Ақжазықтың адамдары
Біргәдір аға және бұғалтыр Қожа
Ол кезде мамыр айы май аталатын. Екінші класты бітіріп қалған кезім. «Сынып» дегенді ол кезде білмейміз, сөз қорымызда жоқ. Мектебіміз Ақжазық ауылының ең жоғарғы көлденең көшесінде. Одан төменгі көлденең көшенің шығыс жақ шетінде – біздің үй. Біздің үйдің ар жағы – Әшірарық. Бурақожыр өзенінен жырып әкелген ағын су. Содан ішеміз, соған шомыламыз. Сабақтан келген соң тамағымды іштім де, Әшірарыққа қарай беттедім. Асық ойнағысы, ләңгі тепкісі келген бала, су алғысы келген қыз көбінесе осы арықтың бойында табысады.Біздің көлденең көшенің төменгі бетінде тұратын Әкпірәжі ағаның менен екі жас үлкен ұлы Мырқасым мен Сайдахмет ағаның менімен түйдей құрдас ұлы Нүкен үшеуміз осы жерде бас қоса қалдық.Шомылуға әлі ерте еді, бірақ Мырқасым күтпеген жерде апыл-ғұпыл шешінді де, Әшірарыққа күмп берді. Қорқақ атанғымыз келмей, артынан Нүкен екеуміз де күмп ете қалдықАз да болса ақылымыздың барлығы шығар, әйтеуір, сүңгімедік, бас пен шашты суламай аман сақтадық. Жағаға шығып дір-дір етеміз. Құлағымызға кірген су ағып кетсін деп, бір аяғымызды көтеріп, бір аяғымызбен «ақсақ қасқыр» болып секеңдедік. Өзіміз тапқан ойынға өзіміз мәзбіз. Сөйтіп тұрғанымызда, тағы Мырқасым тың ой тастады:– Кел, жарысайық!Жылынамыз.– Жалаңаш па?– Анау топ шиге дейін шауып барамыз да, қайта қайтамыз, кім көреді дейсің.Әшірарықтың бергі бетін жағалай арбажол өтетін, соған шықтық та, үшеуміз тыржалаңаш жарысып кеп бердік. Ә дегеннен-ақ желаяқ Нүкен бізге жеткізбеді. Топ шиге жете сап жалт бұрылғанымда, қолында бір шелегі бар апамды көрдім: суға келе жатыр. Алақанымызбен аузымызды қалқалап, киіміміз жатқан жерге қарай бүгжеңдей жөнелдік.– Өй, шүметайларыңнан айналайындар-ау! – деді еркелете күліп – Үсіп түсіп қалады ғой, киінсеңдерші!Біз апыл-ғұпыл киініп жатқанда, Мырқасым: «Әй!», — деп, құлағын тіге қалды. – Тыңдаңдаршы!Тыңдадық. Естідік: клубтан шыққан күшейткіштің даусы. Демек ауданнан кино келген.– Қайсымыз бұрын барсақ, қасымыздан екі орын алып қояйық, – деді Мырқасым үлкендік танытып. Кино, әдетте, ел малын жайғастырып, кешкі тамағын ішіп болды-ау деген заматта басталады. Сол шамада мен де клубтың алдына келдім. Жұрт жапырыла ішке кіріп жатыр екен. Соңдарынан мен де ентеледім. Қоға тамақ, қырылдап сөйлейтін ұзынтұра біргәдір дәл босағада тұр екен. Өте бергенімде: «Әй, тоқта!» – деп, мені білегімнен шап берді.– Сен қайда барасың?Сондай да сұрақ бола ма екен дегендей:– Кино – ға – а, – дедім бетіне бажырая қарап.– Саған болмайды.– Неге?– Сенің үйіңде ешкім қалқозда жұмыс істемейді. Кино қалқоз мүшелеріне ғана тегін көрсетіледі.Біргәдір мені жетектеп әкеп сыртқа итеріп жіберді. Жылағам да жоқ, ішімнен боқтағам да жоқ, бірақ қатты қорландым. Бақтың ішіне алысыраққа барып шалқамнан жата кеттім. Біргәдірдің мұнысы несі? Қыста ғана соғымбасын жеп отырып «о, атасының баласы атасынан асқан ақылды болады» демеп пе еді? Оның неге бүйте қалғанын өзімше болжадым: тоғыз жастағы мені мен отыздағы оның арасында қандай араздық болуы мүмкін? Әрине, ешқандай. Оның араздығы не атамда, не мал емдеуге қажет деп берілетін спирттің иесі пелшір тәтемде. Солардың өшін менен алып отыр. Не істеуім керек? «Киноға біргәдір ағам кіргізбей қойды» деп барсам, сөз жоқ, атам оған ашуланады. Екі араға сөз тасып, мен жазықты болам. Ақыры ештеңе болмағандай, елмен бірге кино көріп келген адамша, кештетіп үйге қайттым. Ертесі екі сабақтан кейінгі үзілісте Мырқасым жолымды кес-кестей тұра қалды.– Орын алып қойсам, неге келмедің?Өтірік айта алмадым, бәрін болған күйінде баяндап бердім.– Ол өзі сондай кісі, біреулерге қоқаңдап жүрмесе, көңілі көншімейді. Киноға ақша төлейтін біргәдір емес, Қожа аға – бұғалтыр. Қожа ағаға айтсаң, әкесін танытады.Сол сөз қамшы болды. Мектептен келген соң тамағымды іштім де, ойнауға шыққан адамша сыртқа сып бердім. Сол бетіммен клубқа келдім.Мырқасым дұрыс айтады, Айтуғанов Қожа ағамыз – өзім ес білгелі осы колқоздың бұғалтыры. Кеңсесінен кісі үзілмейді. Үлкендердің өзі оның алдына бір кінәмді біліп қоя ма деген кісіше қипақтап кіреді. Өйткені, ол білмейтін бұл ауылда құпия жоқ: бәрінің есеп-қисабын шотқа салып біліп отырады. Қожа аға отыратын кеңсе мен қарсысындағы кітапхананың арасында кішігірім бөлме бос тұратын, ол арада ешкім көрінбеген соң, Қожа ағаның есігін ашып қалып едім, ішінде екі-үшеу отыр екен, қайта жаба салдым. Ары күттім, бері күттім, іштегілер шықпады. Сөйтіп тұрғанымда, сырттан тағы екі адам келіп, бөгелместен кіріп кетті. Адам отыратын ештеңе болмағасын, бұрышқа барып, арқамды қабырғаға сүйеп тұрдым. Біреу шықса, біреу кіре-ді, бұғалтырдың алды босай қоймады.Ұйқтап кеткем бе әлде қалғып кеткем бе, бір кезде әлдекім атымды атағандай болды. Көзімді ашсам, алдымда Қожа аға тұр. Бөлме қаракөлеңке тартып қалыпты.– Неғып отырсың? – деді еңкейіп.– Сізді.., – дедім сөзімнің аяғын жұтып.Бұрышқа кептеліп қалған екем.– Тұр, – деді қолымнан тартып.Үйіне қайтып бара жатып мені байқаса керек, кеңсесін қайта ашты.– Атаң жұмсап па еді? – деді орындығына отырып жатып.– Жоқ.Бетіме күдіктене, әлденеден секем ала қарады.– Енді неге келдің?– Өзім.– Иә, өзің қандай «жұмыспен» келдің? – Маған «қалқоз мүшесінің баласы» деген қағаз бересіз бе?Ағам ашылған аузын қайтадан жаба алмай қалды. – Оның саған не керегі бар? – Кеше: «Сенің үйіңде ешкім қалқозда істемейді», – деп киноға кіргізбей қойды.– Кім?Біргәдір ағаның атын айттым.– Ол ағаң менікін жепті! – Орнынан ұшып түрегеліп, жұдырығын түйген қалпы терезе жаққа жалт бұрылды. Тарс-тұрс екі-үш аттап барып, қайтадан жалт бұрылды. – Мен оған көрсетермін кімнің қалқозда істеп, кімнің қалқозда істемейтінін.Сенің атаң мен апаң – осы қалқозды құрған адамдар. – Орнына қайта отырды да, оң жағына еңкейіп, үстелінің тартпаларын бірінен кейін бірін тарс-тұрс ақтарып, әлдене іздеп кетті. Үстелдің бергі бетінде түрегеп тұрған мені мүлдем ұмытып кеткен тәрізді. Қағазға ораған ұзынша бір нәрсені тапты да, – Хайуан! – деді кіжініп. – Мә, мына мәмпәсиді же де, үйіңе қайт. Бұдан былай біргәдір ағаң тұрмақ, оның әкесі келсе де, «Маған Қожа ағам рұқсат берген!» де де, киноға кіре бер. Сені киноға кіргізбейтін адамды мен қалқозға кіргізбей қоям. Білдің бе? Бара ғой! – Бұрыла бергенімде, Қожа аға: – Тоқта! – деп қалды. Кілт тоқтап, бетіне қарадым. – Біргәдір ағаңның киноға кіргізбей қойғанын атаң біле ме?– Жоқ, айтқам жоқ.Қожа ағам мені бастан-аяқ сүзе қарап шықты да, басын сәл шайқағандай көрінді. – Жүр, үйге қайтайық, – деді есігін жабуға ыңғайланып. – Дұрыс! – деді сонан соң арқамнан қағып. – Атаңа жамандағаннан жаман ағаң жақсарып кетпейді.
Әй, дүние-ай!
Бастауыш мектепті бітірген, он бірден асқан кезім. Жазғы каникулдың қызығын емін-еркін көретін шығармын деп, керіліп-созылып төсекте әлі аунап-қунап жатқам. Есік алды тасыр-тұсыр ете қалды. Аттың тұяғы екенін анық ажыраттым. Артынша шыққан дауысты да таныдым: ежірек көз біргәдірдікі. Сөздерін естімесем де, даусының зілінен сездім: әңгіме мен жайында. Осы кісі ешқашан бала да болмай, ойын да ойнамай, бірден біргәдір бола қалған сықылды: жұрттың бәріне зіркілдейді де жүреді, жұрттың бәрі оның алдында жазықты секілді.– О кім, апа?– Біргәдір ғой. – «Жуынып-шайынып даяр тұрсын, бүрсігіні Қаратөбеге барады», – дейді.Ұнжырғам түсіп сала берді. Қаратөбе – алыс жер. Ақжазық ауылы мен Іле өзенінің бел ортасы. Қасындағы Қызыл Жиде, Керме Ағаш – бәрі ұшы-қиыры жоқ сазды шабындық. «Бармаймын» деу – Отанға деген опасыздық. Сондықтан Отанымызды қаншалықты сүйсек, соншалық одан қорқамыз да.Өгіз арбаға оншақты баланы тиеген арбакеш Керме Ағаш пен Қаратөбенің ортасындағы төрт-бес балағанның алдына әкеліп төге салды. Қабағы қатқыл, сөзі шытқыл біргәдір ағамыз бәрімізді екі балағанға бөліп орналастырды. Атасы жылқы баққан, атқа жақсы отырады деп, мені сүйремге бөлді. Сүйрем – шөмелені мая салатын жерге дейін сүйретіп әкелетін құрал. Тұрқы өте қарапайым: екі ұзын сырықты шөмеленің астына тығады да, ұзын арқанмен шөмелені айналдыра орап әкеліп, екінші сырықтың басына күрмеп байлайды. Сонан соң арқанның ұшын аттың үстінде отырған маған әкеліп ұстатады. Мен шөмелені маяның түбіне сүйретіп әкелген соң, арқанның ұшын тартып қалсам, шөмеле сырықтан сырғып түседі де қалады.Сүйрем тартуға ыңғайлы екі ат бар екен: бірі – Әліпбайқұла, екіншісі – Қайқыжирен. Менің тәлейіме Әліпбайқұла бұйырды. Ал сүйремді байлап, дайындап беретіндер – жоғары класта оқитын Райкеева Қаншайым мен Тұрдышева Зарауқа атты екі әпкем.Мұндағы жұмыс таңның атысынан күннің батысына дейін бітпейді. Түс әлетінде ғана аз-маз демаламыз. Бір қарағанда, сүйрем тарту соншалықты қиын жұмыс емес. Бала үшін атқа мінудің өзі – бір рахат. Алайда, құлқын сәріден қас қарайғанға дейін сүйремді маяға, маядан шөмелеге дейін шетсіз-шексіз сүйрете беру әрі шаршатады, әрі жалықтырады; бірақ бәріне шыдайсың, себебі осының бәрі сенің Отанға деген ниетіңді көрсетеді. Ол кезде Отан мен Сталин – бір ұғым. Отанды біз, бізді ол көре қоймағанмен, Сталин төбемізден үнемі төніп тұратын тәрізденеді. Біргәдір де, басқа да – бәрі соның көзі мен құлағы сықылды: бәрі үрей тудырып басқарады. Білетін, білмейтін талай заң мен тәртіптің түйіні – тек бағыну. Үш-төрт күннің ішінде Әліпбайқұланы ерттеуге, қамыт кигізіп, сүйремнің арқанын бекітуге – бәріне жаттықтым.Бесінші күні аптап ыстық есімнен тандыра жаздады. Күннің күйдірген бұрғысы төбемді тесіп бара жатқандай. Үсті-басымды тер басып, тілім аузыма сыймай кетті. «Әй, көп ұзамай аттан құлайтын шығармын!» деп шошыдым. Әйтеуір, намыс па әлде үрей ме, әлдебір күш құлатпады да, есімнен тандырмады да. Шегіне жеткен шыдамым енді-енді үзіліп кетуге сәл қалғанда, «Жұмыс бітті!» деген сөз мені ажалдан алып қалғандай көрінді. Қалайша өлмей қалғаныма өзім қайран қалдым. Осындай хәл екі күн бойы қинады. Екі күн бойы азар шыдадым.Ертесі балағанға жақын арадан мая салдық. Түске таман күн тағы шыжыды. Алды-артымнан шарпыған ыстық табаға салған шыжықтай шыжғырды. Жан сауғалайтын таса жоқ. Аттан түссең, жазықтысың; себебі өзге жұрт шыдағанға сен неге шыдамайсың?Жұтына-жұтына түкірігім де таусылған тәрізді. Кеберсіген ерін, кепкен көмей, деміммен бірге ішімнен от жалын шығатындай.Тақырлап шапқан шабындықта қамзау болар қалқа жоқ. Екі әпкем шет-шетін түйіп басыма кигізген орамалым да мына ыстықтан әне-міне күйіп кететіндей. Самайымнан саулаған тер борбайыма қарай сорғалап құйылады. Әліпбайқұла да аяғын әнтек-тәнтек басады.Маядан оралып келе жатқанымда, балағанның алдында тұрған ақ філәгке көзім түсті. Сонымен арбакеш су таситын. Атымның басын балағанға бұрып тебініп қалып ем, жануар желе жөнелді. Жете бере қарғып түстім.– Апа, су беріңізші!– Өзің іше ғой, ожау әне тұр.Суды сіміре бергенімде:– Әй, әкеңнің аузы, мына ыстықта атты қинап неге шабасың? – деген біргәдірдің даусы дәл құлақ түбінен шаңқ ете қалды. Қақалып-шашалып ожауды орнына қоя бергенімде, желкеме қылшылбырдың ұшы шып ете түсті. Қайта тартқанда, мойныма оралған ұшы тамағымды осып кетті. Көзімнің жасы бырш ете қалды. Тәлтіректеп барып Әліпбайқұлаға әзер міндім. Көзімнен парлаған жас омырауымды жауып, айналамды түнек қылып жіберді. Тізгінге де, сүйремге де ие бола алмадым. Өксіп келем, өртеніп бара жатқан мойнымды екі алақаныммен кезек-кезек басып келем, екі әпкемнің қасына Әліпбайқұла өзі алып барды. Бәрін анадайдан көріп тұрған екі әпкем құшақтай қаумалап аттан түсірді. Қаншайымның құшағына басымды тығып, өксігімді зорға бастым. Зарауқа екеуі тамағымды, желкемді сыйпап, қанталаған жеріне сілекейлерін жағып, орамалдарымен сүртіп, пыс-пыс жылап жүр. «Жылама! Жылама! Сен де әлі ержетесің. Алдына келтірерсің», – дейді соны маған да, өздеріне де демеу қылып. Шарасыздықтан екеуі жылайды, шарасыздықтан мені жұбатады.Ақыры көз жасымды жеңіммен бір сүрттім де, Әліпбайқұлаға қайта міндім. Балағанның тұсынан бұл жолы теріс қарап өттім. Жасаураған көзіме мая да, маяшылар да майысып, қисайып кеткендей көрінді. «Шіркін-ай, әкем аман келіп, біргәдірден кегімді алатын күн болар ма екен, болмас па екен?!» деймін әлі әкемді өлдіге қыя алмай.Тағы үш күннен кейін күн тағы ысыды. Аспан айналып жерге түсті дегеннің дәп өзі. Күн аспаннан емес, дәл қасымыздан күйдіріп тұрғандай. Сүйрем байлап беретін екі әпкеме қарай әрең ілбіп келе жатқам. Кенет атымның аяқ асты шылқ ете түсті. Тоқтай қалдым. Орылған қамыстың орнында ат тұяғы батқан ойыққа жылтырап су толыпты. Атымнан қарғып түстім. Жата қап бас қоя беріп ем, су беті жыпырлаған шыбын-шіркей, жыбырлаған құрт екен. Терімді сүртіп, сірі болған орамалымды су бетіне жаптым да, көзімді жұмып сіміріп-сіміріп жібердім. Асығыс атыма қайта мініп үлгергенім де сол, ту сыртымнан:– Не істедің, ей? – деген біргәдірдің зілді даусы зірк ете қалды.– Су іштім.– Іштің бе, тыштың ба?– Іштім.– Қайдан?– Бастаудан.– Қайдағы бастау?– Қамыстың арасындағы.Айналайын Әліпбайқұла әдемі жүрісіне салып жөнеп кеп бергені. Әп-сәтте алыстап барып артыма қарасам, мен аттан түскен жерде біргәдір әлі сілейіп тұр екен.Мен су ішкен «бастауға» сыйынып тұрған секілденді.Осындай ағалар, сондай заман балалығымызды таптап тастамақ болса да, «Қайран бала кез – бал дәурен-ай!» деп өстік. Тірі тозақтан тіршілігімізді тістене сақтап біз де шықтық, қатыгез заманды қапасқа айналдырған біргәдір ағаларымыз да шықты. «Әй, аналарға су апарып берсеңдерші! Шөлдеп өлді ғой!» деуге деңгейі жетпеген кісәпір де біргәдір болып қоқаңдады-ау! Болашақ оған бойы жетпейтін биік, ойы жетпейтін алыс еді. Жақсының аздығы мен жоқтығы қай заманда да халыққа сор болғанын ойласам, «Әй, дүние-ай!» демеске ылажым жоқ.
Буш пен Саддам
Біздің сегіз, тоғыз жасар күнімізде Ақжазықта қирап, құлап жатқан біраз иесіз тамүй болушы еді. Төбесіндегі белағашы мен шанжасын, қамысын ашып әкеткен соң, жалаңаш қабырғалар су шайып опырылып, кемпірдің кетік тісінше ыйқы-жыйқы ырсиып жататын. Біз үшін ол таптырмайтын ойын орны еді. Жаздың жайдары бір күні болатын. Кім алысқа секіретінін анықтау үшін, кезек-кезек тамға шығып секіріп түсіп жатқамыз.Кенет сұп-сұр, қабағынан қар жауған бір ағамыз сап ете қалды. Түсінен-ақ түсіндік: жақсылықпен келіп тұрған жоқ. Бәрімізге шүйліге қарап шықты. Ығысып, қашқақтай беріп ек, шап беріп мені білегімнен ұстай алды.– Кеше біздің үйдің қорасына тас лақтырған сен бе?– Жоқ. Мен сіздің үй жаққа барған адам емеспін.– Барыпсың. Лақтырған тасың әкемнің аяғына тиіп, ақсап қалды. Сен бармасаң, ол тасты шайтан лақтырды ма?– Білмеймін. Мен өмірі ол жаққа жолаған емеспін.– Сен жоламағанда, мен жолады ғой деймісің, иттің баласы!Әкесі соғыстан қайтпай қалған балаға бұдан асқан боқтау жоқ-ты.– Өзің иттің баласы! Жағыма шапалақ шарт ете қалды. Ду еткен бетім, зырқ еткен жүрегім көз алдымды бұлдыратып жіберді. Әлім жетпейтіні анық. Жазықсыз жәбірден жан-тәнім өксіп, ыза-кек ішімді өртеп, булыққан ашудан аяғымды әзер бастым. Бұрыла бергенімде, аяғым ат тұяғындай жұмыр қара тасқа тиді. Еңкейе беріп есімді жидым: бір шапалаққа бола бүкіл бетті быт-шыт қылуға бола ма?Осы күнгі жағдаймен салыстырсам, ағам АҚШ президенті Буш та, мен Ирак президенті Саддам Хусейн сықылды едім. Буш ағам: «Сен кінәлісің, жаппай қырып-жоятын қару жасап жатырсың», – дейді жазықсыз қаралап. Мен Саддам: «Жоқ, кінәсізбін, ондай қару жасап жатқан жоқпын», – деймін ақталып. Бірақ Буш әлімжеттік жасап, ал кеп Иракты атқылады ғой. Ақырында Саддамның быт-шыты шықты. Мен Саддамнан гөрі сағырақ болып шықтым. Жерге былш түкірдім де, қара тасты бір теуіп жібердім. Ала сап ағама жіберіп қалсам, не құлақ шекеге, не қақ маңдайға тиіп, бомбы жарылған жердей бет-аузының тас-талқаны шығар еді. Қырып-жоятын қару қолыма түсіп-ақ тұрған. Алайда, қара тастың сойқаны мен бір шапалақтың ара салмағы адам шошырлықтай алшақ екенін аңғара қойдым. Сап ете қалған сұмдық ой сап басылды. Қара тасқа қолымды создырмаған күшке мен шексіз ризамын: сол күш болмаса, мен бүгін Ақжазықтан шыққан бір жауыз атанып жүретін бе едім, кім біледі?
Бастаңғы
Он үштен он төртке аяқ басқан кезім болса керек. Атам мен апам әлі бар еді. Ең жоғарғы көлденең көшенің батыс жақ шетінде Толыбаев Мұқаметжан деген атамыз тұратын. Тоқтасын, Тоқтақын, Төлеген атты үш ұлы, Бәтімхан атты бір қызы болатын. Бәтімхан не менімен жасты, не менен бір жас кіші болар, сірә. Не көктем, не күз айы. Себебі, жерде қар жоқ-ты. Мұқаметжан аға бүкіл бала-шағасымен қайда кете қойғанын кім білсін, Бәтімхан бастаңғы жасаймын деп, оншақтымызды үйіне шақырды. Апама айтып ем, «Е, бара ғой», – деп дорбаға салып бір күлше, бір шикі жілік берді.– Ой, ұят емес пе, соны көтеріп жүрем бе? – деп ем:– Ұят болмайды, бастаңғының жоралғысы солай, – деді.Кеш бата жиналдық. Нүкен, Телтай үшеуміз бір класта оқимыз, тағы бір-екі ұл бала бар, қалғандары кілең қыз. Ойын-сауықты Телтай басқарды. Нүкен екеумізге қарағанда, ол сондайға епті еді. Жаңылмасам, әуелі әдемілеп сүт қатқан шәй іштік. Оны әзірлеп жүрген – Бәтімхан мен Бүбіжан.Әлі есімде, «Хан қандай?», «Көрші-көрші», «Монданақ» деген ойын ойнадық. Жүргізуші де, жазалаушы да, бәрі – Телтайдың өзі.Қыздардың әдемісі – Сайыпжамал. Нүкен екеуміздің де қызыға қарап отырғанымыз – сол. Одан басқа қыз алысуға болатын рудан Жүнісбек ағаның қызы – Рауза (әкесі бізге жезде болады) және Қасенжан ағаның қызы – Клара. Ал Телтайға жол ашық, ол бәрімен қыз алыса беретін рудан. Іштей бәріміз қыздарға ұнасақ деп, ұнатқан қызымыздың көңілін өзімізге бұрсақ деп тырысып-ақ отырмыз. «Көрші-көрші» ойнаған кезде Бәтімхан мен Бүбіжанға болысыңқырап жүрген Сайыпжамал қасыма келіп отыра қалды. Ашық-жарқын, сөзге ұста, әзілі де бар қыз: «Мен Бексұлтанға көрші болам», – деп жариялай жаныма орналасты. Екеуміз бала күнімізде Қайшының белі деген жерде бірге ойнап өскенбіз. Ақ құба, аласа бойлы, дөңгелек жүзді қыз.«Көршіңмен татусың ба, аразсың ба?», – деді Телтай, қолына білелдеп ұстаған орамалын ұруға ыңғайлап. «Татумыз!», – дедім Сайыпжамалға ыйығымды үйкеп. Тату екенімізді растағандай, ол да маған ыйығын сүйкеді. – Татулықтың белгісін көрсет! – деді Телтай да дікеңдеп.Састым. Не істеймін? Сүйіп алғым келді. Қыз бетімнен қағып жіберсе, қайтем? Масқара болам ғой. Құшақтайын.Ыйығынан тартып құшақтап ем, қыз да ырқыма көнгендей көрінді. – Андағың татулықтың белгісі бола алмайды, – деді Телтай оңбаған.– Енді не болады?– Сүйісу керек. Мен қызға, қыз маған қарады. Екеуміздің де көзімізде «қайтеміз?» деген сұрақ.Мен тәуекел еттім. Қыз қашқақтап, бетін ары алып қашты. Мойнына оралған сол қолым қыздың бетін бері қайырды. Көтеріле беріп бетіне төндім. Ернім ернінің шетін сүйкеп өтті. Оным сүюге жата ма, жатпай ма білмеймін, бірақ тұла бойымнан өткен ток табаныма дейін жетті. Өзгеге – өтірік, маған – шын: аздап басым айналғандай болды. Қылығымды қыз құп көрді ме, жоқ па, көзім жетпеді, алайда ерніне ернім тигенін анық білем. Сол бір секөнт бозбаладан еркекке айналдырып жібергендей әсер алдым.– Есеп емес! – деді Телтай тап бір Мүңір-Нәңкір құсап. – Қыз көнген жоқ.– Көндім! – деді кенет Сайыпжамал күтпеген қылық көрсетіп.Телтайдың аузына құм құйылды. Мұндай қуанышты бұрын бастан кешіп көрмегем. Көзімнің айналасын ыстық жалын көмкеріп кетті. Батыр да мен, бақытты да мен, ешкім өзіне тең келмейтін, ешкімді өзіне теңгермейтін керемет жағдайға кенелдім де қалдым. Қыздың құдіреті қыйапат екен: көкте де емес, жерде де емес, ешкім жете алмайтын, таба алмайтын жұмаққа тап келгендеймін. Елтіген күйімді «Мен аразбын», – деген Нүкеннің даусы бұзып жіберді.– Кімнің көршісін сұрайсың?Тап соны күтіп тұрғандай, Телтай тақ ете қалды.– Бекен көршісін берсін. – Атам мен апам «Бекентай», «Бекежаным» дей берген соң, ауылдағылардың көбі мені «Бекен» дейтін.– Бересің бе?– Бермеймін.– Бермейді. Не бұйырасың?– Жеті дүре. Алақанымды тостым. Телтай «жауыз» өші бардай тоқпақтады. Алақаным от болып жанды. Бірақ былқ етпей шыдадым. Ауырып тұрса да, ауыра қоймағандай алақанымды бір сүйіп қойдым. «Мен де сүйіп қояйын ба?», – деді Сайыпжамал сыбыр етіп. «Сүйші!» – дедім сүйсініп. «Кейін», – деді де, алақанымды алақанымен ақырын ғана сыйпады. Тұла бойымды аралай жөнелген ыстық жалын қайда барарын, қайдан шығарын іздегендей жанталасып кетті. Жібек пен Баян үшін басын тіккен Төлеген мен Қозы Көрпешті тек сондай сәтте түсінеді екенсің. Ондай күйді басынан кешпеген адам бақыт дегеннің не екенін елестете де алмай өтетін шығар, кім біледі?!Бір кезде Монданақ ойнадық. Бәріміз шеңбер құра аяғымызды алдыға созып, тіземізді бүгіп отырдық та, оңға-солға ырғала отырып: «Әне кетті монданақ, міне кетті монданақ», – деп қолымызды балтырымыздың астынан жүгіртіп, бір-бірімізге орамалды беріп жатқандай қимыл жасаймыз. Телтай ортада тұрып, орамалды дәл тауып алуы керек. Тапса, орамалмен бір салып кетіп, сені ортаға шығарады да, өзі сенің орныңа отырады. Таппаса, соры қайнап, балтырымыздың астынан өткізіп жатқан орамалды тағы іздеуге тиіс. Біз де әр түрлі әрекетпен оны алдауға тырысамыз. Ол теріс қарап тұрған кезде орамалмен арқасынан бір салып кетіп, орамалды қайта тыға қоямыз. Сөйтіп отырғанда, Сайыпжамал алақанымды үш дүркін сыйпап-сыйпап қойды. «Мен үшін таяқ жеген алақан ғой», – дегені. Апырмай, не деген ғажап сәт!? Айтып жеткізе алмайтын айрықша сәт.Өмір бойы ұмытылмайтын сәт.«Бастаңғы» деген сөз «бастау» дегеннен туындаған болу керек. Сол бастаңғыдан басталған сезім менімен бірге ержетті, Сайыпжамалмен бірге бойжетті. Сонда мен оған хат жаздым:«Шалқайтып сені құшқанда, Еңкейдім ійіп басты да.Сенімен бірге аспан да,Бір аунап түсті-ау астыма», – деппін.Әрине, әдемі өлең емес. Бірақ ода ақылы аз, сезімі мол бір шын-дық бар. Бозбала күнімді жігітікке жетектеп әкелген шындық. Мен оған басымды ием.