Атына заты сай еді
Әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», – деп кесіп айтқан ақиқаты Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры болып қызмет еткен Ғалымжан Жұмабайұлы Нұрышевтің өмірлік кредосы болған еді. Әулеттің аға буынынан тараған шапағат нұрын өзінен кейінгі бауырларына, әріптестеріне жақсының шарапаты етіп шаша білді. Тағылымды ұстаздарының талантты шәкірті болды, талапшыл студенттерінің «өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялайтын» «аға дос» сүйікті ректоры атанды.
Ғалымжан Жұмабайұлының еңбек жолы негізінен жоғары білім саласымен байланысты. 1979 жылдан 2012 жылға дейінгі 33 жыл ішінде қарапайым оқытушыдан жоғары оқу орнының ректорына дейін көтерілді. Ғалекең 2004 жылы қайтара ашылған Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтына басшылыққа тағайындалғанға дейін де жоғары мектептегі лауазымды қызметтердің біразын атқарып, студент жастарға білім мен тәрбие берудің, оларды ғылыми ізденістерге баулудың, қоғамдық белсенділігін арттырудың қыр-сырына мейлінше қанықты, шынықты, шыңдалды, тәжірибе жинақтады. Содан да болар, жаңа оқу орнына басшылыққа келгенде алғашқы күндерден-ақ ешқандай абыржу, іркілу, жауапкершіліктен сескену тәрізді кінәраттарды ойында да, сөзінде де, ісінде де байқатқан жоқ. Аз ғана уақыттың ішінде жаңа ұжымның ұйымдастыру мәселелерін шешіп, оқытушылар құрамын қалыптастырып, студенттер құрамын жасақтап үлгерді. Және мұның бәрін бұрынғы сіреспе қағидаттарға сүйенбей, егемен елдің жаңарған білім жүйесіне сай талаптарға негіздеді. Институттың оқу-тәрбие процесінде жеке тұлғаға бағдарланған, ізгілікті ұлттық құндылықтарды алға шығаратын білім беру жүйесін қалыптастыруда ірі-ірі қадамдар жасалды.
Институттағы оқу-тәрбие үдерісіне инновациялық технологияларды кеңінен енгізу арқылы білім беру ісін халықаралық стандарттар деңгейіне көтеру бағытында жасалған ірі қадамдардың бастамашысы бола білді. Республикада алғашқылардың бірі болып оқу жүйесіне кредиттік технологияны енгізді. Институт бірнеше мемлекеттік білім беру стандарттарының авторы атанды. Оның іскер басшылығының арқасында институтта ынтымақты, білім-білігі мол ұстаздар ұжымы қалыптасты. Парасатты, үлкенге ізет, кішіге үлгі көрсетерліктей қасиеттері ерекше көзге түсетін абзал, атпал азамат студент жастар бойында шынайы адами құндылықтарды қалыптастыру, ізгілік пен қайырымдылықты насихаттау істеріне көп көңіл бөлді.
Ғалекеңнің басшы ретіндегі харекетінен небір қиыннан қиыстырып, жол тауып кетудің талай үлгісін көрдік. Бұл ретте шынында да жай көп жасағанның емес, көпті көргеннің өрелі сөз, өрісті істің өрен жүйрігі, нақ иесі екендігіне әлденеше рет көз жеткізгенбіз. Ғалекең дәл осындай сипаттағы көреген де, көргенді еді. Оның бастамашылық қабілетінің негізін мақсаткерлік пен жаңашылдық құрады-ау деп ойлаймын. Ректорымыздың осы негізге сүйенген дегдарлығы институттың республиканың білім жүйесіндегі реформалардың алдыңғы легінде жүруіне себепкер болды. Ғалекең үнемі заман ағымындағы шаралар мен оқиғаларға дер мезгілінде үн қосуға шақыратын. Облыс, қала көлеміндегі әр түрлі саяси, мәдени-көпшілік шараларды өткізуде айырықша белсенділік танытатын. Әсіресе, осы шараларға студент жастарды көптеп қатыстыруды қолдайтын еді. Сондықтан да институт түлектерінің республикада бірінші болып Президент шақыруына үн қосып, «Дипломмен – ауылға!» және «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі!» акцияларының бастамашысы болуы кездейсоқ емес. Осының бәрі болашақ мұғалімді жан-жақты даярлаудың бір жолы деп білетін. Жалпы, болашақ жаңа тұрпатты ұстаз тұлғасын қалыптастыру мәселелері үнемі басты назарында болды. Бұл ретте ол ұжым алдына «біз даярлайтын маман елдің индустриялық-инновациялық дамуын қамтамасыз етуге өз үлесін қосуға бейімделген шәкірт тәрбиелеуге пәрмені бар мұғалім болып шығуы тиіс» деген талап қоятын. Тиісінше оқытылатын пәндер тізбесін жасақтауда басымдық оқытушының оқыту мүмкіндігіне емес, бітірушіден еңбек рыногы талап етіп отырған негізгі кәсіби құзіреттіліктерді қалыптастыруға берілуін жіті қадағалайтын. Бүгінгі жаңашыл, құзіреттілігі жоғары ұстаздың басты белгісі – оның гуманистік сипаттағы биік тұлғалық қадір-қасиеттерден тұратын кескін-келбетін әйгілейтін әлеуметтік белсенділігі екеніне де үнемі назар аударатын. Институтқа ұстаздыққа бейім жастарды тарту жұмысын ұйымдастыру барысында «бізге Ыбырай Алтынсарин айтқандай, «мектептің жүрегі» болатын, мектеп үшін де, шәкірт үшін де жаны ауыратын, баласының жақсы азамат болып өсуіне жауапкершілігін ата-анасына сездіре де сендіре де алатын, өз ісін жан-жүрегімен, бүкіл бітім-болмысымен сүйетін жастар ауадай қажет» дейтұғын. Оқыту мен тәрбиелеу ісінің ажырамас бірлігін институт ұжымы қызметінің басты қағидатына айналдыру қажеттілігін талап ете отыра, тәрбиені алға шығаруға жете мән берді. Бұл ретте «ұлттық рухты биік ұстанып, бағалайтын, рухани пәрмені зор ұрпағы бар ел ғана қандай да болмасын мәдени, саяси, экономикалық дағдарыстардан сүрінбей, мойымай өтері хақ» деген қағидасын жиі қайталайтын-ды.
Профессор Ғ.Ж.Нұрышев ғалым-ұстаз ретінде де артында айшықты із қалдырды. Оның ғылыми зерттеулерінің негізгі бағыттары: ҚР ауыл шаруашылығының экономикасы, білім мен тәрбие беру мәселелері. Ол 100-ден астам ғылыми еңбек пен бес монография авторы. Айтулы ғалым алты ғылым кандидаты мен бір ғылым докторын дайындады.
Ғалымжан Жұмабайұлы облыстың қоғамдық, саяси-экономикалық салаларын дамытуға үлкен еңбек сіңірді. Облыстық мәслихаттың екі дүркін депутаты, мәслихаттың әлеуметтік-мәдени мәселелер бойынша комитетінің төрағасы ретінде облыстың рухани өмірін кемелдендіру ісіне қомақты үлес қосты. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымының төрағасы міндетін абыроймен атқарып, ана тіліміздің келелі мәселелерін жүйелі түрде дамыту бағытында тынбай еңбек етті. «Мәдени мұра» бағдарламасын «Қазына» әдеби мұра жобасы атауымен Ақтөбе өңірінде жүзеге асыруда үлкен еңбек сіңірді. Н.Байғаниннің жаңа таңдамалысы, бұрын еңбектері қалың жұртшылыққа жете қоймаған Ақтөбе өңірінің XIX-XX ғ.ғ. ақын-жыраулары Жөкей Шаңғытбайұлының, Сарышолақ Боранбайұлының, Айса Байтабыновтың шығармалары жарық көрді. Мұндай игі істердің отандастар санасында қазақстандық патриотизм қағидаттарын орнықтыруда маңызы зор екендігін Елбасымыз Н.Назарбаев ұсынған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының құндылықтары, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қойылған іргелі міндеттер де растап отыр. Бұл да Ғалекең бастамашысы болған көп істің бірінің берекесі мен өміршеңдігінің дәлелі.
Осылайша Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты бірте-бірте профессор Мұхтар Арын институтқа басшылық жасаған өткен ғасырдың 80–90 жылдары кезіндегідей облыстың рухани орталығына айнала бастады. Жалпы, осы екі тұлғаның іскерлік қасиеттері, адами ұстанымдары арасындағы ұқсастықты жұртшылық өкілдері де, зиялы қауым өкілдері де әрдайым ерекше бір ризашылық сезіммен айтып жүруші еді, бүгін де сол сабақтастықты сағынышпен еске алады.
Саналы ғұмыр бойғы тынымсыз тірлік пен ізденіс өз нәтижесін бермей қойған жоқ. Институт соңғы жылдары республика ЖОО Бас рейтингі бойынша педагогикалық ЖОО арасында тұрақты түрде алғашқы үштіктен көрініп отырды. Ғалекеңнің ерен еңбегі жоғары бағаланып, ҚР «Құрмет» және РФ «М.Ломоносов» ордендерімен, «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен, төрт мәрте ҚР Президентінің Алғыс хатымен және «КСРО жоғары біліміне сіңірген айрықша жетістіктері үшін», «Білім үздігі», «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Ы.Алтынсарин», «Қазақ тілінің жанашыры» төсбелгілерімен марапатталды. Кембридждегі (Англия) Халықаралық Биографиялық Орталықтың шешімімен «Білім саласын дамытуға қосқан зор үлесі үшін 2008 жылғы 21 ғасырдың Әлем таныған 2 мың аса көрнекті ақылмандары» қатарында аталып, есімі мен өмірбаяны Халықаралық Биографиялық Орталықтың мұрағатына енгізілді.
Арамыздан кеткеніне бес жыл толып отырған абзал азаматтың тағы да бір атап өтетін қасиеті – оның адамға, маманға, өз әріптестеріне деген жылы қабағы, шынайы қамқорлығы, жақсылық жасауға деген риясыз құлшынысы. «Ақыл көркі – тіл, тілдің көркі – сөз, кісі көркі – жүз, жүздің көркі – көз!» деп Ж.Баласағұн бабамыз бекер айтпаған ғой. Ғалекеңнің «жақсымен» қарым-қатынасында осы бесеудің бәрі де Ұлы Абайдың «иманы гүл» қағидасына (үш сүю: Алланы сүю, адамзатты сүю, әділетті сүю) бағындырылып, адамды бірден баурап алушы еді. Қазақ айтқандай, «болмасын деген – оңбасын» ұстанымын ұнататын. Сонымен бірге, жалпақшешейлікті де қолдай бермейтін. Әдетте жақсыны марқайтатын да, жасты қартайтатын да – сырт көздің сыны. Дер мезгілінде, «жақсының жақсылығын айт» ниетімен берілген баға кім-кімге де қанат бітіреді, шабыттандырады, қайраттандырады, одан да зор қадамдарға жетелейді. Керісінше, жаңа ғана желкілдеп келе жатқан жасты орынсыз жасқау, көре алмастықпен тұқыртуға тырысу – жақсы басшыға жат қылық екендігі баршаға аян. Ғалекең әріптестерінің кәсіби де, адами да қасиеттерін бағалауда осы екі қылықтың аражігін шебер ажырата білді. Шын жақсыны үлкен-кішілігіне қарамай қадірлей білді, «жақсы» деп келгенінің «жайсыз» екендігіне көзін жеткізгенде, одан іргесін аулақ салуға именбеді. Сөйтіп, институт ректоры жүргізген кадрлық саясат шынайы сындарлық сипатқа ие болды. Сондықтан да әріптестер арасындағы осындай әділеттілікке негізделген қызметтік қарым-қатынастардың сыйластықпен әдіптелген адами қатынастарға ұласуы тегіннен тегін емес. Ғалекең ұжым мүшелері арасында осындай ынтымақтастықтың, бірауыздылықтың, жанашырлықтың жаршысы, қолдаушысы бола білді. Ресми түрдегі ғана емес, шын мәніндегі ұжым көшбасшысы биігіне көтеріле алды. Мұның дәлелі – өзінің барында жанынан еліміздің небір жақсылары мен жайсаңдарының табылуы және ғапыл қаза хабары жеткенде қабырғасы қайысып, есеңгіреп қалған қалың жұртшылық пен бақилық сапарға шығарып салуға келген қарақұрым халық. Әйтпесе танымал қаламгер Мейірхан Ақдәулетұлы қоштасар сәтте «Мына заманда азайыңқырап кеткендей көрінетін, сиректеу кезігетін, бірегей азаматтардың бірі еді Ғалымжан… Сирек азаматың кетті ортадан, Ақтөбе!» дер ме еді.
Бұл өмірге келген пенденің үш түрлі міндеті болады дейді ғой. Біріншісі – ұрпақ өрбітіп, әулет санын көбейту, екіншісі – ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеу, соңғысы – ілім-білім жинап, халқына қызмет ету. Ғалымжан Жұмабайұлы мен Гүлімхан Бәйкенқызы өмірде жарасымды жұп құрып, ұлы мен қызына өмір сыйлады, келісімді, кісілікті өмір баянының соңғы сәттерін де бірге өткерді. Санжары мен Гауһары экономика саласының мамандары, ата-аналарының ұлағатты өмірлерін жалғастырып келеді. Марқұмдардың сәулелі рухтары балаларынан тараған немерелерін желеп-жебей берсін. Білімпаз шәкірттері мен «сүйер ұлын сүйген» халқы «аға досын», «сүйінерге жарар» азаматын аңсайды, бүгінгі харекеттеріндегі жетістікке жетудің алтын кілтін қимастарының кісілікті келбетінен, кәсіби, ғылыми мұрасынан іздейді. Өмір – ғұмыр сабақтастығының сабағы осыған меңзейді.
Абылай Мұхамбетжан.
Ақтөбе қаласы.
ПІКІРЛЕР1