…Амандығын тілеумен Алашымның…
30.06.2017
1227
0

Қайрау
Кеудемде шыбын жан барда,
Бойымда қуат – әл барда,
Жылдардың жүгін елемей,
Созамын қолды заңғарға!..

«Елеске кеткен еріп құр»,
Демессің неткен желік бұл.
Жаятын кеңге қанатты
Дер кезім, достым, келіп тұр.

Құрса да билік егделік,
Құпия бір күш дем беріп.
Жиырма бестегі жігітке
Өзімді тұрмын теңгеріп.

Тамырда мынау ұйып қан,
Қалды артта күндер бұйыққан.
Даңғылға түсті ой-сана,
Жұлқынып шығып тұйықтан.

Қағады енді беттен кім?
(Сабағы көп қой өткеннің…).
Жанады бағы қашан да,
Ел үшін еңбек еткеннің!

Көз салсаң, көз сал алысқа:
Әлемнің шегі ғарышқа.
Сәтсізді сүймес өмір бұл,
Жарысқа түссең, қалыспа.

Қиялға берме бір тыным,
Мазасыз өтсін күн-түнің.
Дүние қызыл түлкі ғой,
Құлыпта болсын құлқының…

Өмірден күтпе тыныш жай,
Шынықсын денең құрыштай.
…Кездессе жауыз, жасқанба,
Қиып түс өткір қылыштай.

Қасиет қанша адамда!
Жарқылда, жайна, жалаңда.
Ез емес, нағыз ер керек
Қатыгез мына заманда!

Өмір
Аяқасты қалмаса егер жаншылып,
Өскен жерден көрмесе егер таршылық,
Жыл артынан жылдар өте келгенде,
Бәйтерекке айналады талшыбық.

Адамдар да сол үрдіске бағынар,
Жалған дүние кеңір, бірде тарылар.
Тірлік кешкен жұмыр басты пенденің
Маңдайында бақ пен сордың табы бар…

Шақырқанда құпиялы шартарап,
Болу керек биік мақсат, нар талап.
Өмір атты ұлы жолдың үстінде
Келеміз біз бойға шақ жүк арқалап.

Біреулердің жолы ашық болады,
Бақыт құсы басына тез қонады.
Біреулерге тасыр тағдыр бұйырып,
Толмай жатып, көк күйінде солады.

Неге, неге, үсті-үстіне неге деп?
Өз-өзіме сұрақ қоям шегелеп.
Жауап таппай, аңтарылып отырам,
Бұл өмірдің құбылысы керемет!
Біреулердің ойлағаны – жақсылық,
Біреулерде бұл қасиет – тапшылық.
Бес саусағың бірдей емес қолдағы,
Мәлім жайды қайтем сыртқа ап шығып.

Қатарластың шықса титтей атағы,
Ішітардан ұйқы мүлдем қашады.
Қызғаныштың қызыл итін жүгіртіп,
Топылдатып тасадан тас атады.

Бізді қоршап жүрген жоқ қой жұрт ерен,
Көктен түсе қалмас жандар кіл терең.
Қазекеңдер сонау өткен заманда
Абайға да қамшыларын сілтеген…

Жарық пенен қараңғылық алмасып,
Тұрғандайын екі дүние арбасып…
Ей, пенделер, қайда кетіп барамыз,
Шайтан өрген ат жалына жармасып.

…Сап, сап көңілім, сабаңа түс, тежелгін,
Өскен – өнген ортасынан безер кім?..
Қызығы мен шыжығы мол өмір ғой,
Таусылмасын, таусылмасын келер күн!

Ақжарма
Бала емеспін көнетін алдағанға,
Дана емеспін шырақ боп жанған алда.
Жанын тербер тектінің жырым қалар,
Өтіп кетсем өмірден алда-жалда.

Достарым бар басымды сыйлайтұғын,
Ғайбат айтқан сөздерге қимайтұғын.
Дұшпаным жоқ, бар бірақ қызғаншақтар
Жинайтұғын өтіне удай түйін.

Ғұмыр кештім күліп те, күрсініп те…
Ғұмыр кештім кішік боп, дүрсініп те…
Алда емес, артта да емес – ортадамын
Жақсы-жаман бір жүрген тіршілікте.

Арманшылмын – қат-қабат қиялым көп,
Шашты ағарттым елесті қуамын деп.
Пайдам тисе біреуге, білер өзі,
Ал ешкімге тигізген зияным жоқ.

Шүкіршілік, ұрпағым өсіп-өнді,
Өсіп-өніп, адамзат көшіне ерді.
Пеш түбіне тығылған шал емеспін,
Келем әлі теріп жеп несібемді.

Басымызда заман тұр аласүргін,
Аласүргін заманда аласұрдым.
Күн батырып, келемін таң атырып,
Амандығын тілеумен Алашымның!

Айтқали НӘРІКОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір