Оқырманның айтар ойы
02.06.2017
2009
0

Мерзімді басылымдарға деген оқушы ықыласының қандайлығын білгеніміз орынды шығар. Электронды медиа жаппай өріс алып, бұрынғыша оқу дәстүрі біртін-біртін алыстап барады. Сөйтсе де оқырман қауымның бүгінгі бейнесін қалай елестетіп, оларды не толғандыратынына көз жеткізу орынды шығар. Қандай басылымды не үшін таңдағанына сұрау жүргізу көптен ойымызда болатын. Соның бір парасын бүгін орындауға тырыстық.


Ғайыс ЕГЕМБЕРДИЕВ,
ҰОС ардагері, Алматы облысының құрметті азаматы:
– Мен сегіз газетке жазыламын. («Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Жетісу», т.б.). Мұның ішінде көп оқитыным – «Қазақ әдебиеті» мен «Жас Алаш». «Қазақ әдебиетін» алғаш шыққан уақыттан бастап оқып келемін. Ол мен үшін қазақ рухының, қазақ мәдениетінің дәрежесін көтеретін газет. Қазір, міне, 93 жасқа келсем де онда жарияланып жатқан өлеңдер мен көркем шығармаларды оқуға асығып тұратыным рас. Газет ұжымына айтарым мынау: соңғы кезде жас ақындар мен жазушылар көбейіп кетті. Соларды жариялар сәтте шығарманың көркемдігіне біраз көңіл бөлсе деймін. Әйтпесе, байқаймын, мына жас ақындардың өлеңдері сұйық. Шала екені алғашқы шумақтарынан-ақ білініп тұрады.


Ғазиза ҚҰДАЙБЕРГЕН,
Алматы қаласы «Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің» қызметкері:
– Бір жылдары қаламыздың бас сарайы Республика Сарайында қызмет еттік. Қадірлі Қасен ағаның кезі-тін. Барлық газет-журнал атаулыға жазылады. Таңертең кіріп, түнде шығатын бізге таптырмайтын байлық. Ағаның алдынан шыққан соң бас алмай оқимыз. Бала күннен қалыптасқан ғадет. Анам жылына жоқ дегенде он төрт-он бес газет-журналға жазылуға мүмкіндік беретін. Мектеп бітіргенше мүмкіндік мол болды. Баспасөз материалдарын ұстап, иіскеп оқымасам біртүрлі. Хош, сонымен ағайды зейнетке шығарып салғасын орнына жастар келді. Әдеттегідей бетіне «Қазақ әдебиетін» әспеттеп қойып, апарып берсем, «мен керегімді ғаламтордан-ақ қарап аламын, қажеті жоқ» деді жаңа басшымыз. Газетті иіскемесем оқи алмайтын мен біртүрлі болдым.
Қазақ тіліндегі газет-журналдар аз оқылады. Десек те, кітапханаға арнайы газет-журнал оқу үшін келетін оқырмандар бар. «Айқын», «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш», «Ақ босаға», «Вечерняя Алматы», «Алматы ақшамы», «Комсомольская правда» жиі оқылады, сұралады. «Егемен Қазақстанның» да өз оқушылары жоқ емес. Ал «GEO» мен «Тайны ХХІ века» деген отандық қызықты журналдарға оқырмандар тарапынан қызығушылық жоқ. «Ақ желкен» мен «Ұланның» жөні бөлек. Олар сұранысқа ие басылымдар.
Жалпы, «Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің» жиырма бес бөлімшесінде газет-журналдың екі жүз алпысқа жуық түрін алады. Жазылуға мүмкіндік жоқ болса, мархабат!

 


Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
ақын:
– Шыны керек, газетке тұрақты жазылып қойып оқу әдетіме айналмады. Бұрындары дүңгіршектен сатып алып оқитынмын. Кейінгі кезде көп ақпарат порталдар да, сайттар да жарияланатын болған соң газеттен біраз алыстап қалғаным рас. Алайда, газеттің өз орны бар. Мен газетті сағынып оқимын.
Астанада қазақша мерзімді басылымдар сататын «Алты алаш» деген екі-үш ғана дүңгіршек бар өзі. Содан айына бір рет, кейде екі рет барып «Қазақ әдебиеті», «Айқын», «Жас Алаш», «Ана тілі», «Қала мен дала» секілді газеттердің өзім көрмеген сандарының барлығын дерлік сатып аламын. Арасында бір саны жоқ болып қала ма, қарамаймын. Бір құшақ газетті үйге алып келіп, жайып қойып отырамын. Рахат! Материалды газеттен оқысам, онша шаршамайтын секілді сезінемін.
Балаларға арналған журнал көрсем, ерекше есте қалар не бар екен деп бір қарап шыққым келіп тұратын әдетіме басып, ол журналдарды да ала жүрем. Бірақ онда тұшынып оқитын дүние аз. Әсіресе, балаларға арналған қазақша журналдарда шошқаның, торайдың суреттері жүреді. Сондайларына қатты күйінесің.


Данияр ЖІГІТБЕК, ІТ маманы:

– Газет оқымаймын. Ақпаратты көбіне интернеттен аламын. Себебі, газетте жарияланатын материалды интернеттен оп-оңай таба аламын деп ойлаймын. Әрі газетті оқу ыңғайсыз, үлкендеу.


Мейірхан АМАНГЕЛДІ, блогер:
– Бүгінгі интернеттің, яғни жаңа медианың дамыған тұсында газет оқуға уақыт табу қиындау. Тіпті, бір әлеу­меттік желінің өзі-ақ, қазіргі жастардың ақпараттық шөлін баса алады деп ойлаймын. Бірақ мен болашақ журналистпін, ҚазҰУ-дың журфагында оқығандықтан газет оқу – күнделікті жұмыстарымның бірі.
Негізінен іскерлік және бизнес саласындағы газеттерді оқуға тырысамын. Олардың ішінде «Деловой Казахстан» және «Бизнес и Власть» газеттерін тұрақты оқып тұрамын деп айта аламын. Өйткені, болашақта осы іскерлік журналистика саласында қалам тербететін тілші болуды алдыма мақсат тұтқанмын. Ал жоғарыда аты аталған газеттер мақсатыма жетудің, іскерлік журналистиканың қыр-сырын үйренуіме алғы­шарт болып тұр. Одан бөлек «Айқын» газетін де оқып тұрамын. Себебі, ол жерде жұмыс істейтін замандастарым бар. Олардың мақалаларын үнемі назарда ұстап отырамын. Өйткені, өз замандастарымның жазу шеберлігі мен қозғайтын тақырыптарын білу мен үшін маңызды.

Дайындаған М.ӘБІШ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір