Жұма таңы
***
Әнтек қаққан кірпіктерден сыр құлап,
Тынысымды күзетеді Түн жылап.
Ауыл жатыр күрең күзді жастанып,
Алматыдан тым жырақ…
Сынға төзбей сетінесе төзімім,
Өз мұңымды сөйлетеді өз үнім.
Ал, мен, қазір Алматыны шарлаған
Сағыныштың өзімін…
Жүрегімді сақтау болып мұратым,
Қайыңдарың желмен билеп тұратын.
Әнмен-жырмен әуелеген кештерге
Аспаның да куә-тін…
Арманымнан тартпаса екен ар қайғы,
Шуақ іздеп арайлаған таң жәйлі.
Жазылмаған болашақтың жыры да
Алматыдан аумайды!
Сенім келіп сиқын ашса сырқұмар,
Бір үмітім көкке өрекпіп ұмтылар.
Көңілдегі Көктөбедей сезім де
Алматы деп бұлқынар.
Ой шіркін де сан қияға самсатты,
Адам қайтсін?!
дәметеді алшақты.
Ауыл жұмақ болғанымен, бірақ та
Алматы да аңсатты…
Болдым мен де сағынышпен сапарлас,
Сағындым ба, дәл осылай мен алғаш?!
Ауылымнан шыққан жолдың барлығы –
Алматыға апармас.
АПА
Апа…
Самайыңнан, маңдайыңнан сүйейін,
Маңайыңнан бар балаңды көрейін.
Жанарыңның жамылып ап жалынын
Жалыныңа жаным жылып түнейін.
Бар мұңыңды, жаулығыңды жуайын,
Жан нұрыңды жан азығым қылайын.
«Шын киелім шалқып аман жүрсін», – деп
Саулығыңды ұйқы көрмей сұрайын.
Сен шақырсаң шалғайымнан келейін,
Сырқатыңның жолын шауып, көлбейін.
Жүрегіңе жүрегімді өзімнің
Жалғастырып жамау қылып берейін.
Көйлегіңе кестелейін күлкіңді,
Күлкіңді аңсап, мұңсыз күндер іркілді…
Сен қаласаң Айдан алтын құйдырып,
Серпіп берем аспаныңнан бұлтыңды.
Алла берген бір өткінші сынақты,
Өткергім кеп, көзден жасым жиі ақты.
Сен құлама, шыңдай биік шынарым,
Мендік шаттық болсын десең тұрақты.
Ештеңенің керек болмай жанға әні,
Анам менің – өмірімнің бар мәні.
Қырқын берем, қырық жаным болса егер,
Жаным менің, тек жазылсаң болғаны!..
Мамырымның мамырлаған нық кеші,
Шырылдаған шыбын жанның шықты есі.
Тынысыңның садағасы болайын,
Үмітімнің үлбіршінін үкпеші…
Мені әкелген ғажабым-ау, жерге осы,
Көз жасымды, жаманымды көрмеші.
Тірлігіңнің тәбәрігі болайын,
Сен аман жүр, бақытымның бейнесі!..
***
…Ақ қысымды алмастырып көктемге,
Ақ ұлпаны жалғастырып көк белге,
Кешсем бе екен, ешкімде жоқ бір ғұмыр
Сілтей салып, қолдарымды өткенге.
…Тағып алып жұлдыздардан жүз моншақ,
Құшып сүйіп, қызығымды қызғаншақ…
Сүрер ме едім, бір өмірді әдемі
Мендік қана болатұғын нұрды аңсап.
Ақ бұлттардан шәйі орамал кестелеп,
Маңдайымды желбіретіп есce леп.
Сағынар ма ем, сөгілердей қабырғам
Бәрі жақсы, кірбің күндер есте жоқ…
Шуақ іздер жолдарымда шаршаман,
Ақтарар сыр, наздарым бар қанша оған.
Жалғасам ба, ғасырларды ғасырға
Дәуірлердің демі болып аңсаған.
Арманымды әнмен жазып аспанға,
Кетсем бе екен, биік-биік асқарға?!
Жарты әлемнің бар жарығын жиып ап,
Жүректерде жарқыратып жақсам ба?!
Қуаныштан жер-дүние жасарып,
Жатса деп ем, жақсылықпен жасанып.
Күн-түнімді күлкім жүрсе күзетіп,
Ақ бақыттың ақ бұлағы тұрса ағып.
Дәл білмеймін, бірақ әйтеу бір күні-ай,
Шарықтатып шаттығымның шырқын-ай…
Бір той жасап, ағыл-тегіл, көл-көсір,
Бір өмірді нұрландырсам, шіркін-ай!..
***
Тасып жатыр теңізім жанама айдын,
Сынағыңды сын құрлы санамаймын!
Өзімдікі өзіме керек қой деп
Өмірім-ау, мен сені бағалаймын!
Жанға батқан аулақ жүр, салмақ-қайғым!
Бармын, бүтін! Мен неге жалтақтаймын?
Арымменен ант етіп, анық жүріп
Ақ өмірім, өзіңді ардақтаймын!
Жақсы өмірім – жанымның жарам аты,
Ақ өмірім – барыма саналатын!
Шыбын жаным шыққанша қадір тұтам,
Өмір! Сен – Алланың аманаты!
Күліп тұрған көздерден жасты көрем,
Барлығында ой жатыр, асты терең.
Мың биіктен құлатып, тайдырсаң да,
Ей, өмірім, бәрібір жақсы көрем!
***
Жұма таңы…
Жұманың атып нұрлы ала таңы.
Жаратқан көктен нұрды құлатады…
Күйреген қам көңілдер сая тауып,
Біреуді біреу тағы жұбатады.
Жұма таңы…
Шын иман ет-жүректі жылатады…
Жаратқан, сүйген құлды сына тағы!
Бақыттың мінер болсам кемесіне,
Жаратқан, сына тағы, сына тағы!..
Жұма таңы…
Жамағат Жаратқаннан сұратады.
Мешітте жаңғырады намаз тағы
Жайылып жайнамаздар қаз-қатармен
Қол жайып, жаспен жанар суартады…
Жұма таңы –
жақсылық, дұға таңы…
Анық қой, бақыт ұзақ сынатары…
Жүрегің нұрланады, ә… қуанасың,
Атқан соң… үмітіңнің… құла таңы.
Жұма таңы –
Тілектер дұғаларды құратады,
Белгілі, Хақтың мұны ұнатары…
Тілеген жүректерді құр қалдырмай,
Аллам, шын шұғылаңа ора, тағы!
Әумин!
Әселхан АЛДАНАЗАРОВА