Сол бір жаз…
14.07.2017
1292
0

Адамның балалық шағындағы естен кетпес сәттер, әсіресе шаттыққа, қуанышқа толы күндер есейгенде де тіпті өмір бойы ұмытылмайтын естеліктерге айналады екен…

Кішкене кезімде жазғы де­ма­лысқа шыға салысымен атам мен әжем мекен еткен Орта Меркіге баратынмын. Ол жерді қазірге дейін көбі «стрижка» деп атайды. Себебі, колхоздың отар-отар қой­ларының жүнін қырқатын орталық (база) сонда орналасқан. Әншейінгі уақытта ұшқан құс пен бірлі-жарым жайлауға бара жатқан немесе жоқ іздеген кісі болмаса, еш­кім­ді көрмейсіз. Қыстың күн­дері қардың қалың­дығы сон­шалық, көлік те қаты­на­­майды. Ал жазда ғажайып қызу науқан басталатын. Қой­шы­лар кезек-кезек қой қырық­тыруға келеді. Үйдің маңындағы жоталар жыпыр­лаған ақ қойдан көрін­бейтін. Қырықтық­шыларға арнайы салынған ұзыннан-ұзақ созыл­ған барак-үйлерге әр ауылдан келген жұмысшылар жай­ға­са­тын. Ол науқан біз үшін кезінде «Артек» лагерінен де артық еді. Қырқымның басталуын асыға кү­те­тінбіз. Өйт­кені, бұл жаңа дос­тар тауып, небір қызықты хи­каяларды бастан өткеретін шақ болатын. Әрі балаларды еңбекке баулу­дың, үлкендер мен кішілер­дің арасындағы қарым-қатынас­ты мықтап ор­на­тудың ең ыңғай­лы тәсілі десек те болады. Ол кез­де қазір­гі­­дей шетелдерге қы­дыру түгілі, астанамыз Алма­тыға келіп-кету­дің өзі біз үшін үлкен қуа­ныш болатын.
Күні бойы біздің үйден кісі арылмайды. Бір күннің өзінде әр қойшы әкелетін төрт-бес қой сойылады. Колхоз бастық­тан бастап, қой қырықтыруға келген шопанның бәрі де әжем­нің қо­лынан дәм татпай кетпей­тін. Ал  демалыс күндерде аудан ор­та­лы­ғынан «Көркем өнерпаз­дар» ансамблі келіп концерт қояды. Кешқұрым ор­та­қазан­ның тама­ғын ішіп болған соң, біреулер доп ойнау­ға, енді біреу­ле­рі домбыра, гитараларын ал­ып ән айтуға шы­­ғады. Жексенбі күндері би кешін ұйымдастыра­ды. Аптасына бір рет колхоз бас­шысы жи­­налыс жасап, жақ­сы жұмыс істеген­дерге үстемақы беріп кетеді. Ол жерге баратын­дар­дың дені жастар еді. Мектеп оқу­шы­лары да ең жеңіл деген жұмыс­тарды істейтін. Мен де соларға елік­теп, атам­ның:  «Балам, зорығып ке­терсің. Одан да әжеңе қол­ғанат болсаңшы» деге­ніне қара­май,  жалынып жүріп қа­нар тасушы болып жұмыс іс­теу­ге әр­ең көндірдім. Қызу жұ­­­мысқа кірісіп те кеттім…
