МЫҢ СӨЗ бен БІР СӨЗ
Уинстон Черчилль: «Соғыс деген шын мәнінде өрескел қателіктердің
каталогі», – деп Еуропаға үлкен зауалдың төніп келе жатқанын алдын ала болжағанын тарихшылар жиі айтады. Сол болжағыштықпен үңілер болсаңыз Екінші дүниежүзілік соғыс туралы көзқарастар тоғысында шындық қай жақта екенін айыру да оңайға түспейтіні рас. Жыл сайын келетін Жеңіс мерекесі күндері еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін бөлекше бір сезімді бастарынан өткергенімен, тарихтың сұрапыл сынының ақиқатына жету қиындығын еріксіз мойындайсың. Қалай болғанда да, аталарымыз бен апаларымыздың қанын төккен сол соғыстың бетпердесін ашуды талап етуге әрбіріміздің заңды хақымыз бар. Сол соғысқа қатысқан барша халықтың таным-түсінігі қазір қалай өзгерді, әлемдік ғалымдардың бұл төңіректегі ой-пікірлері қандай деген сауалдар айналасында тарихшы-ғалым Гүлжауһар Көкебаевамен ой бөліскен едік.
Гүлжауһар КӨКЕБАЕВА,
тарих ғылымының докторы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры
– Шетелдіктер бұл соғысты Екінші дүниежүзілік соғыс десе, біз «Ұлы Отан соғысы» дейміз. Фашистік Германия Кеңес Одағына жарияламай соғыс ашты дегенді де жиі естиміз. 1939 жылдың 23 тамызында өзара шабуыл жасаспау туралы кеңес-герман келісімінің құпия хаттамалары жасалған екен.Шетелдік тарихи деректер, әлемдік ғалымдардың бұл соғысқа көзқарасы қандай?
– 2003 жылы біздің орта мектептерге арналған «Қазіргі заман тарихы» оқулығымыз шыққанда көрші елдің бір баспасөз басылымы біздің соғыс тақырыбына арналған тармақшаның атауын «Екінші дүниежүзілік соғыс» деп атағанымызға байбалам салған болатын. Осыдан кейін 2003 жылы «Қазақ тарихы» журналында «1939 жылғы кеңес-герман келісімдері» деген мақалам шықты. Сонда осы мәселеге арнайы тоқталған едім. «Екінші дүниежүзілік соғыс» деген атау тек шетелдіктер пайдаланатын түсінік емес, ол – жалпы тарих ғылымында қолданылатын түсінік. Екінші дүниежүзілік соғыс 1939 жылдың 1 қыркүйегінде Германияның Польшаға шабуыл жасауынан басталып, 1945 жылдың 2 қыркүйегінде Жапонияның тізе бүккен күніне дейін жүрді. Кеңестік тарихнамада 1941 жылдың 22 маусымында Германияның Кеңес Одағына шабуыл жасауынан бастап, ресми жеңіс күні болып жарияланған 1945 жылдың
9 мамырына дейінгі аралықтағы соғыс қимылдарын «Ұлы Отан соғысы» деп атайды. «Ұлы Отан соғысы» атауының шығуын шетел зерттеушілері И.В.Сталиннің 1941 жылдың 3 шілдесінде радиодан сөйлеген сөзімен байланыстырады. Осы сөзінде Сталин «ұлы соғыс» және «бүкілхалықтық Отан соғысы» деген түсініктерді қолданды. Кейіннен осы екі түсінік қосылып, бізге белгілі «Ұлы Отан соғысы» атауы пайда болды. Шетелдік тарихнамада осы айтылған кезеңдегі соғыс қимылдары «Шығыс майданы» немесе «кеңес-герман майданы» деген түсініктермен беріледі. Бұл ғылыми тұрғыдан алғанда да, адамшылық пен мораль тұрғысынан алғанда да дұрыс. Ғылыми тұрғыдан қарасақ, «Ұлы Отан соғысы» деп атап отырған кезеңдегі соғыс қимылдары жалпы Екінші дүниежүзілік соғыс аясына толығымен кіретін тарихи оқиға болып табылады. Моральдық тұрғыдан қарасақ, бұл 1941 жылы қыркүйекте Польшамен, 1939 жылдың 30 қарашасынан 1940 жылдың 12 наурызына дейін Финляндиямен соғысқа қатысқан кеңес адамдарының соғыс ардагері болу құқығын қалпына келтіреді. 1939 жылы 1 қыркүйекте Германия Польшаға шабуыл жасады. Поляктар Отанының тәуелсіздігін сақтап қалу үшін соғысты. Бірақ ғылымда бұл соғыс «Отан соғысы» деген атауға ие болған жоқ. 1940 жылдың мамырында Германия Батыс Еуропа елдеріне шабуылдарын бастады. Ол елдердің халықтары да Отанын қорғады. Бірақ оны Отан соғысы демейді. «Ұлы Отан соғысы» түсінігін енгізудің саяси себептері де бар шығар. Мүмкін бұл Кеңес Одағының 1939 жылы Польшаға және Финляндияға шабуыл жасағанын, 1939 жылдың 14 желтоқсанында КСРО басқыншы ретінде Ұлттар Лигасынан шығарылғанын көмескілеп көрсету үшін де жасалған болар. Ал тарихшылар бұл терминнің ғылыми жағынан негізсіздігін мойындауға тиісті. Тарих ғылымын үнемі саясаттың немесе моральдың шылауына түсіре берсек, ол ғылым болудан қалады ғой. Сондықтан Германиямен соғысқа қатысқан ардагерлерімізді аса бір ризашылықпен құрметтей отырып, 1939-1940 жылдардағы соғыс қимылдарына қатысқан аталарымыз бен апаларымызды да ұмытпау үшін соғысқа ғылыми баға беруіміз қажет.
1939 жылдың 17 қыркүйегінде Польша жеріне кеңес әскерлерінің енгізілуі кеңес тарихнамасында Батыс Украина мен Батыс Белоруссияның халқын қорғау мақсатында жасалған әрекет ретінде сипатталды. Кеңес әскерлерiнiң украин және беларусь халықтарын қорғау үшiн келмегенi аталған халықтарды топ-тобымен туған жерiнен алысқа – Қазақстанға, Орта Азияға және Сібірге зорлықпен көшiрiп жiберуiнен көрiндi. Халықаралық құқық тұрғысынан қарасақ, Кеңес Одағының бұл әрекетi халықаралық келiсiмдердi (1921 жылғы Рига келiсiмi; 1932 жылғы шабуыл жасаспау туралы кеңес-поляк келiсiмi; Ұлттар Лигасының жарғысы; 1928 жылғы Бриан-Келлог келiсiмi; 1933 жылғы «Басқыншыны анықтау» туралы конвенция) өрескел түрде бұзу болатын. Кеңес әскерлерiнiң Польшаға басып кiруi, шын мәнiнде, 1939 жылдың 23 тамызындағы кеңес-герман келiсiмiнiң құпия хаттамасында көрсетiлген Шығыс Еуропаны ықпал аймағына бөлiсудi iске асырудың бастамасы еді.
1939 жылдың 23 тамызындағы бір-біріне шабуыл жасамау туралы кеңес-герман келiсiмiнiң тарихы да көп құпияларға толы. Әрине, екі мемлекеттің өзара шабуыл жасаспау туралы келісім жасауы тарихта үнемі болатын жағдай, ол үшін бұл елдерді ешкім айыптай алмайды. Мәселе бұл келісімнің өзінде емес, оған қосымша құпия хаттамаларда болып тұр. Сөзіміз дәлелді болуы үшін осы келісімнің жасалу жағдайына көз жіберейік.
1938 жылы күзде Германияның Сыртқы істер министрі Иоахим фон Риббентроп поляк үкіметінің өкілдерімен кездесуде еркін қала Гданьскіні (Данциг) Германияға беруді, Польша жері арқылы өтетін Берлин-Кенигсберг автокөлік жолын салуды ұсынды және Польшаны Антикоминтерндік пактіге қосылуға шақырды. Польша басшыларының алдында таңдау тұрды: Гитлердің ұсынысын қабылдау немесе неміс әскерлерінің шабуылына ұшырау. Гитлер поляк жерінің көп бөлігі кезінде Ресейдің отары болып, 1918 жылы ғана тәуелсіздік алғанын білгендіктен Польша Кеңес Одағына қарсы одаққа келіседі деп ойлады. Алайда ол бір факторды ескерген жоқ: поляктар ғасырлар бойы күресіп жеңіп алған мемлекеттік тәуелсіздігін ешкімге өз еркімен бермеуге және оны ақырғы күші мен мүмкіндіктері қалғанша қорғауға бел байлаған болатын. 1939 жылы Польшаның басшылары Германияға да, Кеңес Одағына да жақындаспауға тырысты. Поляк үкіметі бұл ұсыныстарды қабылдамау туралы шешім қабылдады. 1939 жылы 5 мамырда Польшаның Сыртқы істер министрі Юзеф Бек парламенттің отырысында Германияның ұсыныстары туралы хабарлай келіп, Польша үкіметі бұл ұсыныстарды қабылдаудан мүлде бас тартатынын мәлімдеді.
Ю.Бектің сеймдегі хабарламасы «Бейбітшілік – бұл аса бір құнды және аңсаулы арманымыз.., бейбітшіліктің бағасы – өлшеусіз айрықша жоғары баға. Біз Польшада әйтеуір бейбітшілікті сақтау үшін қандай да бір зорлық-зомбылыққа көнуге болады деген ойды қабылдай алмаймыз. Адамдардың, халықтардың және мемлекеттердің өмірінде бір ғана баға жетпес құндылық бар, ол – ар-абырой», – деген сөздермен аяқталды.
Поляктардың жауабына қатты наразы болған нацистік өкімет 1939 жылдың 28 наурызында Германия мен Польша арасындағы өзара шабуыл жасаспау туралы келісімнің (1934 жылы 26 қаңтарда жасалған) күшін жойды. 31 наурызда Ұлыбритания поляк үкіметіне Польшаның тәуелсіздігіне кепілдік беретінін хабарлады.
3 сәуірде Гитлер Гданскіні (Данциг) басып алу және Польшамен соғысу мүмкіндіктерін жоспарлау туралы құпия тапсырма берді. Англия мен Францияның Польшаға көмектесуге кепiлдiк беруi Германия Польшаға шабуыл жасаған жағдайда осы екi елмен де соғысуға тиiстi болатындығын көрсеттi. Сондықтан Германия алдағы уақытта екi майданда соғыс жүргiзу қаупiн болдырмау үшiн Кеңес Одағымен жақындасу керек деп шештi. 1939 жылдың
14 тамызында Германия Сыртқы iстер министрi И. фон Риббентроп Мәскеудегi елшi В. фон Шуленбургке жеделхат жiбердi. Онда елшiге Сыртқы iстер халық комиссары В.Молотовқа жолығып, Германияның Кеңес Одағына қатысты ешқандай басқыншылық ниетi жоқ екендiгiн және Балтық теңiзi мен Қара теңiз аралығындағы кеңiстiкте екi елдi толық қанағаттандырарлықтай дәрежеде реттелмейтiн мәселе жоқ екендiгiн хабарлауды тапсырды. Хаттың соңында Сталинге Гитлердiң тiкелей сәлемiн жеткiзу үшiн Риббентроптың Мәскеуге келуiне рұқсат алу қажеттiлiгi айтылды. Шуленбург келесi күнi Молотовпен кездесiп, Риббентроптың сәлемiн хабарлады. Молотов кеңес үкiметi Германияның кеңес-герман қатынастарын жақсартуға ұмтылуын қолдайтынын айта келiп, мынадай сұрақтар қойды: Германия Кеңес Одағымен өзара шабуыл жасаспау туралы келiсiмге қол қоюға дайын ба? Әбден шиеленiсiп, шекаралық қақтығысқа дейiн жетiп отырған кеңес-жапон қатынастарын реттеу үшiн Германия Жапонияға ықпал жасай ала ма? Прибалтика мемлекеттерiнiң қауiпсiздiгiне Германия мен Кеңес Одағының бiрлескен кепiлдiк беруi туралы мәселеге немiс үкiметi қалай қарайды? Бұл ұсыныстарды Шуленбург 16 тамызда Берлинге хабарлады. Германия бұл ұсыныстарды толық қабылдады. 19 тамызда Молотовқа шабуыл жасаспау туралы келiсiмнiң немiстер жасаған жобасы тапсырылды. Жоба екi баптан ғана құралған едi: 1-бап: Германия мен КСРО қандай жағдай болса да бiр-бiрiне қарсы соғысқа кiрiспейдi және күш қолдануды көздеген шараларды қабылдамайды; 2-бап: Осы келiсiм қол қойылған бойда күшiне енедi және 25 жыл сақталады. Сол күні елшiнiң қолына келiсiмнiң кеңес үкiметi жасаған жобасы тапсырылып, Риббентропты Мәскеуде
26 немесе 27 тамызда қабылдайтыны хабарланды. Кеңес Одағы ұсынған жобада 5 бап болды және аяғында «соңғы сөз» деген ескерту берiлiп, онда: «Осы келiсiм Келiсушi жақтардың сыртқы саясат саласындағы мүдделерi туралы ерекше хаттамаға бiр мезгiлде қол қойылғанда ғана күшiне енедi» деп көрсетiлдi. Демек, келiсiмге қосымша құпия хаттамалар жасау туралы ұсыныс кеңес үкiметi тарапынан болған. Қосымша хаттама жасауға кеңес үкiметiнiң мүдделi болғанын Гитлердiң
20 тамызда Сталинге жiберген жеделхатының мазмұны да дәлелдейдi. Кеңес Одағында осы келiсiм туралы алғашқы мақалалардың бірінде Гитлердiң осы жеделхаты қысқартылып жарияланды, соның iшiнде қосымша хаттамалар туралы сөз қозғалған 4-пункті тұтастай, ал 2, 5, 6-пункттерінің бiр бөлiгi аударылған жоқ. Өйткенi, бұл мәтiндер құпия хаттамалардың бар екендiгiн және олар Сталиннiң бастамасымен жасалғанын бiлдiрiп қоятын едi. 4-пункттің мазмұнына көз жіберейік: «Кеңес Одағының үкіметі қалап отырған қосымша хаттама мен өзім жуық арада оның мәнін түсінген соң, герман жауапты қызметкері Мәскеуде келіссөздер жүргізген жағдайда ғана жасалады. Олай болмаса, Империялық үкімет қосымша хаттама жасау мәселесі қысқа мерзімде қалай шешіліп, қалай жасалатынын айта алмайды». Гитлер Сталиннен Риббентропты Мәскеуде 22 тамызда немесе 23 тамыздан кеш қалмай қабылдауды өтінді (Фашистік басшылардың соншалықты асығуына себеп – бұл кезде Польшаға шабуыл бастау туралы шешім бекітіліп қойылған еді).
21 тамызда Сталин Гитлердiң ұсынысымен келiскенiн бiлдiрiп, жеделхат жiбердi. 1939 жылы
23 тамызда Сталин мен Молотов Москвада Риббентропты қабылдады. Кремльде кешке қарай басталған келiссөздерге И.Сталин, В.Молотов, И.Риббентроп, В.Шуленбург және екі жақтың тілмаштары ғана қатысты. Келіссөздер нәтижесінде Молотов пен Риббентроп шабуыл жасаспау туралы келiсiмге және оның құпия хаттамаларына қол қойды. Келiсiмнiң құпия хаттамалары ұзақ уақыт жарыққа шығарылған жоқ. 1946 жылы Нюрнбергтегi Халықаралық сот үрдiсiнде И.Риббентроптан жауап алу кезiнде құпия қосымша хаттамалар болғандығы бiрнеше рет аталды. 26 наурызда адвокат М.Хорн Риббентропқа: «Сіз Мәскеуге барған кезде қандай келіссөздер жүргіздіңіз?» деген сұрақ қойды. Риббентроп неміс-орыс қатынастарына қатысты бірқатар құжаттарға, соның ішінде өзара шабуыл жасамау туралы келісімшарт пен оның қосымша хаттамаларына қол қойғанын айтты. 1 сәуірдегі Нюрнберг сотының алдында берген жауабында Риббентроп тағы да аталған келісімшарт пен оның қосымша хаттамаларының бар екенін мәлімдеді. Құпия хаттамалардың фотокөшiрмесiн алғаш рет 1948 жылы АҚШ Мемлекеттiк департаментi немiс және ағылшын тiлдерiнде басып шығарды. Бұған жауап ретiнде шығарылған кеңес жарияланымында американ басылымын тарихи шындықты бұрмалады деп айыптады. Бiрақ құпия қосымша хаттамалардың болғанын Кеңес үкiметi мойындаған жоқ. Фотокөшірмелерді американдар қолдан жасаған жоқ еді. 1943-1944 жылдарға дейін бұл құжаттардың неміс және орыс тілдеріндегі түпнұсқалары Берлинде Сыртқы істер министрлігінде сақталды. Одақтастар Берлинді бомбалауды күшейткен кезде Риббентроптың бұйрығымен аса маңызды құжаттардың фотокөшірмелері жасалды. 9725 құжаттың фотокөшірмесі соғыс жаңа аяқталған кезде Америка Құрама Штаттарында сақталып, 1959 жылы Германия Федеративтік Республикасына қайтарылды. Осы көшірмелердің ішінде «F 19» деген атпен жоғарыда аталған құпия қосымша хаттамалар сақталған. Фотокөшірме құжаттардың барлығының дерлік түпнұсқалары Германия мұрағаттарында бар. Тек қана 1939 жылғы екі кеңес-герман келісімі мен оларға қосымша құпия хаттамалардың түпнұсқасы жоқ болып кеткен. Кеңес Одағы бұл басылымдардың түпнұсқадан алынбағандығын тiлге тиек етіп, құпия хаттамалардың болғанын мойындамай қойды. Құпия хаттамалардың екі тілдегі түпнұсқалары Ресей президентінің мұрағатынан табылып, 1992 жылы басылып шықты. 1989 жылы КСРО Халық депутаттарының съезiнде Эстонияның өкiлi профессор Э.Липмаа 1939 жылғы 23 тамыздағы келiсiмге саяси және құқықтық баға беру мәселесi бойынша комиссия құруды ұсынды. Комиссия жұмысының нәтижесiнде 1989 жылы 24 желтоқсанда КСРО Халық депутаттары съезiнiң «1939 жылғы шабуыл жасаспау туралы кеңес-герман келiсiмiне саяси және құқықтық баға беру туралы» қаулысы шықты. Қаулыда келiсiмнiң құпия хаттамалары заңдылық тұрғысынан алғанда мүлде негiзсiз деп көрсетiлдi.
Келiсiмнiң құпия хаттамасында Германия мен Кеңес Одағының Шығыс Еуропаны ықпал аймағына бөлiсуi туралы мәселе қаралды. Финляндия, Эстония, Латвия, Бессарабия және Польшаның Нарев, Висла, Сан өзендерiнен шығысқа қарай жатқан жерлерi Кеңес Одағының ықпал аймағына берiлдi. Осы шартқа орай Кеңес Одағы 1939-1940 жылдары Польшамен және Финляндиямен соғысты және Балтық жағалауындағы үш елді өзіне қосып алды.
– Соғыс тарихына байланысты даулы мәселелер өте көп. Екінші майданның не себептен кешігіп, яғни 1944 жылы ашылуы турасында да бірізді тоқтамдар айтылмайды. Осы жерде біз нені анықтауға тиіспіз?
– Соғыс тарихына қатысты мәселелердің бірқатары күні бүгінге дейін пікірталастар тудырып жүргені рас және сол мәселелерді негізінен біз тек орыстілді әдебиеттер негізінде ғана оқимыз. Екінші майданның ашылуы туралы мәселеде Батыс зерттеушілерінің өзі де бірауызды емес. У.Черчилльдің әуелі Африкадағы неміс әскерлерін талқандап, содан кейін фашистік одақтың ең әлсіз буыны Италия жағынан келіп, соққы беру туралы идеясы болғандығын, 1942 жылы оның Мәскеуде Сталинмен кездесіп, осы жоспарын хабарлағанын, осылайша сол жылы Екінші майдан ашылмай қалғанын зерттеушілер әр түрлі бағалайды. Кейбіреулер Кеңес Одағының 1939-1940 жылдардағы Еуропадағы әрекеттерін Батыс елдерінің ұнатпағанын, сондықтан Екінші майдан ашуға асыға қоймағанын еске салады. Бәрінен гөрі шындыққа жақыны – американдардың Тынық мұхитта Жапонияны талқандау мақсатын, ал ағылшындардың Таяу Шығыстағы иеліктерін аман алып қалу үшін Солтүстік Африкадағы неміс әскерлерін талқандау мақсатын бірінші орынға қоюы болған шығар. 1940 жылдың көктемінен бастап 1941 жылдың жазына дейін Англия фашистік Германиямен жалғыз өзі соғысып жатқанда Кеңес Одағы 1940 жылдың күзінде Берлинге Молотов бастаған делегация жіберіп, дүниежүзін ықпал аймағына бөлісу туралы келіссөздер жүргізгенін де жасырмайық. Соның барлығы соғыстың алғашқы жылдарында фашистік Германия мен оның одақтастарына қарсы қиян-кескі соғыс жүргізіп жатқан әрбір елдің басты мақсаты – өз елін, өз халқын қорғау болғанын көрсетеді. Оны да дұрыс түсінуіміз керек. Алайда, Батыс одақтастар Кеңес Одағына мүлде көмектеспеді деу де артық болады. 1941 жылы 1 қазанда жасалған үш жақты келiсiм бойынша АҚШ пен Ұлыбритания Кеңес Одағына қару-жарақ, азық-түлiк берiп көмектесуге мiндеттеме алды.
Кеңес Одағы алғаш рет Батыс мемлекеттерiнен 1 миллиард доллар өсiмсiз қарыз алды. АҚШ 1941 жылдың наурызынан бастап Ұлыбританияға ленд-лиз бойынша көмек бере бастаған едi. 1941 жылдың қараша айынан бастап Кеңес Одағы да ленд-лиз бойынша көмек алатын болды. Одақтастар Кеңес Одағына 22 мың ұшақ,
13 мың танк, 427 мың жүк машинасын бердi. Батыс елдерінің қиын-қыстау сәтте, өздерінің де соғыс жүргізіп жатқанына қарамастан, біздің елімізге берген көмектерін ұмытпаған дұрыс қой.
– Соғыс жылдарындағы тылда тынбай жұмыс істеген қарттардың, әйелдердің, балалардың еңбектерінің ғылыми тұрғыда лайықты орны айқындалды ма? Олардың жанқиярлық ерлігі, жеке адам тағдыры кей қаламгерлердің көркем шығармаларында кездеседі. Жалпы, қазір жекелеген адамдардың тағдырына қатысты еңбектер жазылып жүр ме? Осындай ерліктің аналогтары болды ма?
– Кеңестік кезеңде соғыс жылдарындағы тылдағы еңбеккерлердің ерен еңбегі туралы көркем шығармалар да, ғылыми еңбектер де жиі басылып шығатын. Қазіргі кезде осы тақырыптағы ғылыми еңбектердің азайғанын көреміз. Зерттеушілер бұл тақырыптарды зерттеуге ұмтыла бермейді. Өйткені, кейбір аға буын тарихшылар мұндай тақырыптарды «кеңестік кезеңнің түсінігінен алынған» деп сынап тастайды. Керісінше, кеңестік кезеңде зерттелген тақырыптардың барлығы, жаңа деректер мен көзқарастар тұрғысынан қайта қарауды, қайта бағалауды талап етеді. Сонымен қатар, біздің ғылымда тарихтағы жеке адамның ролін көрсететін еңбектер тек қана кеңестік кезеңде жазалауға ұшыраған тұлғалардың өмірі мен қызметін зерттеумен шектелетінін байқаймыз. Мұның себебі, бір жағынан, кеңестік кезеңнен қалған ұжымшылдық психологиясымен және тарихтағы жеке адамның ролін мойындамаумен байланысты болса, екінші жағынан, жалпы кеңестік кезеңде ғана емес, бүгінгі күні де қатардағы «кішкентай адамның» еңбегін ескермеуден шығып отыр. Бұл жағымсыз құбылыс барған сайын күшейе беретін болады. Өйткені, бірінші кезекте жеке адамның өзін-өзі бағалауына, өз ісіне жауапкершілікпен қарауына негіз болатын индивидуалистік психологиясын тәрбиелемей тұрып, біз корпоративизмді насихаттауға көштік. Батыстың алдыңғы қатарлы елдерінде дәстүрлі қоғамнан индустриалдық қоғамға өту кезінде ұзақ уақыт (бірнеше ғасырлар бойы) қарапайым адамның жеке жауапкершілігі мен өз мүмкіншіліктерін дұрыс бағалау психологиясы қалыптастырылды. Ал корпоративтік ынтымақ мәселесі ХХ ғасырда ғана орын алды. Біз кеңестік ұжымшылдықтан бірден-ақ корпоративизмге көшуді насихаттап, жеке адамның бастамашылдығы, жауапкершілігі, еркін әрекеті дегенді лақтырып тастадық. Мұндай жағдайда ғылымдағы плагиатшылдық, саяси және мемлекеттік қызметтегі жауапсыздық, студенттердің сапалы білім алуға емес, тек қана «қызыл мұқабаға» ұмтылуы, бастамашыл, білімді адамдарды аяқ асты қылу сияқты құбылыстар қайдан шықты деп таңданбай-ақ қояйық.
Халықтың, қарапайым адамның тылдағы жанкешті еңбегі, азық-түлік тапшылығы тек Кеңес Одағында ғана емес, фашистер басып ала алмаған Англияда да болды. Британ әйелдері соғыс кезінде зауыт-фабрикаларда ғана жұмыс істеумен шектелген жоқ. Олар қалаларды жау ұшақтарынан қорғайтын зеңбірек атқыштары, жедел жәрдем машинасының жүргізушілері, өрт сөндірушілер болды.Зерттеушілер осы кезде Ұлыбритания халықтарының таптық, әлеуметтік, ұлттық айырмашылықты ұмытып, айрықша бірлік пен ынтымақтастықта болғанын жазады. Тізе бүкпей қойған Британияның қалаларын Германия үздіксіз бомбалады. Бомбалау салдарынан 1 миллион үй қирап, 66 мың бейбіт тұрғын қаза тапты, 86 мыңнан астам тұрғын ауыр жарақат алды. Фашистер басып алған Еуропа елдерінің тұрғындарын Германияға еріксіз алып келіп, ауыр жұмыстарға салды. Осылайша 7,5 миллион адам фашистік құлдыққа түсті. Еуропа елдерінде Қарсыласу қозғалысы өрістеді. Отанының азаттығы үшін және фашизмді жеңу жолындағы күреске барлық антигитлерлік одақ елдерінің халқы өз үлесін қосты. Осы тақырыптарды зерттеу Екінші дүниежүзілік соғыс туралы білімімізді кеңейте түсер еді.
– Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған қазақтардан бес жүз мыңға таяу азамат мерт болған. Кей зерттеушілер Кеңес Одағын адамның тағдырын аямаған ел деп айтады. Қазір орыстың баспасөз құралдары мен кинофильмдерінде соғыс тек қана орыстар мен фашистердің арасында болғандай етіп көрсетуінің себебі неде? Ал біз өзіміздің қазақтардың тарихи тұлғасын дәріптей алып жүрміз бе?
– Соғыстың алғашқы айларында, сол 1941 жылдың жазында өзінің әскери міндетін өтеп жүргендердің барлығы соғыс қимылдарына қатысты. Олардың ішінде, әрине, қазақтар да болды. Өйткені, кеңестік кезеңде әскери міндетін өтеу міндетінен қазақтар босатылған жоқ-тын. Бір ғана мысалға назар аударайықшы, Брест қамалы соғыстың алғашқы күндерінде шабуылға ұшырап қалды. Оны қорғаушылардың ішінде қазақтардың болғанын бәріңіз білесіздер.
Ерлікті марапаттауда тек қазақтар ғана емес, басқа халықтардың өкілдері де жәбір көрді. Бұл жағдай, бірінші кезекте, әкелері немесе басқа туыстары 1937 жылдың жазалау саясатына ұшырағандарға қатысты болды. Олардың қатарында Батыр атағына ұсынылғандардың барлығына дерлік жоғары атақ берілмей, тек орденмен ғана марапаттады.Бұл топқа жатпайтын адамдарды марапаттауда да әділетсіздіктердің болғаны рас. Бірақ ол көбінесе сол марапаттау құжаттарына қол қоятын орташа және жоғары буын бастықтардың ішіндегі жеке адамдардың шовинистік пиғылдарынан туған деп ойлаймын. Мәселен, Батыр атағына ұсынылып, бірақ ордендермен ғана марапатталған бірқатар адамдардың есімдері белгілі.
Қазір Ресей баспасөз құралдары мен кинофильмдерінде соғыс тек қана орыстар мен фашистердің арасында болғандай етіп көрсетілетіні рас. Сондай-ақ, шетелдердегі, әсіресе, Шығыс Еуропа елдеріндегі Ресейден келген мигранттар ашқан туристік мекемелердің өкілдері сол елдің ескерткіштерін таныстырғанда көбінесе «орыс әскерлері фашистерден азат еткен» деген сөздерді айтады. Бұл соңғы онжылдықтағы көрші елдегі жалпы үгіт-насихаттың мазмұнына және кейбір адамдардың империялық кезеңді аңсауынан туған болар.
Соғыста ерлік көрсеткен қазақтар тұлғасын дәріптеу олардың ерлігін құжаттармен көрсететін арнайы зерттеулермен толықтырылуы қажет. Ол үшін Ресейдің мұрағаттарында зерттеулер жүргізу тиіс. Оған қаржы керек. Бір сөзбен айтқанда, барлығы осыған келіп тіреледі. Біздің кәсіпкерлер көп қаржысын тойға, әр түрлі әншісымақтарды көтеруге жұмсағанына осындай игілікті істерге жұмсаса ғой. Шетелдердің ірі банктері мен компанияларының көпшілігі білім мен ғылымға қамқорлық жасайды.
– Кей зерттеушілер тарихи жадымыздың қалпына келмей, тарихымыздың ерлікке толы беттері аталмай қалады дейді. Кеңес үкіметінің ұлтымызға жасаған зардабын әлі күнге тартып келе жатқанымызды айтады. Соғыс төңірегіндегі даулы мәселелерге нүкте қойып, соғыс тарихын идеологиядан аршып алуымызға да тарихи жадымыздың әлі қалпына келмеуінің әсері болып жатқан жоқ па екен?
– Соғыс төңірегіндегі даулы мәселелерге нүкте қойылмауы тарихи жадымыздың қалпына келмеуімен емес, басқа себеппен байланысты. Өйткені, тарихи жадыны қалпына келтіру мәселесі қалың көпшілікпен байланысты айтылады. Ал тарихшы ғалымдар бұл категорияға кірмейді. Олар сол жадыны қалыптастырушылар болуға тиісті. Сондықтан соғыс төңірегіндегі даулы мәселелерге нүкте қою үшін, бірінші кезекте, Екінші дүниежүзілік соғыстың ауқымды, әлемдік деңгейдегі мәселелерін зерттеп, осы мәселелер бойынша қазақстандық ғылыми тұғырнаманы қалыптастыру керек. Бізде мұндай зерттеулер аз. Оның өзінің басым бөлігі орыс тілді еңбектер мен интернет материалдары негізінде жазылған. Өйткені, мұндай зерттеулер жүргізу шетел мұрғаттарында жұмыс істеуді талап етеді. Оған қаржыны қайдан табады? Ғалымдардың күнкөріс көзі болып табылатын мемлекет қаржыландыратын ғылыми жобалар тек Қазақстан тарихына қатысты болса ғана өтеді (бұл жерде жобаны өткізу үшін таныстық іздеу мәселесін көтермей-ақ қояйық). Сондай-ақ, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты өз пікіріңізді айта қалсаңыз, ол пікіріңіз көрші елдің тарапынан сынға ұшырайды. Оны кейбір жерлестеріміз де қызу қолдай жөнеледі. Қазір Қазақстанда соғыс тақырыбына қалам тартып жүргендердің барлығы кезінде Қазақстан тарихымен айналысып, сол салада диссертация қорғағандар. Олардың Екінші дүниежүзілік соғыстың әлемдік деңгейдегі мәселелеріне қатысты жеке өзіндік пікір айтатын мүмкіншіліктері жоқ. Өйткені, мұндай пікір дәлелді болуы қажет. Ал дәлелділік міндетті түрде сол мәселені зерттеумен ұзақ жылдар кәсіби деңгейде айналысуды талап етеді. Алайда, біздің кейбір ғалымдардың бір жағымсыз қасиеті бар, олар өздерін «әмбебап» (универсал) ғалым санайды. Ал ғылымдағы әмбебаптылық дилетанттылықпен шектесіп жатады. Әрине, әмбебап ғалымдар тарихта болған. Бірақ ол ғылымның сәбилік, балалық кезеңіне тән құбылыс. Қазіргі ғылымның даму деңгейі, күрделілігі және көпсалалығы жағдайында әмбебаптылық тек қана аса данышпан ғалымдарда ғана болуы мүмкін. Ал ғажап данышпандар өзін көбінесе жаратылыстану-математикалық ғылымдар саласында көрсетеді. Гуманитарлық ғылымдар талантпен қатар, осы саладағы жинақталған білімді меңгеруді талап етеді. Осы қарапайым шындықты біздің ғалымдар мойындай бермейді. Оның үстіне PhD дайындау жүйесі бойынша тарих ғылымындағы бұрынғы екі сала қосылып кеткен. Енді біздер шетел тарихы бойынша жеке ғылым докторын дайындай алмаймыз. Ал Екінші дүниежүзілік соғыс тарихы төңірегіндегі даулы мәселелерге нүкте қоятын осы саладағы ғалымдар болуға тиісті еді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Нұрлайым БАТЫР.