МАУЖЫРАП МИЯЛЫ ҚЫР, ҚҰБА ҚҰМДАР…
(Туған жер циклдарынан)
Әміре ӘРІН
БАҚЫТЫМА БАЛАЙМЫН
Біздің ауыл –
Балқаштың бауырында,
Бәрі ғажап,
Бұл жақта – сауығың да.
Көктемеде құс тойлап, аң асыр сап,
Өмір қайнар – теңіздің сауырында.
Домбырамды, дариға-ай, күйлетер ме ем,
Көз алдымда – бал күндер жиде терген.
Күнді сүйген,
Күн дидар,
Күміс қанат,
Қиқуына аққу-қаз үйлесер ме ем!
Ақ самалды армансыз өбіп келгем,
Тай-құнандар тақымда көбіктенген.
Шағыл аунап,
Шаң құшқан қыр қыздары,
Хор қызындай шомылып көріктенген.
Жатқандай-ау жайлауда тұсап атын,
Өзі болыс,
Өзі би Пышан ақын.
Серілігі, менімше, ірілігі,
Сәскелігін ішкенше түс ауатын.
Солай еді,
Солай ғой, әлі де сол,
Шежіренің шер тербер мәні де сол.
Көкше теңіз көгінен Арқа асатын,
Асабасыз айтылар әні де сол!
Бір пұшпағын бұл жердің құм басатын,
Құм басқанда қарттарым мұңдасатын.
Күні – жылды арқалар ауыл жайын,
Алматылық қонақтар тыңдасатын…
Ақ шілтерін түріп ем талай таңның,
Қырқаларда, шилі өзен – арайландым.
Қара қорым,
Қара орман,
Құмды кенім,
Бақытыма мың мәрте балай бардым!
ҚҰМ БАЛАСЫ
Сауырын төсеп айдынды аспан,
Көлбейді көлім –
үріліп желмен.
Толқындар билеп бар сырды ашқан,
Жалғанды ғұмыр – күн үзіктермен.
Қайсарлық сіңген құм баласына,
Қайырым көрсе шашылып қалар.
Тапқанын тартып тұлғаласына,
Алақан жалап,
Ашығып та алар.
Орайлы сәтте оң сана мұны,
Даламның үнін даралай білдім.
Базарлы көште болса да құны,
Бағы жоқ күнді баламай жүрмін.
Алқынып көрмен ағысқа тартқан,
Иірім көрсем иі боп қатам.
Құрақтың түбін қамысқа шаққан,
Есебі көпке –
күйініп жатам.
Тұғырды түптер түйтелі ұғым,
Санаңа салса –
Сайрайды құсың.
Жылдарды жылдар үйтеді бүгін,
Ажары артқан айларда күшің…
Қадым заманда шөккен тастарды,
Зерделей білсек,
Таң жарық болар.
Шарға біз салсақ, көшкен шақтарды,
Ақ самалаға аңсарың ауар…
Өмір мен кештім – шыңдауы жұмбақ,
Лайламай келем тұнықтарымды.
Соқпағым сайрар – құмды ауыл қымбат,
Бүкпесіз ашар қылықтарымды.
ШИЛІ ҚАРЫН МҰҢЫ
Ағайын тілектеспін аманыңа,
Мен-дағы дүрілдедім заманымда.
Қаз табан жүйрік едім тас батпаған,
Қадалды темір тікен табаныма.
ПЫШАН.
Жарық күннен,
дүрия-ай, Пышан да өткен,
Бай-манапты шелді көз қышап өскен.
«Жәлменденің баласы бола тұра»,
Жаз ғұмыры жарқ етіп құсалы өшкен.
Бұйрат құмның баурында іс өнгенмен,
«Жанын алып жақыны» кісенделген.
Бұ қазақтың қылығын біліп боп па,
Пәлен-түген деп бүгін күшенгенмен.
Шилі қарын,
Шилі сай,
Шилі саз бар,
Бара қалсам, бейдауа күйді қозғар.
Жампоздарын жантыққа байлап берген,
Қай кезде де қанды қол билік озбар.
Мінгені жайнақ топтың кілең торы,
Ежелден ердің ері – тілеуқоры.
Қонысын төрге салар өр таланттың,
Алашта айқын еді-ау жүрер жолы.
Көрмеген тумысынан үргелектеп,
Түретін қызды ауылда іргені ептеп…
Серілер салдық құрған сайран бел деп,
Аңызды арқау ете жүрген ек бек.
Таң бозара түрмеде Ай көрінген,
Бар арманын,
Арысым, айта білген.
«Сұңқар орнын қарғаға бастырмаған»,
Асылдың асылы еді Қайша жеңгем!
Білмеймін!
Үш атқаннан құлады ма?
Құла дүз ызың салар құлағыма.
Сол күні кер бестісі ғайып бопты,
Балқаштың батып қалың құрағына.
Дариға-ай!
Осы жауап сұрағыма,
Жануар бізден биік тұрады, ә?
Дүниеде асып кеткен жұрт бар ма екен,
Өзі… өзі ішер бұлағына!..
Жүлде
Қараталым,
Қараша үй,
Қара бала,
Бірден, бәлкім, кетпедім даралана.
Пышан туған ауылдың түлегімін,
Ерінбесең жүлдемді санамала.
Жүлде деген –
Жүректің жаңғырығы,
Үкілейді Тәңірдің таңғы нұры.
Бір жалт ету мұң болып біреулерге,
Қайбіреудің таусылған жан-ғұмыры.
Ұрпақ уық шанышар қосып алда,
Мақамыңды мың қайыр қасыңа ал да.
Топқа түсіп тобырды шаң қаптыру –
Шыңғысханнан басталған асыл арна!
Құдіретіңнен айналдық,
Асыл Баба,
Қара бұлттан арылды басың жаңа.
Сегіз ғасыр қағансыз қалай жүрдік,
Балақтағы битің де басынған, ә?!
Бірді айтып,
Кетпелік енді бірге,
Кек сақтаудан не пайда кемді күнге.
Көк бөрісі қағанның қайта оралып,
Қазағыма мәңгілік келді Жүлде.
Сағыныш
Асығып балғын күндерге сонау,
Теңіздей толқып келем мен.
Туған жер тылсым үндерге толы-ау,
Толағай тартар тереңнен.
Тау болып мінез танытып жатар,
Құм-жота шөгіп кеткен бе?
Көгенін әкем ағытып жатар,
Құбажон еңіс беттерде.
Қырқа ма мынау қылығым қалған,
Астында ардақ ауылым.
Қаршадай шақтан ұғынып алғам,
Жауынын ақ нұр, дауылын.
Сіңірдім бойға қырдан да жұпар,
Шалғайда шынар есейдім.
Сарғая тосып тұрған да шығар,
Бейіті әке-шешейдің.
Бұл белден ассам бұлқынып жүрек,
Ерік те бермес өзіме.
Уақытты ұтып, ұмтылып жүр ек,
Басылды-ау оттай көзіме.
Бүлденің беті алқадай әне,
Сақталған сәні таң асып.
Алдымнан шығар қалқатай, кәне,
Жүрген сол бірге жарасып.
Көбелек қуған жас шағым менің,
Қуырмаш ойнап ойпаңда.
Елемей келдім басқаның кенін,
Өзіңде қалып қойсам ба?!
Қырқа да биік, еңселі қалпы,
Сағыныш екен бәрі де,
Шыдағам қалай, мен тегі жалқы,
Оралмай шаттық әніме.
Бабалар жортқан байтақ ел еді,
Бойтұмар бүгін ұрпаққа.
Атажұрт салтын айта келеді,
Жөні жоқ салар бұлтаққа.
Қырқаға міне шығып та қалдым,
Қымбатым ерен – сен екен.
Көзімнің жасын сығып та алдым,
Мерекем менің, берекем!
Құралай қыз
Көзінде гөзал қыздың құралай күн,
Дем жұтып, дегбір кетті.
Құмар-ай кім?!
Талайлар тебіренер,
Толқын тулап,
Сәтіне жолықсам деп туар айдың!
Ашылған ажарыңнан бар айнала,
Қарағым,
Қарайғанға қарайлама.
Түрілді шәйі мұнар көңіл-перде,
Гауһар тас сәуле шашып шар айнаңа.
Жүрекке жалын берер шуағың бар,
Маужырап миялы қыр,
Құба құмдар.
Тәңірім тарылмай-ақ бере салған,
Мөп-мөлдір,
Мың бұралған бұлағым бар.
Күмбірі естіле ме домбырамның,
Аққудың сазын күйлеп қондырармын.
Арнадым Аруыма ардақ өлең,
Арманым – қайырмасы сол бір әннің!
Қуанам – айым ортақ өзіңменен,
Сезсең-ау,
Түнім ортақ көз ілмеген.
Ақ таңға он оянып,
Жүз толғанам,
Не деген берік едің төзім деген!
Қазанат қамдағаным,
Айыл берік,
Құралай,
Құралай күн, айым дедік.
Жаныңда жампоз жігіт жалын атсын,
Махаббат жайлауында жайыл елік!
ДҮР-ДҮНИЕ
Дүр-дүние жанымның дүрмектері,
Ұстатпайды жалғанның ілгектері.
Тегін бе еді,
Телегей Шыңғысханның,
Мәңгіліктің дәруін іздеткені.
Көкше теңіз солған жоқ сағағы әлі,
Шаттығым бар жалғасқан шағалалы.
Өртеңде өскен көк майса шалғындай боп,
Жақсы күннің аспандар бағалары.
Санақта бар серкеге сенер ел де,
Жалт бермейтін келгенде жеме-жемге.
Телпекбайлар тағдыры қиналтады,
Делдиетін зәуде бір елегенге.
Керме керген,
Кезім жоқ қашыр мінген,
Қауқарсызды асудан асырдым мен.
Бәстен шығып,
Бақ туын көтергенге,
Өрде тұрып, зор тұта басымды игем.
АРМАНЫМ ЖҮР
Жатса да жайнап әмсе жан-жағым гүл,
Алдында бөрте топтың арманым жүр.
Қырғиын қағып тастап әлгілердің,
Баршын бүркіт бейнеде самғадым дүр.
Арманым жүр алдаурап өзімді де,
Елемей көзімді де,
төзімді де.
Сол арманға, ағайын, есем кетті,
Тұрсаң да қайталаумен сөзімді іле.
Ай толысып,
жатса да Таң ұзарып,
Пенде біткен жалғанда жалғыз ғаріп.
Соны түскен соқпақтың жапан түзде,
Жатқаны қандай абзал андызданып.
Ләйлі –Мәжнүн
Ғұмырын сүре алдым ба,
Хор қызымен сән түзеп жүре алдым ба?
Жігіттің қай арманы алдан шыққан,
Әйтеуір адал жүрмін діл алдында!