Дегдарлар
Ақын-жазушы дегендер құдайы бере салған бір қызық халық. Айнала-сындағылармен қарым-қатынаста бола жүріп, таныс-бейтаныстармен де, тіпті өзінің ойдан шығарған кейіпкерлерімен де бірде «күліп-ойнап», енді бірде олармен «сұхбаттасып» дегендей неше түрлі қисапсыз оқиғаларды ойлап тауып, айнала төңірегін суреттеп, көп-көп жайларға патша көңілі көншімей, мазасы болмай, ой кешіп, басы ісіп жүргені. Тіршілігі толастамай тұрған дүние жарықтың күнгейі мен көлеңкесінде өзіндей өзекті пенделермен осылай кездесіп, олармен бірге шаттанып, бірге мұңайып қайғырады; кейде соларға қосылып жылап алатын жазушылар да болған бұл жалғанда. Дауа жоқ бұларға.
* * *
Сағат таңғы бестің шамасында телефон шарылдап қоя берді. Тұт-қасын көтерсем, өзіміздің Адам Мекебаев. Алматыдан звондап тұрған. Бірден айтқаны: «Насос пен канализация дегеннің қазақшасын айтып жіберші», – деді.
Мен қапелімде не дерімді білмей іркіліп қалдым. Сосын: «Әй, Адам, саған не болды? Сол айдай Алматыдан насос пен канализацияның қазақшасын білетін біреуді таба алмадың ба? Бұл не, амандық-саулық жоқ» дегенімше болмады, Ол: «Әй, сен де бір…» деп телефон тұтқасын тастай салды.
Содан келіншегіміз екеуміз кешеке дейін күліп жүрдік. Айтамыз да күлеміз, айтамыз да күлеміз. Күн – демалыс еді. Шамасы, ерте тұрып қаламын жорғалатып отырған болса керек.
Әне, жазушы деген пенденің осындай да бір қылығы бола береді.
* * *
Поликлиникаға келіп, дәрігердің қабылдауын күтіп отырған үш арыстың бірі: «Менің инфаргым ғаламат ауыр болды. Глубоки деген түрі екен» дейді. Екінші кісі де: «Глубокиің не, менікі широкий деген түрі екен» деп, одан да асып түскен. Ол екеуінен үшінші құрдас қалсын ба: «Ой, сендер де қайдағы жоқты айтады екенсіңдер. Сол глубокий, широкий деген де инфаркт болып па? Инфарг деп мына менің инфаргымды айт!» деген екен кәдімгідей қиналған болып.
Содан глубокий мен широкий екеуі қосарлана: «Ей, сенікі қандай инфарк қаңғып жүрген» деп аңтарылғанда, анау: «Ойбай, менікі глубокийдің де глубокиінен өткен, широкийдің де широкийінен өткен обширныйдың обширныйы екен» депті. Бұл үшеуі: Сырбай Мәуленов, Тахауи Ахтанов, Садықбек Адамбеков болатын. Ауырып жүрсе де әзілдері қандай. «Обширныйдың обширныйын алған» шамасы, глубокий мен широкийден де асырып айтқан Садықбек Адамбеков ағамыз болар.

* * *
Көзіқарақты зиялыларымыз ұлы кемеңгер Мұқтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын уақытында қазақ халқы тарихының тұтас бір ғасыр кезеңін (ХІХ-шы ғ.) көркем суреттеген шығарма деп негіздеген еді. Кейін әдебиетіміздің алтын қорына Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер» және «Соңғы парыз» романдары қосылды. Бұл жолы зиялы қаламгерлер жазушының осы соқталы туындылары халқымыздың ХХ-шы ғасыр кезеңін тұтас көркем кескіндеген деп бағалады. ( «Жас Алаш» басылымынан).
Советтік дәуірде осындай еңбегі ерен дарындарды диссертация қорғатпай-ақ Ұлттық Ғылым академиямыздың мүшелігіне қабылдау үрдісі болған. Айталық, Ғ.Мүсірепов пен Ғ.Мұстафин. Кешегі күні Әбіш те сондай құрметке бөленді. Академияның толық мүшелігіне бірден-бір лайықты тұлға Ә.Нұрпейісов еді.
Ал кейінгі буыннан Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин әдебиет орбитасында дараланып танылды. Ойпырмай, бұлар неткен сарқылмайтын таланттар еді?! Қандай-қандай өрелі туындылар жазған?! Зерделеп көрсек, осы төрт алып қырық қатпарлы шығармаларында халқымыздың тұтас бес ғасырлық тарихын баяндап берген екен. Академия академиктері Мұхтарды өздерінің қатарына нақ бүгінгі тұста уақыт оздырмай Ғ.Мүсірепов айтқан алыптар тобына қабылдаса, бұл академия тарихында тағы бір айтулы оқиға болып қалар еді. Бұл марғасқалардың өздері бір-бір академия ғой.
Дәстүрді жалғастыра беру керек еді.
* * *
Гагарин адамзат тарихында бірінші болып ғарышқа самғағанда: «Земля, поклонись человеку!» деп біз де «самғадық». Сол уақытта бірде-бір орыс ақыны: Жер, сен адамға табын! – деп бүкіл дүние әлемге жар салып жыр жазған жоқ. Тек біз жаздық.
Ал бүкіл байтақ әлемді жайлаған халықтардың бәрі Жерді әлімсақтан кие тұтқан: сырқаттанса топырағына тәу етіп, жерұшық алған. Жер – анамыз деп қасиеттеген. Ал біз Жердің киесінен сескенбедік. Өзінің топырағынан жаралғандарға Жер не деп, не үшін табынады?!
Бұл орайда ақындар осылай шабыттанып шалқымаса, ақын бола ма деушілер де болар. Иә, шалқысын, шарықтасын! Дегенде жер бесіктегі барлық халықтарды да, ғарыш кемесін жасаған ғалымдарды да асырап, ғылыми-техникалық прогрессті дамытқан Жер жарықтықтың қазынасы емес пе! Адамзатты жабайылықтан құтқарған да осы Жер. Олай болса, біз Жерге қай бетімізбен табын дейміз?!
Біздің данышпан қаламгеріміз ұлы Мұхтар Әуезов: «Жер әңгімеші, жер әңгімеші болғасын ел әңгімеші. Жер – анасы, ел – баласы…» деген екен.
Адамзаттың және бір ақылман алыбы Рабиндранат Тагор: «Қа-
сиетті ұлы Жер, бас иемін өзіңе, ниетімді қабыл ал… О, ұлы Жер! Аспандағы бұлтқа ұмтылған сен бір мызғымас қорғансың» деп жырлаған. («О, ұлы Жер» деген өлеңі). Ал біз: Жер, сен адамға табын! – деп, ой, айдай әлемді озандаттық.
* * *
Жазушы болу да, ақын болу да қиямет. Жанын жәбірлеп, жүйкесін жеп жүріп жазады шығармасын. Сол шығармасымен өзін-өзі өзгелердің «құрығына» ұстап беріп, көптің талқысына түсіп жатады. Бұлардың әрқашанда бір ұйқысы кем; бір күлкісі де кем, мұңсыз-қамсыз демалып жайбарақат жүруі де кем. Шығарма толғақсыз тумайды. Дегдар дарындар – қоғам тынысының тамыршысы. Қандай жүйеде өмір сүрсе де, көңілі байыз таппай жүретін қиялилар. «Жазушы – қоғамның сүйегінен адамның жанын іздейтін бейбақ» деген екен Асқар Сүлейменов. Сөйтіп жүргендерінде, бұлар дүниенің ырғын қызығынан құр қалады; кейде одан саналы түрде бас тартып, өзінің жаратылыс болмысын тежейді.
Бұл қиялилар солай жаратылған. Шығармаларының кейіпкерлерін көптің ішінен іздеп жүріп табады. Тапқан жағдайда әйелі ұл тапқандай қуанады. Сосын ойдан қосқан кейіпкерлерімен бірге өмір сүреді. Өздері бір қызық кісілер – осы ақын-жазушылар. Бұлардың бір қылығына таң қалсаңыз, бір ісіне риза боласыз; ал, кейде бір қылығын ақылыңызға сыйдыра алмай еріксіз ойға қаласыз. Содан да болар, Абай айтқан көп бұлардың болмысын да, жазған шығармаларының астарын да көбіне түйсініп түсіне бермейді…

* * *
Жалпы, оқырман қаламгерлер туралы не ойлайды? Әлбетте, біреудің ойындағысын біреу біліп бола ма? Ақиқаты: қаламгерлердің жаратылысы былайғы пенделерге жұмбақ. Мадридке жолы түскен Эрнест Хемингуэй сондағы бір қонақүйде тұрып жатады. «Қан-
ішер», «Он үндіс», «Бүгін күн жұма» деген үш әңгіме жазады. Содан әрі шаршап, әрі тоңып отырған үстіне даяшы келеді. Ол жазушымен әңгімесі жараса келе одан не жазғанын қызығып сұрайды.
