САҒЫНЫШТЫҢ КІРПІКТЕРІНЕ СҮЙЕНІП…
30.06.2017
2000
0

1963 жылдың күзі. Сейфуллин мен Виноградов (қазіргі Қарасай батыр)  көшелерінің қиылысындағы ұйғыр драма театрында жас ақындардың жыр кеші болады екен дегенді ести сала сағат кешкі алтыда Қазақ Мемлекеттік университетінің бірінші курсына жаңа қабылданған бір топ болашақ журналистер солай қарай ағылдық. Жыр кітаптарын жастанып оқып, өлеңдерін баспасөз беттерінен жиі кездестіретін, өздері ару Алматыны, оның жасыл желек жамылған көшелерін нұрға толтырып жүретін ертегі кейіпкерлеріндей елестейтін ақындармен жүздесіп, жаңа жырларын жаз дидарларын көріп отырып, өздерінен тыңдау – біз үшін айтып тауыса алмайтын әсері мол мереке!

Мерзімді уақыт жетіп, аңсап күткен ақындарымыз сах­наға беттегенде, негізінен астананың түрлі оқу орындарынан ағылып келіп, үлкен залды ине шаншар орын қалдырмай тол­тырған студент жастар дүркірете қол соқты. Өздеріне көр­сетілген риясыз құрмет ақындардың шабытын шарық­та­тып жіберсе керек. Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза­лиев, Сағи Жиенбаев, Мұқағали Мақатаев, Сабырхан Асанов, Жұмекен Нәжімеденов, Бекен Әбдіразақов, Әділбек Абай­ділданов, Жүсіп Қыдыров, содан бірер жыл ғана бұрын уни­верситет бітіргенҚайрат Жұмағалиев, әзірге ҚазМУ-дің сту­денті Өтежан Нұрғалиев сынды жыр жампоздары шығып, өлең­дерін бірінен-бірі асырып оқыды. Олардың ара-ара­сында кезек алған Оспанхан Әубәкіровтің:
Кеше кешкілік
Екі қыздың әңгімесін естідік:
– Әй, маған біреу сөз айтты,
Соңымнан қалмай жүріп өзі айтты, –
деп басталатын әзіл-әжуасы, Шона Смаханұлының:
Мініп алып таксиге,
Кетіп қапты басқа үйге.
Шіркіннің пысығын-ай, зерегін-ой,
Папасы қашпаса да береді ғой, –
деген сияқты бірқақпай шымшымалары, Оспанәлі Иман­-
ә­лиев­тің сықақтары ду-ду күлкіге бөлейді.
Бір кезде кешті жүргізушінің:
– Біздің жыр кешімізге Төлеген Айбергенов Оңтүстік Қа­зақстан облысының Сарыағаш қаласынан арнайы келіп отыр, – деп хабарлағаны сол еді, мінберге шағын денелі қа­ғы­лез, қуырған бидайдай қараторы, бұйра шашы будыраған жігіт жедел басып көтерілді.
Жүрісі қандай жедел болса, жырлары сол ырғақты іліп алып аспандап бара жатты.
…Абзал жар, ару ақ залдар,
Ақ залдар, аппақ вокзалдар.
Тілеулес жерге аттандым,
Тілеңдер маған ақ жолдар.

Кеудесі толы сыр бақтар,
Тебіреніп тұрған жырлап тал.
Оң сапар тілеп соңымнан,
Сендер де қолды бұлғап қал!

Бұлғап қал қолды көп белдер,
Тулап қал толқын, көк көлдер.
Шыңдап бар мені жеткенше,
Тыңдап бар мені көк пен жер!

Көңілді тербеп қал әнмен,
Қалам мен бауыр, далам кең.
Бауырлас мынау өлкеге
Бауырымды төсеп берем мен.

О, өмір, жатқан жар салып,
Сүйем мен сені қаншалық.
Мәңгілік мені тұра бер
Шығарып салып, қарсы алып!
Кездесуде өлең оқығандардың қай-қайсысы болса да, қа­зақ­тың жыр әлемінің жаңа бетін ашқан, тұғырын жаңа биік­терге көтеруге батыл кірісіп кеткен алпысыншы жыл­дардың басындағы өңшең дүлдүл жүйріктер болатын. Ал Төлеген Айбергеновтің оқығаны сол жүйріктердің ортасынан суырыла шығып алға озған кескіні бөлек қанатты арғы­мақ, бояуы қанық, тыңдаушысын еріксіз табындырған жыр жауһарлары еді. Осынау ғажайып әсерлерге сиқырланған жыр­құмар жастар қайта-қайта ұзақ-ұзақ қол соғып, соно-оу бір түкпірдегі Сарыағаштан келген мектеп мұғалімі деген қа­рапайым ғана лауазымы бар жігітті мінберден талайға дейін түсірмеді… Бұл – ақиық ақын Төлеген Айбергеновті тұң­ғыш көруім еді.
Осыдан кейін үш жылдан сәл аса бере, яғни 1964 жылдың көктемінде Қазақ радиосының жастарға арналған «Ұшқын» бағдарламасына өндірістік тәжірибеден өтуге келдім де басшылар айға жетпей тұрақты қызметке қабылдады. Бөлім мең­герушісі Мадрид Рысбеков ұйымдастыру қабілеті күшті, іскер жігіт еді. Бұл жастарға арналған хабарлар редакциясы болғандықтан, оның авторлары да, келетіндер де негізінен жастар. Солардың қатарында осыдан төрт-бес жыл ғана бұрын Мадридпен университетте қатар оқыған жігіттердің орындары бір бөлек. Өйткені, олардың көпшілігі Жүсіп Қыдыров, Сабырхан Асанов, Әділбек Абайділданов, Қайрат Жұмағалиев, Бекен Әбдіразақов тәрізді сол кезде отыздың о жақ, бұ жағындағы жас ақындар. Әлгі жыр кешінде шы­ғармаларына тәнті болған саңлақтарым. Кейде менімен де университетте бірер жыл ілгері-кейін оқып жүрген, енді-енді таныла бастаған жас талапкерлер Марат Отарәлиев, Жұматай Жақыпбаев, Жарасқан Әбдірашев, Кеңшілік Мырзабеков, Шөмішбай Сариев тәрізді дос-жолдастарым келеді. Бұл күні Қазақ радиосының Сұлтан Қалиев, Жеңіс Қашқынов, Рафаэль Ниязбеков сияқты жас қызметкерлері жастар ре­дак­циясының шағын бөлмесін аузы-мұрнынан толтырып, жыр мүшәйрасы басталып жүре береді. Ондай кездерде әлі сиясы кеуіп үлгермеген ең жаңа жырлар оқылады. Біріне-бірі дем бе­ріп сүйсінеді, ақындық қуаттың мың градустық мартен пе­шінен қорытылып шыққан шумақтарда жаңалық, тап­қырлық кездессе, отырғандардың бәрі оны өздері жазғандай қуа­нышқа бөленеді. Жандары кіршіксіз таза, ақкөйлек та­лант­тар тасқындаған сол жыр арналарында кездесіп қа­ла­тын кейбір кібіртікті де қалт жібермей, қағып түсер еді…
Енді бір сәтте жыр оқу саябырсып, әңгіме жалпы поэзия, оның өзіміздегі өкілдерінің шығармашылығымен бірге жал­пы әлемдік ағымдар мәселесіне барып тіреліп жатады.
Ондай кездерде мен қызмет ететін шағын ғана бөлме осы­нау таланттар арқылы бүкіл әлемдегі жыр мұхитымен тұта­са шалқып жататындай әсер ететін.
Көктемнің жазға ұласқан жайма-шуақ күндерінің бірін­де ре­дакциямыздың есігі серпіле ашылып, баяғы әбжіл жү­рісті, бұйра шашы будыраған қараторы жігіт кіріп келді. Тө­леген Айбергенов! Сол жолғы ұйғыр театрында өткен жыр ке­шіндегіден кейін көріп тұрғаным осы. Мадридпен жылы аман­дасып, қолын маған ұсынғандағы әсерім тіпті бөлек еді! Өткен жолы, әрине, залдағы қатар-қатар орындықтардың бірін­де отырып, алыстан көріп, тыңдағаныма мәз болған­мын…
Әңгіме ә дегеннен қызып сала берді. Әдеттегіше, әне-міне дегенше, көрші бөлмелердегі жырқұмар жігіттер де жиы­лып қалды. Төлеген, бір қызығы, қанша әңгіме айтқа­ны­мен, «мына бір өлеңімді оқып берейінші» деген жоқ. Қойыл­ған сұрақтарға байланысты, әңгіме арасында өзінің Ал­матыға келгісі келетін ойы бар екенін, оны, амандық бол­са, күзге қарай жоспарлап отырғанын айтып өтті.
Осылайша ақындар әңгіме тізгінін біраз босатып алған соң, Мадридтің: «Кемелбек, ағаңды студияға ертіп барып, өлең­дерін жазып ал» дейтіні бар. Төлегенмен әңгіме-дүкен аяқ­тала келе бұл жолы да сол тапсырмасын қайталады.
Мен ұшып тұрып, Төлегенді дыбыс жазу студиясына қа­рай бастай жөнелдім. Ұзын дәлізбен студияға қарай жүріп ке­ле жатып назар аударсам, Төлегеннің қолында ештеңе жоқ. Қалтасына салып келе жатыр дейтіндей емес, жаздық жеңіл киімде. Қалтасына салған болса, онысы бірден байқалып тұрған болар еді.
– Ой, Төке, редакцияда ештеңе қалдырған жоқсыз ба?– де­дім.
– Жоқ, бірдеңе қалдыратындай, қолыма ештеңе ұстап кел­ген жоқпын ғой, – деді.
– Өлеңдеріңіз қайда?
Төлеген менің неге сасқалақтағанымды енді ұқса керек:
– Е, өлеңдер ме, ол мынада ғой, – деп басын көрсетті.
Мен сұрақтарымның орынсыз болғанын ұқтым.
Қайткенмен, осында келгелі бері қалыптасқан дағды ғой. Әдетте бұған дейін келген, студияға бастап барып, өлеңдерін жа­зып алатын ақындар қолдарына ұстап келген порт­фель­дерін асықпай ашып, көп қағаздың ішінен бізге оқып беретін өлеңдерін іріктейтін.
Менің Төлегенге қойған сұрағымды студияның микрофон орнатылған есігін нұсқап тұрып режиссеріміз Шәмсия Тайырова да қайталады. Төлеген жымиды да, жауапты мен бе­ріп үлгердім. Шәмсия таңданған кейіппен иығын бір қом­дады да, Төлегенді микрофон алдына отырғызып, өзі пультіне барып жайғасты. Дауысты үш қабат әйнектің арғы бетінде отырған ақынға жеткізетін түймені басып тұрып, өлеңді қалай оқуы керегі жөнінде режиссерлік нұсқауын бере бас­тады.
– Ал бастадық!
Режиссер қолын сермеп қалды. Төлеген болса, иегін әнтек көтеріп, жанарын әлгі үш қабат терезеден өткізіп, бергі жақтағы біздің төбемізден асыра әлдеқайда қадаған ақын толқынды жырды түйдектете жөнелді.
…Қажет кезінде қатыгездік пен қаталдық керек десек те,
Адамның заңғар ұлылығын сен сағынышымен есепте.
Онсыз сен тіпті тұлпар да болсаң қосыла алмайсың қатарға,
Әуелі әбден сағынып алмай, шығушы болма сапарға.
Сағынбай барсаң, теңіз де сенің тебіренбес жастық шағыңдай,
Бұлардың дауысын есіте алмайсың бауларға кірсең сағынбай.
Сағыныш деген – молшылық қазына, бола да берер артық-кем,
Ал нағыз асқақ сағыныштарда араның балы бар тіптен.
Мен мына ыстық жүрегіммен қара тасты да сағынам,
Қаланып қалса тәртіппен!
Сағыныш деген алдыңа тұрған ақ ала басты көк заңғар
Бақытың сенің болатын сондай бара жатса алып пәк жандар.
Заманым менің жанарымды алып сағыныш болып жарқылдап,
Ағады тынбай күңіреніп-сыңсып аэропорттар мен вокзалдар.
Сағыныш шалғай сапарларыма жасаған шақта иелік,
Кеудемде менің сан рет кеткен табан астынан күй еніп.
Қойнымда менің қалады бірақ жұпар әлем қыз-өмір,
Сол сағыныштың кірпіктеріне сүйеніп.
Жыр аяқтала:
– Бола ма, тағы да оқиын ба? – деді.
Режиссер редакция талабына орай тағы да бірнеше өлеңін оқытып алды.
Аптаның соңына қарай сол кезде жастармен бірге барша қауым сүйіп тыңдайтын «Ұшқын» бағдарламасы арқылы Төлеген Айбергеновтің қыран дауысы оның ғажайып жырларын әуе толқыны арқылы Қазақстанның кең байтақ қа­ла­лары мен далаларынан көктей өткізіп, сонау Қарақал­пақ­станның астанасы Нөкіске дейін жеткізген еді. Оны кейін екінші бір келгенінде Төлегеннің өзі айтқан болатын.
– Мен ол өлеңдерді Нөкіске барған сапарымда сондағы дос­тарыммен бірге отырып тыңдап, мәртебем көтеріліп қалды. Амандық болса, Алматыға көшіп келсем, әлі талай самғататын шығарсыңдар эфирлеріңнен, – деген еді.
Әттең, әттең!.. Өкінішті болғанда, содан соң Қарақал­пақ­станға қайта аттанған аяулы ақын Алматыны қайтып көре алмады. Сарша тамыздың ортасында армандаған Алматысына қаралы хабары жетті…

Кемелбек ШАМАТАЙ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір