Меңгергем жыр ғылымын – мұң ғылымын
28.07.2017
1568
0

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы


 

 

 

 

 

 

БӨРТЕГҮЛДІҢ ЖҰПАРЫ

Онда мен он жастамын.
Өгей ме өмір?
Әкесіз қалған кезім. Көмейде – мұң…
Ертіс пен кенже апайым Мырзагелді.
Қарағай…
Мамыр айы.
Семейдемін…

Қыдырдым.
Орман бардым.
Қала кездім.
Сондағы балмұздағы-ай бала кездің!
Үй маңы – бөртегүл бар, қош аңқыған!
Көршінің қызы да бар, қаракөзді!..

Қанқыз* бар… жапырақтың түгіндегі із…
Сеземін, сол шіркінмен мұңым да егіз.
Өзіммен жасты бала – көрші қызы.
Кездесіп бөртегүлдің түбінде біз!..

Сол бір шақ!.. әр құрақты тыңдап түнде…
Сол қыздың қылығы өзге бұлғақ, мүлде!
Сөйлейміз: ол – орысша, мен – қазақша,
Ойнаймыз бір сиқырлы жұмбақ тілде!

Сол тілде бүрлесе еді – мұң бүрлесе!
Сол тілде жайқалса еді мың бір нөсер!..
Сол тілде сайрайды екен бұлбұл да әсем!
Сол тілде жарқ етеді тұнжыр көше!

Сол бір шақ – періштелер қалауы ма?
Қанқыздың қанаттағы алауы ма?..
Табаным шымыр ете қалған еді-ау,
Танауым тиіп кетіп танауына!

Жайнайды төбемізде ен-тегін Күн,
Көгілдір қошын үстеп бөртегүлдің!..
Мен солай – қызұнату ғажабының
Жұпарлы болатынын ерте білдім!

Жүрекке бөртегүлден қош өңгеріп,
Күлемін!..
Қаракөзім – әсем көрік!
Армансыз асыр салу!..
Амал қанша,
Ауылға алып кетті, шешем келіп.

Бала едім, өксік толы соры – ішінде.
Қара көз!…
Жыладым ба сол үшін де?..
Баяғы бөртегүлдің иісін аңсап,
Семейге қайта келдім он үшімде.

Сол мамыр!
Мырза апайым…
Жаңбыр да есте.
Іздедім аяулымды теңбіл кеште.
Жұпары бөртегүлдің ерен өткір:
«Ол қыз жоқ!.. көшіп кеткен сен білмеске!..».

Алжасыл маздағаны-ай бөртегүлдің!..
Мен солай… құсаны да ерте білдім.
Жаутаңдап, жапырағын сипай бергем,
Жанымды өртегірдің!..

…Қазір де Семейдемін.
Тұрғынымын.
Меңгергем жыр ғылымын – мұң ғылымын.
Тағы да – мамыр айы, бөртегүлді!
Тағы да – мамыр айы, бұлбұлы мың!

Білмеймін, өңімдегім сес пе, мыс па?..
Гүлденер жұпар аңқып сөз ғарышта!
Дегенмен… бөртегүлді иіскей қалсам,
Түседі жад сұрапыл қозғалысқа!..


Бөртегүл* (сирень)
Қанқыз* (божья коробка).

ЖАҒАЛАУДА

Ертістегі пароходтың кернейі.
Ол да – шашы жалбыраған желдей үн.
Сөйлеп тұрған жадың – жасыл маскалы.
Отырасың өкініштеріңді еске алып.
Алақанға құйып ішпек шарап та,
Шалғын болып жайылардай алапқа.
Ешбіреуге ызаң да жоқ, датың да,
Рахаттың күйдірмейтін отында.
Көшпелі алтын – Күн нұрының мұртында.
Қол созасың, сар табаның жылтыңдап.
Қыз күлкісі меңдуана иісімен
Бірге өріліп,
Көңіл құрты сүйсінер.
Кекештеніп көмейде бір көне тіл,
Әлденеге азғырынғың келеді.
Құтылғың кеп шер деген бір пәлеңнен,
Көз жұмасың.
Күрсінесің тереңнен.

Көк желкеңмен бақыласаң қаланы,
Маңдайыңмен аңсайсың кеп даланы.
Алып көпір – алақандар еңбегі.
Одан бірақ жүйке берік сендегі.
Тағы не бар?
Үйректер бар, қаздар бар.
Құйрығымен суға өлең жазғандар.
Мас орыс бар барқыраған, балықшы.
Бәрінің де сырына сен қанықсың.
Мұнараның бұрқ еткенде азаны,
Елестейді алдағы күн, қазалы.
Пароходты сүйреп кетіп екінді,
Керілесің, түк болмаған секілді.

Ерте келді құралайдың салқыны.
Мен де жаурап қалғандаймын, жарқыным.
Ел мұңына қатысы жоқ мүлде оның.
Талшын-тал да ырғалады, гүлденіп.
Негізінде, тұрғандай ол есінеп.
Жұпары жоқ.
Гүлдейді екен несіне?

Бойымдағы сезімденген суым да
Тоңазиды қараңғы Ойдың буында.
Түнде көрген түсім-дағы – түс күрең.
Ұшып кетті жад айнасы үстінен.
Бақ ішінде, секілденіп қош мүрде,
Жатырмын мен.
Керегім жоқ ешкімге.

Жәндік отыр тротуарда.
Өңсіздеу.
Ол да, тіпті, күн көреді менсіз де.
Кетсе үзіліп осылайша ғұмыр-ән,
Жарым ғана еңірерін ұғынам.
Сонсоң, қайта күлімдейді, жыл өтіп.
Бұлжымайтын заңдылықтар реті.

Төңірекке қарап саусақ ұшымен,
Гүл де Күнге көшетінін түсінем.
Қыбыр етпей, қара Жермен айналып,
Кешке шейін жатам енді.
Пайдалы.
Құралайдың салқыны да өтпелі.
Неткен ыстық қолдағы жыр дәптерім…

Мен – мәңгілік таусылмайтын зарықпын.
Бірақ көзім – хақ киесі жарықтың, сен дегенде, Туған Ел!
Айтқан сөзім самалдан да таза тым;
Даладан да жазуым зор, жазатын;
Аспаннан да Ойым биік… тұңғиық;
алып жүрем тұла-бойыма мұң құйып,
Сен дегенде, Туған Ел!

Серттесем де нажағайлы нөсермен,
бүткіл әлем күнәларын кешем мен,
Сен дегенде, Туған Ел!
Сен дегенде, ардағым,
Инелікпін – көтеретін Құдайдың да салмағын!

Өлімді ойлауға уақытым жоқ.
Бұл – шыным.
О Дүниеге озу – жеңіл күрсінім.
Өзімді ойлауға да уақытым жоқ.
Өйткенше,
Бір өбіп қалғым бар көктем бүршігін.

Ұйықтауға да уақытым жоқ.
Аздап түс көрем.
Мұңымның сөлін ішкен ем.
Дос іздеп жүруге де уақытым жоқ.
Ой.
Сөз.
Қимыл.
Қасиетті үш перен.

Даурықпа қоғамды тыңдауға да уақытым жоқ.
Жексенбі де – менде – жұмыс күн.
Тарата берсін, таратқысы келсе сыбыс кім.
Дау қуысуға да уақытым жоқ.
Жаутаңдармен келеді ұғысқым.

Жауларымды жазғыруға да уақытым жоқ.
Әркімнің тірлік етуге өз қақы бар.
Мендегі жасампаз үш төреші:
Көңіл.
Ақыл.
Ар.
Құдаймен сырласуға да уақытым жоқ.
Керек болсам, Өзі-ақ шақырар.

От пен су сүйіспек, менсіз де.
Менсіз де, жап-жарық күледі өңсіз де.
Менсіз де, шырынды – құс гүлі,
Құпыра түскірі.
Көктемді жырлайды жаршы-ұзақ, менсіз-ақ.
Менсіз-ақ, сәлемге өлең де жалғаспақ тым әсем.
Менсіз-ақ, еңірер күнә-шер.
Менсіз-ақ, көкала түнде бөрілер құрбандық
жырын ұлысып,
Бөлтіріктердің де қышиды тіл ұшы.
Менсіз-ақ, бозбала көзінде көркем маздайды
мұң алғаш.
Менсіз-ақ, тау шөбінен – ұлар мас.
Менсіз-ақ, кез келген тірлік иесі –
қызыққа құмар бас.
Алайда…
Алайда, солардың баршасы
Менің өздеріне деген махаббатымсыз өмір сүре алмас.

Себебі,
Бір жарқ етіп өте шыққанда елес-күн,
Ауырып өле кетсе де егер кәрі ешкі,
Аш құзғындарға да келеді демескім.
Менің махаббатымсыз – Күн де көмесі.
Тек, өзімнен басқа білмейді оны ешкім.

Ақын жәйлі айта берер жұрт қызба.
Ғашық болу емес – Ақын, – қырық қызға.
Ақын деген – шар-нажағай, жасампаз.
Шар-нажағай жаралады бұлтсыз да.

Ақын деген – жауатын қар тамызда.
Ақын деген – атылған оқ ауыздан.
Ақын деген – халқы қажет еткенде,
Құрбандыққа өзін-өзі бауыздау.

Бізді ақын деп ойлайды-ау ел, сірә, осы.
Іңірден соң, Ай көрінер.
Түн осі.
Ақын деген – талма тұсы ғаламның.
Адамзаттың ең сұрапыл күресі.

Ақын деген – жұмақта да мұң кешу.
Ақын деген – тылсымданған үббе-су.
Ақын деген – Ойдың Көзі арқылы
Бар тіршілік иесімен тілдесу.

Ақын деген – қайыршының мұңдасы.
Ақын деген – Дүниенің Күн-Басы.
Ақын деген – ғарыштан да тым қашық.
Ақын деген – Тәңірінің құрдасы.

Бізді ақын деп ойлайды-ау ел…
Бәрі – аңыз.
Ақын деген – мүлде бөлек Сана-Абыз.
Біз – өз тәнін қаламсапқа айналтқан
Қаламұшы ғанамыз…

ҒАШЫҚТАР

Ғашықтарға мүлде жат – кісімсіну я мәртсіну.
Көздерінің жасы – мұңлықтар мен зарлықтардың серт суы.
Оларды алғаш көре қалғанымда,
Хайуандығыма қорынтып,
Жанымды сұмдық азаптаған бір дерт сұлу.
Көк темір де езілердей шеріме,
Соңдарынан ере кеткенімде, беріле…
Жұмақ-шөп қаулап өскенін де көргем,
Солардың түнеп шыққан жеріне.

Сенсеңдер,
Олар қабақтарын сәл ғана шытса да,
Талай алапат өрт сөнген.
Дәл солайша қайта гүлдейді,
қайтыс болып кеткен қарт шеңгел,
Жымиыстарға айналады кемсеңдер.

Иә,
Күннің күліп тұрғанындай қаратүнектік қым ұшы,
Қайғылы тұрмысымыздың да қайсар болмағы –
– солардың жұмысы.
Таулар да жол береді оларға ығысып.
Мені де үнемі қоштап жүрді мейірімді бір қуат…
Махаббаттың кійе-бұғысы.

Сонда олардан танып-білгенім,
Жауларына да қамқор болу –
– өмір сүрулеріндегі басты мағына.
Бір-бірін сағынса,
Сүйектеріне дейін де қан қақсап, сағынар.
Үмітсіздерге үміт те үзіп береді
Шаштарының жұпар талынан.
Сенімсіздерге сенім де түзіп береді
Бүкіләлемдік Тартылыс Заңынан…

О-о-о!..
Бездерімнен де жас ытқып,
Өзім де ғашықтықтан еңіреп жылағам.
Жылап жүріп,
Тәңірден қиянатқа ұрындырмауын сұрағам.
Шүкір,
Байқамай басып кеткен жәндіктерім де дін аман.
Мінәжатханаларын тастап шығып, бізге ағылсыншы,
Айыққысы келгендер күнәдан. 01. 06. 2017.

Мендік Өлең – Ар басқарған нұрлы әлем.
Онда – қиылған шаш та, алынған тырнақ та бүрленер.
Онда – атылған оқтың өзі буланар.
Сонсоң, шолп-шолп тамып жатар
сәбиленген суға олар.

Онда аңдардың ақылы да – жұмақ-бақ.
Онда обалдай аңқып тұрар күнә әппақ.
Онда өзімнің желге де құмар кінәм бар.
Дертті ғана шағады онда жыландар.
Құсқа да онда әулиелік тіл біткен.
Қыста да онда бал түзеді гүл біткен.
Адам да онда қартайғанда жасарып,
Күн жайлата білер, тіпті, нашары…

Мендік Өлең – бақытты әлем, қысқасы.
Жоқ еш жерде өзгедей бір нұсқасы.
Сол әлемім, баянды да жемісті –
– мәңгі ұлғая беретұғын кеңістік.

Мына Әлем де – өзінше бір таза Өлең.
Құдай болсам… мүлде өзгеше жазар ем.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір