Бас жүлде – Алмагүлде
Екібастұздық ақын Алмагүл Жүгінісова Көкшетау қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткен аймақтық ақындар айтысының бас жүлдесін жеңіп алды.
Алмагүл ақынның өңірлік додалардан әкелген жүлдесі бұл ғана емес. 2010 жылы Ақмола облысының 70 жылдығына, Көкшетау қаласының 185 жылдығына арналған «Жер шоқтығы – Көкшетау» атты республикалық айтыстың бас жүлдесін алып келген болатын. Сондай-ақ, 2009 жылы Баянауыл ауданында «Ел ертеңі – ауылда», сол жылы Павлодар және Екібастұз қалаларында наурыз мерекесіне арналған облыстық айтыстардың жеңімпазы болған. Бұл жолғы айтыс Көкшетау қаласының «Жасыл орман» шипажайында «Бурабай Fest» қазақстандық өнерлі жастардың бірінші фестивалі аясында ұйымдастырылды. Аламан додаға Астана, Петропавл, Арқалық, Павлодар және Көкшетау қалаларынан барлығы 8 ақын қатысты.
– Сөз сайысына айтыс сахнасына соңғы жылдары ғана шықса да, өткір сөз, терең ойымен тыңдармандарын аузына қаратқан жалынды жас ақындар келіпті. Айтыс өте қызықты әрі тартысты болды. Тақырып Қазақ хандығының 550 жылдығы болған соң, өте салмақты өтті. Арзан сөзге, жеңіл әзілге ешкім жол берген жоқ. Қазақтың өткен тарихын, басынан өткен зобалаң жылдар оқиғасын жырлауға тырыстық, – дейді ақын Алмагүл Жүгінісова.