Әшірәлі
Омар ҚЫЙҚЫМОВ,
М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының актері,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
«Кішкентай ауыл» қойылымы. Демесін – Әшірәлі Кенжеев. Бала – Арыстан Омарұлы.
Мен білетін Әшірәлі
Үзік-үзік сәттерден тұратын өткен өмір еміс-еміс естеліктерден қайта құралады. Ойлап қарасаң, адам өмірі ақша қарға басқан табанның ізі іспеттес. Күн шыға еріп кететін наурыздың қары секілді, бүгін бар да ертең жоқ. Бірақ кісінің еткен еңбек, төккен тері мен айналасына жасаған жақсылығы, өнеге боларлық адамгершілігі мен иманы, ары артқа тастаған тәрбие-тәлімі болса, ол кейінгі буын ұрпақтың есінде қалады.
Мен білетін Әшкөн аға (Әшір-
әліні інілері осылай атайтын) осы қасиеттердің бәріне лайық жан еді. Сексенінші жылдары әскери борышымды өтеп, елге оралған соң оқуымды жалғастырдым. Әшірәлі есімін сол кезде біле бастадым. Ағамыздың қылшылдаған жас деуге келмейтін, жігіт ағасы қатарына қосылып қалған шағы. Қараса көз тоярлық зіңгіттей, қыран қабақ, қою қара қасты, қара мұртты, дөңгелек жүзді, қызыл шырайлы сымбатты жігіт. Түр-тұлғасы, бітім-болмысы нағыз сахнаға лайық азамат болатын. Байқап қарасам, ағамыз киноға да түскен, бірақ саналы ғұмырының көбін сахнаға арнаған жан.
«Ол кездері біздер – шыбық,
сен – терек,
Маңайыңда жүруші едік еркелеп», –
деп, артынан ерген біз інілік қалжың-әзілмен ағамызға еркелейтін едік. Мен білетін Әшірәлі ағам көз алдыма осылай келеді. Ол кезде ағамыз қатарластарының қасында салмақты, сабырлы, байыпты, байсалды көрінетін. Кей адамдардың сыртқы келбеті мен ішкі дүниесі мүлде қабыспай, түсініксіз көрінетіні рас. Ал Әшкөн ағамен араласа келе, сыртқы келбеті қандай сымбатты болса, ішкі дүниесі де сондай рухани байлыққа толы жан екені аңғарылып тұратын. Қандай жағдай болсын бәрін асықпай таразылап, ақылға жеңдіріп шешетін. Ұшып-қону, тыз етпе мінез о кісіде атымен болмайтын. Қара ағаштай қайсар еді. Етінен ет кесіп алса, беті бүлк етпейтіннің өзі болатын. Көңіліне жақпай қалсаң, бар айтатын зілді сөзі: «Ой, ішіңді ұрайын!», – деп жүре беретін. Аздап домбыра шертетін, кереметтей әнші болмаса да, өзіне тән бояуы бар бала жұбатар әншілігі бар-тын.
Ал енді сол кезде қараған көздің жауын алып, төңірегі таңдай қаға тамсанатын, талантты актриса, тамаша әнші, лауазым-атақтан да кенде емес, айналасына өнерімен аты шығып қалған Торғын апайдың Әшкен ағамыздың етегінен ұстауы бекер емес қой. Әшекеңнің адамгершлігі, азаматтығы, пайым-парасаттының кемелдігіне қарап, ғашық болған шығар деп ой түйесің. Екеуі айдында жүзген қос аққудай жұптары жарасып, қараған жанның көзін тойдыратын. Бұлар орталарына абыройлы, беделді отбасы болды.
«Көз тиеді, көз тимесе сөз тиеді» деген сияқты кейде Әшкөн ағама көз тиді ме деп ойлап қаласың. Мүмкін бұл ойым пендешілік шығар. «Жаратқанға да жақсы керек» дейді ғой. Пешенесіне жазылған ғұмыр осы болар. Сәндеп қыз, әрлеп ұл тәрбиеледі. Өмір болған соң өкінішсіз тағы болмайды. Өкініштісі сол, Әшкөн ағам өзі желкілдетіп өсірген ұл қыздарының қызығын енді көремін дегенде татар дәмі таусылды.
Мен білетін көрнекті актер, Қазақстанның Халық әртісі Әшірәлі Кенжеев осындай адам еді.
Өнер жолымыз
Семей облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылына гастрольдік сапар. 1984 ж.
1982 жылы оқуымды тәмамдап, қазақ өнерінің қара шаңырағы аталатын Мұхтар Әуезов атындағы драма театрының актерлар сапына жұмысқа қабылдандым. Бұл шаңырақта жұмыс істеу әр актердің арманы екені рас. Сол бақ маған бұйырды. Құдайға шүкір, осы күнге дейін қызмет етіп келемін. Театр актері болған соң Әшкөн ағаммен бұрынғыдан бетер жақын, қоян-қолтық араласа бастадым.
Театр деген үлкен бір әулет. Қасиетті шаңырақ. Сан тағдырлы, сан түрлі өзіндік ерекшеліктері бар көп жанды отбасы секілді. Сахнада бірің әке, бірің бала, бірің дос, бірің ана, бірің жау болып ойнап, біте қайнасып өнер-өмір сүресің.
Әшкөн ағамды жақын тануымның, жақсы білуімнің бастауы гастрольдік сапарлардан басталды. Әке де баласын жолда сынайды. Бірде Халық әртісі Бикен Римова апайдың 60 жасқа толған мерейтойына Талдықорған облысына сапарға шықтық. Ойлап қарасам, сол сапарға шыққан аға-апаларымның ішінде қазір көзі тірісі – Торғын әпкем, Астана жастар театрында қызмет атқарып жүрген Бекболат Құрманқожаев, жолдасы – Нұрзада Тәшімова және мен – жер басып жүр екенбіз. Сол сапарда бірге болған Бикен Римова, Хабиба Елебекова, Ғабдолла Сүлейменов, Есболған Жайсаңбаев, Уайс Сұлтанғазин, Шырынбек Сұлтанханов секілді апа-ағаларымыз ана дүниенің табалдырығын әлдеқашан аттаған. Жатқан жерлері жайлы болсын. Осы сапар маған үлкендердің тарапынан сын, өзіме өмірлік сабақ болды. Бұл менің гастрольдік жолымның тұңғыш қадамы болғандықтан есімде жақсы сақталып қалды.
Осыдан ары қарай гастрольдік сапарлар жалғаса берді. Кейін байтақ Қазақстанның түкпір-түкпірін араладық. Театр сахнасындағы жұмыс барысымен гастрольдік сапардағы қойылымдардың арасында үлкен айырмашылық бар. Екеуі екі бөлек әлем десе де болғандай. Жолда қалып, ыстыққа күйіп, суыққа тоңып дегендей қызық-шыжығы мол сол күндерді кейде сағынасың. Кімнің кім екені сол кезде тайға таңба басқандай білінеді.
Бірде Торғай облысын 52 градус ыстықта бір ай аралағанымыз бар. Абай – Әйгерім спектаклі. Әшкөн аға Абайды, мен оның досы Ерболды ойнадым. Әшкөн аға табиғатынан тершең еді. Бұл қойылымда қатарынан бес алты рет киім ауыстыратын жері бар. Сонымен қатар, екі-үш киім қабаттап киетін де жерлері бар. Сонда Әшкөн аға түгел киініп шығатын. Жұмысына атүсті қарамайтын, соншалықты бір ұқыпты жан еді. Кей қойылымдар қырман басында немесе қос қасында шыбын шіркей жегеніне қарамай, екі бағананың ортасына палатка тартып, сахна жасап, қойылым көрсеткен кездеріміз болды. Сондай шақта Әшкөн ағаның сахнаға деген адалдығы мен көрерменге деген көңілінің тазалығын көріп, спектакль көруге келген жұрттың азы мен көбі, үлкені мен кішісі болмайтындығын аңғардым. Қай жерде болсын қара шаңырақтың сахнасында тұрғандай, барын салып беріліп ойнайтын. Осыдан түйгенім, ол кісінің сахнаға, көрерменге деген жанкештілігі қанына сіңген қасиеті екен. Әшкөн ағаның тағы бір қыры – көп актердің қолынан келе бермейтін жағдай, гримді өзі салатын. Бізде мықты грим салғыш Виктор Алексеевич Шербаков деген шебер болды. Сол кісінің бір рет салып берген гримін әрі қарай көшіріп, өзі сала беретін. Тіпті, кейде қасындағы әріптестерінің портреттік күрделі гримін салып жататын. Ағамыздың гримге де жеңіл-желпі қараған кезін көрмеппін. Бұл – оның театрға деген шексіз махаббаты еді. Кей күндері күніне үш-төрт қойылым болады. Мектеп балаларына жеке қоямыз. Осындай қойылымдармен жүргенде сағат түнгі бір-екілерді соғады. Енді бізді басқаша үлкен қойылым күтіп тұрады. Яғни халқымыздың аса қадірлі қасиеттерінің бірі – қонақ күту қойылымы. Сол қонақжайлылықтың һәм қонақ болудың өзі үлкен мектеп. Күтушілердің сенің шаршағаныңнан, болмаса ұйқың келіп тұрғанында шаруасы жоқ, түннің ортасы болса да дастарқанын жайып, құшағын ашып
отырады. Ондай кезде шаршаған кейіп танытсаң, Әшкөн ағамның алара бір қарағанынан кейін лезде бойыңды түзейсің. Ағамның жүзінен шаршаған-шалдыққандықтың белгісі білінбейтін. Ол дастарқан басының да сәні мен салтанатына айналып жүре беретін. Қонақта отырғанда, алдымызға табақ тартылған кезде, оның айналасындағыларға мүше тартуында да терең қазақы білгірлік жататын. Ет турап, қазы-қарта кесуінің өзінде де бір ерекше мәдениет бар еді. Мұның өзі бізге үлгі, өнеге болды. Арасында домбыраға қол созып, оған Торғын әпкеміз қосылып, жұбымен жарасып ән салып, отырысты қыздыратын еді. Ағаның бойында қазақы аңқаулығына жомарттығын қоссаңыз – тумысы бөлектігін тани түсесіз. Сапарда жүріп, кей кезде жастық желік буып, анда-санда ауыл жастарымен отырыс ұйымдастырамыз. Бір күні сондай кезекті отырысымыздың бірінде Әшкөн ағамызды Торғын әпкемізге білдірмей шақырып алдық. Арамызда сол төңіректе танысқан «құрбыларымыз» бар. Ішінде Әшкеңе жасы да қарайлас және ағамызға көзі түскен ең әдемі келіншек аздап әншіліктен де құралақан емес екен. Отырыс қыза түсті. Ол ауылдың алты аузын айтып, тамылжыта ән салды. Әнді тыңдап, тұңғиыққа батып кеткен Әшкөн аға кенет басын жұлқа көтеріп, шетте отырған бір жігітке тәтеңді шақырып келші демесі бар ма. Бәріміз аң-таңбыз. Амал жоқ, жаңағы жігіт Торғын әпкемізді ертіп келді. Әшкөн аға:
– Төке, мына қыздың дауысына құлақ салшы, – дегені. Артынан әнге Торғын әпкеміз де қосылды. Жұрт аузы аңқиып тыңдап, қысқасы, таңды әнмен атырдық. Содан түсінгенім, Әшкөн ағамыз өнерге қандай адал болса, Торғын әпкемізге де адалдығы сондай екен.
Ырза көңілдің мырзалығы
Жомарттығына келетін болсақ, бір күні газет қарап отырсам, Әшкөн ағадан аумайтын бір полковниктің суретін көрдім. Тура сойып қаптап қойғандай, дәл өзі. Ерінбей суретті қиып алдым да, мынадай өлең жаздым:
«Жарқ етіп көзге ұрады таныс бейне,
Әшекең мент болып тағы істей ме.
Бес минутсыз генерал бола тұра,
Білмеймін, көк іш дей ме, ақ іш дей ме».
Риза болған Әшкөн ағамыз қалтасына қолын сүңгітіп жіберді. Тағы бірде Уайс құрдасы бастаған бір топ жігіттер Әшкөн ағаны «айналдырып» тұр екен. Ол кісі көнер емес. Қастарына келдім де өлеңдетіп қоя бердім:
«Атаңыз мың жылқыны айдап өткен,
Әшеке, биік ең ғой майда көптен.
Бабаңыз әл-Фараби, әкең Кенже,
Жүректің жомарттығы
қайда кеткен?..».
Әшкеңнің ырза көңілі мырзалыққа ойысты. Арты ұлан-асыр тойға ұласты. Ақ көйлек, ардың көңіл қайран ағамызда мұндай тойдың талайы болды. Өмірден кетсе де көңілден кетпес, түнекке кетсе де, жүректен кетпес бұл да Әшкөн ағаның сөз жейтіндігінің, сөз қадірін білетіндігінің белгісі еді.
Мен Әшкөн ағаның қай рөлді қалай жасағаны, қай образды қай деңгейге көтергенін саралап, жай-жапсарын жіктеп беретін сын саласының маманы емеспін. Алайда, Бикен Римова апамыздың: «Абай – Әйгерімді» Әшірәлі мен Торғынға арнап жаздым», – дегенін талай естігем. Демек, сұңғыла апамыздың Әшірәлінің бойы мен ойынан данышпан Абайдың бейнесін тап басып танығаны хақ. Әшкөн сомдаған Абай (Б.Римова «Абай – Әйгерім»), Қозы (Ғ.Мүсірепов «Қозы көрпеш – Баян сұлу») Оразқұл (Ш.Айтматов «Ақ кеме») Алшағыр (М.Әуезов «Қобыланды»)Баймағанбет (Н.Әбутәліпов «Өттің дүние…») Демесін (Д.Исабеков «Кішкентай ауыл»), тағы басқа рөлдерін қарасаңыз табиғаты, мінезі, өзіндік көзқарасы, туындылық мені жағынан қандай қарама-қайшы кереғар болса, актердің танымдылық талғамы арқылы соны образдар бір-біріне ұқсамайтын мүлде жат бейнелер өрілді. Бұл деген сөз, Әшірәлі Кенжеевтің актерлік диапазонының, құлашы молдығы, тынысы кеңдігі, әрі ізденімпаз әртістің өлермен еңбекқорлығының жеткен жетістік, шыққан нәтижесі.
Ойлап қарасам, ортамызда жүрсе, сол қайран ағамыз биыл 70 жасқа толады екен. Ол өмірден өткен жылдардың ар жақ, бер жағында театрдың басына қара бұлт үйірілгендей болды. Атпалдай азаматтар бірінен кейін бірі о дүниеге аттанып жатты. Алатаудай Ыдырыс Ноғайбаев, Нұрмұқан Жантөрин, Матан Мұраталиев, Жарқын Рамжанов, Мейірман Нұрекеев, Уайс Сұлтанғазин, Әнуар Боранбаев, Әлиайдар Қаржауовтардан айырылдық…
Театрдың жазылмаған заң секілді өзінің жолы бар. Ол өмірден өткен адамдарды еске алып, соларға құрмет көрсетіп, оларды аңсап, сағыну барысында өтіп тұратын шаралар. Соның бірі, міне 30 сәуірде көрнекті актер, Қазақстанның халық әртісі Әшірәлі Кенжеевтің туғанына 70 жыл толуына байланысты еске алу кешін ұйымдастырып отырмыз. Театр өз іс-шарасын өткізе жатар. Халқымыздың «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөзі бар. Демек, өліге құрмет – тіріге міндет. Әшірәлі Кенжеевтің туған жері – Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Көлтоған ауылы. Сол аймақтағы мектептердің, Мәдениет сарайларының, көшелердің бірі Әшірәлі Кенжеев есімімен аталса, өскелең ұрпаққа, кемел келешекке үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие деген сол емес пе!
Ештен кеш жақсы
Құдайды құрметтеп, әруақты сыйлаған, асылын ардақтап, азаматын қадірлеген, өткенге саналы ойдың көзімен, келешекке жақсы үміттің қарашығын қадаған ел емеспіз бе?..
Әшірәлі Кенжеев ағамыз жайлы айтулы да әдемі шаралардың қуанышты хабарын еститін күн алыс емес шығар деген сеніміміз кәміл.