Ол кез бен бұл кез
Қазіргі заманда ата-ана болу бұрынғы жылдармен салыстырғанда, әлдеқайда қиын. Бүгінгінің баласы бұрынғыға ұқсамайды және оған бұрынғы тәрбие үлгісі аса ықпал ете қоймайды. Бүгінгінің баласы үлкеннің аузынан шыққан әр сөзді ұдайы дұрыс деп қабылдай бермейді. Үлкеннен именіп, өз ойын бұғып қалатын бала да аз. Бесіктен белі шықпаған уақыттан бастап, бала біткеннің көңілін аударатын дүние көп болғасын да олар әрнәрсеге қызығып, ой-өрісі жылдам дамиды. Өзінше ой түйеді, айналадағы құбылысты әке-шешенің танымы арқылы ғана емес, өзінше қабылдайды. Бұл – ұл бала үшін әке, қыз бала үшін шеше ұстанымының ылғи да идеал болмайтын жағдайға әкеліп отыр.
Бұрынғы ата-аналар қазіргі ата-аналармен салыстырғанда әлдеқайда сабырлы, өз балаларының алдында ықпалды болса, бүгінгі ата-ана күйгелек, балаларының алдында бұрынғыдай ықпалды болмай қалды. Бұдан қазіргі балалардың ата-анаға деген құрметі сейілді деген пікір тумаса керек, тек қазіргі жастардың үлкенді құрметтеу туралы түсінігі бөлек.
Қазіргі ата-аналардың бұрынғы ата-аналарға қарағанда балаларының жүріс-тұрысына, киген киіміне, жеген тамағына көп көңіл бөлетініне қарап, олардың ұрпағына деген сүйіспеншілігі өте күшті деп ойлауға болады. Алайда, ол сүйіспеншіліктің бала жанына үңілуде көп көмектесе алмай қалатыны бар. Тиісінше, қазіргі отыз бен қырық жас арасындағы азаматтардың аузынан әке-шешелері оларды бүгінгі ата-аналардай өбектемегенін жиі естиміз. Ол кездегі әке мен бала, шеше мен қыз бүгінгідей емен-жарқын сөйлеспесе де бірін-бірі жақсы түсінгені рас. Ол кезеңдегі әкелер мен балалар арасындағы қарым-қатынас емен-жарқын әңгімеден гөрі отбасы мүшелерінің өздеріне тиесілі міндеттерін қалтқысыз атқару арқылы жүзеге асқандай көрінеді. Әр отбасындағы әкелер мен балалардың, шешелер мен қыздардың арасындағы қарым-қатынас дәуір мен дәуірдің, заман мен заманның арасында үздіксіз жалғасар тынысы кең диалог іспетті. Бұл диалогтан әлеуметтің бейнесі мен қоғамның тынысын, онда өмір сүріп отырған әр заман өкілінің көзқарасын білуге болады.
Нарықтық қатынас орнаған алғашқы жылдары ата-ананың бала алдындағы міндеті оған ішіп-жемі мен киер киімін тауып берумен шектеліп қалғандай болып еді. Ал бүгінгі заман ата-анадан тек материалдық қажеттіліктерді өтеуді ғана емес, өмірге әкелген ұрпағын заман ағымына икемді етіп тәрбиелеуді, жол көрсетуді, бағыт беруді талап етеді. Жаңа заманның көшіне ілесетін бала тәрбиелеу үшін ата-ана да бала қызығатын дүниеге мән беріп, балаға ұнаған салаға үңілуі тиіс. Бұл үрдіске байыптап қарай қалсаңыз, бүгінгі қоғамда бала ата-ананың талабынан шығуға емес, баласының заман талабына сай, қоғамның толық мүшесі болып қалыптасуы үшін ата-ана баланың талабынан шығуға тырысып келе жатқандай. Әрине, бұл ретте баланың бойындағы білімін шыңдап, қабілетін ашуды тиісті орындарға тапсырып, сол орындардағы мамандарға ақша төлеумен шектелетін қоғам мүшелері де баршылық. Бір қызығы бала тәрбиесі туралы көп айтылып, ұрпақ өсіру жолында көп әдіс-тәсілдер пайда болған сайын дәрігерлерден депрессия мен үрейді жеңуге арналған дәрілер алатын балалар саны көбейіп келе жатыр екен. Әрі адамзат баласы баланың өсіп-жетілуі туралы көп мәлімет білген сайын қиын балалар қатары арта түскен сыңайлы. Бұрынғы уақытта ата-ана болу табиғаттың өзі берген қалыпты үрдіс болып саналса, қазір ата-ана болу үлкен жауапкершілікке айналды. Қазіргі бала ата-анаға өзін дүниеге әкелгені үшін, яки үлкен болғаны үшін ғана құлақ аспайды. Атаның сөзі балаға әсер етуі үшін әке ісімен де, сөзімен де балаға үлгі бола білуі керек. Ғаламторды аша қалсаңыз, жақсы ата-ана болудың жолын көрсететін алуан түрлі тәсілдерді көресіз. Баламен қалай сөйлесу керек, оның сұрағына қалай жауап беру керек, яки оның кітапқа қызығушылығын қалай арттыру керек, тігін үйрететін кеңестер көп. Мұндай кеңестерге бүгінгі қоғамда қанша ата-ана құлақ асып, қандай нәтижеге жетіп жатқаны беймәлім… «Баланы тәрбиелеу үшін алдымен өзіңді тәрбиеле» деген тәмсілді басшылыққа алатын ата-аналар да өз ұстанымдарының дұрыстығын алға тартады.
Психологтардың пікіріне құлақ түрсек, ата-ана болудың сыры – әке мен шешенің істеген ісіне емес, бала үшін кім бола алатынына негізделетін көрінеді. Сонымен қатар, бала ата-анадан жақындық пен жылу іздегенде ата-аналардың көпшілігі балаға тәрбиеші, мұғалім, кеңесші немесе жұбатушы, үлгі алушы адам болып шығады екен. Мамандар ата-аналарға балаға тек нұсқаушы болмай, олардың ата-анаға бауыр басуына жағдай жасаңыз дейді. Ал бауыр басу үшін бала әке-шешесінің қасында ұдайы болуы керек. Ал бүгін ата-ананың көпшілігі жұмысбасты болғандықтан баланың жайына ұдайы көңіл бөле алмайды. Дәл осы жұмысбастылық ата-ана мен баланың арасын алшақтатып салдарынан әке мен баланың арасында айтылар ортақ әңгіменің сейілуіне әкеп соқты. Әңгіме болмаған жерде әке мен баланың бір-біріне бауыр басуы екі талай. Осы ретте әке мен баланың қарым-қатынасына қарағанда шеше мен қыздың арақатынасы жақсы екеніне көз жеткізесіз. Өйткені, шеше мен қыз үй шаруасын қатар атқарып жүріп жиі әңгімелеседі. «Бала – ата-ананың айнасы» деген сөзді де психолог мамандар жиі айтады. Егер ата-ана балаға компьютердің алдында жиі отырма, телефонға көп қарама деп айтып алып өзі осы нәрселерден бас тартпаса бұл талаптан ештеңе шықпайтынын алға тартатын да осы мамандар. Ата-ана болу үшін адамдар бұрындары мұндай әдіс-тәсілдерге жүгінбейтін. Қазақтың «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген сөзі осы ата-ана болудың жүйесін жасап қойғандай. Бұл сөз әлі де өз мәнін жойған жоқ, тек басқаша, жаңа заманға сай тәпсірленіп жүр десек қате болмас. Бүгінгі ата-ана да бұрынғыдан көп өзгерген жоқ. Тек, жалпы адамгершілік принциптерін ұрпақ бойына дарытумен қатар, балаларын жаңа заманның көшіне ілестіру жолында бұрынғыдан гөрі талапшыл бола бастағандай. Ал балаға талап қоймас бұрын ол талаптың үдесінен өзі шығу үшін, әр ата-ана өзінше іздену үстінде.
Назым ДҮТБАЕВА.