Ұмытылмайтын Алма
Қазақ баласының ұлттық болмысын қалыптастыруда тынымсыз еңбек еткен біртуар ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Алма Қыраубаеваның өмір жолы өнегеге толы. Ғалым тірі болса, биыл 70 жасқа толар еді.
Алма Мүтәліпқызы гауһар тастай сан қырлы қасиеттің иесі болғаны замандастары мен шәкірттеріне белгілі. Оның ғалымдығынан тыс, термешілік-әншілік таланты талайды тамсандыратын. Қазақта «Тақыр жерге гүл өспейді» деген сөз бар. Киелі Сыр өңірінде өмірге келген Алма Қыраубаеваның шыққан тегі де осал емес. Әкесі Мүтәліп Қыраубайұлы айтыскер ақындығымен, балуандығымен елге ерте танылған адам. Жыршылық-термешілік өнері де болғанын көзкөрген кісілер жақсы біледі. Ұшқан ұясынан, әкесінен алған тәлімі Алма апайдың болмысына дарығаны анық. Әкесінің әр кеш сайын балаларын қасына жиып алып, сөз асылы, ой маржаны – ежелгі қисса-дастандарды жалықпай жырлауы талапты жастың әдебиетке деген ықыласын оятқаны даусыз. Мектепті алтын медальмен бітіріп, сол кездегі С.М.Киров атындағы ҚазМУ-ге оқуға түскен Алма Мүтәліпқызы университет қабырғасында Бейсенбай Кенжебаев, Рахманқұл Бердібай, Зейнолла Қабдолов сынды ұлағатты ұстаздардың қамқорлығын көріп, тәлім-тәрбиесін алды. Ғалымның студенттік уақыттағы жолдастары Алдан Смайыл, Әділбек Тауасаров, Нұрлан Оразалин, Сағат Әшімбаев, Әшірбек Көпіш сияқты қазақ әдебиетіндегі өзіндік сара жолы бар, нар тұлғалы азаматтардың шығармашылық ізденістеріне, өмірге деген құлшынысына ерекше серпін бергені анық. Саналы ғұмырында артына өшпес жұлдыздай із тастап, қазақ ғылымына ауқымды еңбек сіңірген аяулы жан туралы замандастары мен шәкірттерінің жүрегіне жазылған сыр көп. Солардың бір парасына үңілсек…
Өмірхан ӘБДИМАНҰЛЫ,
филология ғылымының докторы
ҮЛКЕН ЖҮРЕКТІ АДАМ
«Өмірде өзім көрген жандардың арасында қандай жағдайда да ұстаздық ақ жолынан еш адаспаған, шынайы ұстаз, шын ұстаз бір жанның болғанын жақсы білемін. Ол – қасиетті қара шаңырақ ұлттық университетте 30 жыл ұстаздық еткен, менің сүйікті ұстазым Алма Мүтәліпқызы Қыраубаева. Алма Мүтәліпқызы өзінен оқып, дәріс алған бар шәкіртін бөліп-жармайтын, «бес саусақ бірдей емесін» біле тұра, әр шәкіртінің бойынан бір ерекшелік байқайтын, олардың мінез-құлқындағы ала-құлалықты елемеуге тырысатын үлкен жүректі адам, адал ұстаз еді. Жанына жақын жүздеген шәкірттері іштей өзінің ғана ұстазы санағанмен, ол бәріне ортақ ұлық ұстаз болатын. Жалпы, ұстаз атты ұлы ұғымға сай болу үшін осы жолды мұрат тұтқан жанның бойында бірін-бірі толықтырар үш қасиет тоғысуы шарт. Меніңше, оның біріншісі – телегей теңіз терең білім, екіншісі – өмірімен өзектес деп біліп, тандаған мамандығын жетік меңгерген біліктілік, үшіншісі – өз ортасына сыйлы бола білген кісілік келбет. Міне, осы үш қасиет ұстаз тұлғасында тұтаса тоғысып, әрқайсысы көзге ұрып, әрі бір-бірімен кіріге жымдасып кеткенде ғана нағыз ұстаз жаратылысы ерекшелене түседі. Баршаға «Алма апай» атанып кеткен Алма Мүтәліпқызының бүкіл болмыс-бітімінен осынау үш қасиет анық байқалып тұратын-ды. Алма апайдың білімділігін кейінгі шәкірттері түгілі, арысы өзін оқытқан данагөй ұстаздары, берісі бірге оқыған курстастары мен қатар жүрген әріптестері түгел мойындаған. Алма апай бойындағы білімділіктің бұла бұлқынысын алғаш сезген ұстазы, ғұлама ғалым Бейсенбай Кенжебаев. Талант пен дарынды жазбай танитын көпті көрген көнекөз Алманы алғашқы курстарда-ақ байқап, қазақ әдебиеті тарихының зерттелмей жатқан тыңына түрен салдырыпты. Алтын орда – қыпшақ дә-
уірінің жауһар жәдігерлері «Рабғузи қиссалары», Хорезмидің «Махаббатнамасы» оңай шағылар жаңғақ емес, оған қайтпас қажыр, жасымас жігер, бірегей білім, ересен еңбек керек. Алма бойынан осының бәрі де табылды. Табылғаны сол, ол бір орында тұрып қалмай, ғылыми атаққа бола ізденбей, әдебиет тарихын тереңдей зерттеп, қопара қазып, үдете жазып, ежелгі дәуір әдебиетінің Қазақстандағы бірден-бір білгірі атанды. Кезінде Бейсекең үміт артып, осынау кезең әдебиетінің тың тарихын зерттеуге қосқан алдыңғы ілектегі талантты да, дарынды шәкірттерінің көбі ежелгі дәуір атты «асау тайдың» жалынан ұстап, үйретуін үйреткенімен, кейіннен тайқып шығып, қайта қойшы торыға ер салды. Алма ұстаз жөн сілтеген бағдаршамнан көз жазбай, орта ғасырдағы шығыс, түрік, қазақ әдебиетінің байланыстарын тұңғиықтан тартып, жарыққа шығарды. Оның бұл саладағы еңбектері санының көптігімен, көлемінің молдығымен емес, жазғанының жаңашылдығымен, ғылыми ізденісінің тереңдігімен бағаланады. Ғұлама ғалым зерттеулеріне тән басты қасиеттер – ой биіктігі, ізденіс тереңдігі, тақырып кеңдігі. Ғалым Алма қысқа ғұмырында аз еңбектенген жоқ, бірақ көп дүниесі баспа жүзін көрмей кетті. Жалпы, басылып шыққан зерттеулері аса көп емес, айналасы бес-алты кітап. Бірақ аз болса да саз жазатын зерттеушінің еңбектері аса сапалылығымен айшықталады. Алма жазған ғылыми зерттеулердің ішінде «Ғасырлар мұрасы» (1986), «Шығыстық қисса-дастандар» (1997) атты екі еңбегін айрықша атауға болады. «Ғасырлар мұрасы» – ұзақ жылдарға созылған іргелі ғылыми-зерттеу жұмыстарының жемісі. Мұнда ХІІІ-ХІV ғасырлардағы түркі тектес халықтар әдебиеті қазақ жазба әдебиетінің арғы бастаулары ретінде қарастырылып, сол кездегі тарихи-әлеуметтік жағдай мен әдеби байланыстың тамырластығы жүйелі ғылыми негіздемеге түседі. Сол дәуір әдебиетінің ХІХ-ХХ ғасыр басындағы ауызша, жазбаша және нәзира әдебиетте дәстүрлік жалғасын табуы тарихи-әдеби нақты деректер арқылы дәлелді түрде пайымдалып, терең зерттеледі. ХІІІ-ХІV ғасырлардағы «Рабғузи қиссалары», «Махаббатнама» атты тарихи жәдігерлер – әдебиет тарихында өшпес із қалдырған мәңгілік мұралар. Міне, ғалым «Ғасырлар мұрасы» еңбегінде бірін – аударма-нәзира әдебиет, екіншісін – тыңтума әдебиет деп алып, осы екі шығарманың жанрлық, тақырыптық, көркемдік сипаттарын ашады. Сонымен бірге, осы шығармалардың қазақ әдебиетіндегі алар орны туралы өзіндік тың тұжырымдар жасайды. Мәселен, «Рабғузи қиссалары» жөнінде ғалым былай деп жазады: «Рабғузи қиссалары» сөз болып отырған бір дәуір әдебиетінің жинағы, хрестоматиясы, әр түрлі жанрдағы шығармалары қамтылған өз дәуірі әдебиетінің негізгі ерекшеліктерін аңғартатын құнды мұра». Ал Хорезмидің «Махаббатнамасы» жайлы «Түпкі бастаулары V-VIII ғасырларда жатқан ежелгі әдебиетіміздің ХІІІ-ХIV ғасырлардағы елеулі көркем туындысы деп, өз тұсындағы жер жүзі мәдениетіндегі озық ағымдармен байланысты, сонымен қатар бергідегі қазақ поэзиясының тіл, стиль дәстүріне қатысты деп қараймыз» деген ойға қонымды түйін түйеді. Ғалым осы еңбегінде орта ғасырдағы Алтын Орда дәуіріндегі әдебиеттің кейінгі дәуірлердегі әдебиеттермен дәстүрлі сабақтастығын сөз ете келіп, осы бағыттағы ғылыми зерттеулерді дамытудың міндеттерін алға қояды. Академик-жазушы С.Мұқановтың «Қазақ халқының рухани мәдениетінде қиссалар елеулі орын алады» деген пікіріне сүйене отыра, «Қиссалардың әдебиетіміздің бұрынғы – соңғы тарихымен дәстүрлі байланысы, шығыс халықтары әдебиетімен сабақтастығы, әдебиетімізден алатын орны, т.б. мәселелер кең зерттеуді керек етеді. Қисса жанрын зерттеп білу әдебиеттегі шығыс дәстүрі дейтін үлкен мәселелердің де беттерін ашпақ» – деп, болашақ зерттеушілерге жол көрсетіп, жөн сілтейді.
Алма Қыраубаева кейінгі еңбектерінде осы бір өзі көтерген мәселелер төңірегінде ауқымды жұмыстар жасады. Оның айғағы – «Шығыстық қисса-дастандар» атты терең мазмұнды монографиясы. Бұл – шын мәніндегі күрделі ғылыми зерттеу еңбек. Онда ХІХ-ХХ ғасыр басында қазақ жазба әдебиетінде елеулі орын алған қисса жанрының түп төркініне барлау жасап, өзіне дейінгі осы тақырыпты игеруге біршама еңбек сіңірген ғалымдар Ө.Күмісбаев, Б.Әзібаевалармен кейде бір арнада табысып, кейде өз сағасының ағысымен адаспас айдынға шығып, әдебиетші ғалымдарды жаңалығы мол ғылыми жетістіктеріне тәнті етті. Мұндағы зерттеуші ұстанымының айқындығы – оның қазақ қисса-дастандарының шығу тегіне қарай топтастыруы. Мәселен, А.Қыраубаева кейбір ғалымдардың қиссаларды тақырыптық-идеялық тұрғыдан топтастыруымен келіспейтіндігін білдіріп, «Біз қисса-дастандарды «Тотынама» желілері, «Шахнама» желілері және орта азиялық желілер деп бөліп қарастырамыз» деген ойды ашық айтады. Сөйтіп, қисса-дастандардың қазақ топырағында пайда болуының арғы негізіне үңіліп, өзекті ғылыми мәселелердің өзіндік шешімін табады. Еңбекте қазақ қисса-дастандарының шығыс дәстүрімен желілестігіне назар аудара отырып, оның өзіне тән төл ерекшелігін айқындайды. Олардың XX ғасыр басындағы жазба әдебиетке тигізген игі әсері нақтылана түседі. Мысалы, ғалымның «Қазақ қисса-дастандары ХІХ-ХХ ғасыр басында қалыптаса келіп, поэма, повесть, роман жанрының тууына негіз болғанын көреміз. Мағауия Абайұлының «Медғат-Қасымы», Мұхаметжан Сералиннің «Гүлкәшимасы» біздің ойымызша қисса-дастандар дәстүрі бойынша жазылып, бірақ қиссалық тұрақты ерекшеліктерден ажырай бастаған дастандар. Тіпті, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлуы» да ежелгі қиссалық дәстүрдің кей ерекшеліктерін сақтаған шығарма» деген орнықты ойлары болашақ ізденістерге жол ашқан, нақты ұсыныстар. Осы өміршең ойлардың талай зерттеу еңбектерге негіз болары даусыз. Жоғарыда сөз болған, бір-біріне сабақтас егіз еңбектің зерттеу нысаны бөлек-бөлек болғанымен, мақсаты бір зерттеулер. Ол мақсат – бүкіл түркі тектес халықтар әдебиетінің арғы бастау бұлағының бір екендігін дәлелдеу. Олардың әлемдік руханиятта алатын орнын, оған қосар үлесін айқындау. Алма Мүтәліпқызының түркі әлеміне, түркі тектес халықтар әдебиетіне арналған зерттеу еңбектері ірі түрколог ғалым ретінде есімін әлем жұртшылығына мәшһүр етті. Осының нақты көрінісі – ғалым Алма Қыраубаева зерттеу еңбектерінің Түркияда шыққан 30 томдық түркі тарихы мен мәдениетіне арналған энциклопедиялық жинаққа енуі.
Иә, Бейсенбайдай ғұлама ұстаз сенімін арқалаған Алма апай «көк аттыға» айналған көп ғылым докторының бірі ретінде қалып қоймай, қазақтың білімпаз қызы ретінде танылды. Қазақ әдебиетінің Орхон-Енисей ескерткіштерінен бастау алатын ежелгі дәуірінен бүгінге дейінгі әдебиет атты алып айдынның дәуір-кезеңдерден тұратын жал-жал толқындарын бөліп-жармай, бірдей игерген бірегей ғұламаға айналды. Ежелгі дәуір әдебиетінен 30 жылдай университет қабырғасында студенттерге дәріс беріп, осы ежелгі дәуір әдебиетін орта мектеп бағдарламасына енгізу жолында да үлкен еңбек етті».
Алма Қыраубаеваның тәуелсіздіктің елең-алаңында «Сенім» атты бағдарлама жасап, ұлттық педагогика мен заманауи білімді ұштастырып, гуманитарлық мектеп-лицей ашқаны мәлім. Сол тәжірибелік мектепте еңбек еткен мұғалімдермен де пікірлескен едік…
Алма апайдың мектебі
Самал Дәрібайұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымының кандидаты:
– Ежелгі дәуір әдебиетінен дәріс берген Алма апайдың ұлт балаларына арнап жаңа сипаттағы мектеп ашу қажеттілігі туралы ойларын университет қабырғасында жүрген кезімізде-ақ еститінбіз. Бірақ шыны керек, ол қандай бағытта оқытатын мектеп, онда білім алатын шәкірттер мен ұстаздар қандай болмақ дегенді жете түсінбеген едік. Тағдырдың сыйы болар, Алма апай мектеп ашып, кейбірімізді жұмысқа шақырғанда ерекше қуандық. 1993 жылдың қыркүйегінде, жаңа оқу жылының қарсаңында, Алматының бөктерінде орналасқан Ораз Жандосов ауылында жергілікті жұртты ғана емес, қазақ зиялы қауымын елең еткізген елеулі жаңалық болды. Елеулісі сол – әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің доценті Алма Қыраубаева осы ауылдан Алаш баласына арнап ұлт мәдениеті мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-лицей ашты. Р.Бердібаев, Т.Кәкішев бастаған бір топ көрнекті ғалымдар батасын беріп, тұсауын кескен бұл киелі шаңырақтың кейін Алма апайдың мектебі аталып кетуі де заңдылық еді. Атақтан да, абыройдан да кенде емес Алма апайдың Алматыдан арнайы келіп, алақандай ауылдан мектеп ашудағы мақсаты не еді? Басқа мектептерден ерекшелігі қандай болмақ? Сол жылдары көпшіліктің көкейінен кетпей қойған көлденең сауал осы болатын. Апайдың мақсаты айқын еді. Арман – Өркениет әлеміне Қазақ құбылысы болып кіретін Азамат дайындау, қазіргі қазақ азаматының мінезін қалыптастыру. Ұлтымыздың асыл қасиеттерін бойына сіңірген, заманға лайық Тұлға қалыптастыру. Ол үшін, ең әуелі, өз-өзіне сенімді бала тәрбиеленуі керек.
Шілденің шіліңгір ыстығында апайдың ауыл әкімшілігінен аттай қалап сұрап алған Мәдениет үйін өз қолымызбен жөндеуден өткізіп, бөлмелердің көбін сыныптарға қайта лайықтап жасадық. Жұмысқа қабылданған ұстаздардың дені университет қабырғасынан жаңа шыққан жастар едік. Мұның себебі ұстазымыздың жаңаша көзқарасты жастардан іздегенінен болар. Мектептің ішкі жүйесі мен жұмыс маз-
мұны әміршілдік қатынастарды қажет етпейтін қағидаға құрылды. Ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс Адамгершілік негізді басшылыққа алды. Шәкірт көзқарасында біздің тұлғамыз білім беріп, тәртіпке салушы емес, рухани өсірушіге, үйретушіге айналуымыз бұлжымас заңдылық еді. «Балаға сыйлы боламын десең, баланы өзің сыйлай біл» дейтін апай. Мектеп-лицейде алғашқы кездері бала саны аздау болғанымен, кейін ата-аналардың сенімі күшейді ме, көрші ауылдардан, тіпті Алматы мен басқа облыстардан да оқуға тілек білдірушілер көбейді. Бірақ көп оқушы қабылдауға мектеп мүмкіндігі көтермейтін. Қабылданған оқушылардың бәрі бірдей мектептерінде жақсы оқыған оқушылар болды десек, қателескен болар едік. Керісінше, білім деңгейі төмендеу, өз ортасында елеусіздеу болып жүрген оқушылар көбірек келетін. Негізгі ұстанымымыз – баланың болашағы мен мүмкіндігіне сену, сондықтан кейбір гимназиялар мен лицейлердегідей білімі мен тәртібіне қарап қабылдайтын қатаң қағидалардың қажеті бола қоймады. Апайдың авторлық бағдарламасының түпкі мұраты да баланың рухани өсуіне басшылық жасап, Кісілік, Шығармашылық қабілетін дамыту болатын. Ең алдымен ұстаз бен шәкірт арасында адамгершілік қатынас, түсіністік, мәдениетті орта жасалуы керек еді. Ал мұндай ортаны қалыптастыру үшін алдымен шәкірттерді бұйығылықтан құтқарып, өзіне деген сенімін қалыптастыру керек болды. Ішкі еркіндігі жоқ баладан білімділікті талап ету әділетсіздік болар еді.
Мектебімізде шәкірттер мен ұстаздар арасында терең байланыс болу үшін хат салатын жәшік ілінді. Бұл әдіс шетел педагогтарының тәжірибесінде бұрыннан бар. Арнайы орынға қойылған жәшікке шәкірттер ұстаздарына деген ойларын хатпен білдіруге де мүмкіндік туды. Алғашында кімге ренжіп жүргені, қайда барғысы келетіні, сабаққа не үшін дайындала алмағаны, т.с.с. сияқты мазмұндағы хаттардың астында қалғандай болдық. Нақты біреуіміздің атымызға келген хатқа міндетті түрде жауап жазуға тырыстық. Өз арамызда әзілдеп айтатын «Үшбу хаттармен» ой бөлістік, ақыл қосқандай болдық.
