ҮШЕУДЕН БАСТАДЫҚ
Қазір «көп» деген сөзді жиі айтатын болдық. Әсіресе, әдеби ортада. Халқымыздың тағдырына бұйыртқан бақ па, сор ма, кім білсін?.. Ақын да жетерлік, жазушы да аз емес. Мықты шығармалар жоқ болса да, «жазатыным бар» деген жазғыш қауым көп. Әркім өзіне бір ақын, бір қаламгер. Және оларды қара жаяу екен деп ойламаңыз… бәрінің қанжығасында жоқ дегенде, екі кітап байлаулы. Сірә, тежеуі жоқ қоғамда кітап шығару дегеніңіз сөз болып па, тәйірі! Біреу бар тиын-тебенін жиып, «басқасы болмаса да, құрығанда бір кітабым шықсынға» салып, көзсіз «ерлікке» барады. Бұл тараптағыларды тәуекелшілдер десек болатындай. Ал кей жазғандар бір мейірімдінің қолдауымен кітабын шығарып мәз. Олар – Құдайдың шапағатына бөленгендер. Өз ақшасына шығарып жатқандарға қарағанда бұлардың жүгі ауыр. Әлгі мейірімдіге деген өмір бақилық алғысты арқалап жүру оңай деймісіз… Жә, біз ешкімді көре алмай отырған жоқпыз. «Қолдан келсе, қонышынан бас» деген сөзді де теріс көрмейміз. Кім, қандай һәм қанша кітап шығарса да өз еркі. Біздікі, тек онысын парақтап, жақсылы-жаманды пікір айту ғана. Қаласаңыз, кейде үндемей қалуымызға да болады. Бірақ бұл жолы емес.
Кілең таланттыларды бірінен-бірін тап басып танып көрерге көз һәм талғам керек. Соңғы шыққан әдеби кітаптардың тізімін жасап, сөз айтуға ниет еттік. Байқасақ, олар тым көп екен. Ары ойланып, бері ойланып, көңіліміздің сәулесі түскен үш кітаптың жазушысына Тұрсынжан Шапайша хат жазуға бекіндік. Әгәрәки, пішіп айтқан ой-пікіріміз сол жақ кеуде тұсыңызға салмақ салып, ауыртар болса, көңіліңіз босамасын. «Саудада достық жоқ» деуші ме еді? Әдебиетте де оның болмағаны жөн. Болмайды да…
Сіз – ақынсыз!
Құрметті Ырысбек ДӘБЕЙ!
Сіздің «Мөлтіліңіз» туралы айтылар әңгіменің ауаны адам шошытарлық. Жағымды пікірге қарағанда жағымсызы көп пе деп қорқамын. Мейлі… «Шешінген судан тайынбас». Бармай жүрген тәуекел ме бұл?..
«Мөлтілдің» ішіне таңдап, талғап жеті әңгіме, бір хикаят кіргізіпсіз. Пышақтың қырынан да жіңішке жинақтан, шынымды айтсам, селт еткізер көп дүние көре алмадым. Әлқиссасы «Әнсар қалпеден» басталған кітап іш пыстырарлық десем, артық болар, әйтсе де ара-тұра қалғып кетуге мәжбүрлейді. Жазуыңызда да, тақырыбыңызда да, баяндауыңызда да жаңалық жоқ. Бәрі дәстүрлі. Жайдақ. «Жаңалықтың болуы шарт емес» дейсіз бе?.. Иә, ол да рас шығар. Бірақ, қаламгер өз заманына қарай икемделмесе тағы болмайды. Ағысқа қарсы жүземін деу құр бекершілік.
Сіздің орныңызда болсам, мазмұнындағы алғашқы бес әңгімені («Әнсар қалпе», «Бүйрек пен талон», «Жұмыс тапқан әйел», «Тау басындағы қардың дәмі», «Самұрықтың зары») жинаққа мүлдем қоспас едім. Бұларды көркем шығармадан гөрі естелік-эссеге көп ұқсатқандығымнан болар, «тіскебасар» әңгіме сықылды қабылдадым. Аталған шығармаларыңызда ошақ бар, от жоқ.
Тым романтиксіз. Өз жан сезіміңізді, күйіңізді жиі сөз етесіз. Сезімталдығыңызды оқырманға бірден байқатып қоясыз. Тіпті, кей тұстарда шығарма авторы әйел адамдай көрініп кетеді. Сол керек пе?
Оқып отырған сәттерде ертегі тыңдағандай күй кешетінің тағы бар. (Әсіресе, «Қарға тамған көз жасында»). Бұл баяндау тәсіліңіз-дің ықпалынан болар. Жапырақтың ағаш бұтағында тұрғанын, оны қимылдатқан желдің соққанын, жел соққанда жапырақтың тербелгенін, тербеліп болған соң үзілгенін, үзіліп бара жатып, ауада қалықтағанын, қара жерге ойнақтап түскенінің бәрін тәптіштеп жазып жатудың керегі жоқ па деп қалдым. (Бұл – мысал). Ұзын жіпті түйіндесек, сізге өзіндік жаңаша стиль керек. Онсыз әдебиетте өмір сүруіңіз қиындайды. Білесіз ғой, стилі бар жазушы – қашан да жазушы.
Тым мейірімдісіз. Оқырманды ойландыруға талпынбайсыз. Оларға жаныңыз ашитыны соншалық әңгіменің бар мазмұнын бір ғана тақырыбына сыйғызып бересіз. «Тау басындағы қардың дәмі» немесе «Жұмыс тапқан әйел». Расын айтқанда, мұндай ұзын-сонар тақырыптар оқырманның есінде жатталып қалуы екіталай. Және жинақтағы іліп-алар хикаятыңыз «Қарға тамған көз жасында» тақырып пен шығарма мазмұнының арасы тым алшақ. Хикаяттың бар жүгін, негізінен, Ғайша көтеріп тұр. Жәй ғана «Ғайша» деп атай салсаңыз да жаман болмас па еді. Шығарманың басы түсініксіз һәм күрделі. Шыдамы жетіп, хикаяттың орта беліне дейін келген оқырман ғана сіздің бар жазғаныңызды түсінеді. Ал оқиға басындағы шырмалған сөйлемдерден беті қайтып, кітапты сол сәтте-ақ жаба қойса, әттең, Ғайша қыз туралы көрікті ойларыңызды оқи алмай кетеді. Сондықтан тақырып қоюда да сәл-пәл ойланарсыз.
Жас баланың психологиясын жақсы ойнатасыз. Шынайылық бар. Кішкентай адамдарды кейіпкер қылып, олардың аузына оқырманға әсер ете алатындай сөз салу оңай емес. Сізге қарасам, қиындығы білінбейді. Соған қарағанда бала образын жасауда дайындығыңыз мықты. Бұл көп қаламгерлерде жоқ қасиет. Қуаныңыз.
Сарказмді де жек көрмейтін тәріздісіз. Ыңғайы келе қалса, оңтайымен қолдана кетесіз. Мұныңыз жаман емес, жақсы. Жарасып тұр. Әсіресе, «Құрал қонған қыстағы» Құралдың іш киімі жоқ екені есіне түсіп, ет дайын болып, қонайын деп отырған үйінен зыта қашқаны шығарманың бояуын кіргізіп, өңін ашып тұр. Аңғал баланың таза көңілі сәтті бейнеленген.
«Бейбақ» әңгімесі де осы ойымның жалғасын айтатындай. Мұнда реализм бар. Көп емес. Автор мен әкесі қорада асылып өлген бала арасындағы диалогта көрінеді:
–Папаң енді келе ме?
–Келмейді, қайтыс болды.
–Сағынасың ба?
–Иә, сағынам. Басқа ауылда «нөлебай» оқығанда, «марожный» әкеп беретін.
Құрметті автор!
«Мөлтіл» – жазушылық қабілетіңізді толық көрсете алмаған кітап. Неге екеніне өзіңіз жауап беріп көріңіз. Біз қадари-халімізше көріп, біліп һәм сезгенімізді еш қоспасыз хатқа түсіруге талпындық. Сөз соңында, неге екенін қайдам, сіз жазған өлең шумақтары аузыма түсіп отырғаны.
Жыр жазып отырам кейде,
Мәңгілік махаббат жайлы.
Қобыздың тілінде сөйлер,
Көкжал жанарындағы қайғы.
…Құстардың қанаты талған,
Сезеді жазира – мезгіл.
Құмдарға көз жасы тамған,
Жаңбырлы маусымдай кез бұл.
