«Үлкеннің жүзіне бергенше…»
Баршаға белгілі тәмсіл – тағылым алу, білімге ұмтылу кітапта. Ал әлеуметтік желілер, ғаламтор, қалта телефон, смартфон қаптаған бүгінгі кезде бала кітап оқи ма? Оқиды, болмаса оқымайды деп тұжырым жасау шындыққа қиянат. Кітап оқитын балалар бар. Олар бастауыш сыныптан-ақ ертегі, әңгіме жинақтарын оқуға дағдыланған оқушылар. Өкінішке қарай, қаршадайынан кітапты серік еткен, уақытын бөліп, одан сусындаған балалар аз.
Баланың кітапқа үйірсектігі отбасынан, ата-ана тәрбиесінен бастау алуы тиіс. Қажет болса, оны кітап оқуға мәжбүрлеу керек. Бүгінгі әке-шеше түнгі ұйқы алдында баласына ертегі оқи ма?! Көкірегі ояу, көзіқарақты ата-әжесі ғана оқыр. Жас отбасының бәрі бірдей балаларымен, немере-жиендерімен бірге тұрмайды ғой.
Жастайынан кітап оқып дағдыланған баладан ертеңгі күні интелектуал жақсы маман шығары ақиқат. Дерек көздеріне сүйенсек, бастауыш сыныптан кітап оқып үйренген бала, ер жеткенде үлкенді сыйлайтын, мәдениетті, отаншыл, патриот азамат болатын көрінеді. Олар және шылым, есірткі, арақ-шарап сияқты дертке жуымайды екен.
Кітап дүкендеріне барсаңыз, көрші Ресей елінің Мәскеу,
Санкт-Петербург қалаларынан шыққан, түрлі-түсті бояулармен керемет безендірілген балаларға арналған кітаптарды көріп, үлкендердің өзі қызығады. Бізде де жақсы кітаптар жоқ емес. Өкінішке қарай, олар өте аз. Ал Мәдениет және спорт министрлігінен, мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың тиражы небәрі екі мың дана болуы себепті, тек Астана, Алматы қалалары мен облыстардағы кітапханаларға ғана тегін таратылады. Яғни сатылымға, кітап дүкендеріне түспейді.
Биылғы наурыз айында, 2016 жылдың әдеби жыл қорытындысы өткен алқалы жиналыста, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Н.Оразалиннің аузынан, алдағы уақытта мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітап таралымы 5000-ға дейін көтеріліп, көркем әдебиетке қаламақы төлеу мәселесі толық шешім табады деген жақсы жаңалық естіп, қуандық.
Республикалық газет-журналдар мен радио-телевизиядан кейінгі уақытта: «Балалар әдебиеті құлдырап барады, шығып жатқан кітаптардағы өлең, мысал-әңгімелердің дені «еденді жу», «сабақты жақсы оқы», «тәртіпті бол», «көк шөпті жұлма», «жалқау болма» сынды құрғақ үгіт-насихат түрінен аспай жатыр деп жазады. Бұл сөзге мен де қосылам. Айтты-айтпады, балалар тақырыбына қалам тартып жүрген қаламгерлер бала жанын мөлдірлікке, адамгершілікке, ізгілікке, отаншылдыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелейтін жақсы шығармалар жаза алмай жүрміз. Жақсы кітап қашан да оқылады және сұранысқа ие болады деп сеніммен айта аламын.
Балалар әдебиеті – қиын шығармашылық. Үлкендерге арнап жазу бір басқа, ал мұнда сіз дүниеге ең алдымен баланың көзқарасымен қарауыңыз керек. Бала болып ойлап, бала тілінде сөйлеуіңіз керек! Сол үшін де балаларға арнап жазатын қаламгерлер саусақпен санарлық.
Қазақтың көркем әдебиеті – қазақтың рухы, жаны, қаны!.. Тіл үйренудің үлкен мектебі!.. Әдебиет – адамтануды ғана емес, адам болып қалуды үйрететін ұлы өнер. Достоевский бір сөзінде: «Мен адам болып қалғым келгендіктен өмірімді әдебиетке арнадым», – деген екен…
Әйткенмен, құр шөппен
ауызды сүрте бермейік. Кейінгі жылдары «Аруна», «Фолиант», «Алматы кітап», «Шикули и К», «Балауса», «Балалар әдебиеті» баспаларынан бала талғамына жауап беретін әдемі кітаптар аз болса да шығып жатыр. 2015 жылдан бастап «Атамұра» баспасы, «Атамұра мектеп кітапханасы» сериясымен хәкім Абай, Ы.Алтынсарин, М.Әлімбаев, Т.Жексенбай, Т.Айбергенов, О.Асқар, Ескен Елубаев, С.Қалиұлы, К.Сегізбайұлы, Б.Жақып, т.б. танымал балалар қаламгерлерінің кітаптарын шығарды. Бұл үрдіс жалғасын табады деп ойлаймыз.
Бір таңқаларлық жағдай, бізде балаларға арналған кітаптар жас ерекшелігін сақтамайды. Бұрын балаларға қатысты көркем әдебиетті арнайы ашылған «Жалын», кейінірек «Балауса» баспасы шығарып тұрды. Ол кезде бұл баспаларда Қастек Баянбай, Ермек Өтетілеуов, Қаржаубай Омарұлы, Байбота Серікбаев сияқты маман редакторлар қызмет істейтін. Олар шығармалардың қыр-сырын жақсы білетін. Өздері өлең, әңгіме, ертегі, хикаят жазып, елге танымал ақын-жазушылар болғандықтын, оқырманға, әсіресе, балаларға баспадан шикілі-пысылы өнімдерді жібермеуге күш салатын. Әр қаламгердің кез келген шығармасы жанашыр қолдан өткеннен кейін, кітап болып басылатын. Шығармалық кеңестер осы бағытта жұмыс істейтін. Балаларға арналған кітаптар мен кітапшаларға сурет салатын, оны безендіретін суретшілердің де баспада шығармашылық кеңесі болатын. Осындай жұдырықтай жұмылған ұйымдастыру жұмыстары, биік талғам, көбінесе өз жемісін беріп жататын.
Ақиқатында, балалардың жас ерекшеліктері, ойлау-қабылдау қабілеттері қатаң ескеріліп, кітаптар жүйелі түрде, серия-серия бойынша, мектеп жасына дейінгі балаларға деп, бастауыш сынып оқушыларына деп, орта сынып, жоғары сынып оқушыларына деп шығарылуы керек.
Балалар әдебиетінің өзіне тән ерекшеліктерін ескермесе болмайды. Өйткені, ол жас ерекшеліктеріне орай сәбилер әдебиеті, бүлдіршіндер әдебиеті, орта буын-жасөспірімдер әдебиеті, жеткіншектер әдебиеті деп бөлінеді. Мәселен, әлі тілі шықпаған сәбилердің әдебиеті олардың жан-жануармен, табиғат көріністерімен таныстырудан басталса, бүлдіршіндер әдебиетінде олардың қабылдауына лайықталған қызықты, шағын сюжеттер көркем түрде айтылады. Әр жастағы балалардың қабылдауына байланысты өлең-әңгімелердің сөздері қанша буыннан, сөйлемі қанша сөзден құралуы тиіс, осының бәрі ескерілуі тиіс. Қарапайым бұл қағиданы білмейтін автордың жазғандары жас оқырманға түсініксіз болады.
«Қазаншының еркі бар…» дейді қазақ. Бұл тәмсіл барлық жерде бірдей жүрмейді. 2015 жылы Алматыдағы «Эксклюзив КА» баспасы жас жеткіншектерге арналған «Бәсіре» атты екі томдық кітап шығарды. Бұл жинақта біраз жаңсақтық кеткен. Осы жолдардың авторының, «Тәкаппар піл» атты ертегісін Сейітқұл Оспановтың, Гүлзат Шойбекованың алты әңгімесін Марат Құлдибайұлының атына жазған. Баспа басшыларына телефон шалып, қателіктерін айтқанша ештеңе білмегендей тым-тырыс жатып алды. Қайыра-қайыра хабарласқан соң ғана «техникалық жағдайға байланысты қателесіппіз» деген мағынада «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» апталығы арқылы шағын хабар беріп, «жуып-шайды». Оған да рахмет!..
Заң бойынша, ақын-жазушылардың жазбаша түрдегі келісім-шартынсыз шығармаларын басуға еш баспаның құқығы жоқ. Мұндай жиендік жасау – ұрлық! Мұны кітапты құрастырған жауапты редактор және баспагерлер жақсы біледі деп есептеймін…
Шағын мақалада, жалпы әдебиет, оның ішінде балалар әдебиетіне қатысты қордаланған мәселелерді жан-жақта қамтып, толғап айту мүмкін емес. Біз «осы керек-ау» деген жәйтті ғана қағазға түсірдік…
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі.
Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер ата-
уының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп атап көрсетті.
Балаларға арналған шығармалардың алтын арқауы, діттеген нысанасы осы төңіректе өрбігені ләзім.
Дана халқымыз, «үлкеннің жүзіне бергенше, баланың біріне бер» дейді. Ендеше, тәуелсіз еліміздің болашағы – балаларға арналған мазмұнды, мәнді-мағыналы, жас оқырманның рухын көтеретін тілі шұрайлы, жақсы кітаптарымыз көп болсын, ағайын!
Толымбек Әбдірайым, балалар жазушысы,мәдениет қайраткері,
Ы.Алтынсарин медалінің иегері
Астана қаласы.