ГӨЗЕЛТОҒАЙ
Бүгінгі сұхбатымыздың тақырыбын жазушы Сайын Мұратбековтың «Кәментоғайына» ұқсастырып қоюымыздың себебі бар. Кейіпкеріміз – туған ауылы мен Қазақстанның түпкір-түпкірінде ағаш егіп, айналасын гүлзар баққа айналдырып жүрген кәсіпкер. «Еліміздегі орман қоры – 4-ақ пайыз. Қазақстан – жер көлемі бойынша әлемдегі тоғызыншы алып ел деп кеудемізді кереміз.
Алайда, сол ұлан-ғайыр жердің қаншама пайызы көгалдандырусыз жатқаны, топырақтың күннен-күнге эрозияға ұшырағаны бізді көп алаңдата қоймайтындай. Ата-бабаның бізге қалдырған аманаты – жер болса, ол жерді біз өзімізден кейінгі ұрпаққа қалай сақтап отырмыз деген сауал бізді қатты толғандыруы керек. Әрине, тек қана ойланып-толғанып отыра бермей, осы мәселені қалай шешеміз деген сауалдың да жауабы табылуы тиіс. Бұл орайда мен көп сөзге бармай, әуелі өз ауылымның айналасын орманға айналдырсам деп шештім», – деп еді Гөзел Құлжабаева ілгерідегі бір әңгімесінде. Осылайша, Гөзел Құлжабаеваның бастамасымен Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Басши ауылдық округіне қарасты ауылдар мен мектептерде, жалпы аумағы 52 гектар тақырыптық бақтар жасыл аймақ қалыптасыпты. 2011 жылы Қарағайлыбақ
(2 га.), Көктерек бағы (7 га.), 2013 жылы ҚР халық артисі Нұрғали Нүсіпжановтың құрметіне алма бағы (5 га.), 2015 жылы «Батыр ана» (10 га.) саябағының ресми ашылу рәсімдері өтті. Ал 2011–2013 жылдары Кербұлақ ауданының Басши ауылындағы Райымбек атындағы, Нұрым және Аралтөбе ауылдарындағы орта мектептердің ауласы жасыл желекке бөленіп, сәндік бұталар, жеміс ағаштары, кактус алаңымен, әр түрлі гүлдермен көмкерілген…
Гөзел ҚҰЛЖАБАЕВА,
«Гүлстан» журналының, «Гүлзар» қоғамдық
бірлестігінің құрылтайшысы, кәсіпкер
– Қазақстанның барлық аймағын көгалдандыру турасында жиі пікір білдіріп жүргеніңізді білеміз. Күллі Қазақстан аумағы, әсіресе, суы мен нуы аздау ауыл-аймақтарды абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары бойынша бірнеше елді мекенге ағаш отырғызып, гүл ектіңіз. Өз тәжірибеңізбен бөліссеңіз, Қазақстан аумағындағы қай облысқа қандай тал-дарақ өсіру экономикалық тұрғыдан тиімді? Ал тал-дарақтың қай түрі қандай өңірлерге экологиялық қажеттіліктен отырғызылуы тиіс деп ойлайсыз?
– Суы мол жерге, әрине, терек еккен жақсы. Ауыл маңына да терек еккен дұрыс. Суы аз жерлерге қарағаш пен ақ акация тез бейімделеді. Ол үшін алдымен қарағаш пен ақ акацияны бір-екі жыл жеке-жайда өсіріп, баптап алу керек. Ауылыма «Абай бағын» жасаймын дегенде, еменді екі жыл бұрын жеке ыдыстарда өсіріп, дайындап алдым. Сондықтан қандай да бір ағаш түрін еккіңіз келсе, алдымен оны жеке ыдыстарға өсіріп, әбден даярлап алу қажет екенін айтқым келеді.
Ең күтімі аз ағаш – қарағаш, жиде, акация. Бұл ағаштардың өзіне де, алғашқы екі-үш жылда арнайы су құйып тұру керек. Қарағашты жеке ыдысқа егіп, екі-үш жылдай күтіп-баптаған соң, күз мезгілінде Қазақстанның кез келген даласына апарып ексеңіз , ары қарай жайқалып өсіп кетеді. Өйткені, қыста – қар, көктемде – жаңбыр суы бар. Сондықтан біздің өңірдің ең түпкіріне де тал-теректерді егу ісі соншалықты күрделі дей алмаймын. Оған ерік-жігер мен туған жерді жасартып-жайқалтамын деген берік сенім керек.
Бұрынғы Кеңес өкіметі уақытында қар тоқтату үшін қаптатып ағаш екті ғой. Сол ағаштар әлі күнге өсіп тұр. Әрбір қазақ келесі ұрпақ үшін ағаш егуі керек. Ол қазақ үшін, қазақтың жері, суы, нуы, денсаулығы, экологиясы үшін пайдалы. Әрбір қазақ өз ауылы, елі, ата-анасы, ағайын-туысы мекендеген жерді көгалдандырса, күллі ауыл жайнай түспей ме?
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Астана қаласының сыртындағы 80000 гектар жерді жасыл желекке айналдыру, ну орман жасау туралы тапсырмасы мен сол жұмыстың жеміс бере бастауы – Республика көлеміндегі ең ірі жоба. Осы бастаманы еліміздің әр өңірі: облыс, аудан, ауыл әкімдері қолдаса, ел аумағындағы көгалдандыру мәселесі өздігінен-ақ шешімін табар еді.
– Туған жеріңіз Алматы облысы, Кербұлақ ауданындағы бірнеше елді мекендерге көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарын жүргіздіңіз. Туған жеріңізге ойша саяхат жасасақ. Туып-өскен жеріңіздің табиғаты қандай еді? Бала кезіңіздегі ауыл бейнесі көз алдыңызда ма? Оның абаттанған, жаңарып-жасарған бейнесін қалай елестетесіз?
– Әркімнің туған ауылы қандай болса да ыстық. Адамның ең бір бақытты кезеңі – балалық шағы. Мен үшін ауылымнан сұлу мекен жоқтай. Біздің ауылдан әркез бір боран ұли соғып тұратын. Есімді білгелі Басши мен Нұрымнан соққан екпінді жел жайлы әңгіме естіп келемін. Әрине, бораны көп ауылдың да өз қызығы, ерекшелігі бар. Мәселен, ауру тарататын ауа бұл жерде жоқтың қасы. Себебі, жел үйіріп алып кетеді. Алайда, ұдайы соққан жел ауыл тұрғындарының да берекесін алатыны белгілі жайт қой. 2008 жылы Нұрым ауылына Құлжабаевтар әулеті атынан мешіт салынды. Ас бергенде аяқ асты топырақ боран соғып, 500 адам арнайы жасалған дастархан басына отыра алмай қалды. Себебі, ұйытқи соққан боран ас беретін орынның берекесін алды. Содан желге қалқан болсын деп ауыл маңына жасыл аймақ – көктерек бағын ектім. Тіптен, асырып, отыз үш қатар егіп жіберіппін. Желді тоқтату үшін ауыл шетіне бірнеше түрлі: биік, орташа және қысқа ағаштардан үш қатар ексе де жеткілікті екен. Алайда, отыз үш қатар ағаш осы күні ауылдың көркіне айналды. Күзде ағаштан сауылдай құйылған жапырақтар келесі көктемге дейін шіріп, топырақтың құнарын арттырды. Ағашы бар жерге гүл мен шөп те құмар келеді. Ал көздің жауын алатын дала гүліне көбелек қонғанды ұнатады. Ағаш басына, түбіне құстар ұя салып, түрлі ұсақ аңдар ауыл маңына топтаса бастайды екен.
Жайқалған тал-теректер ауыл көркі ғана емес, сол ауыл тұрғындарының да көз қуанышы. Өткенде Кербұлақ ауданындағы басшылармен әңгімелесіп тұрсам, біреуі: «Ағашы көп жердің адамдары да сұлу болады екен», – дейді таңданып. «Ендеше, Кербұлақ ауданына сұлу адам көрсеңіздер Нұрым мен Басшиден деп есептеңіздер», – дедім мен . Жылда Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Басши ауылдық округіне тақырыптық халықаралық конференциялар, пресс-тур ұйымдастыру жұмыстарын жоспарлы ұйымдастырып тұрамыз. Осы жұмыстарды ұйымдастыруда жергілікті Кербұлақ аудан әкімшілігімен тығыз қарым-қатынас та орнаттық. Себебі ауылға Республика көлемінен БАҚ өкілдерін, зиялы қауымды шақырған соң ауылдық мәдениет үйінің, жергілікті мектептерінің ұжымдары да тиісті көмек береді. Оқушылар мен ата-аналар да қамтылады. Бүгінгі күні оқушылар ағаш отырғызу еңбек қана емес, ғылыми зерттеу жұмыстары жасалатын алаң және бизнес көзі екенін де түсініп келеді. Тағы бір мысал , Алматының кір суы баратын Сорбұлақ бар ғой. Сол Сорбұлақтың маңына екі шақырымға созылған жерге терек егіп, ағаш өңдейтін зауыт жасауға болатын еді. Терек – он екі, он үш жылдың ішінде жүз жылдық еменнің табысын береді. Қазір теректің небір түрлері бар. Көбі теректі мамығы бар деп ұнатпайды. Терек те еркек, ұрғашы деп бөлінеді. Еркек теректің мамығы болмайды. Екіншіден, терек тез жетіледі. Ол отын көзі, құрылыс материалы, ауылдық жерге өте керек ағаш.
– Елбасымыз «Туған жер» бағдарламасында елге белгілі тұлғалардың туып-өскен жеріне деген құрметі – кіндік қаның тамған өңірге деген құрмет екенін айтады. Жалпы, туған жерге, өскен өлкеге деген құрмет неден басталуы керек деп ойлайсыз?
– Ана тәрбиесінен деп ойлаймын. Анамыз бала күнімізде бізден: «Аң мен құстан адамның айырмашылығы не?», – деп сұрайтын. Баламыз ғой: «Адам баласына тамақ береді, киіндіреді», – дейміз шулап. «Мал екеш мал, құс екеш құс та баласына ұя салып, тамақ береді. Адамның аң мен құстан айырмашылығы – Отаны, елі, жері бар. Адам Отанға, елге, жерге адал болуы керек», – деп айтатын. Ауылға, елге деген махаббат ата-ананың берген ұлттық тәрбиесінен.
– Тек кіндік қаныңыз тамған жерді емес, Қазақстанның түпкір-түпкіріндегі елді мекендерді де көгалдандыру мәселесі бойынша келелі ойлар айтып жүрсіз ғой. Орман қоры аздау ел ретінде Қазақстандағы орман-тоғай, жасыл желекті көбейту ісі бойынша да пікіріңізді білсек дейміз.
– Әрбір елдімекен аналарға бақ арнаса деймін. Біздің өңірден шыққан белгілі тұлға Нұрғали Нүсіпжанов атындағы бақ аштық. Дайын баққа ат бере салмадық. Жаңадан теректер, жеміс ағаштарын ектік. Оны бірнеше жыл күтіп-баптадық. Түрлі мерейтойларда ат мінгізіп, шапан жауып жатады. Ал сол адамның құрметіне бақ тұрғызса ше?
Өзге мерейтойларда да ауылда орналасқан мектеп пен балабақшалар, мәдени ескерткіштер, мәдениет үйлері аулаларына қаржылай көмек беріп, аямай көгалдандыру керек. Сонда Қазақстанда қаншама саябақ пайда болар еді.
Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Саймайсай ауылында «Гүлстан» экотуризм аймағына үш мың ағаш, атап айтсам, катальпа (сән ағашы), қара ағаш, қайың, терек ектім. Әлі күнге суғарып жүрмін. Семейден Жидебайға дейін, шіркін ай, қарағаш па, жиде ме: жасыл аймақты жол бойына жағалата ексем! Жидебайда бақ жасауға үлкен жерлерден рұқсат алу керек екен, сондықтан Абай бағын өз ауылымнан бастадым. Абай атындағы бақ кез келген қазақ ауылында жайқалып тұруы керек деп есептеймін. Шама-шарқым жетсе, Қостанай облысында Ыбырай Алтынсарин атындағы бақ ексем деймін.
Әр азамат туған елге құрмет көрсету арқылы орман шаруашылықтарын көбейту жұмыстарын тұрақты түрде жандандырып отыруы керек. Мысалы, «Әр ауланың гүлденгені – мемлекеттің гүлденгені» Үндеуге үн қосқан, қолдау көрсеткен Қазақ Аграрлық Ұлттық университетінің «Орман, жер ресурстары мен фитисанитария» факультетінің деканы, экономика ғылымының докторы, профессор өзінің туып-өскен Шу ауданы, Жамбыл облысына, 2016–2017 оқу жылында бес мың ағаш, қылқанжапырақтар, жеміс ағаштарын мектеп пен балабақшаға бергізді. Ол жұмыстарға «Гүлстан» республикалық ғылыми-танымдық, көпшілік журналы ақпараттық қолдау көрсетті. Ұйымдастыру жұмыстары жергілікті жерлерде аудандық мәслихат хатшысы Ержан Өмірәлиевтің қолдауымен өтті.
1951 жылы Алматы қаласында (Абай- М.Төлебаев) Мұхтар Әуезов жекеменшік үйін салдырған соң, аулаға екі түп грек жаңғағын өзі еккен екен. Бүгінгі таңда мәулі грек жаңғағы жеміс беріп тұр, ұрпақтар үшін жазушыдан естелік. 2017 жылы заңғар жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына – 120 жыл. Биыл Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында орналасқан Бөрлі – М.О.Әуезовтің ата-қонысы Бөрлідегі музей үйіне 30 жыл. Сол музей үйінің аға ғылыми қызметкері, сол музейде отыз жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Гүлзат Тәңірбергеннің ұсынысымен ағаш, тал-теректер егуге қолдау сұраған еді. Әрине, көмек қолын мұндайда созбағанда, қайда созамыз: 120 (қарағаш, акация ) ағаштарды сыйға тартуды қолдадым. Тамыз айында бұйырса, М.Әуезовтің құрметіне 120 ағаш егіліп, болашақта үлкен жасыл аймаққа айналатын болады деп ойлаймын.
– Қазақстанның тарихи орындарының абаттандыру туралы сұрақпен әңгімемізді аяқтасақ. Көпшілік баруға қызығатын тарихи-танымдық мекендерді көгалдандыру бойынша қандай жобалар бастағыңыз келеді?
– 2015 жылдың соңынан бастап Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Ташкенсаз ауылдық округіндегі Саймасай ауылының жанынан 50 гектар жерді сатып алдым. Жекеменшік «Гүлстан» экотуризм аймағы жобасын бастап кеттім. Жоспарлы жұмыстар бастамас бұрын шет елдердегі халықаралық тәжірибелерді сараптау үшін ел көрдім, тәжірибе алмастым. 2015–2017 жылдары Германия, Франция, Чехия, Иран, Түркия, Израильге арнайы бардым. Болашақта сол іс-тәжірибелерімді жүзеге асырсам деймін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Қарагөз СІМӘДІЛ.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.