ҚЫЗҒА БЕРМЕС КҮРЕҢТӨБЕЛ
19.05.2017
3904
4

Дархан Қыдырәлі

Күллі қазаққа әйгілі Қаратаудың барқыт бел, балаусалы бауырын мекен еткен Аязбай деген атамыздың азамат шағында белдеуіне мал атаулыдан жал­ғыз күреңтөбел ат біткен екен. Сол күреңтөбел Аязбайдың атағын айнала жұртқа жайыпты. Көргеннің көзі сүрі­ніп, көңілі өсердей көркем жаратылған жануар төрт аяғын тең басқан, екпінін бұзбай белді асқан, судай сырғып, құм­дай сусып, жұлдыздай аққан жорға екен.
Жалғыз  атты жарлының маңдайына біткен бұл баққа әркім қызыға қарай­ты­ны айтпаса да түсінікті ғой. Күрең­тө­белдің тізгінін өзі ұстағысы келіп адам жіберіп «құда» түскен бай мырза, сал-серілердің де қарасы көбейіпті.Қалауын тапса қар жанады деген қазақ емес пе, біреуі көп дүниені көлденең тартып, біреуі болыстығына, біреуі туыстығына салып Аязбайды қыспаққа ала түседі. Алғашында «сыпайының сипағаны – сұрағаны» деп қызыға қа­рап, үзіле үздіккен кейбіреулер енді бір-бірінен қызғанып,«күреңтөбел маған жоқ болса, саған да жоқ болады…» деп Аязбайдың үйінен ашумен аттанысып жататынды шығарған.
«Басыну ғой бұл…» дейтін де үнсіз қа­лады екен мұндайда атамыз. Үнсіз отырып күрсінетін. Күрсініп отырып күй тартатын. Күреңтөбелге арнап шығарған күйі шығар, бәлкім. Бірде жазыққа шыққандай жайқалтып, бірде ойпаңға түскендей тайпалтып, енді бірде дүйім жұрттың алдында жұл­дыздай ағып бара жатқанын, ар­тын­дағы аттың жорғалап ілесе алмай шауып бара жатқанын тартатын… тар­тып-тартып алып, тағы да күрсіне­тін.
Шауып бара жатқан Ерғалы байдың аты еді-ау… Қаратаудың қапталын дүбірлеткен ұлы жиын, үлкен бір ас-той­да аламан бәйгенің алдында жорға жарысқа да кезек келген. Ырғала басқан бай, болыс, мейманасы тасқан би мен бектер үшін жүйрігі – абырой да, жор­ғасы – салтанат еді-ау. Сол жорға жа­рысқа күреңтөбелін үкілеп Аязбай да барған ғой.
Жорға жарыстың басты шарты – шауып кетпеу ғой, жүз қадамдай ша­уып кеткен жорғаны жарыстан шы­ғарып тастайды. Бұл жолғы жорға жарыс өзгешерек болыпты.
Арнайы ұйымдастырылды ма, әлде бәйге – аттың ғана жарысы емес, адам­дар­дың да бәсекесі болған соң ерегесі болмай тұрмайтын секілді ғой, ас үс­тін­де Аязбай мен Ерғалының атқос­шы­сы сөз қағыстырып қалыпты. Ат­қос­шының азу көрсете, тізе батыра айт­қан сөзінің ыңғылы Аязбайдың аты Ерғалының  атақты кержорғасының алдына түспеуі керек екен… Сонда Аязбай, бір жағы қыңырайып, қы­жырт­қаны болса керек, «сенің атың шапсын, менің атым жорғаласын, қайсы­сы алдымен келсе бәйге сонікі бол­сын, таласпаймын» депті.
Әй, сондағы күреңтөбелдің шабыс­қа бергісіз жорғасы! Алыс-жуықтан асқа келген жұрттың қаққан таңдай, там­санған тілімен ел-елді кезіп аңыз­дай тарап ала жөнеліп еді-ау! Үш айналым бойында тізгінін жібермей, артқы аттардан арқан бойы ғана оздырып жорғалатып келіп, соңғы айналымда азуына басқан ауыздықты бос таста­ған­да, жануар, күреңтөбелдің төрт ая­ғы Аязбайдың астында таудан құла­ған тасқындай топырлап, алдыңғы екі табаны төсіне тартқан бұқаның мо­йын­терісін кезек-кезек сартылдата соқ­қылап, жөңкіп, жүйткіп жалғыз ағып барады…
Жолдан шығарып жіберсе дегені ме, немесе қалай болса да алдына ат тү­сірмейін деді ме екен, шыдамаған Ерғалының атқосшысы шабысқа салыпты. Ертегідегі шалқұйрық секілді алдына арқан кермесе арыны басылмастай ағып бара жатқан күреңтөбел енді жеткізсін бе, шаппақ түгілі ұшса да адырнадан атылған жебеге жету жоқ емес пе!?
Бәсекелес жорғасы шауып жете алмаған күреңтөбелдің үстінде жұрт ал­дынан өтіп бара жатып сондағы Аяз­байдың шалқая түсіп сегіз қабат үзең­гіні шірегені! Ер болып дүнияға келіп, ел алдында еңсесі енді түспестей көк тіреген керемет бір сәті еді-ау!..
Міне, содан бері жыл айналған. Кү­рең­төбелді берсе қолынан, бермесе жолынан алғысы келетінін, жөнін білсе жорал­ғысымен келетінін айтқан бай, мырза­лардың сәлемі әлі толастар емес. «Жорға – бардың сәні, жоқтың – малы. Кедейге сәні келіскеннен, ма­лы көбейген артық» деп үйірлі жылқы айдатып жіберіпті Ерғалы бай.
– Ерғалыға сәлем айт! Жалт еткен жалған дүнияда еркек болып туып, ел алдында еңсе көтеріп жүрерлік жалғыз серігім еді, тартып алған күні алар, бойымда жаным тұрғанда Күрең­тө­бел­дің шылбырын өз қолыммен ешкімге ұстатпаспын! – деп қатуланады Аязбай.
– Осы бір сырты түк, іші боқ қыл­құй­­рық сорымызға бітпесе жарар еді-ау! Берші айналайын, кіміне болса да берші, – деп көзінің жасын сүртіпті сонда Аязбайдың жары жалғыз ұлы­ның жыртық тонын жамап отырып.
Өз жылқысын ұрлап мінгендей жұрт көзінен тасалап әлек болған тағы бір жыл аунаған.
Бір күні елден ауаша жалғыз үй отырған Аязбайдың шаңырағына жас жігіт келіп түседі. Тағы да сәлем ала ке­ліпті. Бірақ бұл жолғы қалауы күрең­төбел емес екен, ішінде Ерғалы бай бар, осы өңірдің би, болыс, ауылнай, ат­қа мі­нерлері, кіл шонжар, кілең сый­лы кі­­сілері сиезден келе жатып қонаға Аяз­бай­дың үйіне түспекші  екен. Мына жі­гіт алдын ала сол сәлемді алып ке­ліп­ті.
Аязбайдың әйелі, әрине, шоқ басып алғандай шоршып түседі. Жүзі бір қызарып, бір бозарып «мынау елден қонатын басқа үй таппады ма, ысырып салар сырмақ жоқ, ыдыс толар тамақ жоқ, бұ кісілердің мұнысы не қыл­ға­ны?» деп есіктен бір кіріп, бір шығып есі шығады. Не мәнісі болса да әдейілеп істеген іс екені белгілі. Аязбай сәл ой­ла­нып отырыпты да, «жарайды» депті. «Қарсы аламын!» деген хабарды алып жас жігіт те аттанып кете барады.
Ертесі ақшамға қарай сән салтанаты жарасқан салиқалы топ қалтылдаған қараша үйге қарай тартып келе жатады. Аязбай аттылардың алдынан баласын шығарып сәлем бергізіп, өзі тізгін ұстап бәйек болады. Өздері сиезден шығып буы бұрқырап келе жатқан бай мырзалар сықырлап бірінен соң бірі ырғала басып, ыңырана дем алып үйге кіреді.
Әне-міне дегенше қас қарайып, сый­лы қонақтар бітіккөз білте шамның жарығында бір-біріне сығырая қарап «енді не болар екен?» деп ым қағысып отырғанда, иығына сүлгі салып құман көтерген баласы қонақтарға жағалата су құяды. Артынша Аязбай үш бөлек болып қораланып отырған меймандар­дың алдына астаудан аса төңкерілген үш табақ етті әкеліп, «әумин» дейді.
Бет сипалғаннан кейін етке ең­кей­­ген қонақтардың қолы тартыншақтай береді. Табақтағы еті түйдек-түйдек сіңір екен. Сыпыра жеуге келмейтін қалың сіңірдің  арасына  саусақ  қыдыр­тып отырған Ерғалы бай басын көтеріп, «жылқы баласы да осынша  ұзақ жасайды ә, бұл жануар қайсы­мызбен жасты болды екен?» деп айналасына қарапты. Сонда төргі табақтан жілік алып жат­қан Аязбай ауыр күрсініп, «сондай кә­рі емес, биыл оннан он екіге шығатын жылы еді, өзіңіздің кержорғамен түй­дей жасты. Айып  етпессіздер, жорға­ның еті осындай болады екен…», – депті.
Отырғандар табақтан бастарын жұлып-жұлып алысады. Күрең­тө­бел…
Содан кейін бір адам табаққа қол сала алмапты. Үдірейісіп, шегіне беріпті. Ерғалы байдың жалпақ жүзі отқа салған күректей  қызарыпты. Қа­сын­дағы ақсақал сол жерде бата қайы­рыпты. Жәй бата емес, жан жүрегін суырып, жанарынан төгілген жас жү­зін жуып отырып Жаратқаннан Аяз­байға, үрім-бұтақ, ұрпағына жақсы­лық сұ­рап­ты, бақыт, байлық тілепті…
Өздерінің ісіне қатты опынып, ыңғайсызданған  қонақтар  Аязбайдың үйінен жерге жарық түсе бере аттанып кеткен екен. Ертесі Ерғалы бай Аяз­бай­ға үйірлі жылқы айдатыпты…
Шын тілеген бата  дарып, бақ қонған Аязбайдың ұрпағы кейін жалпақ жұрт­қа белгілі бай болыпты. Үйір-үйір жыл­қы, қора-қора қой, келе-келе түйе, та­бын-табын сиыры қаратауды қап­талдай өрген екен…

ПІКІРЛЕР4
Сәпен (Сәби) Аңсатов Әбдіқадырұлы 05.06.2017 | 17:00

Жадымыздан жаңылмайтын, жастау зерек кезімізде оқып, зейінге түйіп әлсін, әлсін айтып марқайып жүретін әңгіме екен. Малды ауылдың адамы үшін бір, екі оқып зейінге тоқып алуға болатындай. Мен сияқты зауытта прлетариат тәрбиесін алған жанға қайда…

Сәпен (Сәби) Аңсатов Әбдіқадырұлы 05.06.2017 | 17:01

Кешіріңіздер байқамай қалыппын. Пролетариат

Ұлан 09.06.2017 | 12:42

Барымды алсаң да пейілімді алма деген! Керемет ғибратты уақиға екен.

МУХАМЕДАЛИ 27.07.2017 | 15:10

ОТЕ АСЕРЛИ,

ПІКІР ҚОСУ