Этномәдени бірлестіктер басқосуы
Талдықорған қаласындағы Тілдер сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының рухани жаңғыру бағдарламасын іске асыру мәселелері бойынша этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен өңірлік «Қоғамдық келісім» мекемелерінің қызметкерлеріне арналған республикалық семинары өтті.
Шараға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Дархан Мыңбай, Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, ҚХА мүшелері, мемлекеттік органдардың, этномәдени бірлестіктердің, «Қоғамдық келісім» КММ, БАҚ өкілдері және т.б. қатысты.
Семинарда «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобаларын іске асыру үшін ҚХА белсенділерін тарту, діни экстремизмге қарсы Ассамблеяның медиативті ролін күшейту, ҚХА Қоғамдық келісім кеңестерінің қызметін рухани жаңғыру мәнмәтінінде кеңейту және т.б. бағытталған ғылыми-әдістемелік және консультациялық қолдау көрсетілді.
Семинардың модераторы Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар Жетісу жеріне келген қонақтарды құттықтап, жұртшылықтың атынан алғыс білдірді. «Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Алматы облыстық әкімдігінің бірлесе ұйымдастыруымен өтіп отырған кең көлемді шараның маңызы жоғары. Тәжірибе алмасып, істің нәтижелі, еңбектің өнімді болуы үшін осындай семинардың қажеттілігі барлығымызға белгілі. Негізгі мақсат-мүддеміз – Елбасының мақаласындағы көрсетілген дүниелерді іске асырып, соны елдің арасында кеңінен насихаттау. Сондықтан бүгінгі маңызды шараны Жетісудың жүрегі Талдықорған қаласында өткізуге шешім қабылдаған Дархан Қамзабекұлы, сізге алғыс айтамыз», – деді Жақсылық Омар өз сөзінде. Дархан Мыңбай Елбасы мақаласында ұсынылған басым бағыттарға сәйкес Республика көлемінде атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Әсіресе, «Туған жер» бағдарламасы халық ішінде үлкен қолдауға ие болып, игі істер нәтижесін беріп те үлгерген. «Бүгінде әр өңірдегі қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі жобаларға ҚХА-ның қатысу жоспары әзірленген. Ол 593 іс-шараны қамтиды және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша жалпыұлттық «жол қартасы» болады. Бұл құжаттардың барлығы да өңірлік ассамблеялар хатшылықтарының, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемелерінің тұрақты бақылауында болады. Мен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына арнайы тоқтағым келеді, оның маңызы зор. Мемлекет басшысы айтқандай, бұл жобаның «Ассамблеяға тікелей қатысы бар». Қоғамға халықтың ХХІ ғасырдағы бет-бейнесін адамгершілік тұрғыдан айқындайтын беделді тұлғалар керек», – деді өз сөзінде Дархан Мыңбай.
Сондай-ақ, семинар шеңберінде «Қазақстанның мәдени мұрасы» жобасының таныстырылымы, «Медиация – жаңа ой-сананы қалыптастыру тәсілі», «Заманауи бизнес модельдеу» тренингтері өтті.
ҚХА мүшелері, мемлекеттік органдар мен этномәдени бірлестік өкілдері, «Қоғамдық келісім» мекемелерінің қызметкерлері қатысқан семинар барысында мақалада көрсетілген «Қазақстандағы 100 жаңа есім», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы мен «Туған жер» бағдарламасын іске асуына, ғылыми-әдістемелік қолдау көрсету мақсатында атқарылып жатқан шаруалар мен алдағы уақытта ұйымдастырылмақ жобалар таныстырылды. «Новые решение» білім қорының жетекшісі Вячеслав Ким «Қазақстандағы мәдени мұра» жобасын ұсынды. Ал ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Нұрбек Шаяхметов «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асырудағы этномәдени бірлестіктердің әлеуеті» тақырыбында ой қозғады. Астана қаласындағы өзбек этномәдени бірлестігінің жетекшісі, рухани жаңғыру бойынша ұлттық комиссияның мүшесі, кәсіби модератор Шерзод Пулатов «Медиация жаңаша ойлауды қалыптастыру тәсілі ретінде», Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты, әрі Қоғамдық келісім кеңестері қызметінің төрағасы, білім меценаты Бекзат Алтынбеков «Рухани жаңғыру бағдарламасын іске асырудағы Қоғамдық келісім кеңестері қызметінің жаңаша қағидаттары» тақырыбында дәріс оқыды. Арнайы баяндамашылар ұсынған тақырыптар бойынша еркін әңгіме өрбіткен семинарға қатысушылар да өз тарапынан ұсыныстар мен ойлар айтты. Әсіресе, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын жүзеге асыру бойынша эномәдени бірлестіктер мен өңірлік «Қоғамдық келісім» мекемелері өкілдерінің қатысуындағы диалог алаңы қатысушылар тарапынан қызу талқыланды.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.