Жұртымызды анықтап, ұлтымызды ұлықтап
М.Жолдасбеков «Қорқыт ата», «Оғызнамедан» тартып, Жамбыл жырауды ақындық айналасымен зерттеп шықты. Кеңінен көсіліп жазған М.Әуезовтей даңғылдан соң, Жамбыл шығармаларындағы Сүйінбайдан келе жатқан тарихилық сипатын алғаш айтқан аз сөзді, саз сөзді ғалымыңыз Мырзекең ұстазы – Бейсекең.
Жамбылды ортасымен алып тұлғалағанда Мырзекең көбіне Есмағамбет ұстазын алдына ұстап, әмсе ұлы Мұхтар Әуезовше көсіліп толғанған. Ұлы жырау Жамбыл жайында Сүйінбай шөбересі Сұлтанғали Садырбаев диссертация қорғамақ, ғылым жасамақ болып ұстазы Бейсекеңе келіп, Бейсекең ілестіре апарып Мұқаңдай ұлы жүрекке жүгінген. «Пәлі, Сен сонда «Жетісу ақындарының алтын діңгегі» – Сүйінбайдың ұрпағы болсаң, Жамбыл өз әкең болып шықпай ма? Кісі өз әкесі жайында жазып, ғылым жасай алар ма, сірә? Әке өз баласына сын көзбен қарар-ау, бала әкесіне сын көзбен қарай алмайды ғой», – депті Мұқаң. Академияның әдебиет секторын басқарып жүрген кезінде алыс Үйшіктен арнайы алдырып, сектор қызметкері ақын Мәриям Хакімжанованы хатшы етіп бекітетін, сөйтіп «Қырымның қырық батырын» жаздырып алатын Бейсекең шәкіртін Мұрын Сеңгірбек жырауға қарай бағыттапты сосын. Мұрын жырауға бағыттай отырып «циклизацияға туғызған қазақ жыраулары арасындағы бір дара», –депті кемел бағалап. Өзара сыйластығын пайдаланып шәкірті ғылыммен шұғылданған жылдары В.М.Жирмунскиймен байланыстырған екен Бейсекең. Ғылыми жетекшісі Мұхтар Әуезов қорғау сәтіне жетпей көз жұмған соң, онымен сыйлас жүретін (фольклорда ғылыми пікір таласқа да баратын) В.М.Жирмунский қолдап шыққан екен. Әңгімеміз Мырзекеңдей кемеліміз жайында еді-ау. Ұлы М.Әуезов, ғылыми ойлары толымды С.Мұқанов, күллі қазақ халық ақындарының рухани қазығына айналдырып зерттеген («Ақындар» аталатын монография жазған) Е.Ысмайылов, ақындық құпиясына үңіліп ауызша шығармашылық психологиясына ене жазған Ә.Тәжібаев, тіпті Жәкең аузынан «Ақболат батыр» атағын алған Б.Кенжебайұлынан кейін Жамбыл шығармашылығына бару, бара алу оңай емесі анық. Мырзатай Жолдасбеков ұлы жырау тұлғасына бара алды. Барғанда да арғы тарихынан, ұстаздарынан тартып, өмірлік үп еткен дерек-дәйегіне дейін тергіштеп, ақындық айналасын түп-түгел қамтып, Кенен, Үмбетәлі, Әбдіғани шәкірттеріне жалғап «Жамбылды көш-керуенімен тұтас арамызға алып келді» (Ә.Кекілбайұлы)! Мырзекеңнің бұл бағыттағы толғаныстары биографиялық ғұмырнамалық әдебиеттің, материал жинап, жиналған материалды қорыта талдаудың, тың дерек тауып, оны жаңаша сөйлетудің, бұрын-соңды айтылған ой-пікірді безбендеп саралаудың әмбебап асыл үлгісі дер едік.
Онан бері бодан қазақ қоғамы түбірінен жаңарды. Тәуелсіздік алды. Қазақ ғылымы орынсыз ауыздықтаудан арылып, ұлттық арнада дербес дамуға бағыт алды. Бүгінде аса дарынды шәкіртін ғасырлар тереңін зерттеуге қинап қосқан ғұлама да жоқ мына жарық жалғанда. Есесіне түрік жұртының баршасына ортақ асыл арналарға ұстаз міндеттеуімен еріксіз барған шәкірт ақ басты аға ғалымға айналды. «Түрік қағанаты» дәуірін егжей-тегжейлі зерттеуді бір сәт те тоқтатқан емес, қиын-қиын Мемлекеттік, қоғамдық қызметтер атқара жүріп «Көне түрік әдеби ескерткіштерінің Атласын» жасады. Қатарлас еңбек еткен, қанаттас жүрген ірілі-ұсақты азаматтар жайында «Кісілік кітабын» жазды. Көңіл ауанына еріп өлең жазды, жанының қылын шертіп ән шығарды. Күйініш, сүйініш сезімін балқытып құйып «Күндерімнің куәсі» атап үзбей күнделік жүргізеді. Драматургия, кинодраматургияға ден қойып, пьеса, киносценарий жазды. Шәкірт тәрбиеледі. Мырзекең Мемлекет қызметіне араласты, халық деген қоғамдық істен шет қалып көрген емес. Музей ісіне ден қойып, «Президенттік Орталық» жасақтады. Абылай ханның алтын зерлі қамқа тонын, Қаз дауысты Қазыбектің шапанын ел ішінен сабылып іздеп, қиылып сұрап алып, музей жәдігерлігіне айналдырды. Жәдігерлікке екінші өмір сыйлады. Баспасөз жаңалық көріп шулап жазып жатты. Біз де үн қостық. Шет елден Мұстафа Шоқайдың «Жас Түркістан» журналын, әл-Фарабидің парсы тілінде басылған трактаттарын әкеліп отандық кітапханаларға тапсырды. Осының баршасы ұлтым, жұртым деген ұланымыздың көрініп қалайыны жоқ, шын болмысы, Президенттен тартып билік алдында мақтанышты ойларымен бірге сыншыл пікірлерін де бүкпей айтып, айтып ауызы күйіп қалып та жүреді. Мырзекеңдей бар ғұмырын ел-жұртымыздың ескі жұртын тарихи тұрғыдан анықтап, байырғы әдеби ескерткіштерін байыпты зерттеп, ұлтымызды ұлықтауға арнап келе жатқан асыл азаматымыз ғана ақ жүріп, адал атқара алатын шаруалар! Өйткені, ол ұлттық болмысты ұлы жүректі азаматымыз!
Бір ұлттың тәш-пүші бір азаматқа аздық етпесі хақ. Десек те, біздің Мырзекең қазақ әдебиеттану ғылымымен шектеліп қалмай, түріктануға мейлінше үлес қосып, күллі түрік халықтары ұлт-ұлыстарының тағдырына жаны ашып қимылдайтын, содан да тамыры бір – түрік халықтарының ортақ мақтанышына айналып, арамызда аман жүр. Өзімді Мырзекеңнің шәкірті санаймын. Ә.Тәжібаевтың «Асыл арналарды» оқығанда…» аталатын қолжазбасына байланысты хаты, «Бейсембай Кенжебаев – әдебиет тарихшысы» аталатын дипломдық жұмысыма қатысты Мемлекеттік Орталық архив Басқармасына филология факультетінің деканы райында жазып берген қызмет хатын көздің қарашығындай сақтап келемін. Ұстазына мейлінше ақ-адал Мырзекеңе біз де адалмыз мейлінше. Ақыл қосып, бағыттауымен жәдігер шаһар – «Түрік халықтарының рухани астанасы» (Н.Ә.Назарбаев), «Түрік халықтарының мәдени астанасы» (ТҮРКСОЙ), Түркістанда «Бейсембай Кенжебайұлының түріктану музейін» экспонатын жинақтап, ғылыми экспозициялап аштым. 2016 жылдың 5-6 мамыр күндері арнайы халықаралық конференция өткізіп, ұстаз Бейсекең музейінің тұсауын Мырзекеңдей болымды шәкірті кесті. Иә, өзі «Қазақ әдебиеті тарихын зерттеушілердің пірі» атаған ұстазы көрінбейді мынау бейопа жалғанда. Есесіне бізді ізіне ертіп, қайтсек тар кезеңде ұлы жолға салып, ұлан-асыр тілегін айтқан, ақ жолды аңғар, дұрыс бағдар сілтеген ұстаздың көп томдық шығармалар жинағын академиялық басылыммен жарыққа шығарамыз, қайтсек өзі түлеп ұшқан Шымкенттен, ащы-тұщы тіршілік кешіп тұрған Алматы, өзі армандаған тәуелсіздік астанасы – Астанадан көшеге қалай атын алып береміз? деп «күндіз күлмей, түнде ұйықтамай» ой үстінде! Ашылмаған жылғаларды аршып асыл арналарға айналдырған, бар ғұмырын қазақтың көне жұртын анықтап, қазақтай ұлтын ұлықтап асыл азаматымызға айналған Мырзатай Жолдасбековке шығармашылық табыс тілейміз!
Құлбек ЕРГӨБЕК.
«Аңыздар арасында»
Разы халқың саған
(Мырзатай Жолдасбековке)
Мырзеке, сексен жасқа келдің бүгін,
Өзіңдей Қызыр кескен еркіндігін.
Күмбірлеп домбырадай көкірегің,
Жасыңнан жырлап өстің елдің жырын.
Жүйріксің жел ұйтқыған серпініңнен,
Тарландар қатарына ерте ілінген.
Өмірің – сырға толы көне кітап,
Көңілің ақ боз үйдей кең тігілген.
Разы әрқашан да халқың саған,
Келеді тау көтертсін еркін шамаң.
Қандырған ұлттың шөлін сарқылмайды,
Сапырған сары қымыз салқын сабаң!
Ұстаған елдің сөзін, абыз аға,
Тобыңнан той-думанды көп ұзама.
Жүрмесе ортамызда бір Атымтай,
Сараңдар таңдайға нәр тамыза ма?
Киелі қабыл болса ел батасы,
Кісінің домалайды өрге тасы.
Сыйласын ай сәулесін, күн шуағын,
Сексеннің самал ескен көк жотасы.
Жайнап тұр алтын жазың күзге ұласып,
Кім екен деп жүргендер жүзді қашық?!
Тарта бер асулардан асуларға,
Жамбылдан қалған асыл ізді басып!..
Несіпбек Айтұлы.
«Асылдарым»
Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері
ТӨРІ БАР АЗАМАТ
Мырзатай мырзамен қашан танысқаным есімде жоқ. Студент Мырзатайды білмеймін. Жас ғалым Мырзатай менің көз алдымда баяғы мөлдіреген қалпында елестейді. Мен оны алғаш көргенімде ақылды да алғыр, сұлу да салиқалы, адал да ақ көңіл азаматтың өшпес бейнесі көз алдымда қайта оянғандай, мен оны бұрын да білетін сияқты хал кешкенім есімде.
Бір кезде атын атауға қорқатын Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Шәкәрім Құдайбергенов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев және басқалар тарих бетіне қайта шықты. Сол боздақтарды, елім деп еңіреген ерлерді қайта тірілтуде республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан бастап Өзбекәлі Жәнібеков пен Мырзатай Жолдасбеков те, үлкен ғалымдар мен жазушылар да көп еңбек сіңірді.
Алашсың деп қазақ санасынан аласталған арыстандарды бүгінгі ұрпаққа жарқыратып әкеп берген азаматтарды келешек ұрпақ шапағатпен еске алатынына мен әбден сенімдімін. Осы бір ұлы тіршіліктің бел ортасында Мырзатай Жолдасбеков жүрді. Мұндай ұлы жұмысты басқару үшін жүрек те, ақыл да, биік парасат та, терең білім де – бәрі де керек еді. Ұлтын сүймей, ұлтының жанын ұқпай, тілін білмей ұлы болам деушілік әшейін әурешілік қана. Жанына ұлы жыраулардың асыл мұраларын жастайынан сіңірген, қазақтың асыл маржандарын өз жүрегіне ту қып ұстаған, елінің сөзі мен жырын тұмар ғып тағынған Мырзатай бауырымның ел тағдырының аса бір ұлы бетбұрысында белсенділік, көрегендік танытқанына әрі қуанам, әрі мақтанам. Мен істемегенді ол істесе, мен жетпегенге ол жетсе, оған қошемет етуге жарамасақ жер басып жүрудің қажеті де бола қоймас.