ЕСЕР ӘН, ЕСІРІК ӘНШІЛЕР

image description
Адам баласының жандүниесінің іркілісі мен сілкінісінде «Құлақтан кіріп бойды алар» ән мен күйдің алар орны ерекше екені әлімсақтан белгілі.
«Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,
Аспанда Ай менен Күн шағылса да…».
Астапыр-Алла, бірімен-бірі қисындасқан Ай мен Күн шағылысып жатса да міз бақпайтын неткен қара тас – көңіл!.. Ұлы ақын кейіпкерінің жан әлеміндегі сол бір сәттегі түпсіз аспандай түнерген көңіл күйін қалай ғана шебер суреттеген, ә!..
Мына бір сәтті қараңыз!..
«Мен келем тау ішінде түнделетіп,
Аймақты күңірентіп, өлеңдетіп…».
(Сәкен).
Паһ, шіркін-ай, алдыңғыға қарағанда, керісінше, қандай шалқып, тасқан өмір! Осылайша жалғаса берсе ғой… Бар, бар жалғасы:
«Бара жатқан зымырап,
Байқалмайды уақыт.
Бұл не деген қуаныш,
Бұл не деген бақыт!..».
Бұдан асқан шат-шадымен көңіл-күй болар ма екен? Тіпті, ас ішіп, ыдыс босатып жатудың да қажеті жоқ қой. Еш уайым-қайғысыз ауа қарманып жүре бересің.
Апырым-ай, ә, мына «бөгесінді» қара:
«Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып,
Бара жатыр, бара жатыр, құс қайтып…».
(Тұманбай).
Оның да, менің де қысқарып бара жатқан жаз өміріміз ғой.
«Қай жерде үзіледі қайран сапар,
Түйін боп өмірімнің бір шетінде».
(Қасым).
Ән мен ғана өрілген өмір, ә! «Келгенде дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» (Абай). Жер қойнына кірердегі «Жоқтауды» естімегелі қай заман? Біртуар әншілердің бірі Жәнібек Кәрменов қайтыс болып, Алматыдағы қазіргі Қазақтың Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрынан шығарып салғанда Несіпбек Айтов пен тағы бір ақын ағамыз сөзін жазып, әртістерге микрофонмен «зар жылаттырғаны» есімде қалыпты. Өтежан Нұрғалиев ағамыз дүниеден озғанда, алыс өңірден келген әпкесінің айтқан жоқтауы Жазушылар одағы үйін бір күңіренткені бар. Содан бері бұл маңайдан жоқтау жырын құлағымыз шала қойған жоқ.
Ән… Әннің де дәуірлеген шағы өткен ғасыр еді ғой. «Шалқар» радиосы арқылы таңертең әнмен тербеліп оянатынсың.
«Арманы биік, қолы жетпестей,
Сапары ұзақ, жолы жетпестей.
Ерлігі ұшан-теңіз
Мың ғасыр дастанындай,
Жас болып мәңгі жаса
Елімнің аспанындай…».
Ағайынды Абдуллиндердің қос дауысты үні бойыңа патриотизм рухын құйып-құйып жіберетін. Жастықтан жастық жалының лаулай, жігерлене бас көтеретінсің. Бұған Дәнеш Рақышевтың, Ғарифолла Құрманғалиевтың әндерін қосыңыз. Бибігүл Төлегенова апамыздың үні терезеңнің алдындағы саябақта бұбұл сайрап жатқандай әсер беретін еді-ау! Роза Жаманова мен Роза Бағланованың тау суындай сыңғырлы әуендері жаныңа шуақ ұялататын: «Ахау, Семей, тіл мен көмей басылмас, Жанған жүрек сәулем келмей, ах-уай!..». Кіршіксіз… мөлдір… таза сағыныш. Тыңдап отырып, сыр аулайсың. Кеудеңді кең тыныс кернейді. Екі дауыста (дуэт), үш дауыста (трио), төрт дауыста (квартет) шырқалған әндер жандүниеңе дендей таралатын. Көңілің көтеріліп, күні бойы рақат күйге бөленіп жүретінсің.
Қазір ше?.. Қазір ән де, әуен де, оның сөздері де «аварияға» ұшырағандай бүлінді ғой. «Көңілге түрлі ой салар» (Абай) әуендер құлағыңа алыс-та-ан ғана жаңғырығып жетеді. Қалталы демеушілері шетелдік ән фестивальдарына жіберіп, атақты сол елден иықтарына жабыстырып әкелген лауреаттар мен құмырсқаша қаптаған жердегі жасанды жарнамашыл «жұлдыздардың» тағы да байшыкеш «ақша шашқыштары» арқылы сарайларды сатып алған концерттеріне бара қалсаң, желіссіз жылқының жүрісіндей текіректеген немесе шабан аттың митыңындай итеңдеген, бірінен-бірі аумайтын қайталама ырғақты «айқайлардан» әбден запы боласың. Дем алам деп барған сен шаршап-шалдығып қайтасың. «Ақын» да өзі, «сазгер» де өзі, «әнші» де өзі «туматаланттар» сахнаның ана шетіне бір, мына шетіне бір ойқастап, көрермендерге қарай екі аяқты сермеп-сермеп қойып еденді тепкілеп, ойнақ салатынын қайтерсің. Бұлардың концерттерін жүргізушілері де өздеріне сай келеді.
– Пәленше түгенше әнді айтады, қарсы алыңыздар! – деп тыңдармандардың көптен асыға күткен аса бір құрметті қонақтары немесе қыз берген өте сыйлас құдалары келе жатқандай дүрліктіреді ғой. Ол «әншісымақ» көрермендердің көңілінен шыға ма, шықпай ма, онда шаруалары жоқ. Ал әлгі «итеңбайы» сахнаға шығар-шықпастан өзіне-өзі қол соғып күйдіреді. Бір «жақсысы» бұл «жұлдыздар» ұялу, қызару дегенді білмейді, музыка ырғағымен тепеңдей жөнеледі. Әрі бәрі «махаббатшыл». Әндерінің сөздері: мен сені сүйгендіктен өліп барам, күйіп барам, өртеніп, жанып барам. Қызыққа бата қалғым келеді, қасыңа барып жата қалғым келеді. Сен мені сүймесең, сен маған тимесең, махаббатың уын ішіп өлем деп қорқытатындары тағы бар.
Ана бір жылдары:
«Жаулап алды-ау махаббат,
Жаулап алды-ау махаббат», –
деп дүйім жастарды әулекілендіріп жібере жаздағандары бар. Тұтқиылдан келіп басып алған жоңғар қалмақтары секілді.
Әдеттегі махаббат деген танысу арқылы табысуға ұласып, бірер жыл сынасып, түсінісіп барып, отбасылық өмірге жолдама алып жатушы еді. Бұлардыкі – «Жаулап алды-ау махаббат». Бас салып жаулап алатыны да рас болса керек, көпшілігі сол «бодандықтан» «тәуелсіздік» аңсайды-ау шамасы, үйленгендеріне жарты жыл, бір жыл толмай жатып ажырасып жатқандары.
Есер ән, есірік әнші, дарынсыз сазгер, шатпақ ақындар екеуі, үшеуі, яки төртеуі бірігіп, топ құра салады. Олардың әндерін тыңдаған тобырдың жатып кеп «алақайлай» қол соғатындары таңдандырады.
Жоғарыда айтқанымыздай, қазіргі жердегі жасанды жарнамашыл жұлдыздардың музыкалық сауаты төмен. Екі дауыста, үш дауыста, төрт дауыста бірінен екіншісі бір терция – бір жарым тон жоғары немесе бір терция төмен айту олардың қолдарынан келмейді. Таңертең енесінен бөліп алып қалып, кешке өрістен қайтқанда көгеннен босатып, жамырап барып табысқан қозыларша бәрі бір дауыста аңырата береді. Мәдениет министрлігі мен мәдениет басқармаларында да музыкалық жұқалтаң сауаттылар отырса керек, бұл әнші топтарға тоқтау салып, болмаса ақыл-кеңес беріп, бағыт-бағдар жасады дегенді естімеппіз, естімейтін де шығармыз.
Таяуда жазушы, журналистер қауымының біразы Алматы облысы, Қарасай ауданының Қарақыстақ жайлауында болып қайтты. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, сонда ән салған аудан өнерпазы – екі жас жігіттің қос дауыста домбыра, баянмен сүйемелдеп микрофонсыз шырқаған әндері бүкіл тыңдармандарды
тәнті етті. Соларды өзге «топсымақтарға» үлгі етіп, үлкен сахналарға шығаруды ойластыруды ешқайсымыз ойламадық та. Баяғы қазақы самарқаулық қой. Өзбекәлі Жәнібеков марқұмдар сынды азаматтар болса, сол күні жетектеп әкетіп үлкен сахнаға жолдама алып берер еді.
«Жарнамашыл жұлдыздар» демекші, бір тойда гитара өңгерген орталау жастағы жігіт ортаға жұлқына шығып, мен – ақын, сазгер, әнші Пәленше Түленшеевпін деп кеудесін соқты. Әндерінің бірде-бірін сол ортада отырғандар естімепті де, білмейді екен. Сонысына қарамай сендер маған неге қол соқпайсыңдар деп қылқынып қала жаздады. Мәдениет министрлігі мен облыс, қалалардағы мәдениет басқармалары қызметтерінің жауапсыз да жүйесіздігінің бір көрінісі осы емес пе! Сол Түленшеевтерді тыңдармандары мойындап отырған жоқ, сонда оларға әнші, сазгер, ақын «шенін» кім қадаған? Кезінде «Вальс королі» атанған Шәмші Қалдаяқов та, әндері жұртшылық жүрегіне жол тапқан Әсет Бейсеуов те, Әбілахат Еспаев және басқалар да «мен сазгермін» деп өздерін-өздері пұлдаған жоқ еді. Әрі ол кездегі тәртіп бойынша Композиторлар одағына мүшелікке қабылдануы үшін музыкалық ірі жанрдағы шығармалар жазулары міндетті болатын. Ән шығарумен ғана айналысатындарды «әуесқой композитор» атайтын.
Тағы бір қызығы – жұртшылық сүйіспеншілігіне бөленген деп жүрген әншілеріміздің көпшілігі музыкалық сауатты толық игермегендер. Бұлар аспаптық ансамбльдер мен ұлт аспаптар оркестрлерінің сүйемелдеуімен ән айтуға дағдыланбаған. Ән әуеніндегі дауыс созудың ұзақ, қысқалығын (тональность) дұрыс ұстай алмайды.
Қайсыбір октабадан артық дауысы жоқтар да өздерін әншілер қатарына қосып жүр. Мәселен, Бибігүл Төлегенова апамыздың бұлбұл үні, «Жезкиік» әніндегі Қайрат Байбосыновтың, «Қара шал», «Қара кемпір» әнін зарлататын Мейрамбек Беспаевтың «Бозторғайындағы» шырқап барып сарқырамадан құлаған тау өзеніндей шұғыл құйылатын тұстарды айту осы талант иелерінің көмекейлеріне ғана бұйырған бақыт қой. Бұларды «Әнді сүйсең, менше сүй» (Абай) талғампаз көрермендер іздеп жүріп тыңдайды. Ал жердегі жұлдыз топтарға тобырлар топырлап билейді. Оларды әннің әуені де, сөзінің мән-мағынасы да онша қызықтыра бермейтін көрінеді.
«Әннің де естісі бар, есері бар» демекші, ән жанрлары жетімсіреп бара жатқалы қай заман. Таза вальстер мен екпіні тау бұзардай марштар ұмытылып бара жатыр. Нағыз ән тәрбиесі осыларда еді ғой. Әнші, композитор Ескендір Хасанғалиев ағамыз «Атамекен» әнін екпіндеткенде, отырған орындығыңыз қоса бүлкілдемей ме! Бекен Жамақаевтың махаббат вальстері тербегенде, қыз бен жігіт амалсыз табыспай ма!
Өткен ғасырдағы әндер тәрбие құралы болатын.
«Біз пионер, біз ертеңгі
Ерлеріміз ұлы істің…», –
деп «Пионерлер әнін» шырқаған оқушылар ертеңгі ұлы істердің ерлері екенін жадыларынан еш шығармайтын. «Комсомолдар маршында» «Комсомолдар жас қайраты елімнің» екенін мақтан тұтып:
«Алға, комсомол туы қолында,
Алға, комсомол жеңіс жолында!», –
деп, өздерін жеңіс жолында мерт болуға серт бере, айбындана шырқайтын. Әуені де, сөзі де жастардың жігерін жанитын. Патриотизмнің рухын егу деген осы емес пе! Бұл ғасырда тәрбие әнін жазуға еш композитордың шамасы жетпей жатқан секілді.
Бұрынырақта Ахметжан Есімов әкім болып тұрғанда Алматыдағы Қазақтың Абай атындағы Опера және балет театрында дәстүрлі әншілердің ән жарысының қорытындысын өткізді. Әкім бір сылтаулармен қазіргі аса танымал деген екі әншіге фонограммасыз ән айтуға ұсыныс жасады. Фонограммаға арқа сүйеумен жүрген өнер майталмандары қара терге малшынды. Өйткені, күніне бірнеше мәрте тойларда шырқап жүрген әндерінің сөздерін ұмыта бастапты.
Осы тұста ҚР Мәдениет министрлігіне тағы бір «прямой удар» берудің реті келіп тұр. Мына көрші «өзбек – өз ағам» фонограмма деген өнер дертін жоюға әлдеқашан мемлекеттік негізде бұйрық шығарып қойды. Өз елдеріндегі бір тойларда немесе өзге республикалардағы сахналарда фонограммамен ән айтқан әнші немесе осындай жасанды ән айтуға жол берген ансамбль, оркестр содан кейін ел алдына шығу құқығынан айырылады. Міне, тәртіп, ұлттық өнерге, ұлттық өнерді таза сақтап қалуға деген шынайы жанашырлық. Ал біздегі Мәдениет министрлігі мен мәдениет басқармаларындағылар көздерін жұмып, құлақтарын тас қып бекітіп алып, «Ал балық, ал балық, аузыма сал балық» деумен отыр.
«Ән – тәрбие құралы» демекші, жұртшылықты аңсатып барып жылына бір үлкен сарайда бас қостыратын танымал әнші әрі продюсер Майра Ілиясованың «Жан анам», «Сағындырған әндер-ай», «Күміс көмей, жез таңдай», тағы басқа жобалық бағдарламалары мен композитор Қалдыбек Құрманәлінің Ш.Қалдаяқов пен Ә.Бейсеуов әндері бойынша өткізетін концерттерін ҚР Мәдениет министрлігі қаржыландырып, жыл сайынғы дәстүрлі ән мерекелеріне айналдырса, мемлекеттің ұлттық руханиятқа деген халық алдындағы дәлелді қолдауы болар еді.
Ән, ән өнері туралы әңгіме бұрын да айтылып, бұрын да жазылып жүр. Әлі де айтылып, жазыла бермек. Сіздер не дейсіздер, оқырман жұрт?!
Еркін ЖАППАСҰЛЫ
ПІКІРЛЕР2