Э.Хемингуэй шаршап отырғанын, енді жатып демалғысы келетінін айтқанда, даяшы: «Ерунда! Неужели, Вы, Эрнест Хемингуэй, устали после каких-то трех жалких рассказов…» деген көрінеді.
Міне, осы гәптің өзінен-ақ жазушы деген кісінің жаратылысы, оның жағдайы туралы көптің не ойлайтынын, көркем шығарма табиғатын қалай түйсінетіні жөнінде шамалай беріңіз…
* * *
Шукшин қалай тауып айтқан?! Және нағыз эстетке тән астарлап әдемі айтқан: «Бір адам жазушы болуы үшін кемі жүз адам жазып көруі керек» депті сол ойшыл. Демек, жүз адамнан – бір жазушы. Рас, табиғат талантқа сараң. Шукшин соны меңзеген. Оның осы ойы біздің дана бабаларымыздың «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деген пәлсапасының дәл төбесінен дөп түскен. Сонда деймін-ау, жүздің тоқсан тоғызы орталарынан тек біреуін ғана оздыратын болғаны ғой. Мысалы деп айтсақ, өткен жүз жылда Сыр бойы қаламгерлері ортасынан дараланып тек Әбдіжәміл Нұрпейісов қана шыққан екен.
* * *
Бельфастқа жолаушылап барған армян жазушысы Вардгес Петросян қала тұрғындарының омырауынан жарқыраған күміс жетон көрген. Біреуін оның да омырауына қадайды. Сол жетондардың бетіне: «Жергілікті ақын-дарды аман сақтайық» деп жазылған екен.
Біздің дарынды бір қаламгеріміз Серік Асылбеков: «Қызыл кітапқа енген сирек жануарларды қорғағанымыздай суреткерлерді де қорғауымыз керек. Жан-жануарлар жоғалып кетсе, табиғаттың тепе-теңдігі бұзылады, ал суреткерлер сиреп кетсе, қоғамның адамгершілік ахуалы бұзылады…» деп орынды ескерткен. Расында, біз душар болған қазіргі қоғамның имани-адамгершілік ахуалының бұзылып, жеріне жеткенін көзіміз көріп отыр. Айналдырған ширек ғасырда иманнан безген жемқор елге айналдық.
* * *
Шыңғыс Айтматов бір сұхбатында: «Өз басым сапарға шығып, өзге жұрттың табалдырығын аттайтын болсам, әрқашан өзіммен бірге қасиет тұтып ала жүретін екі асылым бар. Бірі – «Манас» және Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы» деген екен.
Осылай деп жан жүрегін жарып айтқан Айтматовты, қоғамдық ситуация өзгерген тұста, мінеп-сынаушылар төбе көрсете бастады. Өздерінше болып-толғандар: «Айтматов – совет идеологтары дайындаған миф» деп ғайбаттады. (Тіліңізді кәлимаға келтіріңіз).
Ал біз білерде, олар кезінде Айтматовтың табанын жерге тигізбей көкке көтеріп жабыла мақтаған болатын. Оның «Жә-
мила» хикаясына еліктеп, солықтап, лирикалық шағын повестер жазғандарын да білеміз. Жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші жылдары «Адамзаттың Айтматовы» деп пір тұтқандар да болды.
Дәуірінің заңғар жазушысы болып жаралған Айтматовты өйтіп бекерге ғайбаттағанша, олар оның туындыларын көркем әдебиеттің бетін енді-енді ашуға талпына бастаған балауса таланттарға ұғындырып насихаттай берсек, одан ұтпасақ ұтылмас едік-ау.
* * *
Италияның сыншы-жазушысы Джермането 1938-ші жылы Алматыға келіп қайтқан екен. Жазушылар одағында өткен жүздесуде жыр дауылпазы Иса Байзақов та болған. Арқалы ақынның жыр қанатына мінгенде шырқап шыңға шығып кететін лапылдаған албырттығы «анық басып, ақырын жүретін» сергек ойлы еуропалықты ойландырса керек. Мұхтар Әуезовке: «Сізді және мынадай асқақ ақынды жаратқан халқыңызға рахмет» депті. Және Исаға әдейі бұрылып, ілтипатпен: «Сіз денсаулығыңызды сақтаңыз. Сіздің саулығыңыз халқыңыз үшін, дәуіріңіз үшін өте керек» деп әлсін-әлсін айта беріпті.
Кейін, арада екі жыл өткенде, 1940-шы жылы, қайран ақын 40 жасында қайтыс болып қыршын кеткен. Көлденең келген көк аттының кім болғаны? Әулие ме, көріпкел ме… Аллаға аян.
* * *
Алматыда, студенттермен кездесу кешінде бір қыз Бауыржан Момышұлына: «Ағай, сіз кейінгі кездері махаббат туралы неге аз жазатын болдыңыз?» деп сұрақ қойған ғой. Содан батыр Баукең: «Мен де қыздарға арнап өлең жазғанмын. Кітаптарымда да махаббат жайында жазылған… Әттең, қайтейін, енді бұл күндері түнгі сағат он бірден кейін махаббатты «жазу» менің қолымнан келмейтін болды…» депті.
Түнгі сағат он бірден кейін…
Мінекей, жетесіздің әлгіндей сұрағына батыр жазушының қайтарған жауабы. Көптің көзінше тірілей өлтірген. Қыз бала әкесіндей адамға сондай да сұрақ қоя ма екен.
Қаламгерлердің жастармен кездесулерінде талай рет куә болғанбыз. Қыздардың көбіне бірінші қоятын сұрағы әлгіндей алғашқы махаббаттан бастайды. (Қымсыну деген жоқ). Басқа сұрағы болса, оны да қояр еді-ау, алайда кездесуге келген қаламгердің шығармаларын оқымаған.
Айтарыңыз не, көркем шығармаларды оқымайтын, кімнің кім екенін білмейтін, а десең б дейтіндердің қарасы жыртылып айырылып барады. Олар кітапты қайдан оқиды, алдымен атасы мен әжесі, әкесі мен шешесі оқымаса…
Не керек, өздері кітап оқымайтын, бірақ кітап оқымаса да, жарыса қағаз қаралайтын немесе біреуге өзінің артынан кітап жаздыртып алатындардың заманы дәуірлеп тұр.
* * *
Жорж Полити әлем әдебиетінде қайталана беретін оқиғаларды зерттеп, санап шыққанда, небәрі 36 оқиғаның қайталанатынын анықтаған. Тағы бір зерттеуші әлем әдебиетінде кездесетін фольклорды жинақтағанда, ертегілердің бір елдің әдебиетінен екінші, одан үшінші, одан тағы бір елдердің әдебиетіне көшіп жүретін 1021 оқиғаның кездесетінін дәлелдеген.
Комиссар Мэгрэ туралы романдар сериясын жазған Жорж Сименонның үш Отаны болған: өмірін Голландияда бастаған, Парижде тұрған, Белгияда дүние салған. Бірінші романының қолжазбасын баспаға 1929-шы жылы тапсырған. Қолжазбамен танысқан баспагер: «Енді осындай 12 роман жазып берсең» деп өтінген. Демек, қолжазба ұнағаны ғой. Жорж сол кезде 27 жаста екен. Баспагерге 18 роман жазып берген. Бәрі де жарық көрген, жұрт бәрін де қызығып оқыған. Ой қиялынан сөз саулаған қаламгердің жылына 2 романнан беріп отырғаны-ау?!
* * *
А.П.Чехов 500 әңгіме жазып, 8 мың кейіпкер образын бейнелеген. Жапон жазушысы Акутавага Рюноске 150, қазақ әдебиетінде Дүкенбай Досжан жүз әңгіме жазған. Небәрі 43 жыл, 3 ай 10 күн өмір сүрген Бейімбет Майлин 5 роман, 17 хикая, 18 поэма, 24 пьеса, 100-ден аса өлең, сол шамада әңгіме, 150-дей фельетон, қырық-шақты очерк, 2 сценарий, 2 либретто, 700-ден аса мақала жазып қалдырған.
Ғабит Мүсірепов: «Қозы Көрпеш – Баянды» 15 күнде, «Ақан сері – Ақтоқтыны 12 күнде, «Оянған өлкені» 8 айда, «Ұлпанды» 2 айда, «Қазақ солдатын» 45 күнде, «Кездеспей кеткен бір бейне» повесін бір айда жазып бітірдім» деген екен.
Мұхтар Әуезов жарық дүниеде 63 жыл, Ғ.Мүсірепов 84 жыл ғұмыр кешті. Ал екеуінің артына қалдырған шығармаларын салыстырып көріңіз. Ғ.Мүсіреповтың жазғандары М.Әуезов мұраларының ширегіне де келмейді.
Тегінде, философ Т.Х.Рысқалиевтің: «Адам – жұмбақ, бұл дүниеде адамнан қиын мәселе жоқ» дегені рас-ау…
* * *
Атақты Гёте мансапқор болыпты. Ол төрт министрлікті басқарған. Қорғаныс министрі де болған. Ал Иван Андреевич Крылов Петербургтың көпшілік кітапханасында тастабандап отырып 30 жыл кітапханашы болған, атаққа, мансапқа қызықпаған.
Академик Конидің суық жүрісті Розалияға байланысты айтқандары Л.Н.Толстойдың «Арылу» романына арқау болған. Қазақ халқының ұлы ақыны Қадыр Мырза-Әлі: «Бердібек Соқпақбаев Мәскеуден оқып келгесін (М.Горький атындағы дүниежүзілік әдебиет институты) бұрындары жазғандарын қайтадан жазып шықты» депті естелігінде. Міне, ар алдында адалдық! Асқан жауапкершілік.
* * *
Фариза… Фариза қыз… Оның көзі тірісінде ақындар оған арнап жыр жазды. Сазгер ән шығарды. Әдеби орта талантын танып құрметтеді. Жырқұмар қауым ақын қызды ардақтап әлпештеді. Өткен жиырмасыншы ғасырдың сексенінші жылдарында советтік одақтың «Правда» газеті оны ұлы ақындар санатында атады.
Иә, ақиқатында ол әдебиет айдынында өзінің жеке желкенін құрып өрге жүзген күнінен жырсүйер жұртын жалықтырмаған ақындарымыздың бірі болып өтті дүниеден. Төл әдебиетіміздің мерейі мен абыройына адалдық осы ақынның айнымас жан серігіне айналды. Ол жарық дүниеден тек жыр серігін іздеді, басқа серік іздеген жоқ. Жанкешті еңбегімен қазақ поэзиясының қасиетті құзырына өз жаңалығын ала келді, оқырмандарын иландыра да алды. Оның жаңашылдығы: базбір әріптестеріндей көлгірсіген жыр жаза алмайтындығында, абыздың жасын жасаған философтай терең ойшылдығында. Мелодрамалық жырға бұл ақынның жұлдызы қарсы туған. Айтарын неде болса көптің жүрегіне от тастап, қыбын қандырып айта алды. Оның өршіл жырлары бізді кейде сонау алыс ғасыр төрінен Сыпыра жыраудың уыз батасы мен Махамбеттен мандат алғандай әсерге бөлейді.
Еуропада ең мәдениетті жұрттан саналатын француздардың бүгінгі ұлттық тілі XV-ші ғасырдың аяғында қалыптасқан екен. Ал сол кезде туған қазақ жырлары төгіліп тұр ғой, төгіліп! Фариза жырларын індетіп отырсаңыз, бізді сол үлгіге: бабаларымыз салған сүрлеу – Сыпыра жыраудан басталған ұлы сарынға алып барады.
Замандастарының алқасында «Поэзия падишасы» атанған оған Ғабит Мүсіреповтың берген бағасы бар. «Фариза өзі біліп түскен, қалап алған ауыр жолда, өмірлік ұзақ жолда сенімді екенін барлық еңбегінде дәлелдеп келеді. Ол поэзиясының тақырыптарын, іші мен тысын тұтас ойлай алатын ақын» депті. Расында, бірқатар белгілі ақындарымыздың жырларында кездесетін камералық әуендер Фаризада сирек. Оның туындыларын зерделеген сыншы эпикалық кең тынысты сарындарға қаныға түсер еді.
* * *
Көркем әдебиетіміздің және бір марғасқасы Әбіш Кекілбаев ылғида менің ойымда жүреді. Өкінішке қарай, біздің кейбір оқырмандарымыз Әбіштің сөйлемдері оқуға ауыр, – деп жатады.
Шынында, жазушының кейбір сөйлемдері 170 сөзден асып, 200 сөзге дейін шарықтайды. Дегенде, ондай сөйлемдер Әбіште анау айтқандай тым көп те емес. Ұлы жаратылыс Әбішті телегей теңіздей ой толқындарымен сомдап жаратқан. Нені жазса да басынан аяғына дейін ой ағынымен жазады. Оқырманға сөйлемдерінің сала құлаштай болып әсер ететіні де содан.
Ал Әбіш қаламын неғұрлым ұзағына сілтеген сайын ой ағыны да жосылып отырады; жосылып шарықтаған сайын зердеңе сорғалап құйылады; сорғалап құйылған сайын зерделі оқырманды шыңырау иірімге тартар тереңдігімен де, көңілдің көкжиегін аршындырар кеңдігімен де баурап алып, ойландырып толғандырады.
Міне, Әбіштің талант қуаты осындай!
Қазақ әдебиетінің классигі, ерек психолог дарын Тахауи Ахтанов уақы-тында: «Әбіш – Әуезовтің жалғасы» деген болатын. Дәл бағасы!
* * *
Өмірден 56 жасында озған режиссер Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» фильмі экранға 1963-ші жылы шыққан еді. Содан бері көріп келеміз. Қанша көрсек те жалықтырмайды; көрген сайын көргің келе береді. Қызығы, сол фильм балалардың да жүрегін жаулап алған. Енді бүгінде сол Қожа бала десе, немерелер мен шөберелер де телеэкран алдында отыра-отыра қалады. Сосынғы бір ғажабы, фильмді көргеннен кейін үй ішінде кәдімгідей бір көңілді аура пайда болады.
Біз режиссердің Қожадан басқа «Алпамыс мектепке барады», «Балалық шаққа саяхат», «Балалық шақтың кермек дәмі», «Жүйрік болсаң озып көр» және «Даладағы қуғын», «Біздің Ғани» фильмдерін де жібермей көргенбіз. Осы киноларын теледидарға жылда шығарып тұрса, әлі де жалықпай көре берер едік.
Өнер адамдары қатарында да суыққолды теріс ниеттілер болады екен. Ресейлік бір режиссер Абдолланың «Біздің Ғани» фильмін Канн фестивалына иесінің сыртынан ұсынып жіберген. Ал «Режиссердің шеберлігі үшін» деп берілген жүлдені Абдолла өмірден білмей өткен. Марапатты әлгі режиссер пайдаланып кеткен.
«Қыз Жібек» фильмін түсірген Сұлтан Қожықов Абдолланы «Қазақфильмнің» құты» дейді екен. Өзі де «Қазақфильмнің» құты еді ғой. Енді айтып-айтпай не керек, біз Шәкен Айманов,
С.Қожықов, А.Қарсақбаев, Мәжит Бегалиннің кезіндегі «Қазақфильмнен» адасып қалдық.
* * *
Халқымыздың қалаулы данагөйі Ғабиден Мұстафин кезінде: біз ұзақ уақыт бойы ұлтшылдықпен күресіп келдік, ендігі жерде ұлтсыздықпен күресетін болайық, – деген көрінеді. Ал уақытында атағы жер жарған тағы бір ардақтымыз Бауыржан Момышұлы: «Ұлтшылдық – оңбағанның соңғы жатағы» деген екен.