Алғашында жүн қырқатын агрегаттардың дауысы мен жүн­нің шуаш иісі қолқамды қауып, басымды ауыртты. Он­ың үстіне қайшыдан жараланып, қып-қызыл қаны шыққан қой­лар­ды көргеннен де денем түршікті. Бірақ сол жердегі мен қатарлас балалар­дың қа­та­рынан қалғым келмеді. Олармен бірге жүру мен үшін қызық еді. Апам­ның: «Қоя қой­шы, ба­лам» дегеніне қарамай, жұмысқа қайта шықтым. Қы­рықтықшы­лар бір-бір қой қыр­қатын тоқ қайшыны ұстап алып, жүні қом­пиған қойларды әп-сәтте аршыған жұмыртқадай етіп шығарады. Одан шыққан соң, таңбашылар өзгелердікімен қосылып кетпес үшін әр шопан­ның өз таңбасын басып тұрады. Біз қырқылған қойдың жүнін салатын бос қанарды дер кезін­де жеткізіп тұрамыз. Күні бойы үлкен базаның ішінде ары бері жүріп, кештің қалай батқанын да байқамаймыз. Шаршап-шалдығу деген мүлде білінбейді. Әншейін­де ештеңеге қарауға мұршасы келмей, асығыс күр­кіреп аққан судың дауысы мұн­дай­да бәсеңсіп қалатындай. Біз­дің үй мен жұ­мыс­шылардың тамақ ішетін асханасы қарама-қарсы орналас­қан. Үй ішінде отырып оларды сырттай бақы­лап отыратынбыз. Тамақ үлес­тіріп жүрген аспаздар­дың да, жұмысшылар­дың  да жүздерінен жылылық төгіліп тұ­ра­тындай көрінетін. Кім не айтатынын қайдам, әйтеуір үлкен-кішісі тегіс қыран-топан күлкіге қа­рық болып жатар еді. Ешкімнің «мен шаршадым» деп қабақ шыт­қаны байқалмайтын. Кеш­кі тамақтан соң, қасыма бір-екі қызды ертіп алып, бастаудан су тасып бола  салысымен ойынға кететінмін. Ол уақытта қазіргі­дей гироскутер, ролик, т.б. дегендер мүлде жоқ қой. Біздің ойы­нымыз орта-доп, тығыл­маш, т.б. секілді еді. Қараңғы түсіп, ештеңе көрінбей қалғанда өзеннің жағасына от жағып, соның айналасына жиылып алып ертегі айтатынбыз. Көзі­міз­ге ұйқы тығылғанда барып, үйге кіреміз. Қырқым біт­кен соң, колхоз «Сабан той» өткізе­тін. Ол күні жұрттың бар­лығы қайтуға жиналып, көлік­тер­ге мініп, бірінен соң бірі кетіп жа­та­тын. Міне, мен үшін ең көңіл­сіз сәт сол кез еді. Түпкі бөл­­меге барып, жылап та алатынмын. Ондайда әжем: «қыздар келсе соларға қосып, қалаға қыдыруға жіберем» деп жұбата­тын.
Кешқұрым күндегі абыр-са­быр тыйылып, тек желіндері жер сызып, бұзауына жеткенше ыңырси мөңірейтін сиырлар­дың үні ғана естіледі. Түнге жа­қын сырт­қа шықсаң, гүрілде­ген өзен­нің ағысы көңіліңді одан сайын құлазыта түсетіндей. Жұмысшы­лар кеткен соң, мен үшін уақыт тоқтап қалғандай көрінетін. Ондайда үйдегі атам оқитын кітап­тар ғана серік болады…
Тамыз айы болатын. Түс ау­ған уақыт еді. Атам күндегі әд­е­­тінше айналаны дүрбімен қарап отырған. Бір кезде: «Мыналар кім болды екен?», – деді орнынан тұрып жатып. Дереу ерттеулі тұр­ған атына міне салып, өзен­нің төменгі жағына қарай жүріп кетті. Бұл жерлерге мұндай уа­қыт­тарда ешкім кел­мей­тін бол­ған­дықтан әжем екеу­міз де елең­деп қалдық. Біраздан соң атам қайтып келді де: «Тамақ салың­дар, бүгін біз­дің үйге өте сыйлы адамдар қонақ болады», – деді. Маған қарап: «Менің қара қызыма да ойнайтын серік табылды»,  – дегенді естігенде, қат­ты қуан­дым. Маңайымызда көрші бол­маған соң, әбден