Сен – ақынсың, мен – айдын…
09.06.2017
2177
0

Мақпал МЫСА


Жетіген жыр

Мен:
Қапшағайға, барамыз басқа қайда?
Жүзімізден нұр көрсін аспан – айна.
Толқындардың тулаған арасына
Періштелер жеткізіп тастамай ма?..

Өлеңіме әйтеуір өріс – теңіз,
Келісіңіз, е мейлі келіспеңіз.
Айдан тамған сәулені аймалаған
Пері толқын ішінде періште қыз.

Неткен ғажап, сезе ме қала мына,
Жұлдыз байлап алғанмын қаламыма.
Сол сәуленің дірілін толқындағы
Алсам деймін көшіріп жанарыма.

Жүректе мұң аз емес, баста қайғым,
Арай құйсын бұл суға аспан айдын.
Қараңғыға қараңдап сіңіп кеттік,
Қара мақпал түнінде Қапшағайдың.

Айдан тамған сәулемен алмасты арай,
Жанарымнан жас болып жалғасқаны-ай…
Алдыңа кеп ағыс боп ақтарылдым,
Енді жырды сен оқы, ал, Қапшағай!

Қапшағай:
Өрдегі өлең, мен сенен шер де көрем,
Құмар екен ағысқа пенде деген.
Толқындардың тулаған арасымен
Өмір жайлы өзімше өргем өлең.

Қапшағаймын, аз емес баста қайғым,
Аспан айна дейсің сен, Аспан – айдын.
Жанымызға жарығын жарқыратса,
Алдымыздан біздерді тосқан ай, күн.

Тағдырыма бір тылсым таңба салған,
Арманымды сендегі жалғаса арман…
Сіздің көлді жаратқан Тәңір өзі,
Біздің көлге адамдар арна салған.

Өлеңіңе болса да өріс теңіз,
Е, қайтесің, қарағым, еңістеміз.
Шолпылыма Шолпан да күмәнданар,
Толқыныма қызықпа, періште қыз….

Мен:
Толқын, толқын, толқын,
Есте қалды сол күн.
Түсте қалды көркің,
Іште қалды өртім.
Толқын, толқын, толқын…

Талай белден асқам,
Елік күндер қашқан.
Аспан, аспан, аспан,
Жырым тасқа басқан.

Өлең, өлең, өлең,
Намыс көріп келем.
Серт оқимын сенен,
Ағысқа еріп келем.

Өмір, өмір, өмір,
Өлең болып төгіл!
Арай да арман небір,
Талай қалған көңіл.
Өмір, өмір, өмір…

Есте қалды сол түн,
Толқын, толқын, толқын…

Қапшағай:
Теңіз емеспін, көлмін жасанды,
Жасандылыққа көндім қашанғы.
Жаныма жара салғысы келіп,
Толқындарымнан жел, күн өш алды.
Енді қашанғы…

Заманның менде, дерті – жүрегім…
Шер болып кейде шертіліп едім.
Айдынымды ай аймалағанда,
Тұнжырап тұрды толқыным менің.

Сығалағанда тасадан қайғым,
Сынығын көрдім қашаған айдың.
Қапшағаймын мен, теңіз, көл емес,
Адамдар қолдан жасаған айдын.

Жүзімді менің бұлт, ай жасырдың,
Перзенті болдым сұрқай ғасырдың.
Теңіз-көлдерге мәңгілік ғашық
Қапшағаймын мен, Су қоймасымын.

Тірлікке құлаш ұрдым ба бес күн,
Сорым ба баста, қайғым ба, кештім…
Қапшағаймын мен, Су қоймасымын,
Теңіз де емеспін, айдын да емеспін…

Мақпал-ау, Мақпал, ай, күн мұратың,
Түсінетін сенсің қайғымды жақын.
Аямап еді еш пенде бұрын,
Аяла мені, айдынды ақын.

Мен:
Не айтам саған басқалай,
Төбемнен сырғып қашқан Ай.
Сен мені түсін, аяулым,
Түсінем сені, Қапшағай!

Айдынды сүйген аспанды,
Періште көңіл ластанды.
Жасандылықтан безгенде,
Жасанды көлге жас тамды.

Тұңғиықтарға құмар жан,
Мұң сауып іштік мұнардан.
Сенде де бар-ау бір арман,
Менде де бар-ау бір арман…

Толқынға ынтық нұрларға,
Тағдырым байлап бұл маңға,
Жасанды көлді тірілтем,
Құдіретті жырым тұрғанда!

Біледі оны аспан, ай,
Жақының бар ед басқа қай?
Сырласып өмір кешейік,
Иә, солай, досым Қапшағай!

Қапшағай:
Сарын шығар талып жеткен көнеден,
Жаның шыдар сезім еді не деген?!
Мұң ойымнан шықпағанда кезіктің,
Кезікпесең уайымнан өлер ем.

Онда мені теңіз дегін, көл дегін,
Шемен қатқан жүрегіме шерлі едім.
Қолтығымнан демейсің де жырыңмен
Толқынымды тірілтесің сен менің.

Жалбарынғам,
жабыққанда жүдегем,
Ғұмырымды сендей жанмен сүрер ем.
Көңіліме көктем сыйлар ақын қыз,
Өліні де тірілтеді тірі өлең.

Балапаны секілді едім торғайдың,
Сейілгендей болды-ау бүгін зор қайғым.
Толқынымыз тулап жатсын мәңгілік,
Періште қыз, сен де айдынсың, мен де айдын!..

Мен:
Көп тілекті көктен тілеп шалқыдық,
Жанымыздың жарасқанда толқыны.
Сен ақынға айналғанда алқынып,
Мен айдын боп бара жаттым сол түні…

Сырымыз бар ақтаратын ғаламға,
Қаншама рет қайғы жұттың, шер кештің.
Алдан көрмек армандарың аманда,
Жалған көл деп айта алмайды енді ешкім.

Е, жаныңнан іздеп келем жарасым,
Шуылынан шаршағанда қаланың.
Мені көріп сен тазарып қаласың,
Сені көріп мен тазарып қаламын.

Көлдің бетін қарып өтті таңғы ызғар,
Толқындары тоңа қоймас күз келмей.
Ай астында айдын біткен – жалғыздар,
Аспандағы Ай да жалғыз біздердей…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір