Шамалғанның жағасында
Бекболат Бекмұратұлы
– Ым-м-ымм… – Баяу толқындаған қоңыр дауыстың неге күмілжіп, тартына беретіні түсініксіз. Қорқа ма, қорына ма, әлде басқа себебі бар ма, сірә, иесіне ғана мәлім. Әйтеуір бір құпия бұғып жатқанын ыңылға ішінара тамып-тамып кететін әлсіз дірілден шамалау мүмкін еді. Тербелісі бір білініп, бір өшкен діріл неге әлсін-әлсін жасырынады? Жасқана ма? Неге? Кімнен? Діріл бірде мөлт етіп, мөлдірін сездірсе, келесіде жүрексіне ме, бойына нәті бөтен, қылдай қатқыл сезілетін тарғыл жіпшелеп кіріп, көктеп өте шығады.
«Ым-мм…».
Жылағанға бергісіз осы ыңылда бозбаланың өзендей өз бетімен ағып жатқан өмірге деген өкпесі ме, әлде көксегеніне қолы жетпей, шарасыздығына назалану ма, білінуі қиын қобалжу бар еді. Жұмбақ кеңістіктің бұлың-бұлыңынан әлдекімді іздейтіні сезілді:
Ей, әппағым, әппағым,
Тауда тезек жаққаның.
СССР-ді үш айналып,
Сәуледей қыз таппадым…
Неге таба алмайды? Кедергі не? Үш айналып іздейтіндей Сәуле деген қандай қыз?
Бозбала қойшы Талаптың осылайша үнемі әндететінін қызық үшін ілесіп жүрген бала Беріктен басқа ешкім естіген емес. Талап жұрт көзінен қымсынып, тек оңашада ғана ыңылдайды. Жатса да, жаяу жүрсе де, атпен аяңдаса да. Неге жалықпайды? Берік сұрағысы келгенімен, әдеп сақтап, іркіледі де, жауап іздегендей терең шатқалдың түбімен құлдилаған Шамалған өзеніне қарайды. Үлкен Нардың етегіне келгенде ені тарылып, екпіні күшейетін өзеннің екі жағында – аспанмен таласып, асқар шыңдарды көзден тасалайтын алып жоталар. Ештеңе айтпайды, үнсіз. Күншығыс қия беткейге шашырай жайылған қойдың біраздан кейін қарқыны бәсеңдейтінін біліп, екеуі де бәлендей алаңдамайды.
Етектегі күреңселі саздың шетіне жуан қара қасқа ат пен жуас тор құнанды тұсап жіберген Талап көңілі жайланып, «бергел» деп, Берікті шақырып алады. Үйден ала шыққан сырмалы дәу күпәйкені ат тізесінен асатын көк шалғынның үстіне үйіре лақтырып тастайды. Бүгілсе де, бүк түспей, жұқарған ескі, қарасұр күпәйкені көтеріп иіле қалған қалың шалғынды жапырып, алдымен Талап жата кетеді. Бір шетіне Берік жайғасады. Тап осы бүгін фабрикадан жасап шығарғандай жап-жаңа, көкпеңбек аспанға сүйсіне қарап жатады: «Берік, ақ түбіт шәлі секілді бұлттарға қарашы. Ішқайда кетпей кідіріп, бізді бақылап тұрғандай, ә! Кейбірінің шеті іріп кеткендей селдір, әне жері шұрқ тесік. Ортасы шуда-шуда. Анаусының ортасы селдір, шеті бұйра-бұйра, қалың. Онысы нес? Қызық ій өзі» Сосын жауап күтпей ыңылдап, өлең айтуға кіріседі:
Ей, әппағым, әппағым,
Тауда тезек жаққаның…
Берік жайлауға келгелі жарты айдың о жақ, бұ жағы. Еститіні – ылғи осы өлең. Өзінен жеті жас үлкен болса да, оған «сен» деп, еркін сөйлейді. Кішкентай баланың өзіне «сен» дегенін Талап қызық көріп, сұрағына жауап беруден жалықпайды.
– Талап, айтып жатқан әніңнің аты қандай?
– Аты ма? Талап әдеттегідей астыңғы ернін жымыра тістеңкіреп, қайта жібереді де, тілінің ұшымен «шырт» дегізіп, таңдайын қағады: – Аты көп қой, қайсысын айтайын?
– Бір әннің аты біреу-ақ болмай ма?
– Бір-ақ аты бар әндер бықып жатыр. Менікі сияқты аты көп ән ішкімде жоқ. Қарап жатқанша, тыңдап жат.
Ақша бұлттардан көз айырмай, шалқалап жайбарақат жатқан қалпы жеңіл күрсініп алады. Сосын күнде айтса да, сөзі бір өзгермейтін, бірақ әуені күніне қыруар құбылатын әнін ыңылдай бастайды:
Ей, әппағым, әппағым…
Айтқан сайын әуен бітудің орнына жаңғырып, жаңара береді. Қазіргі айтқаны келесі сәтте басқаша аунап түседі. Ырғақтары да құбылмалы. Бірде тез-тез ұшыртса, келесіде жайлап жылжытады. Оның бәрі Талаптың көңіл құбылына байланысты. Күпәйкеге жаңадан жатқан, әлі сергек кезінде әуен де лыпып, қолдыаяққа тұрмайды…
Біраздан кейін күн қыздырғанда, айнала төңіректен әлдекімді іздегендей елегізіп, Талап басын көтеріп алады. Оны көріп, Берік те отырады. Қойға алаңдайтын ештеңе жоқ, бырдай боп жатыр.
Көгілдір аспан асты – сонау ақ қар, көк мұз басқан шыңдардан бастап, көз ұшындағы байтақ далаға дейін түгелдей тұтасқан жасыл әлем. Анау жотадан иттің жалқауланып үргені, Бұрған жақтағы шабындықты қорып, айналасына шүйіле қарап алғасын, басқа жаққа қиялап кетіп бара жатқан қорықшы тып-тыныш ұйып тұрған жасыл әлемде тіршілік барын еске салады. Төменде – сарылдап жатқан өзеннің жоғарғы тұсындағы құлама жартастар түксиіп алған. Үлкен Нардың өзен жағы мен кеуде тұсында қарайған қорым тастар бәз-баяғы үнсіз, қыбырсыз қалпы. Қарай-қарай жалыққанда, өзеннің бойымен өрлеп, жоғары қарай қыдырған көзге шатқалдың түу сонау төрінен арыда асқақтаған алып шыңдардың ұшар басы менмұндалайды. Шіркін-ай, осынау әлемде ақ көйлекті Сәуле ақ көгершіндей қалықтап келе жатса, қандай жарасар еді!
Аппақ шыңдар ақ жамылғы, ақ көйлекті еске түсіргенде, Талап бір сәт ыңылын тоқтатады да, әлдеқайда ойлана қарап қалады. «Һі!» деп жеңіл күрсінеді. Сәулені іздегендей көзі жасыл салқар дүниені – жерге жабыса жатып алып, ұйып тыңдаған тастарды, мүлгіген шоқ-шоқ қарағайларды, ойға шомған өркеш-өркеш тау жоталарын аралап, ақ сүңгі шыңдарды шарлайды, бірақ таба алмайды. Ыңыл қайта жалғасады. Әттең, ақ көйлекті қыз көрінбейді, мұнарға айналып кетеді. Не жоғалмайды, не табылмайды.
Талап сағынудан шаршамайды. Шаршаса, өліп қалатын сықылды. Берік сол сағынышты іштей түйсінетін тәрізді, алайда неге сағына беретінін түсіне алмайды.
– Талап, шыныңды айтшы, бұл әннің бәрі – кімдікі?
– «Кімдікісі» нес? Біразы – басқалардікі, аттарын ұмытып қалдым. Біразы – менікі… – Талап өзімен-өзі жатқан күйі қиялдап, төңкерілген көк күмбезіне қызығады. – Мен айтатын әндер кө-ө-п, бірақ соны ішкім білмейді сенен басқа. Әттең, оқи алмай қалдым. Әкем 1943 жылы соғысқа кеткенде, мен іште қалған бала екем. Келесі жылы ауа жұтыппын. Әкем қиян-кескі шайқаста қаза тапты. Мен үшінші класқа көшкенде, ауырып шешем өлді. Туыстардың үйінде үшінші мен төртіншіні бітірген соң, өстіп жұмысқа шығып кеттім. Содан бері әркімнің үйінде қой бағып жүрмін. – Өмірбаянын ешкім сұрамаса да, өзінен-өзі айтып, көңілі толмайтын қазіргі тірлігі үшін ақталудың қамын жасағандай. Сосын томсарып, үндемей қалады.
– Ары қарай оқымадың ба?
– Кім оқытады мені?! Қой бағуға адам жетпей жататынын білмеуші ме ең? Өстіп ылғи жұмысқа салып қояды. Міне, екі жыл сенің әкеңнің помшабанымын1. Туыспыз ғой біз. Жетінші атамыз қосылады. Әкең жаман адам болса, мен сендерге келмес едім. Осында келгелі бері жағдайым жақсы.
– Жақсы болса, енді оқуға бармайсың ба?
– Төрт класпен ешқайда оқуға алмайды. Оның өзін жөнді оқи алмадым. Қанша туыс болса да, біреудің үйінде жатып, жөнді оқи алмайсың. – Талап қолын бір сілтейді. – Ә, қойшы соны.
Ыңылын қайта жалғастырады:
…С-С-С-Р-ді үш айналып,
Сәуледей қыз таппады-е-е-м…
Берік тып-тыныш тыңдап отыруға шыдамайды. Тағы да сұрай бастайды:
– Айтпақшы, Сәуле деген кім? Анау біздің ауылдағы ұзын, сары қыз ба?
– Иә, сол, – дейді Талап ұрлығының үстінен шығып қалғандай беті бір ду етіп. – Оның да әкесі соғыста өлген. Қазір жалғыз шешесінің қасында. Екеуміз де келісіп тұрған жоқпыз. – Талаптың қабағы шытылып, даусы сәл бұзылып шыққанын аңғармаған Берік:
– А-а-а, – деді зауықсыз. – Сөздері басқа әндер де бар емес пе, соны айтшы.
– Е, жәрәйд. – Бір сәт босаңсығанына ұялған Талап басқа бір дүниеде жүргендей қалпынан сергіп, бойын жинап үлгірді. – Басқасын қайтейін деп ең? Мен көп өлең білмеймін. Маған осы білгенім де жетеді.
Иығымен аспанды көтергендей асқақтаған алып тау – Үлкен Нарға, шатқалдың төр жағында басына ақша бұлттар оралған ақ сүңгі, тәкаппар найза шыңдарға көз жіберіп, қой тасты қомсынып, үйтасқа ырғып шығып алады. Ескерткіш сияқты сол қолын көкірегіне қойып, оң қолын алға соза әндетіп тұрған Талап осындай сәтте өзін әйгілі әнші Ермек Серкебаев секілді сезінеді.
– Күнде осылай өлең айта бересің бе? – Беріктің шынымен-ақ жаны ашиды. – Үйленбейсің бе одан да?
– Кімге?
– Сәулеге.
– Қалай үйленем? Әлі он сегізге толғам жоқ. Он сегізге толмай үйленсек, соттап жіберетін шығар. Үлкен кісілер сөйдейді. Той жасайтын ақшам қайсы? Тұратын үйім қайсы?
– Сонда немене, үйленбей жүре бересің бе?
– Алдымен әскерге барып келейін. Былтыр матрос боп келген кім бар ғой әлгі… Әлдибек ше! Сол құсап, біраз күн қазақшаны ұмытқансып, орысша қиқулаймын. Ауылдың бәрі таңдайын қағады. «Ой, мына жаман Талапты қарашы-ей! Орысшасы ойнап тұр. Үш-ақ жылда… қалай, ә! Адам болды деген осы. Мінеки, Сәбет армиясы қандай! Әлемдегі ең күшті армиядан келгесін, мына біздің құйттай ауылды менсінбей, бір күні кетіп қалады-ау» демей ме бәрі қызығып. Сосын қылжақты қойып, қайтадан қазақшаммен заулап жүрем. «Бәсе, бәсе!» деп, ауылдың ақсақалдары тағы да риза.
Олардың мақтауы совхоздың деректіріне жетеді. Дәу, семіз деректір Пәлекөп2 алғашында, әрине, сене қоймайды. Елдің бәрі мақтап жүрген соң, ойланып қалады. Әй, көпке шыдамайды-ау. Ақырында қадірімді біліп, арнайы адам жіберіп, шақырады: «Маладес, Талап, по-рұскій қарашо ызнайыш. Кахой работа нада, базми», – дейді. Сонда мен малакабозды3 сұраймын. Мына Үшқоңырдан төске сүт тасимын сонымен.
– Шопырбай малакабозын бере ме?
– Бермесе қойсын. Ондай мәшине сапқозда бірнешеу деп естігем. Біреуін маған бермегенде, кімге береді? Әскерден жаңа келдім, орысша білем. Солай, бала! – Талап сұқ саусағын әуелетіп, көкке көтереді. – Айтпақшы, біліп жүр, Шопырбайдың шын аты – Шопанбай. Әскерден келе сап, шопыр болды. Сосын жолдастары қалжыңдап, «Шопырбай» деп атап кетті. Хех, хех, хех… – Талап күліп алды. – Мені кім дер екен? Мейлі, не десе, о десін, маған бәрібір. Мәшине берсе, жетеді. О-о-й, шіркі-е-н, сосын Сәулеге үйленем ғой. Балаларымды құшақтап, маңдайынан иіскеймін. Хұрышшоб айтқан камұунійзімде 1980 жылы шалқы-е-п жатамыз…Тезірек жетсек екен соған. Айтпақшы, Сәуле ұл туса, тұңғышыма «Берік» деп, сенің атыңды қоямын.
Берік аяқ астынан туа салған өзі аттас сәбиден ұялғандай төмен қарайды. Оның ұялғанын қызықтап, жымия күліп алған Талап тағы да ыңылына кіріседі. Сөйтіп отырғанда бір кезде:
– Оу, қой қайда? – Бағанадан бері әрнені еске алудан жалықпай, көк пен жердің арасында қиялымен ләйліп, жайбарақат отырған Талап орнынан атып тұрды.
Тұштаңдаған мазасыз ешкілер биік қияның орта тұсынан асып, неге екені белгісіз, жүре оттап барады. Мына қарқынмен көп ұзамай, жотаның арғы жағындағы «Айғайтасқа» кетсе, қойлар да жалмаңдап, соңынан шұбап беруі мүмкін. Ол жаққа кетті дегенше, талайынан айрылдым дей бер.
– Берік, жүгір! Анау пысықтарды төменге қарай қайыр! – деп, Талап айғайлап жіберді. – Ана жақта қойбүлдірген бар, енді пісе бастады. Таптап кетпесін.
Биікке ойнап өрмелеген ешкілер қайыру бергісі келмейді, одырайып қарап-қарап алып, ерегіскендей қашқақтайды. Әне-міне дегенше, әрмен қарай қиялап кетеді. Соларға жетем деп, шаршап-шалдығып, ит әуреге түспей, төменде тұрып-ақ қайырғысы келген Берік айқай салды:
– Қайт, төменге, қайт. Шайт, шайт!
Жаңа көк шөпке аяғы тайып құлағанда, білегін шеңгел тырнап кеткен. Түйежапырақтың ба, атқұлақтың ба, жұғып қалған жасылтым, қышқыл сөлі ашытып жіберді. Жыны ұстап, шалғынның ана жерінен де, мына жерінен де шодырайып-шодырайып шығып тұрған қойтас, серек тастардың арасынан ұсақ малта тастарды тауып алып, бар күшімен лақтырды:
– Ә-әй, былай қарай қайтыңдар. Қайт деймін!
Бірақ қанша құлаштағанымен, зау биіктегі ешкілерге жеткізе алмады.
Төтелеп тартайын десе, шеп құрған шеңгелдер жайыла өсіп, қаптап кетіпті. Тікендері тікірейіп, тірі жанды жолатар емес. Шабуылға дайындығын білдіргендей, бірі күмпиіп, бірі күдірейіп жатқан алып бүйілердің ұйып тұрған ордасы тәрізді үркітеді. Не оңға, не солға ойысып, шеңгелдің етегіне төмендегеннен кейін, айнала орағытып өтіп, анау кеуде тұстан етекке қарай қиғаштап созылып жатқан көлденең соқпаққа жетесің. Сонымен анау өңкиген пілтасқа дейін ырсылдап барып, қайтарудан басқа лаж жоқ.
Баланың тырмысқанына көңілі толмаған Талап дызығып, айғай салды:
– Берік, жүгірсеңші тез. Анау жоғарғы қапталға жіберме. Алдымен анау екі серкені қайыр.
Мұндай бөгенайы бөлек, ірі серкелер осы Үшқоңыр жайлауына келген қойшылардың ешқайсысында жоқ. Көргендердің барлығы еріксіз бөгеліп, таңдайын қағады. Сарытауқұм мен Сорбұлақтың арасындағы сарғайған құла түзден Үшқоңырдағы жұмақтай көк жайлауға көшудің өзі – бір хикая, талай жылғы әңгімеге тамызық. Тауға бет алып, Күрті, Ақсай мен Шамалған сияқты өзендерден өткен ары-беріде барлық отардың алдында – Талап іштей мақтан ететін осы екі серке. Ақсай өзенін жағалап, Елтай ауылының тұсынан өтіп бара жатқанда, таныс-туыстар, бала-шаға демей, жапырлап жүгіреді.
Әнеугүні солармен бірге Сәуле де келіп, серкелерге таң қалған. «Қандай дә-ә-у! Сүзбей ме?», – деді жақындауға жүрексініп.
– Теке емес қой, – деді Талап жымиып. – Серкелер жуасырақ.
– Мініп алса, көтеретін шығар? – Сәуле қызықсынғанын жасыра алмады.
– Жіп-жіңішке қызды көтермесе, мұндай серке не үшін керек? Мінесің бе, кел. Қазір ұстайын. – Талап құрығын оңтайлай берді.
– Жо-оқ, жо-оқ, шайыр мен кірәліннің иісі мүңкіп тұр ғой. Көйлегіме сіңіп қалады. – Сәуле сыңқылдап күлді. – Бұрын мұндай үлкен серке көрмеген соң, келгенім ғой. Анау кішкентай балалар айта бергесін, көрейін деп асықтым.
Талап Сәуленің қыз басымен жігітті әдейі іздеп келгендей болғанына ұялып, өзінше себеп тапқанын сезді. Іштей масаттанып, қатты қуанып қалғанын айтуға ұялып, беті дуылдады. Бір жақсысы – Сәуле мұның көкейіндегісін айтуға мүдіріп тұрғанын аңдамаған секілді. Әлде іші сезсе де, білдірмей тұр ма, кім білсін. Алды-артындағы қойшылар анадай жерде жүрсе де, естіп қалардай жүрегі лүпілдеп, ештеңе дей алмады. Сәлден кейін қыздың бұл арадан ұзап кететінін іші сезіп-ақ тұрғанымен, сөзді қалай бастарын білмей, қиналыңқырады. Ақыры тәуекел етті:
– Не істейін деп жүрсің, Сәуле? – деді қыздың алдағы уақытқа қандай жоспары барын білгісі келгендей.
– Оқуға түсе алмай қалдым. Пермеге барып, сауыншы болатын шығармын, – деді Сәуле жүзін төмен салып. Қыздың өзіне бола келіп тұрғанын, басқа да бірдеңе айтқысы барын, бірақ қалай жеткізерін білмей қысылып, дағдарғанын бір қызарып, бір бозарған жүзінен аңғарған Талап оның көңілін аулап, жұбататындай ештеңе дей алмады.
– Сауыншыға алса, жақсы… – Сәулеге жағатын бір ауыз сөз айтқысы келіп еді. Аты-жөні жоқ, не айтарын білмей сасқалақтағанда, аузына іліккені осы болды. Қызығы сол, ары қарай тілі қалай шешілгенін өзі де байқамады. – Жайлауға кетіп барамыз. Сиыр перме «Айғайтасқа» шығады жыл сайын. Біз Шамалғанның бойында, Бұрғанның қарсы жағында жатамыз. Қойды Айғайтас жаққа, Шамалғанның күнгейіне жаямыз. Ар жағы сендерге жақын ғой. Сонда көреді екенбіз…
«Бір-бірімізді» деген сөз көмейінде тығылып қалды.
– Бірақ … – Сәуле күмілжіді. – Адам толық дейді. Сауыншыға алмай қойса, не істерімді білмеймін.
Талап қабағын түйіп, ойланып қалды. Он сегізге толуға біраз бар. Үйленейік деп айтатын жер бұл емес. Сәуле ауырлаған кірпіктерін көтере алмады, үндемей жабырқап тұр.
– Атқа мінгізер ем, әзірге атым жоқ. Жайлаудан қайтқанда, мына серкелер жұнттай боп семіреді. Дайындалып күтіп тұр. Қайсысын қаласаң, соған мінгізейін. Ақсайдың жағасымен әйда кеп шапқылайсың.
Мұңайып тұрған Сәуле әзілді бірден ұғып, қабағын көтеріп еді, көзінде көңілді сәулелер ойнақыланып, тұнған мұңды шайып жіберді:
– Тала-а-п, – деді даусын сыңғырлата созып. – Әлі балалығың қалмапты ғой. Серкеңнің сақалын желпілдетіп, желіп келе жатсам, елдің бәрі «сойталдай қызды қара» деп күлмей ме?
Өзімен түйдей жасты қыздың «балалығың қалмапты ғой» дегені өзін баласынғандай сезілді ме, әрі намыстанып, әрі ұялған Талап не дерін білмей, Ақсайды кешіп, сақалдарынан су сорғалаған серкелерге қарады. Қарады да, қуанып кетті:
– Күлсе, күле берсін. Қазақта серке мініп шапқан бірінші қыз сен боласың.
– Ха-ха-ха! – Сәуле күліп жіберді. Бірдеңе деуге үлгірмеді. Арт жақтан қойшылардың айқайы естілді:
– Әй, Талап, алдыңдағылар кетіп қалды, нағып тұрсың? Айдасаңшы.
– Әй, қойлар су ішіп болды ғой, жүрсеңші енді. Болмаса, былай тұр.
Ақсайдың бойымен өрлемесе, басқа кең жол жоқ. Екі жағында – ауылдар немесе жайқалған егін, бақшалар, саяжайлар. Амалсыздан отарлар бірінің соңынан бірі ілесуге мәжбүр.
– Мен кеттім. Қош бол! – деген Сәуленің күлкісі кілт тыйылды. Жұмбақ мұң тұнған көздері боталап қарап тұрды да, қынжылғандай астыңғы ернін тістеп, жүгіре жөнелді.
Арқасында қос бұрымы бұлғаңдап, бір-бірімен ойнап еркелеп барады. Жуыла-жуыла ескіріп, бояуы оңа бастаған қызыл гүлді ақ көйлегінің етегі желбіреп, жел соқтырып бара жатқан сәті өлгенше өшпейтін сурет секілді Талаптың көңілінде мәңгілікке сақтаулы. Сол суретке Талап күнде телміреді, қараудан бір жалықпайды. Ішіне сыйғыза алмай, Сәуленің суретін Алатаудың анау аппақ шыңдарының ұшар басына іліп, еңлік гүлмен жиектейді. Одан беріде аспанды дәл ортасынан тіреп, жерге түсірмей көтеріп тұрған Үлкен Нардың ертектегідей таңғажайып пілжон жотасына қояды. Айналадағы жасыл әлемге әр беріп, бірден көз тартатын қызыл, сары, көк түсті неше алуан гүлдердің арасынан Сәуле күлімсірейді. Қалың шөпке шалқалап жата кетсе, аспанда өзіне қарап, қиып кете алмай тұрған ақша бұлттың ортасынан тағы да Сәуленің мөлдіреген бейнесін көреді.
Сол суретті Берік те көретін сияқты. Сәуле Талаптың үйінде құймақ, бәліш пісіріп, әдемі тәлеңкеге салып, екеуінің алдына жылжытады. Беріктің кекілінен сипап, «ойнатып келші» деп, тәй-тәй басқан сәби Берікті жетектетіп жібереді. Былдырлаған сәби жүргісі келеді, айналасына қарап, таңданады… «Екі Берік коммунизмге бара жатыр. Бізді де ала кетсеңдерші», – деп Сәуле сыңғырлайды.
Күн қызғаннан кейін тау ішінде көлкіп тұрған көк мұнар көмкерген Сәуленің күлімсіреген әдемі суреті күлің-күлің етіп, екеуін де үнемі шақырады. Талап күллі дүниені ұмытады, еріксіз ыңылдайды.
Ей, әппағым, әппағы-ем,
Тауда тезек жаққаны-ең.
СССР-ді үш айналып,
Сәуледей қыз таппады-ы-ем-а-а-ай…
Қанша рет қайталағанын білмеді, бір уақытта Сәуленің сөзі есіне түсті: «Балалығың қалмапты ғо-о-й…».
Талап еріксіз күлімсіреді: «Қарай гөр. Мені баласынады-ій өзі! Еһ, Сәуле, жасым жетпегесін, дымым құрып жүргенін сен, әрине, білмейсің. Егер сол кездескенде, «үйленейік» деп ұсыныс жасасам, таңқалып, шалқаңнан түсе жаздар едің, әуелім. Шыдай тұршы кішкене. Әскерге барып кеп, жұмысқа тұрайын. Тойға ақша жинайын. Үстіңдегідей ескі көйлек емес, су жаңа ақ көйлек кигізейін. Сосын екеуміз дүниедегі ең бақытты адамдардың қатарына қосыламыз. Бұл ойымды сен білмейсің, соңыра айтармын».
Ойға кеткен Талап біреу жеңінен ақырын тартқанда барып, селт етті:
– Өй, сен, қашан кеп қалдың? Қайтардың ба? – Қияға көз жіберіп, ешкілердің төмен беттегенін көргесін, көңілі жайланды. – Жарайсың.
Беріктің не дерін білмей, мүдіріп тұрып қалғанын енді байқады. Кекілі ұйпа-тұйпа, үндемейді. Екі иінінен дем алып тұр:
– Не болды, біреу қуды ма? – Қайыптан тайып, кеп қалған қасқыр, әлде құтырған ит немесе адасып жүрген аюдан қорқып қалды ма деп ойлап, қияны дереу көзбен шолып шыққанда, алыстап кеткен салт аттыны көрді:
– Не болды? Анау кетіп бара жатқан кісі бірдеңе деді ме саған? Тиісті ме? Айтсаңшы.– Көзі оттай жанып, қамшысын білемдеп, тұсаулы атқа беттемекке ыңғайланды.
Берік не айтарын білмей, сілейіп тұрып қалды. Ұмсынып, сөйлегісі келеді, бірақ сөйлей алмайды. Жаудыраған көз шарасы үлкейіп, жылағысы келетін тәрізді, жылай алмайды. Айдың, күннің аманында қараптан-қарап тұрып, неге тартынғаны түсініксіз. Көздері атыздай болып, Талапқа қарап, серейіп тұрды да қойды. Ештеңеге түсіне алмай шошыған Талап сіресіп тұрған баланы қапсыра құшақтады:
– Қорықпа! Мен тұрғанда, ештеңеден қорықпа. Айтшы, не болды? Не болды деймін. Біреу тиісті ме?
Беріктің үрке қараған көздерінен үрей ме, жалыныш па, әлде тұңғиық ызалы мұң ба, адам түсінуі қиын жұмбақтың елесін сезінген Талап еріксіз тіксінді.
– Айтшы, Берік, не болды? – Жалынғандай ақырын өтінді.
– Анау кісі, – Берік тұншыға әрең сөйледі, – «көкеңе айта сал. Ауылда осы сенбіде – той. Соған келсін», – деді.
– Е-е, сол ма? – Талаптың көңілі жайланып, «уһ» деді.
– Шопырбайдың тойы. Сәулеге үйленеді екен…
– Не?! Не-е?.. – Талап қақ маңдайдан біреу шоқпармен салып жібергендей, шалқалай шегіншектеп, тәлтіректеп кетті. Беріктің бала болса да, бұған соншалықты жаны ашып келгенін, қаралы хабар секілді сұмдық шындықты естіртуге жүрегі дауаламай күйзелгенін, осы сәтке дейін ешкім де «адам екен-ау!» деп елемеген Талапты аға, дос тәрізді жақын тартқанын, ет-жүрегі елжіреп, іштей азаптанып тұрғанын қас-қағымда түйсініп үлгірді. – Сәуле ме? Шын ба?..
Оның әп-сәтте адам танығысыз өзгерген әлемтапырық түріне қарап тұруға шыдамай, Берік теріс айналды. Кенет арт жағынан аза бойыңды қаза қылатын, боздаған зарлы дауыс естілгендей. Лезде пайда болған дауыс мың жылғы шерін айтып шағынғандай, тұла бойын шымырлатып жіберді. Еріксіз артына бұрылды. Бекер бұрылыпты, боздаған дауыстың тірі иесін таба алмады. Бекер бұрылыпты, шіміріккені сонша, сескенуге шамасы келмей, қалшиып қатты да қалды.
Көз алдында – күнде көріп жүрген қарапайым, тірі бозбала Талап емес, мүлде басқа! Құбыжық бірдеңе. Ешуақытта көрмеген, көрем деп те ойламаған, көлеңкеден жаралғандай бір сұмдық, тас сұлба. Қорқыныштың, әлде өкініштің, әлде қайғының сұлбасы. Немесе үшеуінің қоспасынан жаралған сұлба.
Шаштың орнында – тікірейген қып-қысқа, қап-қара инелер. Қайда қарап тұрғанын ешкім түсіне алмайтын, түсінуге батылы да бармайтын, тесірейген тас көздер. Бұрын өмір нұры сәулеленіп тұратын көздер, қашан екені белгісіз, ағып түсіп, босаған ұяға тас моншақтар орнығып алған. Титтей де тіршілік нышаны жоқ, мөлиген, үрейлі мұнар тұмшалаған өлі көздер.
Көз шарасын айнала тізілген кірпіктері – жыпырлатып, қағып тастаған мық шегелер. Әдеттегі қоңырқай жүзі қарауытып, түтіккен бе деп еді, жоқ, олай емес, басқа. Беті кәдуілгі күнге күйіп күреңіткен шырайлы бет емес, безеріп кепкен, атам заманғы қарасұр көннің тап өзі. Қан-сөл жоқ. Жақпар жартастың жасын түсіп, ұшып түскен жансыз сынығы секілді. Бедірейіп, көк мұздай сіресіп, суып қалған.
Жейдесі – бағзыда құлаған қарағаштың қақиған қабығы. Шалбары баяғыда күн көзіне күйіп, содан бері кеуіп жатқан піл аяқтарының кесіндісі іспетті. Керзі етігін көлге жете алмай қаталап өлген қолтырауынның ыстық қақтап, қатып қалған, бұжыр-бұжыр терісі дерсің.
Ойпырмай, мынау Талап па? Алла-а-ай, Алла-а, ол емес! Қай заманда, қалай жаралғаны белгісіз, мызғымай, бар қайғысын ішіне жинап, жарылуға шақ тұрған, әзірге әзер шыдап мелшиген, қорқынышты тас мүсін.
Арада қанша уақыт өтті?..
Жан баласы білмейді, білуге сірә да ешкімнің дәті шыдамас. Қандай жойқынның құдіреті екен, тас моншақ көздің астыңғы жиегіне алғашқы тамшыны зордың күшімен әзер итеріп, екінші мөлдір тамшы шықты. Сол бетімен төмен аунап, домаланып кетпей, не үзіліп түспей, шеге кірпіктерге балқыған ыстық қорғасындай ілініп тұрды.
Тамшылар тырп ете алмай, тас мүсінге айналып, іштей қан жылаған дәрменсіз Талаптың жан даусы емес пе екен? Расында Сәулесіз қайдағы коммунизм? Талап тағы да көп жыл зарығып күткенімен, қиялдағы бақыт – коммунизмге жетер-жетпесі енді екіталай. Не деген әділетсіздік? Өмір неге осындай?
Бір заманда Талап атты тас қаңқа тістеніп, сыбырлаған секілді болды. Берік өмір бойы ұмыта алмайтын зіл батпан сыбыр:
«ЕНДІ КӘЙТТІМ?..».
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.