зерігіп жүргем. Мен шыдамай атамнан: «Олар кімдер екен?», – деп сұрадым. Атам аса көтерің­кі дауыспен: «Ол кісі – Совет Ода­ғының екі мәрте батыры Тал­ғат Бигелдиновтың дәл өзі екен ғой…», – деді. Әжем екеуміз аң-таңбыз. Ондай үлкен адам біз­дің жақта қайдан жүр екен? – деп мен ойланып қалдым. Әжем ас қамдап, дастархан жа­сау­ға кірісті. Мен ол кісіні көр­ген­ше жай таппадым. Ондай адаммен осындай жерде көзбе-көз жүз­де­сем деп еш ойламаппын. Қатты толқыдым…
Сәлден соң атам үйге ашаң жүзді, толықша келген үлкен кісі мен бір әйел адам және 10-11 жасар ұл баланы ертіп әкелді. Атам келген меймандармен әжем екеумізді орысшалап таныстырды. Мен де өзімше «зд­равствуйте» деп амандастым. Ол кісі де менің басымнан сипап риза болғанын білдірді. Сөм­келерінен түрлі тәттілер және тор дорбаға са­лын­ған иісі аңқы­ған қып-қызыл апорт алмаларды шығарып жатыр. Мә­ре-сәре болып қалдық. Біздің ауылда жалғыз Костя дейтін орыстан басқа бір орыс жоқ еді. Оның өзі қазақ­шаға судай болатын. Қайта атамның жас кезінде зерек бол­ға­нының пайдасы тиді. Дастархан басына жайғасқан соң атаммен әңгі­ме­ле­се бастады. Ол кісі бал араларын ұстап, омарта­шы­л­ықпен айналысады екен. Орыс­­­ша­сы жетік болмағанымен атам да ойын барынша түсін­діру­ге ты­рысып бақты. Әжем де: «Шай пейте, күшәйте», – деп қояды. Ал мен болсам, әлгі кісі­ге қарай бер­дім. Батырды өз кө­зім­мен көр­ген­нен асқан бақыт жоқтай кө­рінді… Қуаныштан түннің бір уа­ғына дейін ұйқым келмей қойды.
Ол кісілер біздің жанымызда он шақты күндей  болды. Өздері­мен ала келген палаткаларын өзен жағасына құрып қойды. Бал аралары салынған жәшік­тер­ді де қатар-қатар орналастырды. Омар­ташылық туралы оқығаным болмаса, көрмеген екенмін. Ағайдың бар­лық  іс-әрекеті ма­ған өзгеше көрінетін. Өйткені, мен үшін нағыз батырмен жақын жүру үлкен  мақта­ныш еді. Тіпті,  кейде батыр бақ­қан аралар – «қас дұшпанда­ры­мыз» фашис­тер­дің үстінен ажал оғын сепкен «бом­бар­­ди­ров­щик­­тер­дің» құж-құж ызың дауыстарын елестететін…
Сонымен…
Күндіз үлкен кісі (атам солай айтатын) мен атам екеуі маң­айды аралап, серуендейді. Мен әлгі баламен ойнаймын. Аз ғана күннің ішінде мен орыс­ша, ол қазақша үйреніп қалдық. Неге екенін білмеймін, сол бала­ның есімі жадымда сақтал­мапты. Мүмкін, ол бала да ұшқыш бол­ған шығар…
Әбден бауыр басып келе жат­қанда қоштасатын сәттің жетіп келетіні бар ғой, олар біраз күн­нен соң қалаға қайтып кетті. Та­ғы да өлі тыныштық орнады.
Тағы да менен маза қаш­ты.
…Әйтсе де, ол менің өмірімде мәңгі ұмытылмастай керемет әсер қалдырған ерекше жаз болатын… Жаз…

Гүлім  НҰРЛАНҚЫЗЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір