Кейіпкерінің жұмбағын шешіп
ҚР еңбек сіңірген әртісі Меңдиярова Шәмшәгүл Мырзабекқызы 1970 жылы М.Әуезов атындағы театр жанындағы екі жылдық студияны бітіріп, актерлік құрамға қабылданды. Содан бері жарты ғасырға жуық осы театрда.
Есін білгенде, Талдықорған облысы, бұрынғы Бөрлітөбе, кейін Қаратал ауданы «Қызыл балық» колхозында, Қаратал өзенінің Балқаш көлімен жалғасатын «Құйған» дейтін жерде туған Шәмшәгүл айналасын, көзі жеткен және көңіліне түйе алғанның бәрін сағыныш деп қабылдаған. Сегіз айлығында өмірден озған әкесін аңсап, желдің гуілінен, өзеннің ағысынан, көлдің толқынынан, құмның суылынан, ағаш жапырақтарының сыбдырынан елеңдей хабар күтіп өсті. Неге екенін білмейді, әлде жиі еститін ертегі, батыр жырларының әсері ме, табиғат аясында үндемей ойланып жүрсе, «мен сені сағындым, көрінші, көзіме тым құрыса бір рет, келші…» деп айта берсе, әкесінің тіріліп келетініне сенетін. Сол сезім, сол түйсіну Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шәмшәгүл Меңдиярова келбетінің мәнін құрап келеді. Мұңнан, сағыныштан өрбіген өмір-өнерін қатігездіктен, әділетсіздіктен қорғай жүріп бүгінгі белесіне жетті. Театрдағы, кинодағы азды-көпті рөлдерімен қазақ әйелінің өз үлгісіндегі фактурасын қалыптастырды. Жақында (18 қаңтар, 2017 ж.) дүниеден өткен талантты мүсінші Бақытжан Әлімбайұлы Әбішев екеуі Еркін есімді ұлықты ұл, Сәндідей тәрбиелі қыз өсіріп, немерелерінің қуанышына бөленді. Отбасының ырыс-ынтымағын сақтап, кішкентай кезінде кешкен хал-ахуалға ұрпағын ортақтастырмау үшін барын салды, небір кедергілерге жасымай әулетінің абыройын асқақтатты. Рухани болмысы терең, мінез-құлқы күрделі жігіттің жары ғана емес, досы, жанашыры бола білді.
Иә, бәрі әкесінің көрінбей қойған бейнесінен басталып еді ғой… 33 жасында жесір қалған анасы бес уақыт намазын қаза қылған емес. Балаларын тоқшылықта өсірді. Бие байлап, жазда қымыз, қыста соғым, бертін келе сауыншы болып, жайлау мен қыстақтың арасында көшіп жүрді. Ұзаққа созылатын түндері қызын құшағына қысып, үстінде ет қайнап жатқан пештің алдында анасының әлдилейтіні есінде. Соңы жоқтауға ұласа «Өмешім, Шәмшәгүлмен айым-күнім, Қайғымен, қасіретпен өтті күнім. Ержетіп, қос құлыным аман болып, Біздерге күн туар ма елі-жұртым» деп, көзінен жас парлап, өксіп-өксіп жылағанда, жасөспірім қыздың өнебойы түршігіп кетеді. Сол зарды естігісі келмей, қайтсем екен деп, ұйықтаған сыңай танытатын. Кеш сайын қайталанар жәйттен мезі боп, «әлдилемей-ақ қойшы, ұйқым келіп тұр, тоқпын» деп, қарны ашып жатса да кешкі асты тоспай, ертерек жатып қалатын. Кішкентай кезінде естуге қорқатын сол жоқтаулардың бірін бертінде «Батыр Баян» фильміндегі Баянның Ноянды өлтірген жеріндегі оқиғаға қиюластырып айтып берді. Естайдың «Қорланында» «Арқадан соққан самалым, айдай, Еркелеп өскен заманым, айдай…» деп келетін ән бар, соны М.Мақатаевтың өлеңіне салып, «Кебін киген өледі, айдай, Кебенек киген келеді, айдай. Майданға көкем кеткенде, айдай, осылай бәрі деп еді, айдай» деп орындады. Анасынан естіген «Аяғы сынған қыздың зарын» «Қаракөз» спектаклінде қолданды. Адалдықтан таймай жақсылықты Алладан күткен Нұрмейіржан анасының шыдамдылығын, қазақы жұмсақтығын, имандылығын, әсіресе жарына деген сағынышын, арыз, мұңын өмірдің ұлы зарына айналдыра тірлігінің мазмұны санап, соңына қалдырған өкініштің өзгеше мақамын Шәмшәгүл театрда, кинода сомдаған талай кейіпкеріне пайдаланып, өзіндік әуенмен дамытты. 1991 жылы режиссер Болат Атабаевтың қойылымында Бикен Римованың «Қос мұңлық» спектаклінің премьерасы өтті. Басты кейіпкер Күнзипа – Шәмшәгүлдің жоқтау айтатын сұрапыл бір сәті бар. Болаттың М.Равель «Болеросы» мен қазақ әйелінің жоқтау сарынын асқан шеберлікпен байланыстырғанын кезінде жаңалық ретінде қабылдап жар салғанбыз. Сол спектакльді көрген белгілі жазушы Шәрбану Құмарова «Апырай, осы Шәмшәгүл Еңлік болып неге ойнамады екен? Баян ше… «Ата-ана ақ батаңды аттап кеттім» деп Еңлікше зарласа, Баянша «Балталы-бағаналы ел аман бол!», – деп боздаса, сахна құлпырып кетпес пе еді. Көрермендер тебіреніп, толқыр еді-ау, ә! Қойшы, кімнің қалағанын кім берсін. Қол созумен өтер де жақсы рөлдерді арман қып. Сол арманшыл әртіс Шәмшәгүл де, талай-талай тәуір рөлдер бұған бұйырмай арман-құс боп кетті, ұшты…» деп өкіне жазды. «Шәмшәгүлдің шаралы көзі, «сыны кетсе де сыры кетпеген» салиқалы, ойлы, бет-әлпеті көрермен кеудесіне ойран салып, бір сәт мына тіршіліктің астаң-кестеңін шығарып, осы бір қарт әйелді бақытты еткің келеді. Оны шынайы қабылдайсың, жаның езіліп, жүрегің шымырлайды, қара тіршілікке, соған жеткізген әділетсіз өмірге қарғыс айтасың. Міне, өнер құдіреті деп осыны айтыңыз» деп тебіренді дарынды ақын Баян Бекетова.
Жас кезінде басты рөлдерде жалындап жарқырай алмады. Әбділдә Тәжібаевтың «Майрасында» әншілік қабілеті мен актрисалық ізденісін үйлесіммен қабыстырғаны ел есінде. Асқар Сүлейменов сол спектакльден кейін оны Майра бала деп құрметтеп өтті. Кейінірек А.Сүлейменовтің «Жетінші палатасында» үй сыпырушы, «Қыздай жесір штат қысқартуында» кемпір боп ойнаған. Ірілі-ұсақты рөлдер жалғаса берді. М.Әуезовтің «Айман-Шолпанында» Шолпан
(Ә.Мәмбетов), «Қарагөзінде» Текті, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» Нарбота, Қ.Мұқашевтың «Дала дастанында» Мақпал, Қ.Ысқақтың «Жан қимағында» бәйбіше, Т.Нұрмағанбетовтің «Бес бойдаққа бір тойында» Гүлжахан, Д.Иса-
бековтың «Кішкентай ауылында» Шәмсия, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасындағы» Шәмшінің анасы, Е.Жуасбектің «Күлеміз бе, жылаймыз ба?!» комедиясында Қара апа, Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?..» реквиемінде кемпір (режиссер О.Кенбаев), ал әлемдік классика мен заманауи драматургияда көптеген кейуана рөлдерін орындады. Қызық, жастайынан сахналық еншісіне бұйырған кіл өңкей кемпірлер құшағын бір босатпайтын, қазір сол кәрі-құртаңды толыққанды қалай бейнелеймін десе де нағыз бабында, жетпіске жетті.
Десек те, есімізде: сахнаға алғаш рет Шахмет Құсайыновтың «Қилы-қилы тағдырлар» спектаклінде Дариға қыздың шағын рөлімен шыққаны. Қатты толқыған. Анасы ретінде кезектесіп шығатын Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбековаларға қаймыға қарайды. Әсіресе, Хадиша апасының мысы басып, жақындаудан тайсақтай берген. Атақтылардың қатарында өзін бірте-бірте еркін ұстауға дағдыланып, «Беу, қыздар-ай», «Ой, жігіттер-ай» қойылымдарында Нұрсұлуды ойнады. Қасым Аманжоловтың «Досымның үйленуінде» Мәнпәсидің бейнесін көтеріңкі көңілмен орындап шықты. Сәбира Майқанова, Гүлзипа Сыздықова мен оттай жалт етіп Әнуар Молдабеков шыққанда, өзі де батылданып кететін. «Ішіңе жинай бер, жинай бер де сахнада шаш соны» дейтін қамқорлық танытып өткен қайран Әнуар ағасы. Табыссыз да болған жоқ, пьеса авторларының жылы лебіздеріне, премьералардағы шоқ-шоқ гүлдерге қуанғанымен, қалауы ішінде тұншығатын. Бірақ эпизодтық бейнелерінің салмағы ауыр еді. Қарлыға сынды түр-тұлғасына лайық арулар сахналық пешенесіне бұйырмағанымен, атқарған әр рөліне жауапкершілікпен қарауға әуелден дағдыланған. «Кішкене рөл деп қарай алмаймын, – дейді ол, – бірде сақау кемпірдің рөлінде «р» дыбысын «и»-ге ауыстырып айтуға тиіс болдым. Шалыммен бір апта бойы сақау боп сөйлестім. Бақытжан да маған «р»-ға тілі келмеген адамның «л»-ға да тілі келмейді деп ескертіп, бірге жаттықтық. Шағын рөл саған шағын ғана мүмкіндік береді. Сол аз уақытта образ жасап үлгеріп қалуың керек. Ең бастысы – сенім». Шағын рөлдің мүмкіндігін неғұрлым кеңейтіп ашуға бейімделген актрисаның кейіпкерлерін жүйелей бастасаң, әрқайсының артында бір-біріне ұқсамайтын түрлі мінез, түрлі қылық, түрлі дыбыс, түрлі киім. Соңғы жылдары Т.Жүженоғлының «Көшкінінде» (режиссер Алма Кәкішева) Ене, Б.Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпайында» (Әшірбек Сығайдың аудармасында, режиссер Есмұхан Обаев) сыпайы кемпір бейнесінде жиі шығып жүр. Намысқа тырысып, дәурені өткенін мойындағысы келмей шалбарлы костөммен жүрген (кейіпкерінің мінезіне лайықтап арнайы өзі тіктіріпті). Сыпайы кемпір мен сәтсіздіктен, азаптан әбден шаршап шалдыққан ызалы Ененің образдарын автор меңзеген идеясына сәйкестендіре шынайы қимыл, қозғалысымен ақтап алады. Қандай рөлге кіріссе де өзіндік пікір, батыл ұсыныс жасаудан ешқашан тайынбайды. Елін елең еткізер осындай бейнелерді көркемдеуіне Болат Атабаевтың («Шыңғыс ханда» (авторы Иран-Ғайып) – Бөрте, «Абай десем» символикалық драмасында Әйгерім (Хабиба Елебекованың үйретуімен «Сегіз аяқты» айтты) ықпалы болғаны рас. Алғаш рет «Майраны ойнаған Меңдиярова деген актрисаларың бар еді ғой, сол қайда, өліп қалған ба?» деп іздеп, неміс театрымен бірігіп қойған (авторы Алтыншаш Жағанова) «Мүслима» спектаклінде басты рөлге шақырды. Мүслима – Шәмшәгүл көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, бағын ашқан рөл болды. Көпшілік бертінге шейін осы қойылымды іздейтін. Болат Атабаев «Мәңгілік бала бейнедегі» (авторы Роза Мұқанова) Шөкіш рөлін ұсынғанда, жан дүниесіндегі кейіпкерге деген қарама-қайшылықтан түрлі ой қаумалады. «Бұл кім өзі, елдің бәрін соттайтын Шөкіш қана сияқты, кез келгенмен шайқасады да жүреді. Ежелгі гректердегі үкім шығарушы сияқты, бұл өзі үкім шығара бере ме?» деп, шарқ ұра себебін іздеген. Шөкіштің әр сөзін зерделей келе «Өлтірдім, өз баламды өзім өлтірдім» деген тұсынан рөлінің кілтін тапқандай қуанды. Қатігездіктің астарында қатпарланып, былайғылар ұға қоймайтын сезім иірімдеріне батырады көрермендерін. Жексұрындықтың, сүйкімсіздіктің ақтап алатындай себеп салдарына назар аудартып, ар-намыстың да кей-кейде жауыздықпен ұштасуға мәжбүр жұмбағына үңілтеді Шөкіш – Шәмшәгүл. Бұл да айналып келгенде адамның өзін-өзі тани алмай жатқанының бір сыры-ау дегенге саяды ойы. Міне, осылай, қандай рөлді орындаса да, мазасыз хал кешіп, сахнадағы әрекетінің нанымдылығын алдын-ала айқындап қоятыны ғажап. Мейлі басты, мейлі эпизодтық па, ең алдымен өзі үшін анықтайды кейіпкерінің мінезін, қылығын, қасиетін, мың ойланып, мың толғана жұмбағын да өзі шешеді. Режиссер не айтса сонымен шектелмей (мысалы, «Қос мұңлықта» «әрі жүрші көкшолақ, бері жүрші көкшолақ» дегенді қосқанындай) үнемі жеке дара пікірлерімен қатысқан спектакль, киноның көркемдік мазмұнын байытып отырады. Дамир Манабаевтың «Сұрапыл Сұржекей» (Смағұл Елубаевтың «Ақбоз үй» романы бойынша) фильміндегі Пахриддиннің тәккәппар да асқақ, өр мінезді бәйбішесі Сырға – Шәмшәгүлдің ең соңында құмның ішінде өз кебініне өзі орана жел бағытымен жылжи домалап бара жатқаны салынған суреттей әсер етіп, есте сақталады. Өзін-өзі арулап, жаулығын ақырет киіміне айналдырған көрініс ашаршылық құрбандарына қатысты анасынан естіген әңгімелерінің жемісі. Шынын айту керек, режиссер Дамир Манабаев оның кинодағы бағын ашты. «Сайтан көпірде» (Оралхан Бөкеевтің повесі бойынша) кемпірдің рөлін бергенде, отыздан енді ғана асқан. Содан былай қандай фильм түсірсе де («Қазақи оқиға», «Кек», «Лоторея») эпизодқа болса да «менің бойтұмарым» деп шақырып тұрады.
Әдетте киноға түсіп, тіпті бір ауыз сөз айтпаса да Шәмшәгүлдің түр-тұлғасының көрермен жадында сақталып қалатыны рас. Өн бойының монументалды кескіні әсер ететін сияқты бұған. Кейінгі жас режиссерлер де мұны түсінгендей, өздерінің телехикая, киноларына шақыра бастады. «Ең нәзік», «Қазақ тарихы», «Келін», «Ұлжан» (режиссер Серікбол Өтепбергенов), «Астанаға көктем кеш келеді» (режиссер Еркін Рақышев, 2009 ж.), «Елім-ай» (режиссер Аманжол Айтуаров, 2011 ж.), «Тағдыр» (режиссер Ахан Сатаев, 2013 ж.) сериалдарына түсіп, көпшілікке танылуда.
Сонау балалық шағында әкесін шарқ ұра іздеген сағынышына бір-біріне сүйеніп өскен Өмеш ағасының өмірден тым ерте аттанған өкініші, бұл күйікке шыдамай кете барған 83 жастағы анасының мұң, зарына жан жары Бақытжанның қазасы қосылып есеңгіреткенімен, тіршіліктің асау ағысына қайсарлықпен, сабырмен төтеп бермесіне амалы жоқ. Өйткені, Шәмшәгүл іргелі, ырысты, берекелі шаңырақтың ұйтқысы, сүйікті әже, сыйлы ене болумен қатар ендігі тұста кең байтақ Отанымыздың өшпес ескерткіштеріне айналған философиялық жүздеген бюст портреттерімен, Жамбыл, Кенен, Исатай, Махамбет батырлар галереясымен өз саласында тас-талқан төңкеріс жасап кеткен көрнекті мүсінші Бақытжан Әлімбайұлы Әбішев мұрасының шырақшысы.
Ұлтымызды әлемге танытқан өнер ордасы Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әртісі, жақұттай жарқылын көрсетуге бейімі жоқ – Шәмшәгүл Меңдиярова, кино, театр саңлағы мәртебесіне жетелеген жасың құтты болсын!
Мағира Қожахметова,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.