Тозақтың отындай шарпып,
Даланы күйдірер аптап,
Толқында қауырсын қалқып,
Жағаны жайлайды батпақ.
Теңізге көз салып шалқар,
Күтесің…
Телміріп нені?
Жағалау тұңғиық тартар,
…Теңіздің сұп-суық желі.
Зейнолла Қабдолов Қасым Аманжоловқа өз өлеңдерін алып барып, пікірін сұраған екен. Сонда Қасым Аманжолов ойланып тұрып:
– Прозаға қалайсың? – депті.
Бұл мысалды сізге қатысы болған соң айтып отырған болармын, сірә. Қандай жазушы екеніңізді білмеймін, бірақ, жақсы ақынсыз! Өзіңізге қалай?..
Дұрыс!
Қадірлі Қараш
(Қанат ТІЛЕУХАН)!
Сонау бір жылдарда Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасын» оқып отырып, сыныптастарымның бәрін түгендеп, бір-бір кейіпкердің атын қойып алған едім. Қожаны сыныбымдағы маған ұрынбаса жүре алмайтын «Д» деген балаға ұқсатамын. Ал Сұлтанды өмірі сабаққа бармайтын, әйтеу, балық аулаудан қолы босамайтын «А» деп қабылдаймын. Қожаның әжесі үйдегі апам болатын. Ал Жанар, әрине, өзім.
Кітап оқудағы осы бір әдетімді кейіннен қойып кеттім. Бәлкім, шығармалардан өз таныстарымды таппаған болармын. Я оларды дұрыс іздей алмадым ба, білмеймін… Арада ғасырдың жартысының жартысындай уақыт өтті. Бір күні сіз жазған «Қараштың әңгімелерін» оқып отырсам, өз әкем жүр. Мәссаған… Әкемнен кейін оң жақтағы көршіміздің күйеуден қайтып келген қызы, сол жақтағы көршіміздің бетпақ әйелі, көшенің аяғындағы Ауған соғысына барып келген ішкіш «Б»-ны бірден тани кеттім. Сосын ойладым: мына жазушы менің ауылдастарымның бәрін қайдан таниды? Шынымен, қайдан білесіз?..
«Қараштың әңгімелеріндегі» екі-үш шығармаңызды кітап шыққанға дейін де білетінбіз. Әдеби ортада «хит» болған «Менің шешелерім» мен «Жаназа» қаламгерлік жолыңызды ашып берді деп ойлаймын. Жолыңыз ашық. Енді қалай жазасыз, не жазасыз, өз еркіңіз. Бастысы, оқырман үдесінен шыға алса болғаны. Сізді оқырман не үшін оқитынын айтайын ба? Тым қарапайымсыз. Өміршең жазасыз. Бақытты адамдардың өмірі жоқ сізде. Толған трагедия. Ажырасқан қыз. Ішкілікке салынған әке мен ұрысқақ шеше. Бұлар әр қазақ отбасындағы ешкімге таңсық емес кейіпкерлер. Негізі, былай тым ақылды екенсіз. Бүгінгі қоғамға не керек екенін білесіз. Иә, жазушылардың ақылды болғанына біз де разымыз.
«Тағдыр көрмей, нағыз жазушы болу қиын» деген сөздің растығы бар. Оны бұған дейін де білетінмін. «Қараштың әңгімелеріне» қарасам, қатпар-қатпар, бұралаң жолдарды көремін. Егер әлгі айтқан сөзіміздің сізге қатысы болса, онда ең бақытсыз адам сіз екенсіз. Бірақ, сіз айтқан қайғы, сіз айтқан мұң, сіз жазған проблема әр қазақ отбасына ортақ екенін ойласам, жалғыз сіз емес, барша қазақ жанұялары бақытсыз екен. Бақытсыздығымызды сезінбейтінімізге қуанамын.
«Қараштың әңгімелері» – тұтас цикл. Тым жақсы идея тауыпсыз. Әңгімеден үлкен кейіпкер жасап шығару қиындығы сізге білінбеген тәрізді. Қараш – әдебиеттегі төлқұжатыңызға айналады, көресіз.
Бұл жинақтағы мақтауға лайықты шығармаларыңыздың бәрі қайғы-қасіретке толы. Өлім концептісін неге жиі қолданатыңызды білмеймін, бірақ мұныңызға қарсы да емеспін. Тек, ара-тұра қазақ отбасындағы шуақты күндерді де бір суреттеп жазсаңыз, сізге де, бізге де артық болмас еді. Сонда оқырмандар да «әсіре реалист екен» деп ойламас. Енді өзіңіз көрерсіз…
«Қараштың әңгімелері» кітабында ашық аспанға бұлт үйіріп тұрған бір шығарма бар: «Көк кәстүм-шалбар». Осыны жинаққа енгізбесеңіз де рұқсат. Тым жеңіл. Сосын оқиғалар шашыраңқы. Қалай айтсам екен, «Қайтқан қыз», «Жерлеу» әңгімелерінің жанында көрші үйдің баласындай болып тұр.
«Құдайдың үйіндегі» жанынан сылып алып тастайтын дүниелерді білесіз бе?.. Айтайын. Мәселен, жас молданың орыс қызымен байланысын немесе мұғаліммен арадағы қарым-қатынасын басқаша суреттеуге болады. Осы бір тұстарда шынайылықтан алыстап кеткенсіз. Қысқасы, мына әңгімеңізді «жөндеуден» өткізгеніңіз ләзім. Бәлкім, мұныңыз да дұрыс.Тым жақсы жазған да кейде қауіпті. Ара-тұра тым жақсыға жақын еместерін де жазып тұрмасаңыз, нашар шығарманың қандай боларын ұмытып қаларсыз.
Жазғандарыңыздың дені қасіретке, күйінішке, өкінішке құрылса да, сізде стиль бар. Қанат Тілеуханша жазу мақамыңыз бар. Басқа төбелерден сізді бір елі биік қылып тұрған да осы қасиетіңіз. «Қараштың әңгімелерінен» ең алдымен, жазушылық ізденісті байқадым. Еңбекқорлығыңыз Мұхтар Мағауинге келе ме, қалай?..
Ойлана келе мынаны түсіндім: сіздің шығармаларыңызды қарны тоқ, қайғысы жоқтар немесе бай-бақуатты адамдар оқи алмайды екен. Оқыса да түсінбейді. Егер әңгімелердегі орын алып жатқан оқиға кітап ұстаған оқырманның басынан өтпесе, онда шығарманың дәмін сезіне алмағаны һәм дәл бағасын бере алмағаны. Бірақ… қазір қазақта уайымсыз адам жоқ. Содан да болар сіздің жолыңыз болып тұр, қадірменді автор!
Жұрт не десе де құлақ аспаңыз. Осы бағытыңыздан жаңылмаңыз. Бағана шуақты күндерді де жазсаңызшы деп айтып өткен едім. Сөзімді қайтып алдым. Ойландым. Осы қалпыңызбен де алысқа шабасыз. Таңдаған стиліңіз дұрыс! Қолдаймын!
P.S.:
«Қарыз» әңгімесінде Итемгенге Дүйсеннің сұрап келген өгізін неге бергізе салмадыңыз?.. Оқырмандарыңыз автор сараң екен деп ойлап қалды ғой…
Тәуір!
Ардақты Қанат ӘБІЛҚАЙЫР!
Көп жазасыз. «Көршінің қызындағы» әр әңгіме-хикаятыңызда идея бар. Мұныңыз дұрыс. Бірақ, айтар дүниеңізді созбалақтап, кей-кейде жалықтырып аласыз. Сосын дереу жалығуды ұмыттырып жіберетін қабілетіңізді де аңдадым. Мұныңыз тағы да жөн.
Жалқау жазушылардың қатарынан емессіз. Оған жинаққа енген шығармаларыңыз куә. Ізденіс бар. Бір қарасам, бейкүнә бала сияқтысыз. Бір қарасам, елесті көремін. Енді бірде қазақы ауылдың қара шалы. Қай тараптан сөйлесеңіз де жараса кетіп тұр. Жан-жақты болдыңыз ғой, демек.
Оқырманды күлдіремін деп кейде тым арзан әзілдерге барасыз. Соныңыз дұрыс па? Және майда сөзге құмарсыз ба, қалай?.. Осы бір тұста «Жындыны» ашып, қайта парақтап өтсеңіз болады.
Сізге бір сыр айтайын ба? Оқырманға «Көршінің қызына» ғашық болған автордың қарапайымдылығы ұнайды. Әрине, адами тұрғысынан емес, шығармадағы сюжет пен кейіпкерлердің қарапайымдылығын айтамын. Қарапайым жаза алатындығыңыз сізді біраз биікке апаруы мүмкін. Жазуыңыздың бабын сақтай алсаңыз, әрине.
«Көршінің қызы» – жас пен кәріге бірдей балалығын сағындыратын сәтті шығарма. Онда сезім бар, бәрімізге таныс жылулық бар. Байқасам, жазарға тақырып табуда жолыңыз жиі болатын сияқты. Сабақты инені сәтімен жұмсағаныңыз біраз әңгімелеріңізден көрініп тұр. Бір сөзбен айтқанда, «сабаққа тыңғылықты дайындалған оқушы» екенсіз. Жарайсыз!
Ендігі мені мазалайтын сұрақ: ауыл әңгімелерінің көбін жазып тастадыңыз. Мистиканы да байқадыңыз. Сарказмді де оң жамбасыңызға салып көрдіңіз. Публицистикалық хикаятқа да қалам тарттыңыз. Қала тақырыбы да сөз болды. Енді жазатын не қалды? Қоржындағының бәрін жазып тастадыңыз. Алдағы уақытта нені қаузайтыныңыз мені қызықтырып отыр? Әрі, шыны керек, сіз үшін уайымдап жүрмін…не жазар екен деп. Әлде біз естімеген бір жанрды көздеп жүрсіз бе?
Түрлі тақырыпқа қалам тартатыныңыз ұнайды. Басқаларға да осыныңыз ұнайтын болар. Пышақтың қырынан әлдеқайда қалыңдау мына кітабыңыз жиі қиялдайтыныңызды көрсетеді. Еңбектенудің табы білінеді. Оныңыз жақсы. Тек, сәл-пәл нақтылансаңыз деймін. Санаңыздағы шашылып түскен тіркестер мен көркі қаша қоймаған ойлардың бәрін жазуға міндетті емессіз. Таңдап, талғап алыңыз. Қалғаны кейін де керек болады. Рас.
Өткенде егде тартқан бір кісімен қазіргі жас жазушылар туралы әңгіме айта алдық. Содан не керек, әлгі кісі бірін қалдырмай оқып шыққан кітап өтіп кеткен біреу екен. Сіздің есіміңізді де атады. Атап қана қойған жоқ. Бүй деді:
–«Жындыны» жазған Қанат Әбілқайыр деген жігітті танисың ба?
– Иә, білемін.
– Сен енді газетте істейсің ғой. Анда-мұнда көре қалсаң, менің сөзімді жеткіз.
– Не айтайын сонда?
– Оған айт: ойына келгенді шимайлай бермей, роман жазуға кіріссін. Ананы бір жазады, мынаны бір жазады. Оның бірі сәтті шықса, бірі шикі. Бар күшін он беттік әңгімеге зая қылмай, көлемді дүние бастасын!
–…
Сізге халықтың аманаттаған сөзін жеткізіп отырмын. Айтқан ауызда не кінә болсын. Бір жағы әлгі кісінің сөзінің жаны бар ма деп қоямын. Осы жерде кішкене ойланып көрерсіз. Талант та, қабілет те, қалам да сіздікі ғой.
Айналайын автор!
Бәйгеге қосқан атыңыздың нешінші келерін мына біз де білмейміз. Білеріміз – жаман жазбайсыз. Шығармаларыңыздан кей-кейде жастықтың, балаңдықтың желі есіп қалатыны болмаса, былай тәуір жазасыз. Қазақта жаман еместің бәрін, әйтеу, тәуір дейді ғой.
СОНЫМЕН:
Алдымызға келген үш кітаптың авторына ешкімнен іркілмей, ұялмай айтарымызды айттық. Іште қалған сөз жоқ. Қадари-халімізше баға бергендей де болдық. Не жазсақ та ар сотына жүгініп, әділін айтуға тырыстық. Талпындық. Ардың ісіне ардың сыны қажет екенін ұмытпадық. Кішкентай адамдарға көзі тірі жазушылар туралы сөз қозғау да бір мехнатты жұмыс. Оны сізге түсіну қайда…
Маржан ӘБІШ