Емге аларсың сөзбиімнен…
11.07.2017
1144
0

Жетпіс тоғызыншы сөзбиі

Сылқымбикем, мойныңды бұрмайсың ба?
Сылқылдатып ән салсам, тыңдайсың ба?
Бір күн, бикем, жан сейіл құрмайсың ба?
Бір түн жүйкең сыр бермей тұрмайсың ба?

Тұрмайсың ба сөзіңде байласқандай:
Отырсайшы төрімде жайғасқандай!
Сырнайсың ба сезімге ән қосқандай?!
Бұлдайсың ба көңілді айлы аспандай?!

***
Айлы аспандай көңілді бұлдайсың ба?!
Ән қосқандай сезімге сырнайсың ба?!
Жайғасқандай төрімде отырсайшы!
Байласқандай сөзіңде тұрмайсың ба?!

Тұрмайсың ба сыр бермей бір түн жүйкең?
Құрмайсың ба жан сейіл бір күн, бикем?
Тыңдайсың ба, ән салсам сылқылдатып?
Бұрмайсың ба мойныңды, сылқымбикем?

Жүз тоғызыншы сөзбиі

Ұясына кіруге именердей
Қызыл күнді мен құлай сүйген ем ғой!
Қиясына қыз кетті ұзатылып,
Сиясы да кеппеген күйлі өлеңдей!

***
Күйлі өлеңдей кеппеген сиясы да
Ұзатылып қыз кетті қиясына!
Сүйген ем ғой мен құлай қызыл күнді
Именердей кіруге ұясына!

Жүз оныншы сөзбиі

Селқос қалдың сыпайы елшілердей,
Бір жымиып қойғанды ерсі көрмей!
Жарты аспанның жымиса жұлдыздары,
Жартастардың маңдайы тершігендей!

***
Тершігендей маңдайы жартастардың,
Жұлдыздары жымиса жарты аспанның!
Ерсі көрмей қойғанды бір жымиып,
Елшілердей сыпайы селқос қалдың!

Жүз он алтыншы сөзбиі

Бақыт деген – мұң кешу, шаттығы аздау!
Уақытпенен үндесу – жоқты жазбау!

Жоқты жазбау – шындыққа шырай беру!
Текті қозғау – құлдыққа шыдай беру!

***
Шыдай беру құлдыққа – текті қозғау!
Шырай беру шындыққа – жоқты жазбау!

Жоқты жазбау – үндесу уақытпенен!
Шаттығы аздау мұң кешу – бақыт деген!
Жүз он тоғызыншы сөзбиі

Ай кәдімгі ғашықтай құмбыл еді:
Жұлдыздары жымыңдап, түн күледі!
Айтарыңды айтып қал ойнап-күліп,
Қайтарыңды қай кезде кім біледі?!

Кім біледі күні ертең не боларын:
Ай батқанда жұлдыздар жоғаларын?
Күлдіреді кірпияз інілерің,
Білдіреді көңілін ағаларың!

***
Ағаларың көңілін білдіреді,
Інілерің кірпияз күлдіреді!
Жоғаларын жұлдыздар ай батқанда,
Не боларын күні ертең кім біледі?

Кім біледі қай кезде қайтарыңды,
Ойнап-күліп айтып қал айтарыңды!
Түн күледі жымыңдап жұлдыздары:
Құмбыл еді ғашықтай ай кәдімгі!

Жүз отыз бесінші сөзбиі

Сапалақтың сөзі көп азғыруға:
Сүйгеніңді болар ма жазғыруға!?
Шақалақтың шыр еткен үніменен,
Махаббаттың мәнісі – мазмұнында!

***
Мазмұнында – мәнісі махаббаттың,
Үніменен шыр еткен шақалақтың!
Жазғыруға болар ма сүйгеніңді:
Азғыруға сөзі көп сапалақтың!

***
Сағынышым, оралдың ба?!
Оралдың ба тәтті түс боп
таң алдында, сағынышым?
Жаралдың ба сорым үшін,
жаралдың ба бағым үшін?

Бағым үшін беймәлімдеу көрме мені құса қыла!
Жалын – ішім,
мұздай – түсім: қонармын ба құшағыңа?

Құшағыңа
жету үшін қанат бердің талмайтұғын,
Ұшағыңа
тағы отырдым қиялыңдай самғайтұғын.

Самғайтұғын ұшақтардай арасында ел мен елдің,
Қалмайтұғын
қыр соңымнан қырсықтарды жерге көмдім.

Жерге көмдім
қара түнек қасіретімді қинайтұғын,
Мен де келдім,
сен де келдің дүниеге сыймайтұғын.

Сыймайтұғын құшағыңа ұлы сезім – сүю деген,
Сыйлайтұғын жанға ләззат азабымен, күюменен!

Жүз сексен
алтыншы сөзбиі
(елу еспе сөзбиі)

Тауыссаң да тағатымды,
Сыртым – қалың, ішім – жалын!
Сауысқандай сағатымның
Сыртылдауын түсін, жаным!

Түсін, жаным: ғұмыр қысқа
Болғанымен, өмір ұзақ!
Ұсынғаның құмыр құс па –
Толғамымен көңілі жат?!

Көңілі жат, кеулі басқа
Дертке көнген жаным үшін:
Сенімі – жақ, айнымасқа
Сертке берген сағынышым!

Сағынышым сартап қылып,
Шаршата алған жоқ мені де:
Арым үшін жортақ қылық
Көрсете алман өкпеліге!

Өкпеліге өтімді едім:
Сезетінге сезім бер тек!
Өткеніме өкінбедім
Өз отыммен өзімді өртеп!

Өзімді өртеп мен кетермін,
Сен қаларсың өз күйіңмен!
Безілдер кеп, тербетер мұң:
Емге аларсың сөзбиімнен!
Сен қаларсың сөзбиіммен!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір