«Барса келмес» балалары
АЗАТ ӘКІМ
Коммунистік партияның билеп-төстеп тұрған заманы. Одан бері ел өзгерді, елорда өзгерді, бәрібір сол бір уақыт күні кеше болғандай.
Төргі бөлме іші темекінің көк түтіні, бес-алты адам ақша тігіп карта ойнауда. Сегізінші класс оқушысы Самғаның түннің бір уағына дейін еститіні әлденеге қызу таласқан, ерегіскен дауыстар. Кітаптары мен қалам-қағазын көтерген Самға ауызғы бөлмеге шықты, осы жерде тиісті сабақ тапсырмаларын пысықтайды. Карта соғатындардың кешкі тамағын дайындап жүрген әжесі шағын ыдысқа қуырған ет салып берді, жарты кесе шәйімен бірге өзегіне нәр жүгіртті.
Құдайдың құтты күні бас қосатын карташылар орталарынан ас-ауқаттарына ақша шығарып бергесін әжесі азық-түлік сатып әкеледі. Осындай жолмен екеуі нан-пұлын айырып отыр, әжесінің зейнетақысы азғантай.
Шешесі Бағдат тұрмыс құрмай жатып, Самға жарық дүниеге келіпті. Шешесі қазір мойны қашық Қандыағашта, шиеттей бала-шағасымен, жасы әлдеқайда үлкен күйеуімен сол жақта күнін кешуде.
Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ. Сүйікті әжесі қыс ортасында бір апта ауырғасын ес-түссіз ажал аузында жатты, ақ пен қызылда соңғы сөзін айтып үлгірместен үзіліп тынды. Есқуат ағайымен бірге кластастары, сондай-ақ үйлері қоңсылас балалар көңіл айтты. Барлық шаруаны атқарып жүрген осы көрші-қолаң балалар. Кішкентай екі бөпесімен Қандыағаштан келген шешесі Бағдат жетісі берілгенше келім-кетім үлкен-кішіге шәй-суанын дайындап жүрді. Бірде Самға «Менің әкем бар ма? Әкем кім?» – деп қатты толқып сұраған. Шешесінің сөзі тайғанақ.
– Әкеңе көктігілсін. Осы уақытқа дейін басыңнан бір сипамаған адам енді саған әке болып жарытпас.
Баланың әкесі шешесіне аян. Бірақ жас күнінде көрінгенмен ойнап-күлгесін Самғаның шын әкесі кім екенін Бағдаттың өзі де анық білмейтін болса керек.
Әжесі көзі тірісінде ара-тұра есіне алып отыратын жалғызы Бағдат Қандыағашқа қайтты. Бейтаныс әйелдің келді-кеттісімен бірдей, шешесіне қарағанда дарияның арғы бетінде, елде мал бағатын ағайыны Төлеутай шал әлдеқайда жақын. Мезгілімен әжесінің қазасын атап өтуге, қам кірпіштен басын қарайтуға қолынан келгенінше көмегін көр-сетті. Төлеутай ақсақал екі-үш жылдықта Самғаның ауласы ішінен жаңа жай салғысы келеді, ойы кемпірімен, мектеп жасындағы кенже ұлымен бірге аудан орталығына көшіп келу. Самға келісті, өзінің осы үйде тұруы екіталай, шет жағасын есітіп жүр, мүмкіндігі, қызығы мол үлкен қалалар есіл-дерті.
Карташылар топтасып кіріп шықты, жаңа беторамалға түйген ақша ұстатты. Олармен қабаттасып көзінің оты сөнген маскүнем отыратын бір бұрышта. Араққа жұмсаса дүкенге барып қайтады атау кере ындынына түскен байғұс. Самға аннан қашқан, мыннан қашқандардан запы болғаны соншалықты, адам кейпіндегі карталар түсіне енетін. Әжесін жерлегесін құмар ойынның ізіне түскендерді табалдырығынан аттатқан жоқ.
