Ассалаумағалейкүм, Асанәлі!
Қазақ театрының бүгінгі бейнесін Асанәлі Әшімұлысыз елестету әсте қиын. Ол – қазақ өнерінде өз қолтаңбасын қалыптастырған хас артист. «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөздің аясына тектілік, бекзаттық, ілімпаздық, батырлық, жомарттық, мәрттік, сақилық, байлық кіреді. Осынау қасиеттер бір адамның бойынан табылып жатса, оның несі айып?! Асанәлі секілді сегіз қырлы тұлғаның бекзаттығы, өмірдегі көрегендігі, көңілге түйгендігі, біліктілігі мен парасаттылығы кейінгі ұрпаққа үлгі. Бірақ өнер тарланы осы қасиеттерді бойына оңай сіңіре салды ма екен?! Мектепті бітіре салысымен бала Асанәлі ат басын Алматыға бұрып, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы театр факультетінің актер мамандығына құжат тапсырып: «Еліктедің – езсің, өл, тіріл, өзіңді тап, өнерге Асанәлі боп келсең, Асанәлі боп кет!..» деп қайраған, өнер диірмені тасынан өткізіп, репетиция кезінде асатаяғымен жон арқадан талай-талай таспа тілген, тоқпағынан өткен, білімі мен білігі бір басына жетіп-артылатын Асқар Тоқпановтың курсына қабылданады. Бірақ оған дейін біраз емтихан тапсырып, сын-сынақтан өтпек керек. О кезде Асанәлі он жетіде екен. Мектептесі, досы, топтасы Райымбек Сейтметовпен бірге Құдайдың құтты күні өлең-жырды пафоспен қол сермеп, мәнерлеп те дауыстап оқып сынаққа дайындалған екеуі академик Ахмет Жұбанов, Бекен Жылысбаевтардың алдында емтихан тапсырған соң, Ахаңның: «Талабы бар екен, кейін ашылады ғой…», – деген бір сөзі демеу боп, оқуға түседі де кетеді. Сол жылы қабылданған қалың
қазақ – отыз бестің тоғызы ғана толық бітіріп шығады. Студенттік шақты айтсаңызшы, топтасы Оспанханмен бірігіп «Актер» атты қабырға газетін шығарады. Асанәлі – редактор, Оспанхан – орынбасар. Ауыздан шыққан әр әзілді аңдып, қақпашыдай қағып алған күйі ақ қағазға түсіріп отырған қарымды қаламгер, уытты сатирик Ос-ағаң Әубәкіровтің тұңғыш кітабына тұғыртас бола алған да сол өнер ортасында айтылған қызғылықты әңгіме, сол актерлердің қағытпа қалжыңы. Екінің бірін көзге іле қоймайтын, өзіне ғана жарасатын паңдығы мен елден ерек көрсететін парасат-пайымы біте қайнасқан Қалибек Қуанышбаев, Құрманбек Жандарбеков, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қанабек Байсейітов, Шәкен Айманов, Камал Қармысов, Сәбира Майқанова, Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, Бикен Римова сияқты: «Өнер – өз қасиетің!..» деп үйреткен қазақ өнерінің шоқ жұлдыздай алыптарының ізін ала мәдени, рухани кеңістікке жаңа леп, жас толқын Ы.Ноғайбаев, Н.Жантөрин, Е.Жайсаңбаев, Ф.Шәріпова, Н.Мышпаева, Н.Мұраталиев, С.Оразбаев, Р.Сейтметов, Ә.Молдабековтермен қатар Асанәлі Әшімұлы да келген-ді. Асанәлі Әшімұлыны осы тұрысында жүргенінде бала кезінде, мектеп қабырғасында ұяңдау боп өсіпті деп ешкім айта алмас еді. «Жан бөлек» кітабында: «Ауылға келген әртістерге аяушылықпен қараушы едім, тіпті іштей ұнатпайтынымды да жасыра алмаймын» деп еш бүкпесіз жазады. Дегенмен де, өнердің кереметі сонда ғой, бойдағы дарын Бізбен боласың ба, болмайсың ба деп сұрамайды. Алладан келген пәрменді пайғамбарлықтай Өнер де жеті қат Көктен құйылып түсетін ерекше қасиет. Соны ұлт игілігі үшін жұмсауың қажет. «Тағдыр тақтасына» жазылып қойғанды көресің де, актер Асанәлі – режиссерлік жолын 1957 жылы Ш.Құсайыновтың «Ертіс жағасындасын» Әкемтеатр сахнасында қоюмен бастаған. Әзірбайжан Мәмбетов пен қиындық-машақаты көп өнер жолындағы ақылшы ағасындай болған Шәкен Айманов сияқты алыптардың ізін жалғаушы. Сахнадағы тұңғыш рөлі – Әбділда Тәжібаевтың «Халық туралы аңызындағы» Азаттан бастап, Керім, Кебек, Айшуақ, Юлий Цезарь, Дон Жуан, Еламан, доктор Клаузен, ал кинодағы Бекежан, Чадьяров, Мәмбет, Қасымханов сынды кейіпкерлерді сомдау арқылы нағыз актерлік шеберліктің үлгісін көрсетті. Артистің шығармашылығына үңілсек, одан рөл эволюциясын, оның даму шкаласын, өскен, түрленген, түлеген тұстарын анық аңдауға болады. Тағы, Асанәлі Әшімұлы көпшілікке режиссер ретінде де танымал. Мәселен, Гогольдің «Ревизор», Мүсіреповтің «Амангелді», Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?!», Ванустың «Сұлтан болсам егер мен», Аймауытовтың «Ақбілек» қойылымдары мен ол түсірген «Жылан жылы», «Шоқан Уәлиханов», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» фильмдері Ас-ағаңның жан-жақты әрі «сегіз қырлы, бір сырлы» екендігін байқатады. Қызыл цензураның «Қыз Жібек» фильміне араласып, біраз эпизодын қиғаны, Сәтімжан Санбаевтың «Ақ аруана» повесі негізінде түсірілген «Ақ таулар арасында» киносынан Мәскеу сыншылары астар іздеп, оған қиянат жасағаны, «Құлагер» мен Қалихан Ысқақ сценарийін жазып, Мәжит Бегалин түсірген «Отқа оранған Оралдың» да «тағдыры» қиын болғаны белгілі. Дәл сондай қазаққа қиянат жасалып, оның өнерімен аса санасқысы келмей жүрген тұста ортаңнан небір мықтылардың жарқырап шыққанына қуанады екенсіз.
Артист үшін «үлкен образ» деген ұғым болмауға тиіс. Жай әншейін эпизодтың өзінен-ақ дәуір жанайқайын беріп, соны суреткерлік дәрежеге көтере алатындар ғана нағыз актер боп саналады демекпіз. Асанәлі – «алдыңғы толқын ағалардан» көп дүние үйрену арқылы өнерде өз жолын тапқан тұлға. Өйткені, өнерде өскің келсе, үйренесің, үйрене отыра жиренесің. Айталық, кейіпкеріміз Қалибек Қуанышбаевтың «Ақан сері – Ақтоқтысындағы» Мылқау бейнесін немесе Құнанбайды ойнағанына қатты тәнті боп, өз арасында айтып жүреді екен. Ұлы актердің: «Әй, бала…» деп пауза жасап, «жайдақсың» деп жан-жағына қарауы, «Сен ойымнан шығып, менің дәрежеме жетуің үшін алдымен Абайдай ұл туғыз…» деуін мысалға келтіретіні бар. Актер Фариза Оңғарсынова өлеңдері мен «Екі жирен», «Зәуреш», «Әудем жер» әндері жанына жақын екенін айтады. Оның өзіне дейінгі Құрманбек Жандарбеков сомдаған Бекежаннан алғаны көп. Бірақ ол өзгеше ойнап, кейіпкерін басқа қырынан көрсете алды. Актерде бір сәттік дүниелер өте көп болады. Мәселен, аяқ астынан келе қалған ойды ойнатып, «фиксировать» етіп үлгермесең, болды, кетті дей бергін. Образдың сүйініші мен күйінішін, қас-қағымда-ақ өте шыққан жан дірілін ұстап қалу, расында да ұлылықты қажет ете ме деп қаласыз. Сол себепті актер деген халық үшін кейіпкер мінез-құлқы алақанда сусып тұрған құммен тең. «Жібекті түте алмаған жүн етеді» дегенді рөлді шығара алмаған актерге қарата айтсақ болар. Себебі, режиссердің алғашқы қатар – партнерден естілген айқайы мен аса жанашырлықпен айтылған боқтығы артистке майдай жағып, шабытына шабыт қосып, демеу бергенмен, сырттай бақылап отырған кісі үшін бейәдеп – анти-этикаға балануы мүмкін. Алайда, өнердің өз заңдылығы бар. Ешбір «еңбек кітапшасына» кірмейтін, ешбір «еңбек кодексіне» енбейтін заң – жазылмаған заң…
Адам атты сыр-құпияға толы сандықты ашу үшін ең әуелі оның кілтін табуың қажет. Біреуі үлкен, екіншісі кіші, үшіншісі орташа дегендей. Адам – Алланың ұлы «туындысы» болғандықтан ғана құпия. Және оның жандүниесіндегі бәзбіреу байқай бермейтін сан түрлі құбылысты көрсету оңай шаруа емес, әрине. Пенде – Жаратушының Бізге қатты назалы болған кезде «айтқан» Сөзі, ауыр үкімі. Пендешілік, пендауи, пенде аса сүйкімді сөз емес. «Сен пендесің!» – деген садақ оғы басқа мүшеге емес, тұп-тура жүрекке кеп қадалатыны бар. «Дір» ету немесе ешнәрсені сезбеу де сол Жүрек мазмұнына байланысты. Көздегі мазмұн, жүректегі мазмұн, жандағы мазмұн, мазмұн, мазмұн, мазмұн… Дүниені мүйізімен тіреп тұрған «Көк сиыр» да – мазмұн, сол мазмұн. Өнердің діңгегі де – мазмұн. Үстіңде – реквизит, бетіңде – гримм болғанымен, ойыңда сом алтындай сомдалған образбен шектелу аздық етеді. Ол үшін жаныңда өнерге деген құштарлық, қалау мен жанкештілік болмаса, бәрі бекер. Адам атты «арлан» жалғыз екенін өте терең түсіну үшін ең алдымен сол жалғыздыққа дайын болу керек. Экзистенция философиясы бар. Ол – жалғыздық философиясы. Адам шындықты өзінің ішкі дүниесінен іздеуі қажет. Себебі, сырттан ақиқатты табу өте қиын. «Мен жалғызбын. Шығармашылық адамының бәрі жалғыз!» деп айта салу қай ғасырда да қиын болмаған. Біздіңше, шығармашыл адамдар жалғыз емес, олар тек сол жалғыздықты аңсаушы ғана. Сондықтан олар сырт көзге жалғыз көрінеді. Жұдырықтай жүрек деген транзистордан жұмыр жердің қуаныш, қайғысын өткізсе де өзін-өзі жоғалтпайтындар бар. Пенде затының қарекетін кей тұста моральдік тұрғыдан айыптағың келгенмен, психофизиологиялық жағынан жоққа шығара алмайсың. Қайбір сәтті шыққан шығармада ойыңа ұмытылмастай әбден беки түсетін, жадыңнан өшіруге тырыссаң да өшпейтін сюжеттік шиеленіс, кульминациялармен қоса, ойдан кетпес образдар болады. Актер сахнаға шыққан бойда-ақ дүрмек-дүбірге толы Дүниені ұмытып, өзгеше бір күйге енеді. Ал ол Әлемге кейіпкер көзімен қарай алмаса, онда рөл сәтті шықты дей алмаспыз.
Асанәлі Әшімұлының күнделігі мен естеліктерінде көп нәрсе бар. «Ақжол деген тазым болған. Машина қағып кетті. Негізі «Ақжол» – біздің үйдің иттерінің баяғыдан келе жатқан тұрақты аты еді. «Ақжол» партиясы өкпелей ме деп, атын Ақтабан деп ауыстырдым», – дейтін сахна серкесі, ел еркесі Ас-ағаң аса «тактичный». «Дуплет» әдісімен ұратын хас бильярдшы секілді көздеген жеріне дәл тигізуге де әдеттенген-ді. Актер күнделігі – оның пікірі, ойы, көзқарасы. Кейде ақиқатты айта алмай, айқайлағысы келген кезде қолына қалам алу – актер үшін жақсы дағды. Күнделік – шер-шеменді сыртқа шығарудың амалы. Адам толысады, толысқан соң тоқырайды, өзін-өзі іздейді, табады, қайта жоғалтады, қиналады да алдынан шыққан сан мыңдаған есіктің біреуін ғана ашатын сәтте қайсысын таңдарын білмей «Буридан есегінше» дағдаратыны бар. Сонда Ол жаза бастайды. Күнделік жанры арқылы азамат – Асанәлі, артист – Асанәлі, ойшыл – Асанәлі, саясаткер – Асанәлі, әке – Асанәлі, отағасы – Асанәлі, ел қамын ойлаған Едіге – Асанәлі және де кәдуілгі адам, пенде – Асанәліні көреміз. Тағы, күнделік – кемшілігі мен артықшылығы, бары мен жоғы, ұлылығы мен кішілігі қатар жүретін адам өмірі. Күнделік – Алла алдында тұрғандай халді сезіндіруге мүмкіндік беретін дүние және ол – оңашадағы ой проэкциясы. Актер үшін естелік сол кездегі ситуацияны еске түсіріп, өтенді көз алдыңа қайта оралта алатынымен де құнды. Мысалы: «02.05.84. Сағи, Күләш, Майра төртеуміз Шәкең мен Хадиша апамның басына барып, Құран оқыдық. Тастары қисайыңқырап қалыпты. 70 жылдығында асығыс салғандықтан болса керек». Немесе: «31.12.91. Жаңа жыл. Елде көңіл-күй жоқ». Әлде: «Бұл күндері менің қайғым – Майра. Мүлдем жатып қалды. Бұл тұрмаса, менің де құрығаным. Ет жүрегім қан жылайды». Тағы: «18.01.2000. Аурухана. Оң қолым көтертпейді. Жұмыссыздық адамды жүдетеді, әсіресе жұмыс істеп үйреніп қалған адамға». Бұған қоса: «07.03.03. Қазіргі жастар мейірімсіз. Айтып үйге келтіре алмаймын. Бұларға керегі тек менің ақшам!!!». Және: «29.01.08. Қазіргі шенеуніктердің көбісі өтірік уәде береді. Шаруаны соза-соза, ақыры ауысып кетеді». Актер күнделігін оқығанда байқағанымыз, ол өзіне де, өңгеге де сыни көзбен қарап қана қоймай, ел болашағы үшін алаңдайтынын аңғарасыз. Және ол кісі күнделігінде көп дүниені жасырғысы келмейді, сыр қылып сақтамайды, жазу арқылы өзін-өзі тазартады, тазарту арқылы жеңілдейді, ал жеңілдеу арқылы «ұшады» – левитация. Әр жылдары жазылған қысқа-қысқа ойлары көп нәрседен хабар беретіндей. Сексеннен бергі, бүгінгі Тәуелсіздікке дейінгі аралықтағы жеке және ұлт басынан өткен ахуалды байқайсыз. Қысқаметражды кино сықылды қып-қысқа, шолтаң ете қалады. Бір нәрсе көріп я түсініп үлгерсең үлгердің, ал үлгермейді екенсің, кінә өзіңнен!.. Руссо «Тәубесін» оқығанда ойға қалатынымыздай, Асанәлі күнделігін парақтағанда үлкен әсер алатыныңыз шындық. Күнделік – адамның айнасы, ол айна кейде күледі, кейде жылайды. Күнделік – тағдыр, ажал, сынақ, отбасы, келешек ұрпақ, уақыт, өмір, өнер, дәуір, орта, ұлт, формация туралы көңілге тосыннан келе қап құйылатын ағыстар мен ой-толғаныстар тоқайласатын орын. Сол себепті, о жанр актерді жатырқамайды, қайта қайғыда да, қуанышта да қасында жүретін сырласы мен жан досына айналған. Сағиы мен Мәдиі және жан жары Майра қайтыс болғанда да Асанәлі өмір мені жеңді, мен жеңілдім демеді, алға жылжыды. Ажалдан кім қашып құтыла алған?.. Оның басына үйірілген ауыртпалықты шығармашылыққа аударып, қайғы-қасіретке, Тағдыр сыны мен тезіне, талқысы мен теперішіне қасқайып қарсы тұрып, оны жеңуге, сол бір кезді ұмытуға тырысып, өлім мен тағдырға пәлсапашының көзімен қарай алғаны – мықтылығынан. Оның пәлсапашы-актер екенін «Шоқан Уалиханов» фильмінің түсірілімінде көнбей, жүрмей қойған атты ет қызулықпен басынан бір-екі рет тартып жіберіп, жылап тұрған жануарға қарап жаны ашып, сол қылығына қатты өкінгенінен-ақ байқауға болады. Оның жазбаларының көбі ұлына арналған. Мысалы: «Сағиды Шоқан рөліне түседі деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірген емес. Ол кезде 20-ға жаңа келген кезі. «Бала ғой, актерлігі әлі шыңдалмаған» деп жүретінмін. Бірде командировкаға кеткенмін. Қайтіп келсем, Игорь Вовнянко бар, біраз жігіттер «Сағиды Шоқанға дайындап қойдық» деп қарап отыр. Мен мұны шынында ойламаппын, әлі де сенбедім. Сөйтсем, жігіттер мен келгенше Сағиға мұрт жапсырып, мундир кигізіп, экранға түсіріп, дайындап қойыпты. Көрдім. Қарадым, қайта қарадым. Бірақ енді қаланың баласы ғой, Шоқанның заманын білесің. Сәл толықтау болып көрінді. Шоқан Қашқарияға барған кезінде жүдеу еді ғой. Фильмді Ленинградта түсіре бастаған кезімізде қатты қинадым. Қонақ үйде жатқанда түнгі үште, таң ата оятып монологтарды оқытамын. Ренжиді, қиналады. Бір апта солай дайындадым. Жағы суалып кетті. Ішінен қан өткен де жағдай болды. Ал енді Мәди салмақты еді. Ол бірінші бала болғаннан кейін шешейде болды, іні ретінде ұстадым. Екеуі де мені «аға» деді ғой. Мәдидің бетінен құшырланып бір сүймеппін». Осынау бір әсерлі естелікті оқығанда-ақ ойыңа көп нәрсе оралғанымен, бәрін тізбектеп я қайталаудың қажеттігі жоқ екенін түсінесің. Және сол «Шоқан» киносы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанда Орталық комитеттегілер: «Екі Әшімовті жібере алмаймыз» дегенде кейіпкеріміз қоюшы-режиссер бола тұра өзін тізімнен алып тастағанын да ел-жұрт білер.
Актер қандай бейнені қолға алса, әбден иін қандырып, шынайы ойнап, өзі сол бейнеге айналып кетеді. Шынайы ойнау натурализмге ұрыну емес, керісінше өмірден көрген-түйгеніңді өнерге айналдыра білу. Қаз-қалпында беруді әдебиетте публицистика десек, өнерде бұны фальш дейді. Образды алып шығу үшін жүрек, сезім, ақыл, дарын қажет. Қанжарша қадалған көздер мен ауыр тыныстаған көрермен демі актерге демеу бермесі анық. Дегенмен де, екі сағаттан аса, кейде төрт сағат бойы сахнада рөл динамикасын түсіріп алмай ойнау, оны алуан-алуан әдіс-тәсілдермен көтеріп, барынша құбылта түсу үшін қаншалықты қажыр-қайрат, күш-жігер қажет десеңізші. Өнер нөсерінің астында қалғандай үстің малмандай су боп, шымылдық жабылғанда ғана: «Уһ!» деп, премьераның сәтті я сәтсіз өткенін білмей, екіұдай күй кешкен бойда бөлмеңе кіріп барасың. Қолыңдағы гүлшоғыңа қарап шапалақтап, сахнадан жібергісі жоқ көрермен көз алдыңнан кетпейді де әсерленіп, ұзаққа дейін образдан шыға алмай отырғаның. Кейіпкер – сен, сен – кейіпкерсің, соның, яғни драматург жазған үзік-үзік диалогты әлсін-әлсін қайталаған сайын сұмдық ләззат аласың. Сәлден соң транстан шыққан бақсыдай өз-өзіңе келіп, кейіпкердің емес, өз аяғыңмен жүре бастайсың. Көңіл түкпірінде «ешкімге ұқсамайтын, бөлек те мәңгілік мәнер қалыптастыра алдым ба?» деген ой масаша мазалайды да тұрады, ыз-ыз, ыз-ыз…
Актердің рөлге дайындығы да ритуал – туындымен танысып, ойыңды жинақтап, мәтінді жаттап қана қоймай, оны сіңіру, аскеттерше жұрттан жырақта, басқа жерде дайындалу, өзіңмен бетпе-бет келу. Кейіпкермен тілдескен соң барып қана ой фреска-фреска күйінде, ана бір тылсым әлемнен келе бастайды. Өнер бәйгесінде шашасына шаң жұқтырмайтын жүйріктер Алашта аз емес. Көңілі көлдария сахнагерлер көпшіл, мінезі баладай, жүрегі сәбидей таза келеді. Ондай кісілердің қақпағы жоқ қара қазанша бұрқ-сарқ ашулануы қаншалықты оңай болса, қайтымы да соншалықты тез. Туабітті суреткерлік кемеңгерлігін, кемелдігін, бойындағы ғажайып мұхиттай сарқылмас, Ниагара сарқырамасындай тегеурінді шығармашылық тасқынын бір арнаға тоғыстырмақ керек. Ұлылықтың бастауы кішілікте. Кейде жай әншейін әңгімесі, іс-қимылының өзі тұнып тұрған өнеге секілді көрінетін актерлер бар. Драматург құнарлы ойды шағын мәтінге сыйдырады, ал актер кейіпкер жанындағы алай-дүлей күйді, аласапыранды ашуға талпыныс жасайды. Осы ретте бойда бір ұлы үрей бар. Бәріміз ескіруден қорқамыз. Әр суреткердің ішінде ескіруге деген протест бар. Ғылымда қателесу – заңдылық, дінде қателесу – күнә, өнерде қателесу – қатер. Актер де ет пен сүйектен жаратылған адам ғой.
Асанәлі Әшімұлы бала кезінен киноға қатты құмартып, «Чапаев», «Амангелді», «Оның аты – Сухэ-Батор», «Жолбарыс» секілді фильмдерді көрген соң, түн ұзаққа әсерленіп шығатын болған-ды. Баланың шабыты шалқып, таланты тасығанда күнді түнге ұластырып ұйықтамай армандап, қиялға берілуге де бар еді. Бір сәтте кеп қалатын сел сезім жүрегінен сорғалап құйылған кезде дүниенің қызығы мен шыжығы да ұмытылатындай. Біз көрермен ретіндегі өнерден алатын экстаз, ләззат, нирвана да осы шығар, бәлкім. Жап-жас Асанәлі қиялы Аспан кезіп, түпсіз ойлары дүние деген шіркіннің бары мен жоғын, қадірі мен қасиетін, азабы мен шерін, мәні мен мағынасын түгендеп қана қоймай, өмір шындығы мен көркем шындық арасын ажырата білді. Шарбақты өзенінің жағасында коньки теуіп, сиыр тобығын «шайба» қылып жаяу хоккей – «қызмайдың» қызығына кіріп, «ләңгі» теуіп, атқанда асықты алшысынан түсіретін, найза қағысып, семсерлесіп, садақ тартып, білек тірестіріп, күш сынасып, бокстасып, күресіп, ат құлағында ойнап өскен бала келе-келе шахматқа ойысып, Сағдидың: «Үндемесем – өзіме өзім төремін, үндесем, сөзім өзіме төре», – қағидасын қанша уақыт өтсе де ұмытпауға тырысады. Кісілікті кішіліктен іздеп өскен болашақ өнер жұлдызы уақытында «жыланкөзбен» ауырған соң анасы бір қап бидайға бес сынапты сатып алып, сонымен ем-дом жасапты. Сөйтіп барып актер өлім аузынан қалған-ды. «Артымнан ұрпақ қалмайтын болды-ау?!» деп қатты алаңдаған әкесі соғысқа аттанады. Намысқой, шымыр әрі мінезді боп өскен бала Асанәлі о кезде небары төрт-ақ жаста екен. Барсамян деген орыс тілі мен әдебиеті пәні ұстазынан дәріс алған оның әдебиетке деген ынта-ықыласы оянып, тілі жаттығып, жазуға деген қызығушылығы оянады. 2002 жылы «Қазақ әдебиетіндегі» сұхбатында: «Жазушылар секілді өрелі ойды өрнекті сөзбен кестелеуге құмартқан емеспін. Ойыма не оралса, соны түсіруге тырыстым. Елден естіген тәуір тіркескерді де тізе бердім. Түртерге түк таппасам, сол күнгі ауа-райын жаза салатынмын. Әңгіменің ретінде Асқар Сүлейменовке: «Бір отырғанда бір романдай естелік жазып тастаймын. Менім стилім Сәбит Мұқановқа келеді-ау!» – деп желпінген едім. Содан бастап Асқар жолыққан сайын: «Хал қалай, Сәбе!» – деп амандасатын дейді. Ал анасының басынан кешпеген бейнеті жоқ. Жиырма бір жасында жесір қалған о кісі тылдағы ағаш соқамен жер жыртып, орақпен егін орып, тұлықтаспен астық бастырғаны өз алдына, жеңіс күні жақындаған кездегі ерте көктемде тараған шешектен екі қызы – Нұрилә мен Балқия дүние салады. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, қайғыдан қан жұтқан жаны жаралы әйелді колхоз белсенділері сол жылдың күзінде Сібірге қарағай кесуге жібереді. Одан кейін он екі-он үштегі Асанәліні жетектеген шешей Кентаудағы ағайындарына барады. Сөйтіп, артистің анасы баласының өз қолы өзіне жеткенше бір тыным таппайды. Асанәлі Әшімұлы – соғыс зардабын көріп, оның ақпанның ақырған аязындай арқа қарыған ызғарын сезініп өскен ұрпақ өкілі. Сең соққан балықтай сенделген ұлт көкірегіндегі рухани жұтты жеңудегі «асыл сөздің» рөлін, оның күш-қуатын артист өзі де мойындайды. Асанәлі Әшімұлы – Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді», Шерхан Мұртазаның «Мылтықсыз майдан», Сайын Мұратбековтің «Жабайы алмасын» жабыла оқығандар. Еркін мен Нұрперзент, Қанаттар бойынан өзін – жыртық көңіл, жүдеу жүз кейпін көріп, оңашада соғысты қарғап, қара бетті соқаша тіліп өткен ып-ыстық жасты сүрте отыра жадында жатталған өлеңін оқып қана ашуы тарқайтын тасбауыр дәуірдің ұлы. Сол кезде туғандар үшін Мұқағалидың: «Бәрі есімде – далам да, тұрағым да. Тек есте жоқ: күлдім бе, жыладым ба… Балалық шақ жарбиып жүретұғын. Өгіз жеккен соқаның құлағында» немесе Қадырдың: «Мен мектепке түскен жылы… жасақты, жау тиісіп адам қаны жоса ақты. Жетпістегі шалдар орып егінді, жетідегі біздер тердік масақты» деген поэтикалық картина ешкімге бөтен емес еді. Қайта оқыған сайын отты жыр мұздаған жанды жылытып, бір сәтке болсын жалмауыз-жалғыздықтан құтылатындай сезілетін. Болашақ актер неғұрлым өмірдің сүреңсіз тұстарымен бетпе-бет келген сайын іштей шыныға да ширай түсті. Өйткені, ол маңындағылардың ара-қатынасын, олардың бір-біріне деген әрқилы көзқарас, көңіл-күйлерін бала көңілмен бақылап, өзінің ақыл таразысын тең ұстауды бұрыннан-ақ өзіне міндет санап өскен-ді. Жалпы, сезімталдық пен сергектік, нәзіктік кішкентай Асанәлінің ерекше қасиеті болған екен. Ол жастайынан жаман мен жақсыны, аштық пен тоқтықтың, ақ пен қараның аражігін ажыратуды үйренудің арқасында тану мен табудан тұратын өмір жолында адаспай, бұрылыс-бұралаңы көп Өнер Олимпына ту тігіп, артына белгі, із қалдыруды мақсат тұтты. Ол бірнеше мәрте киноға түскен соң Әкемтеатрға келеді. Өнердің екі саласын – кино мен театрды қатар алып келе жатқан Асанәлі Әшімұлының: «Алғашқы жылдарда ойнаған экрандық кейіпкерлеріміздің төмен шыққандары болса, соның бәрі кезінде театрдан қашық жүргендігімнің кесірінен», – деуінен оның сахна өнеріне деген ынта-ықыласы ерекше екенін байқаймыз. Сол кездегі ауыл жұртының тілімен айтқанда, кино – «кинау»-ға деген таным-түсінік бөлек болғаны жөнінде актер Жанболат Аупбаевқа берген сұхбатында былай дейді: «Ел ауылға кино келе қалса, ол келесі колхоздан жіберілген көлік жеткенше сол жердегі елге үш-төрт күн бойы қайта-қайта көрсетіле беретін. 1949 жылдың күзінде ит арқасы қияндағы біздің өңірге кездейсоқ келіп қалған «Амангелді» фильмі де солай болды. Оны біз бір апта бойы тамашаладық. Сондағы есімде қалған бейкүнә бір балалық ойды күні бүгінге дейін ұмытпаймын. Ол әрбір кешкі сеанс басталған сайын: «Шіркін-ай, Амангелді бүгін өлмесе екен… Ертең… иә, ертең өлсе ғой» деген тілек бар еді. Бірақ өкінішке қарай, олай болмай шықты. Амангелді күн сайын өледі де қалады». Артист естеліктері ішінде Сайынмен топтас болумен қатар, Тастақтағы жалға алған пәтерде бірге тұрғаны, таңның атысы, күннің батысына дейін кітапхана, спорт залы, консерватория деп тыным таппай зыр қаққаны, Сайынның шайқор болғаны, оның «шәйнектегі сама нәгінің ағара бастағанына қарамастан, еселей құйылған қайнақ суды ысылдатып» ішіп отыратыны, «төсегінің жанындағы тумбочкаға төнген күйі түн ортасы ауғанша қағаздан бас көтермейтіні», бәрі-бәрі оқыған адамды бейжай қалдырмайды. Актердің атасы діни сауаты мол, иманын жолдас еткен тақуа кісі – Ысқақ кіндігінен Мәдікен, Қойшыбай, Әлжан, Қасым және Әшім екен, бес ұл. Асанәлі Әшімұлы Тәжіхан анасы ана демеуінің сыры – Алтынкүл апасына жақын боп, атасының қолында өскендігінен. Осы турасында: «Әлі есімде, интернатта оқып жүргенде екі-үш түйір қант береді. Соның біреуін өзім жеп, біреуін не екеуін Алтынкүл шешеме сақтайтынмын. Сынық ине тапсам, сол кісіге әкеп беретінмін» деп жазады.
Қазақ өнерінде Асанәлі Әшімұлының шыққан өз төрі бар демекпіз. Ол қазір Алаш жұртының алыптары мен ардақтыларын, саңлақтары мен сарбаздарын көріп, Өмір хақындағы өзіндік ойы қалыптасып, мына бір Ұлы тыныштыққа ғана ғашық Ғаламға сексеннің мұзарт шыңынан қарап тұр. Оның арманы – Ақан сері мен Абайды ойнау екен.
Адам туған топырағына тартады. Жамбыл облысы Сарысу ауданы – шөлейтті, қысы қытымыр, қар түссе қызыл шұнақ аяз бүрсең қақтыратын, алты ай жазда аңызақ жел соғып тұратын, өрісі төрт түлік малға толы берекелі мекен. Асанәлі көкірегі хат қариялардың айтуынша «төл аяқтанған», «жер төсіне көк қылтиып шыққан» шақта туған екен. Табиғат-Ана мен кісі табиғаты тұтасқан тұста ғана Тұлға пайда болмақ. Тұлға – құбылыс, ал құбылыс – құпия. Құпияны ашпақ керек. Кие дегенге қатты сенетін халықпыз. «Сахнамен амандасу» атты бейресми дәстүр бар, театрда. Қолыңды сахнаға қойып, көзіңді жұмып: «Ассалаумағалейкум, сахна!» деп күбірлейсің. Сонда бойыңда адам айтса нанғысыз бір процесс жүреді. Атомдар қозғалып, нейрон, аксон, дендриттер Санаға бағынбай кеткендіктен бір сәттік ретсіздік, хаос басталады. Сонда Алладан күш-қуат сұрайсың. Өнер – киелі. Өмірдегі Бекежандар өзіне қарсы келер Төлегендерсіз өмір сүре алмақ емес. Өмір заңы – осы. «Хан алдына барғанда, хан таппады мінімді, би алдына барғанда, би таппады мінімді, өз аулыма келгенде, итке берсін күнімді» деген Досбол бидің сөзі ақиқаттан алыс емес. Моцартсыз Сальери жоқтай, бақталастық пен күндестіктің жүрмейтін жері жоқ. Небір адамдар актердің алдын кесіп, тобықтан шалған кездері аз болмаған. Бірақ Асанәлі ұстанымы – «айқасқан соң өзіңмен белдесуге тұратын қарсыласпен белдес». Ол – «үйде – Асанәлі, сайын далада – Бекежан, Үрімжіде – Шадияров» екен. Өнерпазға тағылар сын да, мін де өте көп. Себебі, ол ел алдында жүреді. Көзге де бірінші түсіп, бәзбіреулердің тікенегі бар тілінің құрбанына айналады. Алайда, артист болу оңай шаруа емес. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дейді атам қазақ. Рөлдің ішкі иірімі болады. Қойылымның басынан аяғына дейін оның табиғатын толық ашу үшін бастауын, дамуын, шарықтау шегін, түйінін, терең тұжырымын жасауға тиіссің. Онсыз көрермен көңілінен шықтым деуің бекер. Актерлік – бекзат, бекзадалық, тау суындай мөлдір, саф өнер. Ол дегеніңіз – асау атша ық жағынан жүрмесең шамшыл, тістейді, қыршиды, тебеді де шаңға көміп жүре беретін аса кінәмшіл және өнердің аса өркөкірек түрі. Кейіпкер жанарына жасырынған сырды суырып алып шығатын да актер екенін білесіз. «Инемен құдық қазғандай» ұғым-түсінігін актерлік өнерге тели сөйлесек, өз табиғатын толық ұмытып, бөгде, бөтен біреуге айналып, «перевоплошение»-ге дейін жетіп, әлгі бейненің ішкі-сыртқы әлпетін өз деңгейінде дәлме-дәл кескіндеп беру қиынның қиыны. Актер көрермен деңгейіне түспеуі керек. Себебі, актер де жазушы, мүсінші, суретші, әнші-күйші сынды талғам қалыптастырушы. Талғам сөзінің өзі биік дегенмен туыстас ұғым. Сыртқы қозғалыс, іс-әрекет, жекелеген мизансцена ішкі сезінуден, ортаны қабылдаудан туады. Ол өз рөліне сенбесе, өзгені де нандыра алмасы ақиқат. Екі ауыз сөз не тұтас бір көлемді монолог не екеуара, үшеуара диалог болсын, соған өнерпаз жанын салып, терең сезініп, жан-жүрегінен, жүйкесінен өткізбесе, ол Өнер деген атқа лайық болмай шығуы да мүмкін. Бутофориялық декорацияны тірілтіп, соны үйлесіммен ойнап шығу да шеберлікті талап етеді. Ол біресе оң, біресе сол жамбасқа ауыса отырған, кей сәтте бір мызғып алатын Біз секілді «халтурщик» көрермен үшін артист терең еместей көрінсе, онда оңбай қателескеніміз. Ол ойнатқан ағаш та – тірі, ол мойнына созып қараған Ай да – тірі, ол кеудесін тосқан жел екеш жел де – тірі. Сонда бәріне жан бітіп, өлі заттар Жаратушыға зікір салып тұрғандай әсерде боп, ертегілер еліне саяхат шеккендей күй кешесіз. Бүгіндері нәрсіз диалогқа құрылған орамды іс-әрекет, аттандай айқай салатын ұранды пафос, мелодрамалық бірыңғай сарын, шаң-шұң эффект, дүрлікпе айқай-шу, сірескен позалар, орынсыз лепірушілік, манаурап, жасаурап, мүлгіп-қалғыған жалаң монолог оқып тұратын актерлік әдістер әлдеқашан ескірген. Бірақ Ол ойнаған кейіпкерлер сезім жетегінде кетіп қалмай, айтар негізгі идея мен әлсіз эмоцияның айналасында қалып қоймайды. Қайта, өзін әркез қамшылап, күрделі характерлердің тамырын дөп баса білуге әбден дағдыланған сарабдал сахна суреткері Асанәлі Әшімұлы әр планда, әр жанрда ойнағанды ұнатады. Оның кейіпкерлері бірде аяр, бірде асқақ, бірде намысқой, бірде ез, бірде қу, бірде адал, бірде ақымақтау, ал бірде тереңнен сыр тартқан үлкен ой иесі. Сондықтан болса керек, актер күні-түні ізденіс үстінде жүреді. Актер деген Әшірбек Сығай сөзімен айтқанда, «өзіңнің де, өзгенің де мыңдаған қайғы-қасіреті мен қуаныш-жұбанышын, өкініші мен сүйінішін арқалап, жолды, жолсызбен сапар шеге беретін жиһанкез». Барынша тебіреніп, қиял көліне сүңгитін актер үшін шыққан шыңына тоқмейілсу – қауіпті. Ас-ағаңның қай рөлін алып қарасаңыз да асығыстықты, шалағайлықты көрмейсіз. Оның экрандық, сахналық кейіпкерлерінде бірін-бірі қайталамайтын, бірақ қаншама адамгершілік қасиетке бай, жарық дүниенің парқын таныр көкірек көзі ояу адамдарға кезігіп отырамыз. Бүкіл шығармашылығы бір идеяға қызмет ететін азамат актердің кредосы – күрделінің қарапайым екенін көрсету. Қазір қазақ өнерін жазық маңдай, бұйра шаш, ойлы көзді Асанәлісіз елестету қиын, әрине. Өн бойындағы артистік шеберлік пен азаматтық темперамент те барлық өнер иелеріне тегіс беріле бермесі анық. Себебі, Шер-ағам айтатын «бір кем дүние». Сәл бір жетістіктің кемістігі алдын орап тұратын әдеті.
Ал Асанәлі Әшімұлы өз кейіпкерлерінің сыртқы тағдырымен қоса, ішкі драматизмін өзектестіре өруге шебер. Түсінген кісі баласы үшін сом бейне, мінсіз мүсін жасау үшін нейрохирург жұмысынан да қиын. Ол ойнағанда жүзі алаураған күйі, қаннен-қаперсіз бір қиял құшағына еніп кеткендей болады. Әбдіжәміл Нұрпейісов «Толғауында»: «Не деуші еді… Не деуші еді! Ә, ә! «Бас кесілген бос кеуде, береке қонар арты жоқ, көзін алған біз сона, жар салып бастар жалқы жоқ. Барар жерің батпақ сор, күн түзелер тарпы жоқ, шерменде емей біздер кім, көктиындық нарқы жоқ» деп бір кезде Сарыарқада сарнап өткен Абыз аташа Әшімов сахнаны шерге толтырып күңірентіп жібереді» деп жазған еді. Ал Әбіш Кекілбаев «Өнердің өрен жүйрігі» мақаласында: «Ол – Макс Фриш комедиясындағы Дон-Жуанның белгісі. Асанәлі Әшімов бір терезеден екінші терезеге қарғып, бір төсектен екінші төсекке ырғып, бір құшақтан екінші құшаққа күмп беріп жүрген ләззатқұмар еркетотай еркектің ғана емес, бал деп ұрттағанның бәрі у боп шығып, уыз сөзімін былғап алған соң, аяр дүниеге қарсы аярлық жолымен күреске шыққан ызалы жанның күрделі күйзелісінен көл-көсір сыр шертті», – деп өз бағасын берген еді. Көрермен артистпен бірге қиналып, артистпен бірге мұңайса, сонда ғана оны өнер деп айтуға хақымыз бар. Ең соңғы қатардағы кісі үшін айқын дикция, пластикалық әсем қимылмен бітеқайнасқан мимика, философиялық ой, отты сезім, таза еңбек қымбат. Өнер гипноздық нәзік құбылысқа толы әрі бар назарын магнитше тартып алатын күшке ие. Жанкүйер әлі бейтаныс кейіпкер жанына үңіліп, үңіліп қана қоймай, күйініп те күрсініп, күліп те жылап, ерекше бір күйге бөленеді. Артистіктің формула-теориясы атауымен жоқ. Кейіпкеріміз қай рөлдің болсын сан қырын көрсетуді өзіне мұрат етіп қойған-ды. Ол шамадан тыс шығандап кетіп, артық тер төкпейді. Уақиғаның небір шиыршық атар тұсында да өз образдарына аз ғана жылу беру арқылы актерлік техниканың құпия-сырын ашу үшін барын салады. Ол кейіпкер характерін дәл түсініп, тек психологиялық ырғақты ұстап, түпкі идея үшін күреседі. Рөлді таңдау кезінде кісінің жасы да маңызды екен. Гамлетті шау тартқан шағыңда немесе Тартюфты жас кезіңде ойнағандай нәрсе ғой. Рөл бояуы қанық, реңкі алабөтен әрі жан-жақты шығуы үшін де ұлы үйлесім, ішкі дайындық, ішкі қалау қажет. Әдебиеттегі жазғыштық секілді, өнерде де берілген рөлді ала салу да белгілі бір деңгейде эстетикалық канондарды аттап, көркемдік көкжиегін тарылтумен тең нәрсе болса керек. Демек, рөл классификациясы, рөл ерекшелігі де актер үшін маңызды деген тоқтамға ат байлауды құп көрдік. Ваня ағай, Мефистофель, Манфред, Медея, Эдип патша, Макбет, Кориолан секілді өнердің алтын қорына емін-еркін енген бояуы қанық кейіпкерлерге бару үшін де көптеген сатыдан өткен жөн. Ал бірден бара салсаң оңбай ұрынуың мүмкін. Сондықтан рөлге жүрдім-бардым қарайтындардан гөрі, жүрексінетіндерден сәтті дүние күтетініміз шындық. Дегенмен, ол үшін де өнерге деген адалдық пен асқан сүйіспеншілік қажет. Лұқпан хакім: «Бір күнім – мың күнге тең. Ендеше, мың жасаған адаммын» дегендей, адамзат кеудесіндегі қоңырауы тоқтағанша өспек, өнбек, дамымақ. Өнер мен діннің ұқсас тұсы – табынуда. Дінде «Жоғары Сана» – Аллаға, ал өнерде өнерпазға бас ұрамыз. Өнер – Қодардың қанжарындай өткір, Вена орындығындай аса мықты. Осы ретте, Асанәлі Әшімұлының қазақ өнеріне сіңірген еңбегі ерен. Ол – қазақ өнерінің Үркері, ол мақтауға тұрарлық тұлға. Ол жасаған образдар ұлтпен бірге мәңгі өмір сүрмек. Себебі, бұл – Асанәлі асуы!..
Әлібек БАЙБОЛ.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.