…Жылылық, лебіңе жүрем жылынып…
«Мына дүниеде беті ұрпақ үшін күрестің ұлы сахнасы. Ал әйел сол сахнадағы басты кейіпкер. Өйткені, ол тіршіліктің тұтқасы», – дейді «Алашфильм» киностудиясы түсірген толықметражды «Үт» фильмінің кейіпкері. Осыдан бірнеше жыл уақыт бұрын көрерменге жол тартқан бұл фильм жайлы қайыра оралған себебіміз – жақында ғана теледидар экранынан осы киноны көзіміз шалып қалып, бір-бірінен жылу іздеген кішкене тағдырлар еске қайта түсті.
Жеке шаруа қожалығының басшысы, төрт құбыласы түгел, үйі жайы бар, тұрмыс-тіршілігі жақсы, «барында оралыңның ойна да күл» дегенді құдай қосқан қосағынан сырт өзге біреумен көңіл көтеру ғана деп ұғынатын Бегайдардың айналасына топтасқан кішкентай тағдырлардың үлкен армандарын байқайсыз. Байырғы профессор, қазіргі малшы Күреңбай атай, үй қызметкері, жалғызілікті Қатша, әкесіз өсіп келе жатқан Қатшаның ұлы Мырзағұл секілді кейіпкерлердің қоңыр тірлігі, асқаралы армандары мен өткен-кеткен жайттарды әңгімелей отырып, әлдебір жылуды аңсайтын іңкәрлігі кинода өтте сәтті берілген. Бегайдардың келіншегі, аяғы ауыр Айша – байырғының жердің жыртығын жамап отыратын аналарындай. Әркімге де қамқор, әркімге де мейірімін төгіп жүретін бейне. Айша кім-кімнің де жүрегін жылытып қоя беретін іс-әрекеттен қашқан емес. Бірде Күреңбайға кітап қап тігіп сыйлайды, келесіде бала Мырзағұлға ұялы телефон сатып алуға қажет аз-мұз ақша береді… Алайда, кино кейіпкерлерінің әрқайсысының бір пенделігі, бір «күнәсі» бар. Әрқайсысы өз аяулысы – жүрегін, жанын аялай тұра, болмас тұстан кейде әдейі, кейде білмей шалыс басады. Кейбірі тағдырына көндіккен, бойкүйез біреу.
Фильм толық аяқталмай қалғандай әсер береді. Себебі, Айшаның баласы өмірге келді ме, келмеді ме – белгісіз. Кадр осы жерден қиылып түскендей. Бұл жайында фильмнің режиссері Кенжебай Дүйсембайұлы: – Фильмде кейіпкерлеріміз қатыгез өмірден көңілін жадыратар жан жылуын іздейді. Адами мәңгілік құндылықтарға деген құрметті дәріптеуге ұмтылдық. Ана болмысын ұлықтау – киноның негізгі мақсаты. Қазақы ауылда, қазақы ұғымға ыңғайластырылған шиеленісті оқиғаның тұла бойын махаббат пен ғадауат, зұлымдық пен ізгілік кернеп тұр. Фильмде нәзік жанды, жұмбақ болмысты қайсар әйелдің ұрпақ үшін күресі, оның маңайдағы күйкі тірлік қамымен жүрген барлық пенделерді өмір, тағдыр, ұрпақ деген қасиетті құндылықтар төңірегіне топтастыруға ұмтылатынын байқаймыз. Иә, Айшаның өмірге баланы әкеліп, Бегайдардың өз қателігін түсініп, басқалардың да тәубеге келіп, тып-тыныш, шат-шадыман тірлік кешіп жатқанын суреттеуге де болар еді. Олай болғанда фильм үнді киносының немесе сабын сериалдарының сценарийін қайталап кетер еді. Әр көрерменнің өз ойы, түйсігі, сезімі болады. Көрерменге бәрін шайнап берудің қажеті жоқ. Сондықтан біз соңғы шешімді көрерменнің еркіне қалдырдық, – дейді.
Енді, киноның аты туралы бірер сөз. Себебі, киносценарий авторы Асыл Құдайбергенов киноның аты таза символикалық мағынаға ие екенін айтады. Көне жұлдыздық есепте қазақ наурыз айын «үт» деп те атаған. Дәл осы айда ауа райының жылынатынына байланысты, «үт кірді, үсік шықты» деп айтатын болыпты. Кейде жабықтан түскен күн сәулесінен көрінетін тозаңды да үт деп атаған. Бір ғажабы, күн сәулесі қыс айларында да терезеден түскенімен ұсақ тозаң көрінбейді. Ол тек наурыз айынан бастап қана үй ішінде сәулелі жолақ жасап тұрады. Бұл жолақ сәулені көргенде көне көз қариялар «е, жарықтық үт те туды-ау!» деп көңіл демдеп отырады екен. Кинода да үттің кіргені, демек, кино кейіпкерлерінің өміріне құт келуінің мәнін ұрпақ сабақтастығы, ұрпақ жалғастығымен байланыстырады.
– Кинотүсірушінің бірнеше мақсаты болады. Мәселе, біреу осы кино арқылы атымды шығарсам, екіншісі ақша тапсам дейді. Біз осы киноға түскенде жоғарыдағы екі мақсатқа емес, ең бастысы идеяға сендік. Киноның айналасында топтасқан жас мамандар, кәсіби актерлер, ең алдымен, өнер үшін қызмет етті. Әрине, кинода кемшілік жоқ демеймін. Біз, ең бастысы, өмірді көрсетуге тырыстық.
Біздің кейіпкерлер киноның өне бойында әлдебір жылуды аңсайды. Ол – отбасыдан, Анадан келер жылу болуы да мүмкін. Біз үшін неге әже, ана образы соншалықты ыстық? Себебі, біз олардан жанымызға керек жылуды алдық. Біздің өмірімізге жылылық қаншалықты керек болса, әйелден келетін жылуды да соншалықты аңсаймыз, – дейді А.Құдайбергенов.
Фильмнің продюсері – Бейбіт Бейсекеш. Толықметражды көркемфильм «Алашфильм» киностудиясының қаржыландыруымен түсірілген. Көркем фильмдер, ғылыми-көпшілік, тарихи тақырыптардағы деректі киноларды түсіргісі келетін талантты жандардың тың идеяларын жүзеге асыру мақсатында құрылған «Алашфильм» компаниясы бұдан кейін де қазақы болмыстағы, қазақ жанына үңілген кинотуындылар жасауға ниетті екенін айтады.
Қазақы тұрмыс-тіршілікті боямасыз көрсеткен, бүгінгі қазақтың қалпын бейнелеген дүниелердің қалтарыста қалып қоятыны жанға батады. Қазақы тіршілік пен қазақы болмысты бейнелейтін кинолардың қазақ экрандарынан көптеп көрсетілгені өз-өзіміздің жүрегімізге үңілгеніміз емес пе?