Ұлы биді ұлықтаймыз
Қазақ рухының кемел тұлғасы, ұлы би, мемлекетшіл қайраткер Қаз дауысты Қазыбек би Келдібекұлының есіміне жасымыздан етене болып өстік. Бүгінде ел болып туғанына 350 жыл толуын тойлап отырған ұлы бабаның жалпыға жақсы мәлім деректерін қайталамай, өз тарапымыздан қосылатын бірер сөзге қонақ берейік.
Биден мұраға қалған жәдігер – зерлі шапанның Астанадағы ҚР Президентінің Мәдениет орталығындағы мұражайға тапсырылғаны мәлім. Осы шапанның Қазыбек би ұрпағы болып келетін Алтын Қожахметов ақсақалдың үйінде сақталып отырғанын құлағымыз шалды. Осы қымбат жәдігерді мемлекет қарамағына алдыру үшін біздің де арада жүруімізге тура келген еді. Ұлт өнеріне, тарихы мен мәдениетіне жанашырлық танытып, талай жыл атамұра өнеріміз – ақындар айтысына демеушілік жасаған үлкен меценат Амангелді Дінұлы Ермегияевпен сол жылдары тонның ішкі бауындай жақын жүріп, сөзімізді өткізетінбіз. Қазыбек бидің алты алашқа аты мәлім ұрпағы Мәди Бәпиұлына Қарқаралыда ғажайып ескерткіш орнатқан А.Ермегияев өзі де тектілердің сойы – Жарылғап батырдың ұрпағы. Сол кісіге сөз салып, бидің шапанын мұражайға алдырудың шараларына демеуші болуын өтіндік. Амангелді Дінұлы екі сөзге келген жоқ, Алтын ақсақалға «Нива» автокөлігін сыйлап, сол ауылда ас беріп, құран оқытудың барлық шығындарын көтеріп алуға уәде берді. Жеме-жемге келгенде қарияға «Нивадан» гөрі «Волга» лайық шығар деп өтініш айтып едік, ол ұсынысты да жерге тастамады. Сөйтіп, Алтын ақсақалға «Волга» автокөлігін көлденең тартып, жылқы сойып ас беріп, ауыл-аймақ тұрғындарын мәре-сәре етіп, бабадан қалған қымбат жәдігерді Астанаға апарудың сәті түсті. Осы сапарда бірге жүрген белгілі қаламгер Мағауия Сембай менің осы сөзіме куәлік беретін шығар. Осы оқиға кезіндегі толғаныстар «Қызыбек бидің шапаны» деген өлеңді шығаруыма түрткі болды.
Туғандай тектілерге бір күмән шақ
Құрт құсап көңілдерге кірді мәнсап.
Аз сөзбен Алты алаштың басын қосқан
Қадірін Қазыбектің жүрмін аңсап.
Тарихым тағы да бір жаңғырыпты,
Ұрпағым ойласын деп мәңгілікті
Найза емес,
Қылыш емес,
Бабам бізге
Шапанын мұра қылып қалдырыпты.
Табылса көшкен жұртта жатқан сақам
Оқа емес ортамызда жоқ болса атам.
Тоғыз қат торғыннан да артық маған,
Бабамның исі сіңген мақпал шапан!
Өзгеріп жатқанымен жылдам сана
Осыдан болар еді-ау үлгі алса да.
Даладай кең шапанның өңірінен
Өрбіді алтын асық ұл қаншама.
Тозбаған,
Былғанбаған,
Ластанбаған
Тағылымы бұл шапанның дастан маған.
Айқара ашып тастап омырауын,
Бауырына бар қазақты басқан бабам.
Балаға қалсын басқа қандай үлгі,
Тигіздім тәберікке маңдайымды.
Шапанын шалдар бізге қалдырған-ау,
Жамылып жүріңдер деп шалғайымды.
Осы оқиға сеп болды ма екен, әлде, өзге де себеп бар ма, әйтеуір, Қарағандыда Қызыбек биге ескерткіш ашылғанда облыстың сол кездегі басшысы Серік Нығметұлы Ахметов мені арнайы шақыртты. Бұрын жолықпаған кісім болса да, мені жылы қабылдап, ескерткіштің ашылу салтанатында сөзге қосты. Осы жиында С.Ахметов пен сол кездегі Жоғарғы сот төрағасы Б.Бекназаровтың парасатты сөздері маған өте жақсы әсер етті. Өзімнің сонда сөйлеп тұрған суретім «Қаз дауысты Қазыбек би» энциклопедиясында жарияланып, оқыған өлеңімнің төрт шумағы беріліпті. Ол мынау:
Болды-ау деп намыстары аздау ішкі,
Деп жүр ек ұрпақтары созды-ау істі.
Орнықты Қарағанды төріне кеп
Киелі Қазыбек би Қаз дауысты.
Қиямет заман көрсе қаны қайнап,
Қаймана қазақтардың қамын ойлап.
Ортада тұрады енді Абылайлап,
Алашқа арыстандай болып айбат.
Іштарлық отын бекер үрлемеңдер,
Иесі барын білсін қырменен бел.
Тұрады жоғарыдан қарап елге
Ханға да жөн айтатын бір кемеңгер.
Арқада ата берсін күліп таңдар,
Бауырлар, баба даңқын ұлықтаңдар.
Қазыбектің қолында әділеттің
Қамшысы бар екенін ұмытпаңдар!
Астанадан Қарағандыға келе жатып көліктің ішінде жазылған осы жолдар ұлы би бабамызға деген мәңгілік құрметіміздің шынайы айғағы еді. Алты алаштың ардағына айналған кемеңгер қарияға қатысты осы тамшыдай еңбегім мені үнемі рухани қанағат сезіміне бөлейді.
Биыл 350 жылдың хабары шыққан кезде Алматыдан Қарағандыға арнайы барып, облыстың әкімі Е.Ж.Қошановпен жолығудың сәті түсті. Бабамыздың мерейтойына арнап өткізілетін ақындар айтысының мән-жайын сөйлесіп, оған халықаралық мәртебе беру туралы ұсынысымызды өңір басшысының құп алғаны қуантты. Қазір осы шаруаның ұйымдастыру мәселесімен шұғылданып жатырмыз. Аузымен құс тістейді деген 16 ақынды іріктеп алып, додаға қосуға дайындап жатырмыз. Атап айтсақ, Қытайдан Ұларбек Минатхан, Моңғолиядан Серік Қуанған, Қырғызстаннан Мұндұзбек Үсіпбекұлы, сондай-ақ, Аманжол Әлтаев, Серікзат Дүйсенғазы, Дидар Қамиев, Сара Тоқтамысова, Айбек Қалиев, Еркебұлан Қайназаров, Жансая Мусина, Төлеген Жаманов, Мейірбек Сұлтанхан, Айтбай Жұмағұлов, Мақсат Аханов, Ержан Әміров, Тілеген Әділов секілді өрен жүйріктер бақ сынасады. Қазылар алқасына Асанәлі Әшімов, Сейіт Қасқабасов секілді елге танымал адамдарды жоспарлап отырмыз.
Жалпы, қазір ақындар айтысына деген қөзқарас оңалып келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясында менің сөз сөйлеуім кезінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың айтысқа оң қабақ танытуы, барлық өңірлердің басшыларына айтысты жүйелі өткізуге тапсырма беруі халық өнеріне деген биліктің ықыласын арттыруға ықпал жасады. Облыстарда бірінен-кейін бірі өтіп жатқан жыр додалары соның айғағы. Қарағандыда өткелі отырған халықаралық айтыс та еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиғаға айналып, ұлы бидің соқталы тұлғасын өлең сөзбен сомдауға себеп болуға тиіс.
Жүрсін Ерман,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері,
Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының басқарма төрағасы.