Абстракциялы мимиканың аруы
(жазушының бір хикаяты хақында)
Қолымызға жазушы Гүлзат Шойбекованың «ЕЙ, МЕНІҢ ҚҰЛА БЕСТІМ!» атты прозалық шығармалар жинағы тиді. Алдымен айтарымыз, қазіргі насихатқа тапшы әдеби орта жағдайында осы бір қаламгер қыздың шығармашылығы туралы жылы пікірлерді бұрын да жиі еститінбіз.
Жалпы, жазушының ЭТНОПСИХОЛОГИЗМ ЖАНРЫНА іштартатыны әдеби ортаға ежелден белгілі. Жинақ атауының өзінен де осындай бір РЕҢКТІ МАЗМҰН аңғарылып тұр.
Қазіргі қоғамды айтпағанда, әдебиетшімін деп жүргендердің өздерінің де кітаптың атауына берілген «БЕСТІ» анықтамасын толық түсіне беретініне күмәніміз бар. Ақиқатында, кемеліне жетіп, толған жылқы түлігін «бесті» деп атайды.
Жазушы шығармашылығына қарата айтар болсақ, автордың өзі де дәл осындай кемелденген, қалыптасқан кезеңіне келіпті. Жинақта табиғаттың тұма бастауынан мәңгілік ғұмырдың сарабдал сүрлеуіне дейінгі сан
алуан тақырыптар қамтылады. Яғни шығарманың тақырып ауқымы өте ауқымды, кең. Негізінен АБСТРАКЦИЯЛЫ САРЫННЫҢ ЭЛЕГИЯЛЫ ЛЕБІ сезіліп тұрады.
Максим Горькийден «шығарманың мазмұны мен орындалу шеберлігін оның атауынан, бастапқы сөзінен аңғарып, ұғынуға болады» деген тамаша сөз қалды. Гүлзаттың кітабын парақтап отырған кезімізде алдымен оның этнопсихологиялық аңсар (элегия) жанрында жазылған «Ұлтабар» атты хикаяты айрықша мәнерімен бірден көзге шалынды.
Қазақ – ежелден ырымшыл халық. Соған сәйкес өзінің төл этнографиясының басты объектісі һәм материалы мал мен мал шаруашылығына байланысты небір абстракциялы ұғымдарға бейім тұрады.
Бізді «Ұлтабар» анықтамасына назар аудартуға мәжбүр еткен КЕРЕМЕТ те алдымен сол болатын.
Гүлзат аталмыш хикаятына «Көк түрік кіндігінен тараған барша ұл-оғландарға арнаймын» деген аннотация қойыпты. Хикаяттың қисыны мынадай: «…Біз егіз едік… Бірақ айырмашылық, кереғарлықтың ішінде екеумізді жақындатып, байлап-матап қойғандай әсер ететін жалғыз-ақ нәрсе болатын. Ол – екеуміздің бірдей түс көретіндігіміз…» деп басталатын шығармада адам психологиясы мен мінез-құлқының көзге көрінбейтін НЕБІР АБСТРАКЦИЯЛЫ АЙШЫҚТАРЫ қисындалады.
Уақыт өте келе бас персонаждың егізі САҒИРАНЫҢ түс көру қабілеті біртіндеп көмескіленіп, жоғала бастайды да, керісінше кейіпкердің алдынан ТҮСТЕР ӘЛЕМІНІҢ жаңа бір қыры ашылады.
Оны Гүлзаттың өзі болуы мүмкін деп тұжырымдап отырған бас кейіпкердің ЕРЕКШЕ ОЙЛАУ ЖҮЙЕСІНЕ, ықтимал жағдайда болашақта жазушы болуына сәйкес керемет деп түсіндік.
«Түс – Жаратушының адамзатқа жолдаған хат-хабары» деген де түсініктер бар. Тіпті, осынау адам психологиясының абстракциялы, идеализмге толы құбылысына қарата айтылатын небір ғажайып қисындар да көп.
Кезінде қазақ тілімен қоса орыс тілін де жетік білетін ұлы Мұхтар Әуезовке әлдекімдер: «Мұқа, сіз орыстың тілін орыстан кем білмейсіз. Орысша неге жазбайсыз, осы?», – деп сұрақ қойыпты.
Сонда ұлы Әуезов: «Ей, шырағым-ай, орысша жазу үшін түсті орысша көру керек қой…», – деген екен.
Әлбетте, бұл қисынның артында да үлкен ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ АСТАР жатыр. Ал жазушы Гүлзат Шойбекованың «ТҮСТІ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ КӨРЕТІНІНЕ» әсте күмән жоқ. Сондықтан біз сөз еткелі отырған хикаятта да ұлттық бедер мен психологияның КОНКРЕТИКАДАН ГӨРІ АБСТРАКЦИЯСЫ БАСЫМ ТЫЛСЫМДАРЫ ЖАТЫР.
Әлбетте, шағын ғана мақалада жазушының бүкіл шығармашылығын айтпағанда, ауқымды хикаятқа толыққанды талдау жасау мүмкін емес. Сондықтан Горькийдің жоғарыдағы данышпан тұжырымын басшылыққа ала отырып, осы «Ұлтабар» хикаятының басталу формасы мен айтар ойына хал-қадеріміз жеткенше талдау жасамақпыз.
Персонаж «бір күні ғажайып түс көреді. Қараңғыда жол таппай келе жатыр екен дейді. Алдынан қайтыс болған әкесі шығады. Оған персонаж әлі күнге дейін пәтер ала алмай қиналып жүргені туралы мұң шағады. «Одан да сендер жаққа асығып отырған «ҒАЖАП БАЛА» бар, соны қарсы алыңдар. Бірақ ол бала өзіне риза болсаң ғана барады» дейді әке.
Хикаяттың айтар ойы осы жерден ширығады. Бұл жерде соңғы кезде танымдық санаға маза бермей жүрген УАҚЫТ пен КЕҢІСТІКТІҢ тылсымды астары жатқаны даусыз. Гүлзат шығарманың өзегін де соған сәйкестендіріп, әдемі құра білген. Яғни БӘРІНЕ ТАРАЗЫ ҺӘМ СЫНШЫ – УАҚЫТ деген қағиданы басшылыққа алған.
Соның алдында қайтыс болған әкесі түсіне енген сайын ебіл-себіл жылайтынын, көз жасының ішіп отырған шайына тамып кетіп, бірге ішілетінін жазады автор.
Бұл жерде ағымдағы тіршілікке қарата айтылатын «БІРЕУ – СУ ІШІП ЖҮР, БІРЕУ – У ІШІП ЖҮР» деген қағида басшылыққа алынып тұрғаны даусыз. Жазушы әдемі тілі арқылы өзінің басынан кешіп жүрген РУХАНИ ЖАЛҒЫЗДЫҚ абстракциялы материясын алға тартады.
Әлбетте, өмірдегі жалғыздықтың қасында рухани жалғыздықтың түк емесі әммеге аян. Кез келген қабілетті жазушының, біздің жағдайда Гүлзаттың да осы бір азапты бастан өткеретіні күмән тудырмайды.
Персонаж өмірдегі теңін таба алмаған. Ал егізі Сағираның мұңы – нәресте көтере алмай жүргенінде.
Хикаяттың ишаралы мимикасы «МӘҢГІЛІК СОР ЖОҚ, АДАМНЫҢ БАҒЫ ТҮБІНДЕ БІР ЖАНАДЫ» дегенге тіреледі. Көп ұзамай персонаж да өзі талайдан бері армандап жүрген пәтерге қол жеткізеді.
Бір қарағанда оның арманы орындалған сияқты. Ал сонда әкесі түсінде аян берген «ҒАЖАП БАЛА» қайда? Ол өмірге қашан келеді? Кімнің түрінде, кімнің сипатында келеді және…
Хикаяттың атауына айналып тұрған ұлтабарға қатысты қисын дәл осы жерден көрініс береді.
Аяқ астынан сырқаттанған бас кейіпкер дәрігерге жүгінеді. Әке аянындағы «ҒАЖАП БАЛАНЫ» іштей армандап жүрген оған дәрігер «ұлтабарың ауырады» деген диагноз қояды.
Бірақ әлгі дәрігерден кейінгі орыс тілді мықтыларға қазақша ұлтабардың орысша атауын қалай айтып жеткізу керек? ХИКАЯТ СЮЖЕТІ ОСЫ МӘТІНДЕ ШИРЫҒАДЫ. Кейіпкер ұлтабардың орысшасын әркімнен сұрап, таба алмаған соң орысша-қазақша медициналық сөздікке жүгінеді.
1961 жылы шығарылған Аяпбергенова деген ғалым құрастырған орысша-қазақша медициналық сөздікте ұлтабарға «он екі елі ішек» деген ұғым беріліпті. Әлбетте, бұл – қазақы ұғымға, онан да бетер Гүлзат сияқты ТҮСТІ «ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ КӨРЕТІН» тіл маманына жат.
Осы жерде кейіпкер ойға беріледі. Ырымшыл қазақ «ұлтабар» деген орган атауын ойлап тапқанда «қызтабар» немесе «егізтабар» дегенді неге шығармаған деп күйзеледі оптимист кейіпкер.
Жаңа үй, жаңа көршілер. Кейіпкердің көңіл күйі көтеріңкі. Өмірден күткен үміті де үлкен. Оған себеп – жоғарыда өзіміз айтып өткен әкенің аян түсі.
Дегенмен, жазушының өмірі әсте шымқай қуаныштан тұрмайды. ЖАЗАДЫ, МҰҢДАНАДЫ, ҚАЙҒЫРАДЫ, ОЙЛАНАДЫ. Кейіпкер «ойдың кіретін есігі бар, шығатын есігі жоқ» деген байламға келеді. Яғни ой түпсіз терең тұңғиығына тартып әкете бермек.
«Мұң жазушылыққа апара ма екен, жоқ әлде жазушылық мұңға апара ма» деп толғанады автор. Әйтеуір екеуінің арасында бір байланыс бары күмәнсіз.
Алайда, көңіл түкпірінде кәсіби бір алаң жатқан. Ол – баяғы ұлтабар мәселесі. Кейіпкер бұл сөзге кәдімгі дене мүшесі емес, абстракциялы, оптимизмге шақыратын нысан түрінде қарап, ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ САРАП жасайды.
Бірде дәрігерге жүгініп: «маған ұлтабардың орысшасын айтып беріңізші, дәрігерсіз ғой», – дейді. Бұл сөз қазақы ұғымға бейім маман дәрігердің өзін де талайдан бері ойландырып жүрген тәрізді. Ол да «сіз осы ұлтабардың неге ұлтабар аталғанын білесіз бе?» деп екеуара әңгіменің барысын одан әрі ушықтыра түседі.
Әлбетте, кейіпкер оның сырын білсе несіне дәрігерге жүгінсін? Білмейтін. «Ал мен білемін», – дейді дәрігер. Алайда, оның сырын дәл сол жерде айтуға құлықсыздық танытады. «Бір жерге барып оңаша отырып әңгімелесейік» деген өтініш айтады.
Содан кейіпкер мен дәрігер арасында тылсымды бір байланыс орнайды. Бір телефон арқылы әңгімеде дәрігер оған: «СІЗ ДЕ МАҒАН КЕРЕКСІЗ…» деген ғажайып сөз айтады.
Міне, ұлтабар хикаясы осылай жалғасын табады. Соңынан дәрігер екеуара әңгімеде өз басынан өткен небір әңгімелер айтады. Кейіпкерді айран-асыр қылған ұлтабар мәселесі төңірегінде небір ғажайып сырын ортаға тастайды.
Хикаятта бас кейіпкердің дәрігерге қарата айтылатын «байқаймын, ұлтабар сізді де шыркөбелек айналдырып жүрген сияқты. ЕКЕУМІЗ БІРІКСЕК, тауды да қопаратынымызға сенімдімін» дейтін сөзі бар.
Ақиқатында, санасынан баяғы әкесі аян берген «ҒАЖАП БАЛА» кетпейтін келіншек дәрігер мен екеуара әңгімеден өзінің ұлды болу керек екенін және оның жолын тапқанын түсінеді. Жалма-жан егізі Сағираға телефон шалып, «ойбай, тезірек кел, мен баяғы «ҒАЖАП БАЛАНЫ» көтерудің жолын таптым», – дейді.
Әлбетте, нағыз дәрігерің міндеті – науқасқа кеңес беру. Ебепке – себеп, осы екеуара әңгімеден соң ДӘРІГЕР КЕЙІПКЕР ТАҒДЫРЫНАН АЛЫСТАЙДЫ. Бірақ келіншектің көкейінде үміт отын тұтатып, ұлы өмірге қарай жетелейді.
Әйтеуір хикаяттың финалы үмітке, қуанышқа толы. Кейіпкер көкейінде ҰЛЫ ӨМІРГЕ ДЕГЕН ҚҰШТАРЛЫҚ, үміт оты қалады.
Абстракциялы ишара-мимиканың әсеріндегі оқырман да ой құшағында. Одан арғы оқиғаның даму барысы не болмақ?
Жазушы ашып айтпаса да, мың сан оқырманына осындай үмітті ой тастайды. Өзі алға тартқан өмірдің ең өзекті мәселелеріне байланысты сауалдың жауабын да бермейді. Демек, әдемі жазылған «Ұлтабар» хикаяты – адамның оптимизмі мен үмітін оятатын шығарма. Бірақ сол үміттің қалай жанарына байланысты нақты жауап жоқ.
Жазушы шығармашылығына қарата айтар болсақ, оның жауабы – абстракция ғана!
Ал сонда персонаждың сыңары Сағира қайда? Өмірдегі өз орнын таба алды ма? Жаратушыдан тілеген тілегіне жетіп, АНА бола алды ма? Гүлзат оның жауабын бермейді. Себебі бере алмайды. Оған қақысы жоғын да түсінеді…
Жанама образ – Сағира тағдыры арқылы қоғамға ҰЛЫ ОЙ, ҰЛЫ ТІЛЕК тастайды.
Түйінді ақыр не болар екен?
Қаптаған сауалдар артында бір ғана жауап бар. Ол – тағдырдың қалауы ғана!..
***
Өмірдің қызығының өзі де сонда ғой…
Өмірзақ МҰҚАЙ,
мәдениет қайраткері.