Қолтаңба
Ықылым заманнан бергі аралықтағы қазақ халқының тіршілігін, тұтастай әлеуметтік тұрмысын, рухани тынысын киелі сөз өнерімен тығыз байланыстырсақ, еш айыбы жоқ. Бәлкім, содан болар, қандастар шешендік сөздерге, мақал-мәтелдерге, ақын-жазушылардың шығармаларына, жыраулардың аста-төк туындыларына жете мән берген. Солақай саясатына, әдепсіз әрекетіне уыстап топырақ шашсақ та, кеңес дәуірінде тағылым тұтарлық кезеңдер кездескенін жасыруға болмайды. Пролетариаттың даңқты көсемі В.И.Ленин іргетасын қалаған коммунистік партия әдебиет пен өнерге шынайы түрде қамқорлық жасады. Бұған нақтылы, дәйекті, дәлелді мысалды Қазақстаннан көптеп келтіруге әбден болады. Сол жылдары республика Жазушылар одағы жанында әдебиетті насихаттау жөніндегі бюро құрылып, жоспарлы, жүйелі жұмыстарды жүргізіп отырды. Ақын-жазушылар елді-мекендерді аралауға жиі сапарға аттанып, бұқара жұртшылықпен жүздесіп, ой бөлісіп, пікірлесіп жүрді. Сонда ауыл адамдары қарымды қаламгерлерді көріп, қолтаңба алып, мәз-мәйрам күй кешетін. Өзіміз де сөйттік. 1968 жылы Алатау баурайындағы Алматыға арман қуып, оқуға барып жүргенде Жазушылар одағына соғып тұратынмын. Жангелдин аудандық «Жаңа өмір» газетіне мақала, өлең жазып жүргендіктен журналист, ақын-жазушы десе елеңдеуім бөлек еді. Анау Ғабит қой, анау Ғабиден ғой, анау Сырбай ғой деп Одақ үйі маңында көргеніме, кейде қолтаңба алып үлгергеніме шексіз ләззатты күй кешуші едім. Жеке мұрағатымда көрнекті ақын-жазушылар Қайнекей Жармағанбетов, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Есенғали Раушанов, Ғалым Жайлыбай, Қоғабай Сәрсекеев, Әубәкір Нілібаевтардан алған қолтаңбалар әлі мұқият, ұқыпты сақталуда.
1975 жылы Павлодар қаласында жас ақын-жазушылардың аймақтық кеңесі өткен сәтте көрнекті, талантты ақын Қуандық Шаңғытбаев «Жазушы» баспасынан жуырда жарық көрген «Арма, Республикам!» атты өлеңдер кітабын өз ниеті бойынша жұбайыма жазып берді. Онда мынадай сөздер бар:
«Разияжан!
Керекуде кездескен талантты ініммен екеуіңнің перзентің Қанатқа, олардың (сіздің де) қамқорлық жасап, жалынды талантын өршіте түсу үшін. Нағашыбайдың барша мінезі мен шығармалары үшін шын ырза Қ.Шаңғытбаев». 6 наурыз 1975 жыл, Павлодар қаласы.
Ақынның жаратылысы ағыл-тегіл сезімнен тұрады. Прозашылар сияқты емес, олардың дені қолтаңбаны өлеңмен өріп, өрнектеуге әуес. Жерлесіміз,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Тұрғынбековтің 1974 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан тұңғыш «Қобыз» деп аталатын жыр кітабы оқырман тарапынан жылы қабылданды. Секең осы туындысы арқылы ұлттық поэзия аспанына қанатты құстай қалықтап, самғап ұша алатынын дәлелдеді. Тұрғынбековтің мөп-мөлдір, ойы терең, айтары айқын, айшықты жырлары төгіліп-ақ тұр. Секеңнің осы кітаптың алғашқы бетіне тәптіштеп жазған бір шумақ өлеңі 40 жылдан бері сөреде тұр. Парақтай бастасаңыз, алай-дүлей, сел сезімнен туған өміршең өлеңдерге тап боласыз. Айтпақшы, қолтаңба үлгісіндегі әлгі өлең былайша өрнектелген:
«Қарағым, айналайын, Нағашыбай,
Іні бол, көңілі кең, бағасы бай.
Өлеңнің жазиралы жайлауында,
Жолығып тұрайықшы тап осылай».
Қостанай қаласының тұрғыны, соғыс ардагері Молдағали Жүнісбеков Мәскеу қаласында болған Ұлы Жеңістің 65 жылдық торқалы тойына қатынасып, есен-сау елге оралады. Сол мәртебелі мәжілісте ардагерлерге даңқты батыр Бауыржан Момышұлы туралы шыққан «Легендарные батыры» деп аталатын кітап сыйлық ретінде беріледі. Кезінде от пен оқтың ортасында жүріп, Отанды көздің қарашығындай қорғаған қария кейінгі буынға ыстық ілтипатпен қарауды игі дәстүрге айналдырған. Ақсақал ойлана келіп, жаңағы кітапты жақын, сыйлас інісі, журналист жазушы Сәлім Меңдібаевқа тапсырады. Және оған жеңіл-желпі сөздер емес, айрықша маңызға ие мәтіндерді жазады. Онда мынадай жолдар бар көрінеді:
«Адами қасиеттің ең асылын бойына сіңірген, әділет пен адалдықты ту еткен, қаламы жүйрік, жазушы журналист, ең сүйікті де, сүйкімді інім Сәлім. Жеңістің 65 жылдығында Мәскеуге барған сапарымда маған сыйға берген үш кітаптың біреуін өзіңе ұсындым. Қабыл ал!».
Әдеби туынды қолдан-қолға ауысып, оқылса, сосын зердеге дұрыстап тоқылса ғана бағалы әрі құнды. Ақын-жазушылар мен оқырман арасында берік, нық алтын көпір тұрғызылып, тұрақты сақталған кезде ғана рухани байлық өзінің мәресіне жетеді. Өзім осы уақытқа дейін поэзиялық және прозалық 13 кітаптың авторы болсам, қала, ауыл, селодағы шығармашылық кештерде бірталай оқырманға қолтаңба беріп үлгеріппін. Бәрін түгендеп, тізу әсте мүмкін емес. Кейбірі ойға оралады. Жүздесіп, жылы шырайда сәлемдесіп, қауқылдасып қалғанда, Астанадағы інім Асқарбек Бектемісов, құдағиым Зәуреш Сейітханкеліні, Алматыдағы журналист Жетпісбай Бекболатов, Жезқазғандағы Халық әртісі Досжан Жанботаев, Арқалықтағы медицина қызметкері Мираш Іскендіров, қажы Мираш Тәшетұлы, Қостанайдағы сыйлас аға Абдолла Жанғабылов, колледж директоры Қаби Хамзин, сыныптас досым Құлахмет Шайхыстанов, Ақтөбедегі курстас Алмат Пангереев және басқалары «Ақ бұлақ», «Айналайын, адамдар», «Сөйле, жүрек», «Көкірек көзбен көргендерім», «Ой отауда оңаша» кітаптарыма жазып берген қолтаңбаларымды ешқашан ұмытпайды. Шығармаларым хақында шынайы пікірлерін, пайымды ойларын ашық түрде айтады. Шынымды айтайын, талғамы бөлек таразы іспеттес ойлы оқырманның кейбір ұлағатты ұсыныстары жаңа, тың туындының тууына ықпалын тигізеді.
Ойлап отырсам, қолтаңба жайлы әңгіме өрбіткен кезде сүйінетін жерлеріміз де, өкінетін, тіпті, ренжитін тұстарымыз да баршылық. Қарапайым халық жөнінде артық сөз айту әбестік. Басшылар жайлы бұлай сөйлеу артығырақ екенін ерекше ескертпекпіз. Естіп, біліп, байқауымызша, мекеме басшысы, аудан, облыс әкімі, одан ірі лауазымдарды иеленген қызметкерлерге ескерткіш есебінде сыйлаған, қолтаңба жазылған авторлар кітаптары ешқашан оқылмайды екен. Қостанайлық қаламгерлер Ғ.Ахметшин, А.Шаяхметовтер қызметінен босатылған соң кітаптарын кәдеге жарамайтын зат сияқты тастап кеткен әкімдерге сан мәрте реніштерін сездірді. Атын, фамилиясын айтуға ар-ұятым рұқсат бермей отыр. Және бір автор қолтаңба жазылған жинағын дәретхана ішінен көріп, төбе шашы тік тұрыпты.Тағы бір әріптесім мейман ретінде қонаққа барғанда кітабының столдың қозғалмауы үшін төсеніш орнына пайдаланғанын қынжыла айтқанын қалай ұмытайын. Ертеректе «Қазақстан-Қостанай» телерадиокомпаниясын Геннадий Владимирович Кригорев деген азамат басқарды. Журналистикадан гөрі кәсіпкерлікке өте бейім. Өз көлінен адасқан үйрек тәрізді бас-аяғы бес-алты айдың ішінде қызметінен біржола кетіп тынды. Көп уақытын арнасы тар ақылға арнады. Былайша айтқанда, ұжымның шығармашылық жағынан толысып, кемелденуіне пәлендей үлес қоса алмады. Сол уақытша бастық бірде мені өзінің қызмет бөлмесіне шақырып:
– Сіз, журналист қана емес, ақын екенсіз ғой. Кітаптарыңыздың біреуін сыйламайсыз ба? – деді.
– Мен қазақ тілінде жазамын. Шығармаларым орыс тіліне аударылмаған. Оқи алмайсыз ғой, – деп едім, басшы сөзімді бөліп жіберді.
– Оқымасам да, сөреде тұрсын. Жылдар өте келе сіздей кісілермен бірге қызмет жасадым деп айтпаймын ба.
Екеуіміз де жымиып, рахаттана күлдік. Дәлізде жолыққан сайын мазалап болмаған соң, 1996 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Айналайын, адамдар!» деп аталатын кітабымды бердім. Асып-тасып тұрған орысшам жоқ. Жиып-тергенімді пайдаға жаратып «Геннадий Владимирович, к Вам с большим уважением автор» деп жазғанмын . Кейін әлгі басшы қызметтен кетті. Естуімше, кәсіпкерлігіне тиімді Қарабалық жағына тартыпты. Ойда-жоқта, ғимараттың тазалығын сақтап, еден жуушы орыс әйелі қолын бұлғап, мені бастықтың бөлмесіне қарай апарды. Сөредегі біраз кітаптар қоқыс ретінде сыртқа лақтырылғалы жатыр екен. Қолтаңба жазылған өз кітабым көзіме оттай басылды. Қатты ренжідім. Жинағымды сөмкеме сүңгітіп жібердім. Бөлмеге келіп түрлі ойға шомылдым. Әлгі қолтаңбадағы мәтінді «К Вам не с большим уважением» деп тез өзгерттім. Ақын да ана сияқты емес пе. Өз туындың өзіңе әрқашан қымбат. Тосыннан тауып алған кітабым қалтаға салып жүруге де ыңғайлы. Шығармашылық кездесулерге барғанда осы кітаптағы адамгершілік, кісілік қасиет, әдет-ғұрып, ұлттық сана туралы өлеңдерді дауыстап оқығанды тәуір көремін. Және бір айтар жай, бұл «Айналайын, адамдар!» деп аталған кітабым кезінде жыл қорытындысы бойынша әжептәуір мақталған. Әдебиеттегі өзіндік қолтаңбамды айқындайтын туындымның әлгіндей адам сенбестей әрекеттің құрбаны болғанына әлі өкінемін.
Соңғы жылдары амалдары әбден таусылған қаламгерлердің кей тобы түрлі әрекеттерге барып жүр. Мәселен, шымкенттік белгілі сықақшы Алпысбай Боранбаев кітаптарын пойыз вагондарын аралап жүріп, сатып қолтаңба беруді дәстүрге айналдырғанына біраз жыл болды. Қостанайлық сықақшы Бәкеш Айсин де осы үлгіде жұмыс жасап көргенін жүздескенде әсерлі әңгімелеп берген еді.Қазіргі таңда жұрттың бәрі қалжың, қағытпа сөздерге елеңдеп тұра ма, әйтеуір заманның жағымсыз тұстарын келекелеген сықақ өлеңдерді оқуға, тіпті жаттап алуға оқырман әуес. Соған орай лирикалық жырларды жазатын ақындарға қарағанда, сықақшылардың жолдары үнемі болып тұрады. Көп жағдайда қолтаңба беру де, кітапты саудалау да оларға онша қиындық келтірмейтіндей.
Жалпы, мейлі қала, мейлі далаға сапар шегіңіз, ақын-жазушыларды іздеп, жапырлай, жанталаса қолтаңба жаздырып алып жатқан оқырмандарды пәлендей көрмейсіз. Ал бастықтарға берген кітаптардың сиқы жоғарыдағыдай. Заңды сауал туындайды. Облыстық, республикалық деңгейде ірі лауазымдарды иеленген басшылардың қызмет бөлмелерінде оқылмай, бір беті парақталмай, кәдеге жарамай, тіпті, қоқысқа айналып, қанша құнды кітаптар жатыр екен десеңізші.
Түсінігі терең пендеге кітап телегей-теңіз білім, ауқымы кең ой әлемі. Ол адамды парасатқа, кісілікке, ізгілікке жетелейді.
Қадірлі әріптестер! Шалқар шабыттан, толғаныс, тебіреністен шынайы шығарма жазып, баспадан кітап етіп бастырайық.Бірақ оны құнды сөзді қорлайтындарға емес, құрметтейтіндерге ұсынайық. Сөз түйінінде баса айтарымыз, көркем сөз күмбезін елестетіп, автордың шығармасын шырайландырып, ыстық ықыласын ұдайы сездіріп тұратын, уақыт ілгері зымыраған сайын мағынасы байи түсетін кітапқа қолтаңба жаздырып алу қандай ғажап. Саралап, салмақтаған жан қолтаңба әрі қолжазбаның өте жоғары бағаланатынын бұрыннан біледі. Шынтуайтына келсек, жазушы мен оқырман арасында алтын жіптей үзілмей жүрген қолтаңба рухани қазынаның ең қомақтысы. Ендеше, жаңа заманда ақын-жазушылар қолдарынан кітаптарға қолтаңба жаздырып алуға, сөйтіп рухани дүниені әбден дәріптеуге асығайықшы.
Қостанай қаласы.