* * *
Киім-кешегі жұпыны Самға сымбатты бозбала, мектепте, көшеде жасөспірім қыздар назар аударып қарайтыны табиғат сыйындай. Әжесін жиі уайымдайды, бірде кешке жақын керуетіне қисайып жатқанында жанталасып келген көршінің қызы Некежан жұқа көрпешесінің астына кіріп кетті.
– Ағам көйлегін өтектеп қоймағаныма бұлқан-талқан. Ұстап алса, өлтірмекші, – дейді. – Кір жуып жүріп ұмытып кетіппін.
Ағасы Көбейсіннің мінезі шатақ, ілгеріде көшеде жасы үлкен кісімен жағаласып қалғаны есінде. Терезеге қарап бір қырынан жатқан Самғаны Некежан ту сыртынан тас қылып құшақтап алыпты. Жасөспірім ұл мен жеткіншек қыздың ізгі сезімдеріне не жетсін, екеуінің ұсақ-түйек әңгімелері көп. Көңілдері жаңа жауған қардай кіршіксіз таза, осы аппақ көңілдері ес біліп, етек жапқасын үлкен сүйіспеншілікке ұласты.
Бір жас кіші Игілік Самғаның жиі араласатын баласы, сырлары ортақ. Көрші қыз Некежан екеуі 7-ші «б» класының оқушылары. Игілікпен бірге үйінің іші-сыртын әктеп алғасын, алашасына дейін күн көзіне жайғасын, еденін тазалап жуып жүргесін шаңырағына сіңіп қалған иіс-қоңыстан арылды.
Күн жылынысымен балалар Ащыөзекке шомылғысы келді. Өзек қалашықтың сыртында, жағажай бос, екеуі суға ұзақ түсті. Cуды кешіп тұрған Самға арғы жағалауда әлдекім тұрғандай бір қолын бұлғап қояды.
– Не болды? – деген Игілік.
– Әлдекім қайта-қайта шақыратын тәрізді, әжемнің дауысына ұқсайды.
Өзектің сол жағалауы қалың бейіт. Алды жарық болсын, әжесі осы қорымда. Бірақ арғы бетте қармақтарымен балық аулап отыратын әуесқой балықшылар да көрінбейді.
– Мен барып қайтайын, – деді Самға. Ағысы баяу өзек тереңінде қатты екпінмен құлаш ұрып барады.
Суға шомылатын тұсында өзектің етек-жеңі кең. Арғы беттегі қалың пішенге жақындағанда Самғаның әл-дәрмені қалмады, су бетінде бір-екі рет қолдары көрінгесін өзек түбіне шым батып кетті. Әрі-бері шыдамсызданып күткен Игіліктің жүрегі әдеттен тыс дүрсілдеп сала бергені, байыз таппастан стансасына қарай құстай ұшты.
Әжесі көз жұмғаны аздай, Самғаның суық хабарынан үлкен-кішінің есі шықты. Мектептің оныншы класында оқитын Сәкіманның үш аяқты мотоциклімен Игіліктің әкесі, үлкен ағасы Ащыөзекке жиналып жатқандарында суға батып кеткен Самғаның өзі келіп тұр.
– Қайықпен пішен орып жүрген бір адам құтқарып қалды, – дейді.
Екеуі оңаша қалғандарында Ащыөзекте Самғаның басынан кешкені Игілікті қатты толқытты. Өзекте қатты шаршап екі қары талғасын, өкпесі өшіп бара жатқасын көз алды қарауытып сала береді. Басында су бетіне шыққысы келіп жанталасқанымен, көп ұзамай сабыр-барақат тапқаны, су астында қимыл-қозғалыссыз қалықтап тұрғаны жансебіл түйсігінде сақталыпты. Кенет судың тереңінен көтерілген үлкен бір балық демегендей болады да жағалауға шығарып тастайды. Есін жиғасын көпір арқылы қайтқанын айтты.
– Сол балық емес, әжем сияқты, – деді Самға.
– Әжең неге шақырыпты?
– Некежан үйді жинастыруға қолғабыс көрсеткенінде әжем айналып-толғанып отыратын. Бойжеткен соң Некежанға үйленгенімді хош көретіндей.
Ащыөзекке шомылатын күні Игіліктің үйі қазан көтеріп, ет асты. Қонақтары – Некежанның әке-шешесі мен осы көшеде тұратын Зиядулла молда. Ауру-сырқаудан көз ашпаған күйеуінен жастай қалған, өмірде көп тауқымет көрген марқұм әжесі Ақмоншақ туралы байыпты әңгіме кеш бойы үзілген жоқ, балалар үн-түнсіз тыңдап отыр. Бақи дүниеде иманы саламат болсын, оқылған құран аяттары Самғаның көңілін босатты.
* * *
Ол кезде сегізінші кластан кейін училище, техникум сияқты оқу орындарына түсіп оқуға болатын. Сегізіншіні бітірген Самғаның қорытынды бағалары жақсы. Болашаққа қатысты жоспары бұрынғысынан өзгеше. Медициналық училищелердің бірінен оқу бітірсе, туып-өскен стансасында әжесінің отын өшірмей ел қатарлы өмір сүргісі келеді. Игілік кейде Самғаның үйіне қонып қалатын, алдын ала ұлықсатын сұраса, әке-шешесі түсіністікпен қарайтындай.
Дүйсенбі күні Самғаның үйіне келген жарық көзін тарату мекемесінің бақылаушы әйелі электр қуатына үлкен қарызы төленбесе ісі сотта қаралатынын ескертеді. Райы қатты.
– Ақшам жоқ, – депті бойын үрей билеген Самға. Бақылаушы әйелдің түп-тұқиянын тексерген сұрақтарына жасы он беске толғанын, ес-пана көретін әжесі өмірден озғанын, шешесі Қандыағашта тұратынын айтады сағы сынып. Келесі күні құрал-сайманы бар жас жігіт бағана басындағы, сондай-ақ үйінің шатырындағы сымды екі жерден қиып кетіпті.
Апта аяғында Самға май шамның жарығында медициналық училищенің тиісті емтихандарына шаншылып отырды.
– Кеш жарық! – деп Игілік бас сұқты.
Дала қараңғы. Қант сатып алу үшін екеуі вокзал жанындағы дүкенге барып қайтуға уағдаласты. Орталық көшелер сүттей жарық. Вокзалда Самғаның кластас баласы Қазбек жолықты, облыс орталығына іссапарға бара жатқан, стансадағы көп мекеменің бірін басқаратын әкесін шығарып салып жүрген адамдар бірқатар.
Вокзалдың күту залындағы қаптаған отырғыштардың бірінен тауып алған шығар, Самғаның бүкіл назары етектей газетте, іші пысқан Игілік қадалып сұрады.
– Неғып отырмыз? Дүкеннен қант алып қайтпаймыз ба?
– Қазір «Мәскеу–Тәшкент» жолаушы пойызы келеді. Күте тұрайық, – деді досы. Пойыз қай жолға қабылданатынын хабарлағасын, екеуі бос жатқан бірінші жолды кесіп өтті. Жер танабын қуырған жолаушы көлігі тоқтады. Пойыздың арғы бетінде доңғалақтарды тексеріп жүрген теміржол жұмысшысынан басқа жан жоқ. Екеуі вагондарды жағалап жүр. Ақыры он бірінші вагон терезесінің сыртына іліп қойған торшаны Самға шынашақтай шаппасымен кесіп алды. Ішіндегісі азық-түлік болса керек, жолда түнгі он екіге дейін ашық кезекші дүкеннен қант сатып алған балалар үйге келгесін керогазға бір шәугім шәй қайнатып ішті. Әлгі торшадағы таза қағаздарға қабаттап ораған шұжық, құс еті дәмді. Дастархан үстінде Игілік сұрақ қойды.
– Қайдағыны қайдан үйреніп жүрсің?
– Бағана вокзалда кездескен Қазбектің ақыл-кеңесі.
Шам сөндірілді. Төсекке жатқандарында Самға кейбір түні үлкен-кіші екі қазанның қақпақтары ашылып-жабылғаны естілетінін тілге тиек етті. Ауызғы бөлмедегі қазан-ошақты қарайтын марқұм әжесінің білгісі келетіні немересінің тамақтанғаны немесе тамақтанбағаны. Самғаның көзі ілініп бара жатқанында жанына келіп отыратын сияқты.
– Қарның аш па? – деп жаны ашитындай.
Досының қалай күн кешіп жүргеніне бұрын-соңды мән бермеген Игілік кешкі ас-ауқатқа үйіне шақырып тұруды ойына тұтты. Әжесі туралы әңгіме
елегізсе де түнгі тәтті ұйқы еңсеріп әкеткен-ді.
Тағы бірде кешкісін жұрт ауласына еккен бақшасын суғаратын көшедегі тайыз арықта екі дос алаулатып от жақты. Әңгіме Самғаның болашақ оқуы туралы.
– Қандай мамандыққа оқисың? – деп сұрады Игілік.
– Тіс дәрігеріне.
– Оқуы неше жыл?
– Неше жыл болса да оқимын.
– Ал қайда тұрасың?
– Жатақханадан бір орын берер.
Станса орталығынан қайтып келе жатқан бір топ балалар ұшқын атқан алау айналасына тізе бүкті. Амандық-саулық сұрасқан Бибімәриям Игіліктің туысқаны, өзі көбінесе ұл балалармен бірге жүреді. Биыл мектепті қатар бітірген Сәруар екеуі ғашықтар. Әңгімелеріне қарағанда, «Төрт тентек» тобына жататын кейбір балаларды сабасына түсіріпті. Әлгілердің біреуі үш күн бұрын адамдары иін тіресіп жүретін жексенбілік базарда Салықтың санына біз сұғып алған көрінеді. Ұяң, көп сөйлемейтін Салық та осы жерде отыр еді.
– Ауыра ма? – деді Игілік алабөтен елеңдеп. Салық қысқа жауап берді.
– Түнде сыздайды.
Стансаның осы тұсының аты «Барса келмес», қалашықтың ит өлген бір қиырын осылай атап кеткендей. Қалашықтың тұс-тұсының өзіне тән лақап аттары бар, мәселен, «Батыс», «Арбакеш» және т.б. Соңғы уақытта әмбебап дүкен жанындағы «Кербез» балаларының атағы желдей есуде. Көшеде іркес-тіркес бірнеше топ құрайтын, көшені толтырып жіберетін жастары өздеріне сенімді. Киім киістері таңсық, жаздың күндері үстеріне ілетіндері бірыңғай ақ көйлек немесе бірыңғай қызыл көйлек, қызыл түс көйлек сол кезде сән.
«Барса келмес» балалары қызу әңгіме соғуда, кейбіреулері көк шөптің үстіне төсекке қисайғандай жайғасыпты. Иық тірестіріп, құшақтасып, жан-дүниелері елжіреп сала берген, бірінің демін бірі жұтқан Сәруар мен Бибімәриям өзге дүниені ұмытқан сыңайлы. Қызық көрген шығар, қатар отырған Игілік туысқаны Бибімариямның құлағына сыбырлап сөйледі.
– Тәте, үйленесіңдер ме?
Бойжеткен жауап берген жоқ, Игіліктің бас киімінің күнқағарын көзіне түсіріп жіберді де от жарығында үн-түнсіз езу тартты.
Көк жүзі жымыңдаған жұлдыздар. Шалқасынан жатқан Сағыныш жастар арасында кең тараған Әбілахат Еспаевтың «Қайдасыңдар, достарым» әнін шырқады, қоңыр дауысы сүйкімді, қайырмасына көпшілігі қосылып іліп әкетті. Балалардың біразы биыл аттестаттарын алды, біразы мектепті келесі жылы бітірмекші, ішіндегі жасы кішілері Салық, Самға, Игілік.
Айшуақтың айтуынша, кешкісін шеткі көшелерде жас милиционерлердің көліктерімен кезекшілік жасайтындығы соңғы уақыттағы жаңалық. Мақсаттары – төтенше оқиғаның алдын алу. Жүріс-тұрыстары күмәнді балаларды көрсе, ұстағанын алып кету әдеттері. Аудандық милиция бөлімінде аты-жөндерін, стансадағы көп мектептің қайсысында оқитындарын қағазға хаттап қоятындай, есепке алатындай.
– Қызыл жағалыға сенім жоқ, – деп әңгімеге Мұхадес араласты. – Басы-қасында болмасаң да, қайдағы бір істі мойныңа қиып салуы мүмкін.
–Жақсы сөз айтайықшы, – деген Есентайдың «Қазақстан» темекісі қорабынан бір түйірін қолына алған Бибімәриям Сәруарға назданып сөйледі.
– Уәде бердім ғой, келесі айдан бастап қоямын.
Шолақ көше түкпіріндегі жарығы солғындау көліктің жүрісі шабан, ара-тұра көшеден өтетін көліктердің біріне ұқсайды. Кенет көзі өткір Жетес «Млитса!» деп айқайлап жіберді. «Барса келмес» орамының қуыс-қолтығын бес саусағындай білетін балалар ілезде жоқ болып кетті. Қулықтары ашылып қалғасын түрлі-түсті шамдарымен бірге милиция көлігі дабылдатқышын қосты. Самғаның ізінен ауласына сүңгіп кеткен Игілік екеуі қақпаның саңылауынан қарап тұр, тәртіп сақшылары асықпастан көшені бойлап жүріп алды да келген ізімен кейін қайтты. Сам-ға үйден құман алып шықты, арық ішіндегі от қоламтасына су құймақшы. Құрғақ ағаштардың күлі қалыпты, отырған орнына шешіп қойған Бибімәриямның биік өкше аяқкиімін ертеңіне Игілік үйіне апарып берді. Тәтесі екі асығыс, бір қарбалаңда ұмытып кеткендей.
«Барса келмес» төрт көше қиылысында. Осы ауқымы үлкен қиылыстың тап ортасында ескерткіш сияқты жас бәйтерек бой түзепті. Шеткі көшемен сәл әрірек ұзасаң көкжасыл дала басталады. Игілік пен Самға күнде дерлік кездесетін, бүгін екеуі қараңғы түскесін сыртқа шықты. Көшеде жүк көлігі ырғатылып өтіп бара жатқан, ізінен жүгіріп ала жөнелген Самға қорабының үстіне шығып алды. Жәшік-жәшік қияр мен қызанақ тиеген көлік екен, қойны-қонышы мол көкөніс. Екеуі шәй қойып жатқандарында терезе әйнегінен жаңа белсепедін жетектеген Салық бой көрсетті. Аяғының ауруы басылмағасын шешесі қоярда-қоймай емханаға апарады. Жуан санын таңып берген егде дәрігер көп жүріп-тұрмауын, үйде тыныш жатуын тапсырыпты. Самға сөзге тартты.
– Балалар қайда?
– Орталық бақтағы би алаңына кетті, – деді Салық.
Жайпақ табақтағы суға шайған қияр мен қызанақтан дәм ауыз тиген үшеуі шәй ішті. Салық биыл Самға сияқты сегізінші класты бітірді, оқу озаты, бірақ мектептері басқа. Салық бір үйдің жалғызы, кейін Алматыдағы Шет тілдер оқу орнының бірінші курсын бітіргесін үздік студент ретінде Венгрияда оқитыны үй-ішін қуантты. Келесі оқу жылынан бастап Будапешт қаласында білім-білігін жалғастырды. Зымыраған уақыт көзді ашып-жұмғанша. Дипломын алатын жылы бір-біріне көңілі құлаған курстасы Мадияр қызын ертіп әкелгені бәрінен бұрын әке-шешесіне түрлі ой салғандай. Бір түйір баласы болғасын оның сыры түсінікті.
Үлкен той өтті, адам көп. Тіл ұқпағанымен қалыңдығы көңілді, жас жеңгелері қатарынан құрбылар тапқанына, елдің ықыласына мәз. Европаның көрікті астаналарының бірі Будапешт қаласы мен аудан орталығы стансаны салыстыру қиын. Тойдан кейін келіншегі қайтып төбе көрсеткен жоқ, Салық та әке-шешесі өмірден озғасын келуді сирексітті. Жаны сұлу жасөспірім Салықты жұрттың бәрі жақсы көруші еді. Ержеткенінде шетелге біржолата кетіп қалатыны, ол кезде, үш ұйықтаса ешкімнің түсіне кірмейтін.
Іргедегі Арал теңізінің айдынынан көтерілген түйдек-түйдек бұлттар іркес-тіркес жылыстап көшу үстінде. Ара-тұра найзағай ойнайды, сіркіреп жауған жаңбыр басылғанымен күн түнеріңкі. Кешкі дастарханды жинастырып жүрген Самға құрдасы Салыққа өтініш айтты.
– Ертең белсепедіңді бере тұршы.
– Жарайды, жай ма?
– Әжемнің басына барып қайтқым келеді. Алматы қаласына жол жүретінімді айтайын, батасын сұрайын.
Салық үйіне қайтқанында белсепедін ауызғы бөлмеге кіргізіп қойды. Қашанғысындай алдағы емтихандарын ыждағаттаған Самғаны алаңдатқысы келмегенімен Игілік екеуі кейде күбір-күбір сөйлеседі.
– Қашан жолға шығасың?
– Сәруар мен Бибімәриям айтатын шығар, Алматыда Сәруардың үлкен апасы мен жездесі күтіп алады.
Некежан туралы әңгіме қозғалғанда Игілік пікір қосты.
– Ақылды, сұлу қыз, әжең айтқандай үйлен. Тойыңа шақыруды ұмытпа.
– Ең бірінші сені шақырамын тойға. Күйеу жолдастың кім екенін білесің бе?
– Жоқ.
– Ең жақын досың күйеу жолдас болады.
– Оны кім айтты?
– Некежан айтты. Кілтті, үйдің кілтін кімге тастап кетемін. Саған ба? Некежанға ма?
– Өзің білсейші.
Самғаның мектеп директоры Әбдіхамит әдебиет пәнінің де оқытушысы. Тәжірибелі, білікті ұстазы жетекшілік жасайтын «Жас өркен» қабырға газетіне Самға белсенді түрде араласты. Бір күні Әбекең класс жетекшісін жұмсап Самғаны шақыртып алады. Мектеп мөрімен бекітілген мінездемеде шәкіртінің оқу-білімге ерекше ынтасына, тұлдыр жетімдігіне назар аударыпты, мүмкіндік болса, көмектесуін сұрапты болашақ оқу орнынан. Директор ағайы өз қалтасынан әжептәуір ақша бергенін неге ұмытсын? Осы жақсылығы ықыласқа зәру жас жанын тебірентті.
Әлдекім терезе қақты. Бақтағы би алаңынан кеш оралған Сәруар мен Бибімәриям, сұрап тұрғандары мұздай су, жел саябырсығасын бұлтты түн қапырық, шөлдесе керек. Сыртта Самғамен бірге жол жүру төңірегінде үшеуі пікір алысып жатқандары, әлденеге жарысып күлгендері естілді.
* * *
Сенбі күні тал түсте Сәруарды, Бибімәриямды, Самғаны алыс жолға шығарып салмақшы жастар вокзалда бас қосты. Сәруар мен Бибімәриямның ата-аналары, ым-жымы бір «Ақмешіт» тобының балалары жүр. Самға мен Игілік оңаша сөйлесті, Игілік ортасына еліктеп бой түзегісі келеді.
– Мектеп бітіргесін мен де оқуға талпынып көремін.
– Қайда оқисың?
– Әлі білмеймін.
Сол арада вокзал алдында құрбысымен қолтықтасып жүрген Некежан көзге түсті, бір қолын көтеріп ишара жасауда. Ағасы Көбейсін балалардың ортасында шарап құйып тұр еді. Келуге қорқатындай.
– Некежанға барып қайтайын, – деді Самға.
«Мәскеу-Алматы» жолаушы пойызы стансада біршама кідіреді. Жазда су, қыста оған қоса отын алады. Сәруар мен Бибімәриямның ата-аналары сәт-сапар тіледі, ақ баталары мейірім мен ізгілікке тұнып тұр. Осы сапар кейінгі сапарлардың басы екен. Күндер озған сайын аралас-құралас жүрген балалар бірінен соң бірі кетіп тынды. Айналып келгенде, ешқайсысы ілгеріде стансада болмағандай-ақ жүрген-тұрған іздерін уақыт толқыны шайып кетті.
Балаларды Алматы қаласына шығарып салатын күні Игілік Самғаның үйіне келіп кілтімен құлпын ашты. Іңір қараңғысы. Май шамды жақты. Үстөл үстінде досының қол сағаты, жанында жарты бет дәптер парағы жатыр. «Игілік! Осы сағатты қолыңа тағып ал. Саған сыйладым. Самға», – деп жазыпты.
Балапан басына, тұрымтай тұсына дегендей, балалар қилы кәсіпті нәсіп етті. Арасында жоғары оқу орнын бітіргендері, өрт сөндіруші, әскери теңізші қызметтерін таңдағандары бар. Бәрі Қазақстанның түрлі қалаларына қоныс тепті. Стансада тұрақтаған жалғыз Самғаның Жиделі-Байсыны туып-өскен жері. Ержеткесін ескі шежірелерді жинастыру, сұрыптау дағдысына енді. Өлке тарихына қалам тартты, осындай бастамасын үнемі қолдап-қоштайтын жерлестері. Өзі көптен бері стансада жақсы аты әйгілі тіс дәрігері.
Елдің салты, қара шаңырақтың түтінін түтететіні ата-ана кенжесі. Қалғандары қанаттары қатайғасын тұс-тұсына ұшып кетеді. Одан кеміп қалған станса жоқ, қайта шекарасы өсу-ұлғаю үстінде, халық саны артты. Биік бәйтерек өскен төрт көше қиылысындағы кейінгі жеткіншектер өсіп жетілді. Сәлемінен жазбайтын жас ұрпақ «Барса келмес» балаларының ізбасарлары, бірақ лақап аттары «Жаңалық». Кейде ұлдары мен қыздары жарасып Ойын-сауық орталығына немесе Мәдениет үйіндегі кешкі концертке бара жатқанын көресің.
Айшуақ, Сәруар, Бибімәриям, Мұхадес, Сағыныш, Сәкіман, Көбейсін, Жетес, Есентай, Салық, Самға, Игілік жас күндерінде ынтымақ-бірлігімен көзге түсті, біреуінің үйіне қол көмегі керек болса, ілезде жинала қалатын, бірі үшін бірі отқа түсуге дайын. Осы балалардың ішінде айдай әлемнің жарық дүниеге келген бір пұшпағын ойламайтыны, ара-тұра сағынбайтыны жоққа тән. Сол сағыныш шығар, әлде басқадай себебі бар шығар, соңғы рет кәмелетке толған кіші қызымен бірге келгенінде үлкен-кішінің алдынан өткен Салық көзіне жас алды.
Иә, бәрі де өтеді, бәрі де өзгереді. Жас ұлғайған сайын әрқайсысының көңілінде не қалатыны бір Құдайға аян. Басында жиі келіп жүргенімен, бірте-бірте балалар кіндік кесіп, кір жуған стансасына қайрылмастан қол үзді, ақыры аяғы жеткен жерінде тыныштық тапты.
Адам – адамға, Жан – кеудеге мейман. Бір заманда ағайын-туыстай болған «Барса келмес» балалары бір-біріне бармағасын-келмегесін әсте-әсте жатқа айналатыны тағдыр жазуы сияқты.