Жалықпайтын жылнамашы
(Қуанышбай Құрманғали туралы шолу-сыр)
Туыспаған туыс, біріміз солтүстіктің, біріміз шығыстың қазағы болсақ та «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газеті редакциясының киелі шаңырағы астында танысқан жан досым Қуанышбаймен тағдырдың табыстырғанына тұп-тура жарты ғасыр болыпты. Бұл бір азамат-ғұмыр екен-ау! Ол ғана емес, Ақселеу, Оралхан, Бексұлтан, Кәрібай, Серік, Қуанышбай және біз бармыз «Жеті жетім» атанып (не қолдаушысы, не қорғаушысы жоқ, қаламдарына ғана сүйенген, көбіміздің әкемізді соғыс жалмаған, не үйі, не күйі жоқ, өлермендікпен өмір сүріп жүрген өзімізді «Жеті жетім» деп атайық» деген Оралханның әзіл-шыны аралас сөзі еді), ғұмырымызды адал достыққа арнаппыз.
«Лениншіл жастың» ақ дегені алғыс, Шерағадай, Шерхан Мұртазадай редакторымыз бар, дүрілдеп тұрған кезі. Газетіміздің таралымы республикадағы ең көп басылым, оны жас та, жасамыс та оқиды, Атыраудан Фариза мен Шымкенттен Мұхтар ақындар, Алтайдан Оралхан, ҚазМУ-ден соңғы курстардың студенттері Ақселеу, Серік және біз редакцияға келіп, оқырмандардың хаттарынан белдері қайысқан бір-бір үстелді иемдендік.
Өзіміз арада апта өтпей-ақ «Қуаға» атандырып алған Қуанышбай редакцияға келгеніне бірер жылдан асып кетіп, «тісқаққан» болып алған екен. Жаңа келгендердің билігін қолына бірден ұстаған. Таныстық, білістік. «Обедпен прәпеске» жасаттырады. Ол кезде бірлі-жарым сақа журналистер болмаса, көбі пәтер жалдап тұрады екен. Бір қызығы, Қуанышбайдың екі бөлмелі пәтері бар болып шықты. «Прәпескемізді» кідіртпей үйіне шақырып, бекітеді екен. Біз де бекіттірдік. О.Бөкейдің «Сарыарқаның жаңбыры» әңгімесі газетке шығысымен редакторымыз орынбасарына: «Дереу шақырыңдар. Қызметке аламыз» деп, жедел тапсырма берген соң араға апта салмай Оралхан жеткен. Бірден әдебиет-өнер бөлімінің тізгінін ұстатқан. Сол күні газет қызметкерлері Үрнисә жеңгеміз отағасына, айтулы ақын Төлеген Айбергеновке ас беріп жатқан. Бәріміз кешкілік құран-қатымға қол жайып шыққан соң Қуанышбай Оралханның жанына барып, қайда түскенін сұрады.
– Вокзалға, – деп күлді ол, – чемоданымды жүк қоймасына қалдырып, бірден редакцияға келгенмін.
Оның бұл сөзі «Әзірге барар жерім жоқ» дегенді білдіріп тұр еді. Өскемен қаласына екі жыл қатарынан облыстық газет редакциясына өндірістік тәжірибеге барып, Орекеңмен етене танысқанмын. Тіпті, соңғы барғанымда Оралхан екеуіміз жазушы, марқұм Мүсілім Құмарбековтің пәтерінде «үш бойдақ» болып, 3-4 ай бірге тұрғанбыз. «Жалдамалы пәтерің тар демесең, біздің үйге жүр» демек едім, Қуағаң үлгертпеді.
– Бұлар сияқты емес, басыбайлы кең пәтерім бар, сонда тұрасың.
– Ыңғайсыз болмай ма? – дейді Орекең.
– Бір кішкене қыз, бір әйел үшеуіміз бір бөлмеге сиямыз, екіншісін қалағаныңша жайлай бер.
Орекең ол үйде үш ай тұрды ма, әлде төрт ай тұрды ма, онысын білмедім. Бір білерім – Орекең екеуі сол уақыт ішінде айырылмас достарға айналған еді. Мәңгілік мекенге алдымен аттанған Орекеңді «ол жақта» жалғызсыратпайық дегендей, Кәрібай, Ақселеу, Серік ортамыздан аттанғанда, қалғанымыздың қабырғамыз қайысты-ақ. Әсіресе, Қуанышбай: «Әке мен шешенің ыстық ықыластарын сезініп көрмеген маған соларды жоқтатпаған достардың бірінен соң бірінен айырылу нағыз қасірет болды», – деп жанарын жиі дымдайтын әрі «белім» деп, «тағы бір жерім» деп, аурухананы төңіректей берген соң досымыздың көңілін көтеру үшін Бексұлтан екеуіміз тұрпайылау қалжың айтамыз. «Ол жақтағы төртеуі де айтағасын проферансшы екенін білесің ғой. Ақселеу картон қағаздан карта жасап алып, төртеуі «сызып» отырған көрінеді. Ойынды оңдырмасаң да «шотал» алудың шебері едің ғой. «Шотал жинайды екенмін деп, оларды көп сағынғанды қой», – дейміз ғой.
– Орталарыңдағы ең жастарың мен екенмін. Кезек күтемін ғой, – деп, ол да әзілге әзіл айтады.
Әзіл демекші, Ақселеу аға-досы, атақты актер Асанәлімен бізді де жақындастырған еді. Бірде үйде отырғанда Асекең: «Оралхан, Кәрібайларың асығыс аттанып кетті. Мен де әкемді соғысқа берген жетіммін. Қатарларыңа қоссаңдар қайтеді», – деп әзіл айтқан.
– Оны енді сіздің үйдің төрінде отырып, ақылдасайық, – дейді Қуағаң.
Отырдық. «Қатарға қосылдыңыз» дедік. Кейіннен Ақселеу, Серік те бізді тастап кеткен соң Асекең айтады: «Түрлерің жаман екен, кете беретін. Қатарларыңнан шығамын», – деп әзіл айтып еді…
Ақселеу дос айтар еді: «Жаратушы Ием жайсаң ғой, батпандай ауыр қалжыңымызды мыңқ демей көтеретін Қуағаңды біз көңілді жүрсін деп бере салған ғой, әншейін», – деп. Оралхан болса: «Ішіміздегі ең әділ, ең ақжүрек, әрі айтқанынан қайтпайтын ең принципшіліміз де осы Қуағам», – дер еді.
«Айқын» газетінің Бас редакторы, жуырда осы газетте жарық көрген «Ел дегенде – елгезек» дейтін мақаласында рухани інісі Нұртөре Жүсіп: «Асып-тасу деген жоқ, қашанда бірқалыпты, жайсаң, жайдары, көркем мінезді», – депті. Біліп айтқан.
Қанды қырғын соғыс басталғаннан кейін бір жыл өткен соң Қостанайдың Әулиекөлінде дүниеге келген Қуанышбайдың әкесі Серікбай-солдат мұрагер ұлының барын да білмей көп құрбандықтың бірі болып кете барған. Қабырғасы қатаймай жатып анадан да айырылған жетім бала ағайынды сағалап, орта мектепті де бітіреді. Әйтеуір бір мамандықтың тізгінін ұстамақ ниетпен Қарғалы кооперативтік техникумына түседі ғой ерің. Әлі күнге дейін зайыбы дүкеннен тұз ала кел десе, қант әкелетін, қант ала кел десе шай әкелетін, былайша айтқанда, сауда-саттықтың исі мұрнына бармайтын балаң жігіт, құдай жолын оңдап, ҚазМУ-дің журналистика факультетін сырттай тәмамдап, «Лениншіл жасқа» хат тасушы болып тұяқ іліктіреді. Бізбен танысқан тұста азаматың корректорлық, әдеби қызметкер дейтін лауазым баспалдақтарын басып өтіп, бөлім меңгерушісі дейтін пілдей бастық болып үлгеріпті. Жастар газеті жұмысының біраз «иін қандырып», «Қазақстан коммунисі» («Ақиқат») журналында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, 1976–78 жылдары және 1990–94 жылдары «Жалын» баспасында бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, 1986–88 жылдары Қазақ энциклопедиясы бас редакциясында бөлім меңгерушісі, 1995–96 жылдары Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында бас маман және «Ел» баспасының директоры, Білім академиясының вице-президенті, «Ғылым» баспасының директорлығымен зейнеткерлікке шығуымен және баспаның жекешелендірілуіне байланысты қоғамдық шаруасын тұйықтайды. Хат тасушыдан басталған қызметі қай мекемеде табан тіресе де үнемі өрлеу, өсу жолында жүріпті. Кезінде біздер, құрдастары қулық-сұмдығы болмаса да, есімінің өзі сұранып тұрған соң «Қуаға» атандырып едік, өзінің беделімен жүрген жерінде өзін «Қуанаға» дегізді. Өзіміз көріп-білген өмір жолы өз алдына, «Еңбек кітапшасы» дейтін құжат осылай дейді.
Бір кезде «Арман аралы» атты алғашқы жыр жинағына аузы дуалы Қадыр Мырза-Әлидің өзі ақ батасын беріп: «Автор адамның ішкі жан дүниесін көруге, соны қапысыз, толық жеткізуге машық… Оқырман санасын алдын ала дайындау – үлкен ақындарға тән қасиет… Жинақтан байқаған тағы бір жақсылығым – әуен, саз, мақам сонылығы», – деп алғысөз арнапты. Шырайлы шумақтарды келтіре отырып, ақын болашағына сенім артады.
Өзінің асықпайтын әдетімен, өлең өлкесінен баспасөз арқылы төбе көрсете бастағалы бері жиырма жыл өткен соң ғана «Арман аралын» шығаруға тәуекел еткен ғой. О баста балғын жас ақындар, кейіннен ақындар қатарында аталып жүрсе де өлеңдер жинақтары «түйе боталайтын» мерзімнен пәлен есе артық уақыттарда («Қоңыр күз күмбірі», «Санат», 2002 ж.; «Әулиекөл әуендері» («Ана тілі», 2012 ж.) жарық көріпті. Өз құралпы ақындардың алды 20-30 жинақ шығарып жатқанда оның ақындық қаламының қуатын жақсы білетін достары: «Дос-ау, үнің сирек естіледі ғой» деген базынасына: «Өлеңге өлермендік жүрмейді» дейтін.
«Арман» дейтін алғашқы өлеңдерінің бірінде адам баласына тән, ақынның жан дүниесіне тән армандарын айтып-айтып келіп:
«Орындалса осы ой, осы арманым,
Өмір, өлең ризамын – қос ардағым», – депті.
Аз жаздың деп кінә қою – қателік. Аз болса да саз болсын де. Бәлкім, Қуанағаң «қос ардағына» да риза. Ол қандай тақырыпқа жыр арнаса да еркін көсіледі. Туған жер, табиғат суреттері, махаббат лирикалары, адам жанының қалтарыс-бұлтарыстарына үңілу, өмір жайлы толғаныс – бәрі-бәрі де шыншыл. Оқырманын сендіреді, өзімен бірге мұңайтып, өзімен бірге қуанта алады. Ақын ғана емес, қаламды кие тұтып, қолына алған сөз иесінің алдына қояр ұлы мақсаты да осы болса керек.
«Әлем тыныш, Ел көңілі жайланып,
Жеңіс күні жатыр жаппай тойланып.
Қан майданнан қайтпай қалған әкемді
Мен отырмын есіме алып, ойланып…
Қырғын соғыс қыршын жасты жалмапты
Келер деген үмітіміз алдапты.
Әке, сенің сағынғанда қарайтын
Ең болмаса суретің де қалмапты…».
(«Әке, сені сағынам»).
Әкелерін соғыс жалмаған бүтін ұрпақтың мұңы. Тебіренбей оқу мүмкін емес. «Жүректен шыққан соң жүректерге жетіп тұр. Әсіресе, жетімдік тауқыметін тартып жүріп, жетілген ұрпақтың жазылмайтын жан жарасы.
«Алдандым да арман жаққан шыраққа,
Туған ауыл кеттім сенен жыраққа.
Әлдекімге әлдеқашан сатылған
Сол шаңырақ жүрегімде бірақ та….».
(«Қара шаңырақ»).
Бұл да әлдеқашан сатылып кеткен ескі үй, туған үй туралы ақын жанының мұңы. Өнер жолы, өмір жолы сан қилы. Қара шаңырақтан жетім бала ерте кеткен. Алайда «бөлмелері қуықтай» шағын құжыра әке-шешені, тіпті туған ел, туған жерді еске түсіріп, жүрегін тербейді.
«Байтақ даласың жатқан керіліп,
Айтқан жерісің анам «Қамажай».
Сенде жан әкем құрған серілік.
Аманқарағай,
Аманқарағай!..
Ару қыздар мен бозбалаларың,
Өтеді неге маған қарамай?
Мен де сонсоң көз қадамадым
Ұмытқаның ба,
Аманқарағай?!». («Аманқарағай»).
Елден ерте кетіп, есейіп оралған жігіт туған жерін қанша сағынып келсе де бүгінгі қыз-жігіт оны танымас. Танымасын сыйламас. Аманқарағайы да мұны ұмытқандай көңілге күдік ұялатады. Бұл жерде ақын жүрегі қанша елжіресе де, бәріне кінәлі арада жатқан уақыт белдеуі. Қуанағаң ғана емес, араға 2–3 жыл ғана салып барсаң да бәрімізге туған жер тоң-теріс, адамдар жат көрінер. Тек, ел мен жерді сағынған өз жүрегің ғана тыпырлап, сезімің алып-ұшар. Қадыр ағамыз айтқандай, «әуен, саз, мақам сонылығы» әсіресе осы өлеңде ерекше әндетіп тұрғандай.
«Жылжиды қайық, келеміз қалқып,
Бақытқа байып, жас көңіл шалқып.
Бастады әнді құрбы қыз сазды
Елітіп жанды, даусымен назды.
Күн төгіп нұрын, қарайды көктен
Гүл жарған бүрін көгілдір көктем».
(«Есік көлінде»).
Осы өлеңді оқығанда өткен ғасырдың 60–70 жылдарына дейінгі «күйдім-сүйдім» деп өзеуреуді білмейтін ұяң да қазақы қасиетті жігіттер елестейді. Бойжеткеннің назды даусын естіп отырған жігіт жанының да, ұнату, жақсы көру сезімінің де бүр жарғанын білеміз бұл жолдардан.
* * *
Шамасы он шақты жылдың беделінде Қуанағаң жанрынан жаңылды. Өлең жариялауды мүлде азайтты. Зайыбы Ханшайымның айтқаны рас болса, жариялауға асықпағанмен, өлеңнен безінбепті, жазатын көрінеді. «Ей, мұның өлең дейтін киелі өнерден ұят болды ғой», – деп достары базына айтқанда: «Өлең – киелі өнер болғандықтан да оны ермек қылуға болмайды. Мұны – бір деңдер. Екіншіден, тегеурінді ақын інілерім көп. Алдарына түсіп, көлбеңдей беру – жараспас», – дер еді. Тіпті, «Орта жолда жанрын жаңғыртқан жазушысың» деп те қалжыңдап көрдік. Жоқ, қуанған шақтарында, мұңайған сәттерінде көңіл толқыны болып туындаған жырларын ілуде бір жариялағаны болмаса, әдеби сын дейтін ауылға ат басын біржола бұрды. Ай емес, апта құрғатпай прозалық, поэзиялық жаңа жарық көрген кітаптарды назардан тыс қалдырмайды-ау. Шерхан, Мұқағали, Жұмекен, Сейдахмет, Фариза, Қадыр, Тұманбай, Рымғали, Әбіш, Сәкен Иманасов көкелерінен бастап, Кәрібай, Ақселеу, Оралхан, Қоғабай, Дулат, Төлен Әбдіков, қос Серік Әбдірайымов пен Тұрғынбектер, Софы сынды тұрғыластары бар, Кеңшілік, Жүрсін, Жарасқан, Жұматай, Темірхан, Иранбек, Күләш Ахметова, Есенбай, Жәркен, Нұрлан, Гүлнәр Салықбай, Несіпбек Айтов, Ғалым, Жақау сияқты іні-қарындастарын барлап тағы басқа қаламдастарының шығармаларын білгірлікпен талдап, республикалық басылымдарға етектей-етектей мақалалар арнапты. Жаңа кітапқа ғана емес, сөз арнаған ақын-жазушылардың толайым шығармашылығын қамти отырып, қаламгер туындыларының кемістік-жетістігін (өзі: «Кемістігіне аз тоқталам, себебі, мүмкіндігінше оларды қанағаттандырғым келеді, екіншіден, әр жақсы кітапты қалың оқырманға, баспасөз арқылы насихаттап отыру қажет қой» дейді), байыппен талдайды. «Батырға оң-солы бірдей» дегендей, халқымыздың тарихына қатысты Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Қазақтың көне тарихы», Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Орыс энциклопедияларындағы қазақ шежіресі», Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін», Тұрсын Жұртбайдың «Дулыға» сияқты еңбектеріне де жұғымды пікір білдіріпті. Поэзия, прозадан, деректі (керекті) шығармалардың да біразын аударыпты.
Соңғы жылдары жарық көрген «Қоңыр күз күмбірі (өлеңдер мен мақалалар), «Әдебиет әлеміне саяхат» (Атамұра», 2012 ж.), «Әулиекөл әуендері» (өлеңдер мен әдеби портреттер), «Ақиқат айнасы» (Ана тілі», 2016 ж.) кірпіштей-кірпіштей кітаптарында шығармалары талданған қаламгерлердің аты-жөндерін (онда мақала көлемін ықшамдау үшін оқырман қауым біледі-ау деген оймен біразының есімдерін ғана атадық), тізбелесек ұзын-сонар тізім болар еді. Сонда деймін-ау, өзіміз айына бір-екі кітапты оқысақ әдеби өмірден қалыс қалмадық деп ойлаймыз, ал Қуанағаңның бар тіршілігі Батыс, Шығысты айтпағанда, төл әдебиет атаулыны оқуымен және ол туралы пікір жазумен жалғасып келе жатқандай көрінеді. «Осы пәленшекең не жазып жүр екен?» деген жұрт Қ.Құрманғалидың кітаптарын ақтарса, іздегенін тауып, толық мағлұмат алар деген ойдамын. Сондықтан оның еңбегін «әдебиетіміздің анықтағышы» немесе «жылнамашы жазушы» деп атауға болар.
Н.Жүсіп ініміз жоғарыда аталған мақаласында «Алматыда «Жеті жетім» әдеби-мемориалдық кешен тұрғызу…» туралы ойын айта келіп: «…Бұл әкелерін соғыс құрбандығына берген жетімдерге деген символдық ескерткіш әрі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылғандай, ұлттық кодымызда сақтаудың, түгендеудің, бүтіндеудің қандай да бір амалын жасау өз қолымызда екенін айтпақпын», – деп еді. Идея өте дұрыс болғанмен, сол жетеудің ішінде өзім де болғандықтан, «Бұны қалай да жүзеге асыру қажет» дейтін менің жөнім жоқ. Ал әкесін мүлде көрмей, шешеден ерте айырылып, жетімдік тауқыметін қаншалықты көрсе де, Алла берген өз қабілет, еңбекқорлықтарының арқасында әдебиетіміздің бір-бір тұлғасына айнала білген Ақселеу, Кәрібай, Бексұлтан, Серіктердің (олар ғана емес) өмір соқпақтарына үңілсем, Нұртөре інімнің ұсынысы әбден орынды.
Қуанышбайға: «Біз жетпіске келсек, сен де келесің, жетпіс беске келсек, сен де жетесің. Бірдеңеден құр қалғандай, ізімізден қалмайсың, тым болмаса бір рет болса да озып көрмейсің бе?!» деп Бексұлтан екеуіміз әзіл айтушы едік. Жан дос, озбай-ақ та, қалмай-ақ та ілесе бер. Сен бізге, әдебиетімізге керек азаматсың.
Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,
жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.