Мектебіміздегі пікірталастар, баяндамалар, ғылыми жобалар қорғау шәкірттердің шығармашылық мүмкіндіктерін ашуға септігін тигізді. Оқушылардың салған суреттері мен өлеңдері, қолөнер туындылары көп алдына күнделікті шығарылып отырады. Әр бөлменің қабырғасына ілінген өлеңдер, сөзжұмбақтар, суреттер, тіпті жақсы шығарылған есептерді де көруге болатын. Бір-бірінің шығарған туындыларымен танысып, мәре-сәре болып жататын балалар шығармашылығынан адамға ой салар мазмұндысы да, өзінен басқа өзгенің түсінуі қиын дүниелер де кездесетін. Ұнамай қалған туындыларын қайта алып тастап жататын жағдай да болды. Бұның өзі, әдетте қабырғада қатып тұратын қағаздарға қарағанда әсерлі еді. Апайдың жетекшілігімен құрылған көркемөнерпаздар үйірмесінің жұмысы да жаңаша сипат алған. Үлкен сахналарда шәрбәт мақамымен талайды тамсандырған ұстазымыз шәкірттерінің де өнерден қара жаяу қалмағанын қалайтын. Сабақтардың да музыкамен байланыстырылуы ескерілетін. Шыңдалған шәкірттердің де мектеп сахнасымен шектелмей, үлкен орталарда өнерлерін көрсетуіне жағдай жасалды. Ауыл-аймақтарды аралап, концерттік бағдарламамызды ұсындық. Ән мен күйге сусындап отырған ел-жұрт бір жадырап қалса, балалар да ауыл азаматтарының ақ батасын алып, арқаланып қайтатын. Шәкірттер «Әлемтану», «Елтану», «Ислам мәдениеті», «Еуропа мәдениеті», т.б. секілді жоғары оқу орындарында оқытылатын арнайы курстармен осы киелі шаңырақта-ақ танысты. Апай қыз балалардың болашақ ана екенін ескеріп, тек жақсы маман ғана емес, отбасының ұйытқысы болуға тәрбиелейтін. Осы себепті 9 жылдықтан бастап (сынып жылдық деп аталды – С.Д.) мектебімізде қыз балаларға арналып «Қыз әдебі» сабағы жүргізілді. Бұл пәндерді жоғары оқу орындарында білім беретін ұстаздар жүргізетін. Әрине, сабақ кестелерінің ыңғайына қарай оларды отыз шақырым Алматыдан қатынатудың апай үшін оңайға түспегенін айта кеткеніміз артық болмас. Мектепте үзіліс уақытының тиімді өтуіне ерекше мән берілді. Апай айтқандай, «алақандай жұмсақтығы жоқ» шар етіп, баланы селк еткізетін электр қоңыраудың орнына үзілісте арнайы бағдарлама жасап, ұлттық ән-күйлер, классикалық музыка қоятын болдық. Оқушылар үзілістің болғанын осы қойылған музыкадан білетін. Күніне 5-6 рет құлаққа сіңген әуен жүрекке де жетеді. Ол әннің (күйдің) кімдікі, туу тарихы қалай – бұлардың бәрі фойеде арнайы орынға жазылып қойылатын.
Сол жылдары талайды тентірете жаздаған тәкаппар тапшылық мектебімізді де терең тұңғиығына тартып, тығырыққа тіреді. Халықтың игілігіне айналған мектеп нарықтың иірімінде кете барды. Қаржы мен қамқорлықтың аздығынан мектебіміз жабылды. Әрине, толықтай бұл бағдарламамен жұмыс істеу бала саны көп оқу орындарында қиындау болуы да мүмкін. Дегенмен, бұл күндері республика көлемінде апайдың авторлық бағдарламасымен жұмыс істеп жатқан мектептердің бары көңілге жұбаныш. Асыл қасиеттерімен адамшылық педагогикасының дәнін еккен, алаш баласын өр рухты азамат етуді армандаған аяулы апай бүгінде арамызда жоқ. Төрт жыл білім мен тәрбиенің тал бесігіне айналған мектебіміздің тарихын таразылатқан тағдырға не шара…
Айсұлу Қасымбек, «Шығармашылыққа баулу» орталығының зертхана меңгерушісі:
– Мектеп лицейдің тәжірибесін көзбен көрген мұғалім ретінде нақты айтарым: осы Алма апайдың мектебінің кейбір идеялары Қазақстан мектептерінде енді-енді іске асырыла бастады: бала жанымен жұмыс, сабақтағы ізденіс, білімді бағалау және т.б. «Сенім» бағдарламасы – қиын-қыстау кезеңде жасалған білім саласындағы батыл қадам. Бағдарлама авторы Алма апай бұл бағдарламаны бірден бастап кетпегені де айқын, себебі ұстаз өзінің ғылыми ізденістері мен ұстаздық тәжірибесін жан-жақты зерделеп, сұрыптап, мақсатын айқын межелеген тұста қолға алынған жоба. Ол тек қағаз жүзіндегі ой болып қалған жоқ, мектеп ретінде өз өміршеңдігін дәлелдеді.
Озық ойлы әлем мектептері тәжірибесін саралай қарастырған автор бағдарлама негізіне сол тәжірибеден бір кем түспейтін дала тұлғаларының (әл Фараби, Қорқыт, Ж.Баласағұни, Абай, Шәкәрім, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытов және т.б.) өміршең мұраларын негіз етіп алған. Ел тәуелсіздігінің алғашқы қиын-қыстау кезеңінде білім саласында мұндай батыл идея ұсынып қана қоймай, оны іс жүзінде дәлелдеу – үлкен ерлік! Және тап осы ісімен Алаш ардақтарының идеясын жалғастырған ұлт тұлғасы деп бағалау керек.
«Дайын сценарийлер жаттанды әрекетке негізделген шәкіртті даярлайды. Сен мұғалім ретінде еркін әрі ой өрісі кең, шығармашыл шәкіртті біртіндеп өшіріп жатырмын деп ойламайсың ба?», – деп сұрады бірде. Менің жауабымды күтпестен: «Ал мен мектеп ашсам келесің бе?», – деп сұрады. Қуана келісетінімді айтқанда жы-
миып, уәдемде тұруымды ескертті. Бұл кездесу 1993 жылдың маусым айында болды.
Апайдың бағдарламасын жалғастыру мәселесі сол мектеп тәжірибесіне сүйенген оқу әдістемелік құралдар жазудан басталды. «Арман ПВ» баспасынан Алма Қыраубаева мектеп лицейі тәжірибелеріне негізделген 6-11 сыныптарға арналған «Қазақ тілі» оқу әдістемелік кешендері жарық көрді. «Шығармашылық шеберлікке баулу» орталығы құрылып, ОҚО, Маңғыстау, Жамбыл, Қарағанды, Алматы, Ақтөбе облыстарының мектептерімен байланысқа түсіп, жұмыс істей бастадық. Қазір ұлттық үлгідегі мектептің жұмыс бағдары, апайдың педагогикалық еңбегін негізге алып жұмыс істеу бағыты туралы ой анықталып, осы негізде мектептерде оқыту мен тәрбие жұмысын қалай құру туралы жобалармен жұмыс жасалуда. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданындағы Қосбұлақ негізгі орта мектебімен тығыз байланыс орнап, «Сенім» бағдарламасы негізінде психолог «Сенімді тұлға» бағдарламасымен жұмыс жасауда. Осы бағытта Маңғыстау, Жамбыл облысы, Алматы облысы мектептерімен де шығармашылық байланыс орнады.
ТҮЙІН:
Алма Қыраубаева сынды ғажап жанның ұстаздық тағылымын алғаныма шүкіршілік етемін. Иә, мен ол кісіден шәкірт ретінде де, келін есебінде де үйренгенім көп. Өкінішім: апайдың педагогика саласында, оның ішінде мектептегі ісін жалғастыруға мүмкіндігі болмағаны. Егер осы мүмкіндік болғанда, ол кісі шәкірттеріне түбегейлі, нәтижелі жұмыс жасатып, ғылым саласында ұлы өзгерістер жасайтын тұлғалар мектебін жандандырар еді. Әр салада нағыз елі үшін қызмет ететін ұлтжанды тұлғаларды дайындап, нағыз ұлттық кодтың жандану көзін көрсетер еді. Ұлт мектебінің теңдессіз үлгісін көретін едік. Ол негізі, апайдың өз өкініші болуы да мүмкін. Олай дейтінім, апайдың «Қош, менің Ауробиндом» деген жолдарын оқығанда, мектептің Алма апай үшін нағыз ғажайыптар әлемі болғанын сезіндім. Қазіргінің тілімен айтсақ, Алма апай өзінің авторлық мектебінің нағыз SMART мақсатты басқарушысы болды.
Дайындаған Жанар Әбсадық.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.