Обалына сауабы
23.06.2017
1474
0

Қарсақбайдың аңшылық құрғанына қырық жылдан асты. Аудандық аңшылар қоғамының мүшесі болғанына да біраз жыл. Байқаса, осы аңшылық ғұмы­рында түрлі оқиғалардың куәсі болыпты. Әсіресе, он жыл бұрын­ғы жағдай жүрек тұсын сыздатып, ойынан бір кеткен емес.
Таңалакеуімнен тұрып, аңға шық­қан еді. Түнімен жауған ал­ғаш­қы қар тобықтан асады. Осы сонарды пайдаланып, қан­жы­ғасын майлап қайтпақ ниеті бар. Сол күні аңшының қалағаны бола қоймады. Түске дейін назарына ештеңе ілікпеген соң қалың қарағайды жағалап, ауылға қарай аяңдап келеді. Біраз жүргені сол еді, алдынан кесе-көлденең өт­кен ізге назары ауды. Қалың қа­ра­ғайды бетке алған. Іздің ай­нала­сындағы жүрілген жолда қан тамшылары көзге ұрып тұр.
–Жаралы марал, – деді, қуанған Қарсақбай.
Пышағын қонышынан шы­ғарып, қалың қарағайдың ішіне кіре бере әудем жерден қарайған сұлба көрінді. Қырық жылдық тәжірибеден болар, әлгінің марал еке­нін ізінен танығандай. Жа­қын­дап қараса, маралдың қан­сырап келіп, құлаған жері екен. Қарсақбайға келдің бе дегендей, басын көтеріп бір қарады да, сұлқ түсті. Байқаса, көзінде аяныш жасы бар. Қаруын оңтайлап, бауыз­дауға ұмтыла берген аңшы­ның көзі маралдың іші бүлк ет­кенін аңдап қалды. Тұла бойы тітіркеніп, арқасынан құмырсқа жүгіріп өткендей болды. Ішінде лағы бар, буаз марал екен. Қолы­нан пышағы сусып түсіп, ма­рал­дың қөзіне көзі түйіскен Қар­сақбайдың тамағына ащы өксік тығылып, жанары еріксіз жасқа булықты. Ойында «обал» деген ұлық нәрсе тұр еді.
Осы оқиға аңшының санасынан бір сәтке болсын өшкен емес. Айлар аттап, жылдар жылжи берді. Қарсақбай да егде тартып, біраз жасқа келді. Немересіне аңшылықтың қыр-сырын үйре­тіп, қырық жылғы тәжірибенің тәлімін көрсетті.
Бүгінгі күннің райы ерекше. Айнала гүлденіп, жап-жасыл күйге енген. Әсіресе, жайлаудың табиғатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес-ау!.. Шуағын шаш­қан күн де күліп қарап тұрған­дай.
Қарсақбайдан ұйқы қашқалы да біраз уақыт болыпты. Таби­ғаттың тылсым күші өзіне шақы­рып тұрғандай күйге енді. Таза ауаға шығып серуендегісі келгендей. Реті келсе, аңшылық та құрып қайтпақ. Үйдегі немересі­нің оянғанын күтті. Жанына се­рік қылып, әрі оған да бірер нәрсе үйретпек ойы бар.
Күн төбеге көтерілерде тау жақ­қа бет алған екеу көрінді. Ұзақ жүрді. Қарсақбай бел жазуға көлеңке іздеді. Табиғаттың те­реңіне бойлап, ойға шомып кеткендей. Ойын баласы жардың ба­сына қалай оп-оңай шығып алғанын да сезбеді. Баланың қуанғаны соншалық, өзінен басқа бақытты адам жоқтай. Мына әлемге алғаш рет куә болып тұр. Кенет аяғы жардың шетінен тайып ке­тіп, тас білеуден ұстай қалды. Бұ­рын-соңды мұн­дай жанұшырар күйге түспеген аңшы не істерін білмей дал. Қорқыныштан бала жүрек лүп-лүп соғып, кеудеден шығып кетердей. Бағанағы қуа­ныш­тың, бағанағы бақыттың жұ­рнағы да қалмаған. Дәл қазір көз алдында үрейден басқа еш­те­ңе көрінбейді. Дауылдан кейінгі жер­ге үзіліп түскен алмадай ке­й­іп­те тұр. Бала жүрек қанша қо­рық­қанымен, үміт сыйлап тұрған білеу тастан қолын шығарып ал­мауы керек­тігін түсінеді. Төменге қа­рап, үрейін үлкейткен жоқ, тек жо­ғарыға ұмтылды. Аңшы атасының қаны жібермей тұр-ау, шамасы. Қайсарлық тегінде бар қасиет. Бұл жанұшырудан атасы ғана құтқара алатынын сезді. Санасын жаулаған жаман ойлардан арылу үшін аңға шыққан қы­зықты сәттерді еске алып, кө­ңі­лін аулады. Жер мен көктің орта­сында тұрған балаға жардың басынан бүжір-бүжір бірдеңе көрінді. Анықтап қараса, жар басынан төмен қарап тұрған мүйі­зі бар жануар екен. Бала аң-таң. Қандай жануар екенін де білмейді. Бұрын-соңды көрген емес. Әлгі жануар мүйізін төменге шұлғи берді. Мүйізін созып тұрған есті жануар бала жанарына достан да ыстық көрінді. Енді оның қарағайдай мүйізінен қалай ұстаймын деп ойланды. Екеуі бір-бірін түсінгендей болып, әрекетке көшті. Әупірімдеп жануардың мүйізіне қолын ти­гізді. Жануар мүйізінен ұстаған баланы жер тіреп, бар күшімен жар басына алып шықты. Бала табанының жерге тигеніне қуан­ды. Арыстанның апанынан шық­қа­нына сене алмады. Қанша қуанғанмен, көңілінде бір күдік ой тұр. Өзін құтқарған адам емес, хайуан екеніне илана алар емес. Адам адамға істей алмайтын жақ­сылықты жануардан көргені рас па, өтірік пе?! Бұл қандай құдірет?! Хайуанға қайдан келген мейірім бұл?!
Жанардан аққан жас саулап, ағып жатыр. Қорқыныштың жа­сы емес, шүкіршіліктің қуаныш тамшылары еді. Осыдан бірер минөт бұрын өмір мен өлімнің қақ ортасында салбырап тұрға­нын ойласа, жүрегі құрғыр шаншып ке­теді. Жар жағасында есті жануар екеуі бір-бірін қимай тұр­ған­дай. Бала көңілмен хайуанға «рахмет» дегендей мейірлене көз тас­тады. Сол сәтте ентігіп, кө­мек­ке адам іздеп кеткен Қарсақ­бай да келіп қалды. Бір-бірімен жарасқан немересі мен жануарды көріп, таңданбасқа шарасы қал­мады. Әлгі жануар, неге екені белгісіз, аңшы жанарына шоқтай ба­сылды. Ол осы уақытта таулар арасына сүңгіп кетіп, ғайып болған еді.
Үрей мен күдіктен арыла бас­та­ған бала атасынан:
– Ата, мені құтқарған қай жануар? – деп сұрады. Қарсақбай ұзақ ойланды. Жануарды біл­ме­геннен ойланған жоқ, танып тұр­ған соң ойланды. Өткеннің ізі ба­рын да сезді. Санасын әлде­нелер шырмап алды:
– Бәсе, – деді.
Немересі түкке түсінбей:
– Не дейсіз ата, әлгі мейірімді жан­уардың аты не? – деп, ол білу­ге одан әрі қызыға түседі. Қар­сақбай күлімдеп:
– Ол «жаралы марал», – деді күрсініп. Немересі аң-таң. Жара­лы емес сияқты еді ғой деп ойлады. Атасынан неге жаралы де­генін сұрап еді, Қарсақбай есте жоқ ескі жылдардың әңгімесін бастап кетті.
– Осыдан он жыл бұрын аң­шылықта жүріп, бір жаралы марал кезіктірген едім. Өлтіруге оқталдым, бірақ арым жібермеді. Се­бебі, буаз марал болатын. Содан жаралы маралды үйге әкел­дім. Жарақатын емдеп, жаздым. Бір күні таңертең барып қарасам, марал дүниеге төлін әкеліпті. Ботадай көзі мөлдіреп, бұрышта маралдың жаңа туған лағы жатыр екен. Жанарында мұң аралас жас бар секілді көрінген. Жаралы ма­ралға жақындап қарасам, қи­мыл­сыз, сұлық жатып қалыпты. Жаралы марал сол жатқаннан қайтып тұрмады. Жаңа туған маралды өз-өзіне келгенше асырап бақтым. Күннен-күнге өсіп, ойнақтап жүрді. Сөйтіп жүріп жас марал із-түссіз жоғалып кет­ті. Ары іздеймін, бері іздеймін, жоқ. Әйтеуір бір кетерін сезіп едім. Ол жаратылысынан үйде емес, түзде өскен жануар. Өмірлік мекені де кең дала. Сөйтіп, жас маралым кетті де қалды. Сол маралдың кездейсоқта алдымнан шығатынын кім білген?! Оның үстіне дәл бүгін. Сені құтқарған сол жас марал, балам. Көрмейсің бе, хайуан екеш хайуан да аяу­шы­лықты сезінеді. Кезінде мен мейірім төккен марал, бүгін сені ажалдан аман алып қалып тұр. «Дүние – кезек» деген осы екен ғой, – деп, Қарсақбай сөзін аяқтады.

Маржан ӘБІШ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір