САРМАНОВТЫҢ САЗДАРЫ
11.07.2017
1711
0

Ұзын бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей, апайтөс, көзі қыранның көзіндей өткір, дауысы баритон һәм бас (баритональный бас) Ұлы Отан соғысына дейін де, кейін де қазақтың Абай атындағы мемлекеттік Опера және балет театрында жетекші әншілердің бірі болып, ұзақ жылдар бойы көрермендерді өнеріне тәнті еткен Биағаң – Бидахмет Сарманұлы өнерсүйгіш қауымға мәшһүр болатын. Ол 1981 жылы 64  жасында  бақиға озды.

Биағаңмен алғашқы 1946 жылы таныс­тым. Сол жылы Абай атындағы педаго­ги­ка­лық институттың тіл-әдебиет бөлі­мін­де Биағаңның туған қарындасы Бәки­зат­пен бірге оқитынмын. Менің курстас достарым – Шәмшиябану Қанышқызы Сәтбаева, Айқын Нұрқатов, Баламер Сахариев, Нығмет Ғабдуллин, Әнуар Дербісалин еді. Серік Қирабаев, Ғафу Қайыр­бековтер де болды.
Ол кезде Жаңа жыл, Қазан төңкерісі, ма­мыр іспетті мейрамдарды дүрілдетіп тойлай­тын ек. Жаңа – 1947 жылға екі күн қал­ғанда:
– Келер жылды Биағамның үйінде той­лайық! – деп қолқа салды Бәкизат.
– Биағаң кім? – деді Айқын салған жерден.
…Ол менің туған ағам болады, – деп күлімсіреп қойды Бәкизат.
– Жігіттер, бұлданбай-ақ келісімдеріңді беріңдер, – деді Шәмшиябану. Ағасы қарапайым кісі. Бәкизаттың анасының қолынан шәй ішкенмін, жақсы адамдар…
– О, бәрекелді, қайдағы бір өгей асха­на­ның ыдыс-аяғын сылдырлатып әуре бол­ған­ша жылы үйге барып мерекелегенге не жетсін, – дедім мен бірден қуаттап.
…Жаңа жылға төрт сағатқа жуық қал­ған­да Гоголь мен Пушкин көшелерінің мүйісіне орналасқан қос қабатты каркастан қаланған үйдің екінші қабатына көтерілдік. Бір ғана бөлме болғанымен пәтері кең екен, шағын ас даярлайтын бөлмесі бар. Бәкизаттың ағасы Биағаң, анасы Жәниха апай мен жеңгесі Қанша әпкеміз бізді ықыласпен қарсы алды.
Ас үйден бұрқыраған қойдың еті мен басы, соғымнан қалған қазы, қартаның иісі кеңсірігіңді қытықтап жарғандай.
Жаңа жылға бірер сағат қалғанда-ақ:
– Асты әкеліңдер, балалардың қарны ашып қалған болар, – деді Биағаң баритон даусына басып.
Дастархан мол, оның үстіне Советтік шампандар тізіле қойылды.
Мына кісі менің ағам Бидахмет Сарманов, Опера театрының әншісі, соғыстан жаралы болып қайтқан анау отырған жеңгем Қанша, ал анау ақ жаулықты анам Жәниха деп Бәкизат үй-ішімен таныстырып жатыр.
– Әу, кәдімгі «Қыз Жібектегі» Базарбай рөлін ойнаған қаба сақал, бойы еңгезердей Сарманұлы ақсақал Сіз екенсіз ғой, бәркелді, – деп Баламер қуанышын жасыра алмай жатыр еді.
– Майдангер актер, әрі Базарбайды сомдаған Биағаң үшін алайық, достар , – деп Айқын шыдамсыздана қолындағы көбікті шампан шарабы құйылған фю­жерді «қыпша белінен» ұстап алып өңешіне төңкере тастады. Сол-ақ екен қалған жігіттер мен қыздар да:
– Биағаң үшін алып қояйық десіп, отырғандардың көңілдерін сергітіп жіберді.

***
…Кейін Биағаңмен жиі кездесіп жүрдім.
– Сен бала қай жақтансың? – деп қал­ды бірде.
– Семейдің Шұбартауынанмын.
– Е… жерлес екенсің ғой…
– Өзіңіз ше?
– Мен де Семей облысының Аягөз ау­даны­ның, дәлірек айтсам, бұрынғы Же­тісу губерниясы Көксала ауылынан боламын. Хош!.. Бәкизаттан естідім, домбырамен күй тартатын өнерің де бар екен, – деп қойды.
– Иә, күй тартатыным рас. Құрманғазы, Жұбанов, Дина Нұрпейісова күйлерін тарта берем. Біздің институтта домбыра оркестрі бар. Оркестрдің жетекшісімін. Сәмиғолла Оңғарбаев деген Құрманғазы оркестрінің домбырашысы күйлер үйретеді. Біздің студенттік оркестр таяуда өткен жоғарғы оқу орындары бойынша өткізілген олимпиада байқауында бірінші орынға ие болды.
– Жігіттің сегіз қырлы, бір сырлы болуы осындай өнерпаздықты да ескер­гендіктен айтылған ғой, жарайсың, – деп Биағаң жымиып қойды.

***
Бидахмет Сарманов ерекше дауысты болғандықтан «Айман-Шолпандағы» – Маман, «Жалбырдағы» – Төбет, «Ер Тар­ғын­дағы» – Қожақ, «Дударидағы» – Садыр, «Абай» операсындағы – Сырттан, «Қыз Жі­бек­тегі» – Базарбай, өзге де көптеген қойы­лым­дарда басты рөлдерде ойнауы тегін емес.
…Биағаң 60 жасқа шыққанда тойын туған туыс, жора-жолдастарын Алматы облысы­ның құс совхозы болған – «Абай» атындағы ауылға бас дәрігер болып қызмет атқарған інісі Сәнияз Шиянбаев­тың кең сарайдай үл­кен үйінің үлкен залында өткізген еді. Ауыл тұрғындарының көпшілігі залға сыймай, көкөрайлы аулада отырып тыңдауға тура келді.
…Бір өзі «Қыз Жібек» қойылымынан екі сағатқа жуық көрініс жасап, көңілімізді көншіткен еді.
– Пах, артист болсаң осындай бол, бір өзі бір театр, – десті көрермендер.

***
… «Қыз Жібек» операсының мыңыншы қойылымы ерекше атап өтілді.
Қазақ әдебиетінің классигі «Қыз Жі­бек» операсының сценарийін жазған Ғабит Мүсіре­пов бастаған қаламгерлер, Құрман­бек Жандарбеков бастаған актерлер опера театрына са­ғат алтыға жетпей-ақ тасқын судай ағылған-ды.
Бір ғажабы – Күләш Байсейітовадан басқа (Күләш бақилық болған) актерлердің бәрі болды. Оның ішінде дублерде ойна­ғандар емес, тұңғыш рет басты рөлді сомда­ғандар. Театрда ине шаншар жер жоқ. Төлеген рөліндегі – Қанабек Байсейітов, Бекежан рөліндегі отжүректі Құрманбек Жандарбеков, тағы басқалар…
– Ойлап жүрген жерім бар
Ұлытаудың бойында…
Қыз алысып, қыз берсем
Жағалбайлы жалпақ ел,
Түгел болар қолымда, –
деп баритон даусымен тыңдаушысын тәнті еткен Биағаңның керемет кейпі күні бүгінге дейін есімізде.

Мыңбай Рәш.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір