, өйтпеген жағдайда Ресей пат­шалығымен түс шайысып қала­рын, сол себепті тұтқындарды қайтаруды, ең алдымен, Абылай сұлтанды босатуды, сонда қазақтар да ойрат тұт­қындарды алмастыратынын» нықтап айтып, мықтап талап еткен еді.
Ал Гладышев пен Уразалин қазақ хандарына: «Тырп етуші болмаңдар! Сендер бізге сүйеніңдер. Жоңғар хон­тай­шысына аманат берем деп ауыз­дарың қышымасын!» деген зілді жеткізген болатын.
Бірақ саясат араласқан жерде әр түрлі айла-әрекет қоса жүретіні бел­гілі ғой. Әбілмәмбет хан мен Ба­рақ сұлтан балаларын Қалдан-Церенге «ақ үйлі аманат» қып беріп, екінші жағынан орыс елшілігінің қатаң тала­бының әсері де болып, Абы­лай сұлтан 1743 жылы елге орал­ған. Түркістан бастаған отыз үш қазақ қаласы қай­тары­лып берілген. Әбілмәмбет Түр­кіс­тан шаһарындағы ежелгі хан ордасына көшіп алған. Сарыарқада хан болмаса да, хан билі­гін жүргізіп Абылай сұлтан дәуірле­ген.
Шау тартып қалған Қаз дауысты Қазыбек ас беріп, ат шаптырған тойға да қатыспай, қор мен зорды тең тұтар билігін айтқызу үшін іздеп келер қара­пайым жан мен қаһарлы хан шық­қанша, қазақ жерінің жоңғар­лар­дан біртіндеп босануына қарай алдымен Ұлытауды жайлап, одан соң Есілдің бас жағындағы Ерейментау маңындағы Долбыны мекендеп, кейіннен Семіз бұғы тауындағы Терек­тінің бойында тұрақтап, жүріп жатқан. Әрине, биді біз тыныш ұйқы, уайымсыз күй кеше қойды дей алмаймыз… Ақылы кең, азбайтын аға іздеп сандалған жұртты көріп бір қиналса, тозабайтын ақ кіреуке жаға таппай сенделген шерменділерді кездестіріп және күйзелетін. Наданға сөзін ұқ­қыза алмай, жаманға түскен күйіне опынып, әркімді бір сағалаған есеп­шіл жылпостардан жаны түңіліп кей-кейде үйінен ұзап шықпай, ақ ор­дасында ұзақ жатып қалатын. Бидің сондай бір оңаша күйзелуін, оңаша күңіренуін мен «Елім-ай» романында былай деп көрсетпек болыппын.
«…Дүние – толқын. Лықсып туып, ығысып шегінеді. Адам-лек, ұрпақ-лек ауысып жатады. Сонда дейім-ау, осынау қонақ дәуреннің қас-қағым мәурітінде алысып-жұ­лысып, жағаласып-жауласып өткенде нені аңсайды, нені көксейді? Ырылдассын, иттесін, арылдасын, қасқыр­лансын, адамдығы неде? Қасиеті қандай? Қаскөйлегі ме? Ауызданғаны ақ уыз емес пе? Алғашқы естігені ана әлдиі мен бесік жыры ғой. Табал­дырық аттасымен-ақ төбеге де жетпей төбелесе жөнелетіні қалай? Белдеуге қыстырған құрық пен құдыққа сал­ған қауғаның кейде қан, кейде зәр іш­кізетіні неліктен? Әлде әнімізден ай­тағымыз көбейіп, еміренуімізден ежіреюіміз асып түсіп жатқанын сезбей ме екенбіз?».
Бәрібір әділдік деп соққан үлкен жүрек, адалдық, туралық деп құл­шын­ған көпшіл көңіл алыстан арам­дық­тың ызыңы жетсе, зорлық-зом­былық­тың сыбысы естілсе, қыл­­­­мыс-қастандықтың дүбірі білін­се, биді еріксіз атқа қондырып, Әділет туын жалындатып, жалаулатып әлгілерге қарсы шығаратын.
1748 жылы 24 тамызда Барақ сұлтан Әбілқайыр ханды өлтіріп, ел арасына іріткі салып, қобалжу ен­гізіп, тұтастыққа сына қаққан кезде дүниенің сөзін емес, тұралықтың сөзін сөйлеген Қазекең ала болған қисық жұмысты, қырсық жұмысты тү­зету үшін Барақ сұлтанның жолына жолбарыс боп кесе-көлденең тұра қалыпты. Бұл 1748 жылдың қыркүйек айында болған екен. Істерін істеп, тындырарын тындырып алған Барақ сұлтан Кіші жүз жұртшылығынан, Әбілқайыр балаларынан һәм орыс патшалығының ыңғайынан сескеніп, қол созса Орта жүздің Арғынына арқа сүйемек болып, оң қабақ берілмесе Жоңғария хонтайшысының қолты­ғына тығылмақшы боп жылжып келе жатқанда, менменсінген ерлер мен тәңірімсінген хандарды талай рет алдына қойдай өңгерген Қаз дауысты Қазыбек қанды қақпандай сарт етіп қауып түскен ғой.
– Уай, Барақ! Ойланбай жасаған қылмысыңмен Орта жүзді ойсыратып кетер салмақ түсірдің сен. Елдің саулығын қашырып, қаскөйдің жау­лығын бастадың сен. Бәрінен де бұ­рын сен адамзаттың өмірін ұрлап, өлімге орын босаттың. Ханыңды қара­дай өлтірсең, халқыңды қынадай қырарсың. Жауыздық қақпасын ашсаң, қанын судай шашарсың. Ал егер еліңді ығыр қылғың келмесе, жү­регіңнің ізгілігі өлмесе, тесікті өзің бітеп, жараны өзің жазып ал. Өлген тірілмейді, өшкен жанбайды. Бірақ өлгеннің ісін жалғастырып, өш­кеннің отын тұтатсаң, өмір азбайды, шырақ қайта маздайды. Жайла­уымды өрт, жұртымды дерт шалмасын десең, Әбілқайырдың Орын­бор­дағы ұлы Айшуақ сұлтанды ауыстырып, орнына аманатқа өз ұлыңды бер де, қаның мен құныңды кешірсін десең, бола алсаң – Әбілқайырдың орнына өзің хан бол. Әйтпесе дәл қазір тобы­рың­мен түгел бұрылып, Әбілқайыр ұлдарының алдына барып, кісілігіңді тастап, кісеңді мойңына сал! Кіріп­тарланып қол қусыр! Қаныңды шаша ма, құныңды кесе ме, қылмысыңды кеше ме – солар, құныкерлер шешеді. Сен үшін жақыннан жат табар, ағайын­нан алашы іздер Орта жүз жоқ! Кісәпірге кешірім етер де Орта жүз жоқ! Кесіміме көнбесең, бүкіл Орта жүз тұрмақ бүтін Найманға да сый­массың. Сыйғызбаспын! Ауып кетем деп дәмеленбе, жоңғарға да өткіз­беспін! – деп қатал талап қойыпты.
Әрине, Барақ сұлтан да үнсіз қалмаған ғой.
– Уай, би! Қараны ақтап, ақты қаралағанды қайдан көрдің. Сұң­ғылаң Әбілқайыр болса, сұмырайың мен бе? Адалың Әбілқайыр болса, арамың мен бе?! Сұғанақ жанды әу­-
л­ие тұтар болсаң, тура би тура жо­лыңды өзің бітеп көмгенің бе? Айлашыл пы­сы­қайды аза тұтсаң, ары­­зымды ұқ­тырар арыңды таба алармын ба? Жо­лымды кесіп, қо­лымды байлап кел­ген Әбілқайырды бір көрмей, оның арамдығына көнбей, сұғанақ­тығына ермей бұл­қынған мені тергей жөнелгенің қалай? Жолымнан қа­ғы­лып, тонымнан тоналып қала бер­генім үшін, баламның маған сыйға жіберген керуенін жолшыбай талап алған Әбілқайырды жазалап, қылмы­сына лайық шара бергенім үшін айыптымын ба? Сұғанақты сілейтіп, қыл­мыскерді құлатсам, тәңір бұй­рығын орындағаным шығар. Бөлекей-Қоянның шәлтірегі Тоғым-Шығай­дың тектісінің алдынан шыға бер­­месін.
Қазыбек даусын қоңыр қаздай қаңқылдатыпты.
– Әруақты қазбалап, көп созбалай берме. Сылтаулатып сытыла ал­майсың, бұлталақтып құтыла ал­май­сың менен. Қанды қол, қара жүр­е­­гің­мен қанжар ұшында тұрсың. Қол­ды жуып, жүректі тазартуды ойла­ма­саң, тағдырыңды сол қанжар шешер. Орта жүздің атынан талша мойныңа қыл арқанды тастадым. Не өліп құтыласың, не жөніңмен жеңіп құтыласың, Барақ!
Барақ сұлтан еріксіз ылдилапты.
– Уай, би! Айттың сен. Көндім кебіңе. Олай болса, мені Кіші жүз бен Орта жүздің екі-екіден төрт биі тергеп, тексерсін. Ендеше мен де өз шартымды айтып қалайын. Қанына тартпас кесектігімен Алшынның Төртқарасынан Қаратоқа бидің, Қаракесектің Қозанайынан Мәмбет аталықтың, Орта жүздің Бағаналы Найманындағы Өтебайдың есімдері белгілі.
Сен мені осыларға тапсыр. Басымды ала ма, шашымды ала ма – шешсін де кессін! – дейді.
Билердің шешіміне иліктіріп, ел ыңғайына Барақ сұлтанды Қазекең осылай көндірген екен.
Бұл оқиға – ағайын арасында да, көрші елдермен де тату ынтымақта болу­ды кездеген Қаз дауысты Қазы­бек­тің туралығына дәлел. Әсіресе, оның орыс елімен бейбіт қарым-қатынасты орнатуда сіңірген еңбегін ескергеніміз жөн. Сібір генерал-гу­бер­наторының міндетін атқарушы генерал-майор фон Фрауендорфтың Сыртқы істер Коллегиясына 1763 жылғы 11 наурызда жолдаған рапортында «Орта жүздің төбе биі Қазы­бек­тің Ресейге жақсы ниетпен қарай­ты­ны» мәлім етілген. Және де осы құ­жаттан біз 1762 жылдың күзінде Орта жүзге мол сыйлықпен келген Қытай богдыханының елшілерін Қаз дауысты Қазыбектің Абылай сұл­танға өткізбегенін де, өзінің қытай елшіле­рі­нің бағалы сыйлықтарын алмас­тан, талап-тілектерін қабыл­дамастан кері қайтарып жібергенін де білеміз.
Қазыбектің Бекболат, Қазымбет, Базаркелді, Барқы, Сырымбет атты бес ұлы және Маңқан есімді қызы бол­ғаны белгілі. Осы ұлдарының бірі­не қызын айттырып алып беріп, Қазекең ұлы замандасы Төле бимен құда болған дейтін де болжам бар.
1764 жылы қысқы соғым кезінде (ша­ма­мен желтоқсан ішінде) Семіз­бұғы тауының етегіндегі Теректі бұ­лағын қыстап отырған Қаз дауысты Қазыбек тоқсан жеті жасында көз жұмған екен. Қазекеңнің сүйегін былғарымен қаптатқан баласы Бекболат әкесіне арнап тіккізген киіз үйдің ішіндегі төрт таған тас-сөреде төрт ай сақтап, көктем шыға жолға шығып, Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи сағанасына апарып қойғы­зып­ты. Қазекеңе орнатылған құл­пы­тас әлі күнге дейін тәу етіп келу­шілердің көз жанарын суырады.
Қазақ елінің әдет-ғұрып заң­дарын қалыптастыруға ат салысқан, халқының еркіндігі мен азаттығын ойлап, ұзақ ғұмырын ат үстінде, ел шетінде, жау бетінде өткізген кемең­гер ойшыл, қажымас қайраткер туға­нына 350 жыл толған Қаракесек Қазы­бек есімі ұлтының есінде мәңгі сақталары аян.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір