Алатауым!
02.06.2017
1413
0

Күн сүйген Алатаудың мұнар басын,
Көргенде, өзіңе-өзің сын артасың.
Сыртымнан жазғанымды сынайтындай,
Жамбыл мен Мұқағали, ұлы Қасым.

Шыңдарға соларға ұқсас қызығамын,
Тұрады күнде күліп жүзі жалын.
Бау-бақша Алатаудың етегінен,
Тыңдатқан Алатаудың қызық әнін.

Кең шатқал, қандай ғажап алаңдары,
Оятар шабыт құсын самал нәрі.
Дегендей шырқа, шалқы, самға биік,
Қарап тұр ақ бас шыңдар маған бәрі.

Арман төрін Алаштың анықтадың…
Әлихан, Ахаң, Жақаң – үш арысым,
Қазақтың көсемісің, ұранысың.
Екіталай айқаста жан аямай,
Көрсеттіңдер, заманның ұлы ағысын.

Арман төрін Алаштың анықтадың,
Ойладыңдар тек қана халық қамын.
Қазақ болып туғаным қандай жақсы,
Аттарыңа жыр арнап шарықтадым.

Отаншылдық рухым артты бүгін,
Бодандықтың лақтырдық ауыр жүгін.
Арман еткен даналар Тәуелсіздік,
Көрдік бүгін дербестік азат күнін.

Жиырма бес жыл, мінеки ту тіккелі,
Қалды артта қиындықтың бар өткелі.
Беу, ағайын, ақталды халқымыздың,
Бірігіп, жан аямай, тер төккені.

Құдіретті, киелі жаздың өлең…

Серік Ақсұңқарұлына

Бір жылдың төліміз, Серік бауыр,
Дәуір сырын ақтарған сөзің тәуір.
Кешегі Қасым аға салған жолмен,
Келесің тартып жырдың жүгін ауыр.

Құдіретті, киелі жаздың өлең,
Өзгелерден көш бойы озды кемең.
Қаздауысты Қазыбек қолдағандай,
Мәди жебеп, тапқандай сөзді терең.

Дана саңлақ, дүбірлі тарлан дүрсін,
Жәй емес, сөзің асыл, дауыл жырсың.
Шапқан сайын қыза түс, самға өрле,
Құрдасым, сен өзімнің бауырымсың.
Жар
Жапырағын жайып тұрған теректей,
Еркелеттің ғашығыңды бөбектей.
Сен бірліктің пірі болдың өмірде,
Сынған кесе сыңғырын да елетпей.

Баспанамыз болмай біздің тұрақты,
Тағдыр шіркін тосты талай сынақты.
Арман қуып келіп едік Арқадан,
Алматыда туды күндер шуақты.

Алатаудан бақыт таптық киелім,
Тар кезеңде болдың берік тірегім.
Бибіғайша, ажарыңды мақтамай,
Пәк мінезге, мың-мың алғыс үйемін.

Жазы өтіп, келді өмірдің күзі де,
Немерелер сапта тұр ғой тізіле.
Әлі талай асулардан өтерміз,
Қарай-қарай мәңгі ғашық жүзіңе.

Жанат Жаубасов

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір