«…Сол бір кез»
Несіпбек Дәутайұлы
Қайдағы-жайдағысы көп қайран өмірде есте қалатыны, ең алғашқы етене жақындық шығар. Адаммен, әрине. Кісілігің мен түсінігің бірден үйлескен азаматпен. Мен үшін ол Әшірбек Көпішев болды. 1975-76 жылдары Қордай аудандық газетінде қызмет істеп жүрген кезім. Қайсыбір күні түс әлетінде редакцияға ұзын бойлы, шашы өзімдікіндей иығын жапқан, сымбатты, бейтаныс жігіт кіріп келе жатты. Арнайы мені іздеп келіпті. Әйгілі «Лениншіл жас» газетінен екен. Осының алдында сол газеттің үздік очерктерге жариялаған республикалық бәйгесінде «Қызыл алма» деген дүнием жеңімпаз атанған. Сөзіміз бірден жарасып кетті. Болмысымызда көптеген ұқсастықтар байқалды. Әсіресе, парасат, пайым тұрғысында.
– Саған аудандық газеттің шеңберінде жүре беруге болмайды, – деді ол қоштасарда. – Алматыға қызметке келуді ойласаң қайтеді?
Ойлағанда, семья жағдайым олай етуді көтере алмайтын еді.
– Орайы келер, түбі.
Осы кездесуден кейін біздің адал достықтың армандарға толы айлары мен жылдары өтіп жатты. Қолайы келген сәтте қуалай соққан қоңыр желдей ол Қордайға, ай сайын алып-ұшып мен Алматыға келемін. Алма-кезек ақтарылған ойларды айтып тауыса алмаймыз. Бәрі дерлік әдебиет жайлы. О кезде шет ел мен орыс әдебиетінің әйгілі кітаптарын қолға түсіру қиын. Ауданда тұратын менің оған қолым жетімді еді. Жергілікті басшылармен арақатынасым жақсы болғандықтан сауда базасынан жасырын сатылатын классикалардан құр қалмайтынмын. Кейбірін Әшірбекке де әкеліп беремін. Осыларды әңгіме етіп, өзімше пайымдап, көше-көшені бойлап жүріп алатын едік. Қыза-қыза орталықтан екінші Алматыға дейін әдейі жаяулап баратын кездеріміз де болатын. Жеткенде таң да ағарып ататын. Әшірбектің пәтері о кезде сол екінші Алматыдағы Успенский көшесіндегі қуықтай бір жарым бөлме. Әрі оны Минара (жұбайы) екеуінің туыс ұл-қыздары басып жататын.
Әшірбектің қиялы… Аспан кезіп кететін. Түпсіз ойлары дүние шіркіннің бары мен жоғын, қадірі мен қасиетін, азабы мен шерін, мәні мен мағынасын түгендеп, тепсініп тұрып алар еді. Марқұм Сайлаубек (Жұмабеков) «Досыңа айт, жерге түссін» дейтін-ді. Ол әдебиеттен өмір шындығы мен көркем шындықтың арасын ажырата білді. Батыс әдебиеттің мәдениетіне жақындаудың қажеттігін сезді. Өзіміздің мақтаулы деген шығармаларымыздың көркемдік концепция тұрғысында әлсіздігін де сөз ететін. Мұндай шындықты о кез ашық түрде кім айтқызар.
Алматыға келуді ойлап жүрші деп жүретін Әшірбегім бір күні телефон соғып тұр.
– Тез, жет! – деп – Құдай сәтін салғалы тұр.
Жеттім. Сөйтсем, «Лениншіл жас» мені Жамбыл, Шымкент, Қызылорда облысына меншікті тілші қылып жіберуді ұйғарыпты. Әрине, ұйытқы болып жүрген Әшірбек. Қуаныш қойынға сыймады. Мұндайда жуу деген атаңа ат шапқандай мәселе. Алматы ресторанына газеттің жауапты хатшысы, бөлім меңгерушілері, оннан астам өң бір «сен тұр, мен атайындар» жетіп бардық. Редактор кезекті демалысына кеткен. Орынбасары келмепті. Жо… жоқ, келіпті. Ресторанның бір түкпірінде, жанында досы екеуі екі қызбен отырған. Қай-қайсымызда жастық шіркіннің жан алып, жан беріп жүрген кезі ғой… Содан бір кезде олар да бізге келіп қосылмасын ба. Екі қыздың бірі жайнаңкөз. Жын иектегендей маған жабыса берді.Мен қайбір оңғанмын. Әлгінің әуеніне төңкерілдім де кеттім. Ар жағын ішің білсін, әруай… Ертеңгісін, келісім бойынша, бұйрығымды алайын деп орынбасарға келсем, шаруамды айтуға кіріп кеткен хатшы қыз жылдам шықты.
– Қайта берсін, хабар өзімізден, кейінірек, – депті.
– Әттеген-ай, – деді Әшірбек. – Біздің шалдардың «батырдың ажалы маржадан» дегенін білесің ғой?
– Сөйтетін.
– Сөйтсе, түбіңе жеткен кешегі жайнаңкөз. Орынбасардың ақыл-есінен айырылып, айналдырып жүргені еді…
– Құдай ұрған шығар, – дедім.
Басқа айтар сөз қайсы. «Лениншіл жастың» меншікті тілшісі қызметі жайнаңкөз көрсе жастықтың перілік, серілігімен жүрісінен жаңылатын кесірінен жайына қалды. Оны жақсы білетін, әрі аса сабырлы Әшірбек:
– Ой, сен мені ұятқа қалдырдыңды айтпады. Әдеттегідей автовокзалдан Қордайға шығарып салып тұрып:
– Әлгі жазбақ болып жүргеніңе жаныңды салсаңшы, – деді.
Жаздым «Ақ көгершін» деген алғашқы повесімді, «Жалын» баспасы үздік шығармаларға арнап жариялаған жабық конкурсқа арнап. Содан екінші бәйге алғанымда Әшірбектің менен де қатты қуанғаны есімде, «Аспанға ұш арыстаным!» дегенде даусы телефонды жарып жібере жаздаған. Келесі жылы дәл осы конкурста өзінің повесі бас бәйгені алды. Мен де бөркімді аспанға атқанмын. Бұл өзі жаңа сипатта, айтары басқа, толғауы бөлек, көркемдік шешімі шебер шығарма болатын. Біз бүгінде айтамыз ғой, егер қазақ әдебиеті М.Әуезовтің «Қаралы сұлу», «Қорғансыздың күні», Ж.Аймауытовтың «Ақ білегі», М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» сияқты шығармаларының бойымен қалыптасқанда мүлде басқа биікте тұрар еді деп. Әшірбек әлгі повесіне тән ерекшелігімен жазуды үзбей жалғастыра бергенде, баяғыдан қазіргі заман әдебиетіндегі санаулы көрнекті жазушылардың санында аталып жүрер еді… Әдебиетте жалпы, жазбай жүретін жазушылар деген де ұғым бар. Бұл өзіне ұзақ уақыт үзіліс беретіндерге тиесілі сөз болу керек. Егер, әдебиетті – өмірдің сабақтары деп айту үшін, біреулерге өз парасатының биігінен қарауға мүмкіндік беретін, тіпті сөйтуге мәжбүр ететін үнсіздік шығар. Содан барып ашылар, келесі тынысы. Таяуда Әшірбектің 2 роман жазып бітіргені жайлы естіп қалдым. 70-ке осылай келудің өзі ерлік. Құдай берген жазушылық қабілетке адалдық. Әдебиетке деген өшпейтін сүйіспеншілік. Айтары жоқ азаматтық.
Жазушылық туа бітетін қасиет болса, ол «қап түбінде жата қоймас». Десек те, бір әсердің болатыны ақиқат. Менің әдебиетке келуіме Әшірбектің септігі тигені рас. Ол мені сол кезде әдебиет әлеміне үміттерін үкілеген үркердей талантты топқа (ішінде қазір Қазақстан Жазушыларын басқарып отырған Нұрлан Оразалин бар) жетелеп әкеліп, жақындастырғаны да есте. Ол маған сенді. Сенімін ақтай алдым ба, жоқ па, кім білсін. Айтып отырғаным, ішінде ішек түгілі, атты кісі айналып тұратын кімге де керек кіршіксіз көңіл. Айдарынан жел ессін деген ниет. Иә, Әшірбекте осы адалдық пен азаматтық болды.
Мен жоғарыда сөз етіп отырған достық қарым-қатынастың 20 жылдан астам уақытында біз үйелмендерімізбен мидай араласып ғұмыр кештік. Балаларым Әшірбектің отбасын ең жақын туысымыз деп білетін. Олардың келе жатқаны той еді. «Швед столын» (о кезде көп қазақта сирек) жасап, жандары қалмай күтетін. Солай бола берер дедік қой. Нұрлан бауырымыздың (Оразалин) «Әшірбек екеуіңді Құдай ажыратпаса, ешкім ажыратпас» дегені есімде. Шіркін, тағдырдың кілт бұрылыстарын бірақ кім сезер. Көлгірсіп көргенім жоқ. Жаба тоқығанды да жаным сүймейді. Жаныңды жеп тұратын шындық бар. Иә, соңғы 20 жыл өмір өзенінің екі жағалауына шығып кеткеніміз рас. Ат құйрығын кесіскен немесе «қалған көңіл қара жер» дейтін әңгіме емес. Көзқарастардың өзгеруі. Ұстанымдардың бөлектенуі, Құдайға жақындай түсудің пайым өзгешелігі, әркімнің өз қотырын өзі қасуы… Әйтсе де, қилы-қилы жағдайлармен қырын қарап кетсең де жан-дүниеңнің, түйсігіңнің түбінде бір қимастық деген аяулы сезім қалады. Сол қимастық мейлі, таудай жамандық көрсең де оны жайына қалдырып, тырнақ сынығындай жақсылықты өмір бойы естен шығармауға қарай жетелеп отырады екен. Адамның адамдығы осы болар, бәлкім. Кәрі қойдың жасындай жасымыз қалған қай-қайсымыздың да ғұмырдың мәніндегі медетіміз ғой бұл.
Қазір есіме бір әдемі әннің «Сол бір кез…» дейтін сөзі түсіп отыр. Әшірбек екеуміздің сонау-сонау жылдардағы егіз қозыдай өміріміз ғой. Қайран күндердегі аяулы армандарды, мөлдір бұлақтай таза көңілді, керемет күндерді, таңғажайып түндерді аңсау…
Бәлкім, Әшірбек романдарында сол бір кездің қайта оралмайтын қайран да қайран жас дәуреннің күңгейінен бойына сіңген Күн исіне, қазақтың соңғы ханы Кенесары бауырына паналаған «Әулие шоқының» ұшар басын айнала ұшатын ақша бұлттарға сағыныштың лебі есіп жатқан шығар.
Адам туған топырағына тартады деп жатады. Содан да оның тартылыс күші табиғи заңдылық. Әшірбек туған ауылына жиі атбасын бұрып тұрады. Ауыл сыртында көкке қарай емінген «Әулие шоқының» ұшар басында үлбіреген жұқа ақша бұлт айналып жүреді. Әшірбектің әдебиетте сол ақша бұлттай қалықтап тұруына тілектеспін.