Бауыржан батырдың қандыкөйлек досы Д.Ф.Снегин: «Бауыржанның ұлтшылдықты жеккөретіні сондай, оны сатқындықпен бірдей көретін» депті естелігінде. Ал майдан жорығында айдай әлемді ерлігімен таң қалдырған Баукеңді орыстың алкеуде шовинистері «националист» деп жазғырды. Батыр атағына ұсынылған құжатты жетер жеріне жеткізбеді…
Енді бәрі өтті, кетті, тынды. Тек, сол Снегин жауынгерлерін ұрысқа 207 рет бастап кірген, 5 рет қоршауда қалып бәрін де бұзып өткен, 7 рет жараланып, 3 рет ауыр контузия алған досы Бауыржанның интернационалист екенін біле тұра, оның ұлтшылдығы шовинистік үстемдікке қарсылықтан болғандығын неге атап көрсетіп жазбады екен?! Ал бізде Ғабиден Мұстафиннің өсиетіне қарсы ұлтсыздық синдромының тұманы сейілер емес.
* * *
Тіл мамандары А.С.Пушкиннің сөз қоры – 21197, Мұхтар Әуезовте – 16983, Байронда – 15 мың сөзден тұрады деп пәтуаласқан. Ал Г.Бельгердің айтуында қазақ халқының сөз қоры неміс халқының сөз қорынан анағұрлым басым екен. Осыдан кейін қазақтың тіліне мін тағып кемсітетіндер не демек?
Ал байтақ Қазақстанда құдды Ресейдегідей үстемдікке ие орыс тілінің сөз қоры қаншалықты екен? Оны нақты айтуға жүрек дауаламайды. Тек бір ғана мысал: орыстың «вид» деген бір сөзіне қазақтың сөз қорынан бірнеше баламасын келтіруге болады. Айталық: түр, кескін, сиық, сымбат, нобай, нұсқа, көрік, әлпет, шырай, рең, ұсқын, айбар, кейіп, ажар, мүсін, пішін, бейне, сын, өң, көрініс. /А.Машанов сөздігінен/.
Сонымен барлығы қанша болды? 21 екен. Бір «видке» 21 балама сөзіміз бар. Осыдан кейін әлде-кімдердің айтып жүргеніндей, қазақ тілін жұтаң деп көріңіз. «Сиқын-ай», «сұрқының жаманын-ай» немесе «сыры кетсе де, сыны кетпеген» деп қысылмай еркін сөйлей бересіз.
* * *
2004-ші жылы (20-21 мамырда) Сыр бойында күй тартудан республикалық өнер жарысы өтті. Бұған дейін болмаған оқиға. Жарыс ұлы күйші Қазанғаптың 150 жылдығы құрметіне арналып ұйымдастырылды. Осы айтулы оқиғаға еліміз домбырашыларының бәрі бірдей келе алмапты. Астана, Алматы, Талдықорған, Шымкент, Орал, Сыр бойының өрен жүйріктерімен дидарластық. Барлығы 20 күйші келіпті. Атырау, Ақтау күйшілерінің неліктен келе алмағанына қынжылдық.
Күй сайысы шабытты басталып, шырқау биігінде аяқталды. Бірінші күні 80, екінші күні түске дейін 50, түстен кейін 36 күй тыңдадық. Қызылордалықтар екі күн бойына қалалық мәдениет үйінің зәулім залын босатпады.
Күй – қазақтың жаны ғой, елімізді әлемге әйгілейтін паспорты емес пе! Итальяндар дүниеге операсымен, орыс жұрты балалайкасымен әйгілі болса, қазақ елі өзгелерге күйімен танылып, еліктірген. Қазақтың күйі мен жыр сарынына дүниеде таң қалмайтын жан жоқ. Иә, несін айтасыз, сол жолы болған күй сазынан бойымызды құштарлық билеп, құдды ғарышқа ұшып, көкке көтеріліп кетердей сергіп, серпіліп, көл-көсір бал сезімге мелдектеп, жанымыз жасарып қайттық үйімізге. Алған әсерімізден көпке дейін арыла алмай жүрдік.
Беу, дүние, қазақтың қоңыр үнді домбырасы-ай, адамның жанын жадыратып жіберетін бір ғажап қасиетің бар-ау, сенің!
Ілгеріде Сібір жұрты жүз адам болып балалайкамен өнер көрсетіп тұратын. Сол дәстүр қоғам өзгергенде ұмыт болды. Бізде күй жарысының шымылдығы елімізде бірінші болып түріліп еді. Енді жалғасын күтіп жүрміз. Сыр өлкесінің өзінен де бірыңғай жүз домбырашы шығарып концерт беруге де мүмкіндігіміз бар ғой.
Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ
ПІКІРЛЕР1