ГҮЛНӘЗ и Я
Фаузия Оразбаева,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, педагогика ғылымының докторы, профессор
(Белгілі қаламгер және қоғам қайраткері Ризабек Әдуов туралы эссе)
Уақыт озған сайын сыйласып, қатар жүрген құрбы-достардың сиреп бара жатқаны еске түседі. Көңіл төрін алуан-алуан әсерге бөлеп, өмір, тіршілік туралы сан қилы ойға жетелейтін сәттердің көбейе түскенін аңғарасың… Аңғарасың да… Жастықтың жалыны мол күндері мен есейіп, ел таныған кездердің қызық-қуанышын бөліскен сол аяулы жандарды ойға аласың… Алма, Сағат, Әділбек, Ризабек, Кеңшілік, Жарасқан, Сайлаубек… Алматының айлы түндерін тұмадай тұнық күлкімен жаңғыртып, жүректі нұрға бөлеп, сырмен сусындатқан сәттер күні кеше ғана емес пе еді?!
Ризабек Әдуов
Әлбетте… Осынау жарық дүниеден ерте аттанып кеткен жақын достарымыздың әрқайсысының орны біз үшін алабөтен. Солардың бірі, бірегейі – Ризабек еді…
Біз білетін Ризабек Сламбекұлы Әдуов жасынан алғыр да отты, зерек те текті, сергек те сезімтал болатын. Өзінен гөрі өзгені, жеке басынан гөрі көпті, күйбең тіршіліктен гөрі қоғамдық мүдде мен ұлт мүддесін әркез жоғары қоятын. Жасандылық атаулыға жаны қас еді. Сөзі мен ісі бір-бірінен алшақтамайтын. Сондықтан болар, Рекең ірі-ірі жауапты қызметтер атқара жүріп, қоғамдық ортада қара қылды қақ жарар мінезімен қалай танылса, күнделікті тұрмыста да, отбасында да өзіне тән сол кесек қалыбынан, турашылдығынан, ірілігінен, адалдығынан жаңылмайтын. Оның осы болмысы барлық іс-әрекетінен көрініс тауып, ол өз ортасында, достарының ішінде әркез сыйлы, құрметті болатын.
Біз Рекеңді адалдық пен әділдіктің бұлтармас эталонындай көретінбіз. Бірде Ризабек пен Гүлнәзияның үйінде жиналған кезекті отырыста Сайлаубектің көп кітаптың арасында қаздай тізіліп тұрған Гетенің он томдығына көзі түсті. Ол қалжыңға сүйеп, бүгін осы он томды алмай үйіне қайтпайтынын білдірді. Ол кезде жақсы шыққан кітап, оның өзі классикалық көптомдық болса, іздесең де таптырмайтын аса қымбат, қалаулы дүниенің санатынан болатын. Біз бәріміз Сәкеңнің кітап дегенде ішкен асын жерге қоятын мінезін білсек те, бір-екі кітап емес, бүкіл онтомдықты аламын деген ойын достық базынаға сүйеп, әңгіме ауанын басқа жаққа бұрдық. Сөйтіп, ән салдық, қалжың айттық. Қысқасы, бүкіл отырыс басқа арнаға ауып, кітап мәселесі ұмытылғандай болды.
Сәнді, сұлу отырыс межеге тақады. Қайтуға айналдық. Рекең қай кездегідей достарын жібергісі келмеді. Біраздан соң есіне әлдене түскендей орнынан тұрып, жары Гүлнәзияға бұрылды да:
– Ана сөреде тұрған Гетенің онтомдығын бері әкелші! – деді.
Бәріміз аң-таң, үн-түнсізбіз. Гүлнәзия үлкен тор сеткаға салған он том кітапты алып келді. Ризабек жайраңдап барып, Гүлназиядан бүкіл он кітапты алды да, Нұрланға ұсынды. Біз:
– Рахмет! Алмаймыз, оның не?! Мұндай нәрсені сыйлыққа беруге болмайды!.. – деп азар да безер болдық.
Рекең:
– Ақынның кітабын ақын ғана алуға праволы, – деді де, көздің жауын алатын қалың томдарды Нұрланның қолына ұстата берді.
Жігіттер гу ете қалды.
– Дұрыс… Дұрыс.., – десті біреулері.
– Мен алдым не, Нұрлан алды не, бәрібір… Ең бастысы, Әдуовке тиесілі Гетенің он қараға татитын он томы барымталанды… Мақсат орындалды!.. – деп саңқ-саңқ етті қайран Сәкең. Сөйтті де:
– Қане, енді Оразалинге автограф жазайық, – деп, Гетенің І томын алды да, өзі бірден қол қоюға кірісті.
Оны көрген жігіттердің бәрі жыпыр-жыпыр қолдарын қоя бастады. Бос жерді тауып, Ризабек те қол қойды да, шағын қолтаңба қалдырды. Сонда жазылған қолтаңба мынадай еді: «Қазақтың игі жақсылығы үшін сыйға тарту! Гүлнәз и Я.».
Рекеңнің өз жары Гүлнәзиясының атын бірінші жазып (Гүлнәз), оған өзін «я» деп тіркеп, екінші қойып жазуы бізді мәз-мейрам етті. Осы бір төркіні терең, кең мағыналы сөздерде жарды сыйлаудың қаншама нышаны жатыр еді десеңізші?!
«Гүлнәз және мен» деген қолтаңбаның аясында ойлы жанның орасан тапқырлығы, ғажайып кісілігі, адамды аялаудың сирек өнеге үлгісі тұрғандай… Біз білетін Ризабек осындай еді. Ол кез келген жерде, кез келген ортада өзінен бұрын әуелі жарын, отбасының ұйтқысы болар ұлы сезімін, биік адамгершілігін жоғары ұстайтын. Онысын әркез жасырмай ашық айтып, анық байқатып отыратын. Мұндай ұстанымға Рекеңнің жары Гүлнәзия да бүкіл болмысымен: сабырлы іс-әрекетімен, жайдары мінезімен, жарқын күлкісімен, жарасты қалыбымен жауап беретін.
Осындайда ертеректегі күндерден мына бір көрініс еске түседі…
Ұлы Абай айтқан «Махаббат қызық, мол жылдардың» үзік-үзік сәттері… Студент кезімізде сенбі күндері жиі-жиі жатақхана фойесінде би кеші болатын. Оған жан-жақтан, басқа оқу орындарынан көп жастар келетін. Бірде осындай би кешінде Гүлнәзияның торғайлық жерлестері келіп, кезек-кезек Гүлнәзияны биге шақырып, ерекше ықыластарын байқатуға тырысты.
Әлден уақта Ризабек өзінен-өзі қарадай бұзылып, Гүлнәзияны биге шақыруға келген жігіттерге қарсылық білдіріп, оны биге жібермей қойды. Біздер не дерімізді білмей қысылдық. Әлі толық араласып, бір-бірімізге үйренісе қоймаған кезіміз. Табиғатынан салмақты да биязы Гүлнәзия Ризабектің бұл ісін іштей құптай қоймаса да, ізетпен ғана жерлестеріне алғысын білдірді де, Ризабекке бұрылды. Ал Ризабек болса:
– Ағайындар, бұл жай әзіл ғой, маған «қарап жүр сен» деп Гүлекеңнің апасы тапсырып кеткен…
Жұрттың бәрі ду күлді.
Студент кезден есімізде айрықша қалғаны – Рекеңнің қазақша да, орысша да сауатты жатық сөйлейтіні. Ол қазақ әдебиетімен қатар орыс, батыс әдебиеттерін де терең, жан-жақты меңгерген білімділігімен, классиктердің шығармаларынан түйдек-түйдек үзінділерді, өлеңдерді жатқа оқуымен ерекше көзге түсетін. Ризабек әдебиет пен мәдениетті қос қанатындай қатар меңгеріп, өз ойын ортаға салуға, пікір сайысына шығуға, көзқарасын дәйекті жеткізуге, көпшілік алдында ашық-жарқын сөйлеуге аса шебер болатын. Оның осы қасиеттері көпшілікпен жұмыс істеуге, жауапты қызметтерді ойдағыдай атқаруға, іскер де білікті басшы болуына ықпал етті.
Жалпы, біздің буынға бала күннен дарыған қиналғанға қол ұшын беру, көмегін аямау, не көрсе де көппен көріп, көппен болуға ұмтылу, жақсылық жасауға бейім тұру, үлкенді сыйлау, досты ренжітпеу, жақынды қабағынан тану, қоғамшыл, көпшіл болу секілді адами озық қасиеттер Ризабектің бойында да мол болатын. Ол өзінің Алладан бұйырған қысқа ғұмырында сол қасиеттеріне адал болып өтті. Ол сол қасиеттің өзгелердің де бойынан көрінгенін қалайтын. Көрсе, балаша қуанып, елгезек күй кешетін.
Оқуын тәмамдаған соң Рекең еліне барып, Павлодар облысының Екібастұз қаласында қалалық комсомол комитетінің хатшысы болып қызмет атқарды. Бұл қызмет ҚазМУ-ді бітіріп барған алғыр жігіттің ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлігін, өз қатарын үйіріп әкетер дарынын, жас болса да бас бола алатын қасиеттерін дәлелдеуіне көп мүмкіндік берді.
Ойы мен санасы ұлттық құндылықтарды бағалау рухында қалыптасқан, мінезі өткір, талапшыл, табанды басшының басынан өткен әр алуан оқиға көп… «Соның бәрінен Ризабекті адалдығы мен турашылдығы, елгезектігі мен көпшілдігі сүріндірмей аман өтуіне себепші болып жүрді ғой», – дейді жары, сыйлас құрбы, жан досымыз Гүлнәзия.
Өзі адал адамның өзгенің бойынан адалдық іздеуі заңды… Бірде Ризабек облыста өтетін үлкен бір мәжіліске хатшы ретінде өз ұйымынан бірнеше адамды ертіп баруы қажет болады. Іштерінде мінбеге шығып сөз сөйлеуге тиіс бір қыз бар. Ол кездің тәртібі солай, сөйлеушінің сөзі де, өзі де сүзгіден өтіп дайындалуы керек. Ол міндет комсомол ұйымының жетекшісіне жүктеледі… Рекеңнің көзі бірден қыздың өзіне жарасып тұрған қып-қызыл көйлегіне түседі. Өзі де, үстіндегі көйлегі де әдемі екен. Бірақ қызыл көйлекке боз туфли келіспей-ақ тұр. Сұлулыққа жаны құмар, әрі киім киюге талғампаз Рекеңнің есіне келіншегі Гүлнәзияның анда-санда аялап, күтіммен ғана киетін туфлиі түсе кетеді… Ойға алғанын орындамай тынбайтын ол үйге келіп, шкафты ашады да, асқан ұқыптылықпен оралған, мұнтаздай қып-қызыл туфлиді суырып алады. Гүлнәзия үйде жоқ. Туфлиді иесінен сұрамастан әкеледі де қызметкер қызға: «Аяғыңа мынаны киесің», – дейді. Бастығының айтқанын орындап, әлгі қыз қысыла-қысыла қызыл көйлегіне жараса қалған қызыл туфлимен облыстағы жиынға барады.
Табиғатынан әсемдікке жақын, ақкөңіл, әділ Рекең осындай еді! Өз ортасына, достарына қадірлі болғаны да оның осы бір дүниеден әркез үйлесім іздеген, адалдық пен тазалықты көруге ұмтылған, «сыйлағанның құлы болуға» әзір тұратын мінезінен шығар деп ойлаймын?! Кейін осы бір сұлулық пен үйлесімді, жарасымдылық пен талғампаздықты мақсат етуден туған оқиғаны Рекең елге өзі айтып, өзі жайды…
Бұл әңгімені Гүлнәзия айтқанда да тыңдаушысының көзінен жас аққанша күлетіндей етіп жеткізетін.
Кейін құрдастары іліп әкетіп, қырық саққа жүгіртетін…
Адал күлкіге қарық етер алаңсыз күндер-ай!
Рекеңнің отбасындағы мінезі, балаларымен қарым-қатынасы, тұрмыстағы іс-әрекеті оның тектілігі мен көрегендігін аңғартатын.
…Өзі жанындай жақсы көретін қызы, әрі баласының тұңғышы Нұргүлге келгіштеп жүрген ақсары жігіттің алған бетінен қайтпасын байқаған Рекең бір күні болашақ күйеу баласы Қайратты үйге шақырып алып, танысып, шахмат ойнап, әңгімелесіп, жігітті зерттей бастайды. Алдына қойған мақсаты анық, ақылы мен талабы мол жасқа көңілі толған соң барып, тілектес болып, оның бәрін біздерге сыр ғып айтып жүрді.
Сейфуллин мен Құрманғазы көшесінің қиылысында Рекең, Гүлнәзия, Нұрлан төртеуміз қыдырып, бір-бірімізді қимай, түннің бір уағына дейін әңгіме-дүкен құрып, кешегі құрдас-достар, бүгінгі туыстай жақын болған көршілер өмір, қоғам, болашақ жайлы сыр бөлісетін едік. Әсіресе, Нұрлан екеуі оқшау кетіп, әңгімелері бітпейтін. Бірімізді біріміз кезек-кезек шығарып салып жүріп, балаларымызбен бірге өзіміз де есейген екенбіз.
Үйге қайтып келе жатып Нұрлан екеуміз Рекеңнің болашақ күйеу баласымен орнықтыра бастаған қарым-қатынасына сүйсінуші едік. Жанының бір үзігі болып табылатын Нұргүлінің сенімі мен сезімін жоғары бағалап, оған бәрімізді түсіністікпен қарауға жұмылдырған әке махаббатына еріксіз риза болатынбыз.
Рекең атасының қолында өскендіктен, әкесіне інісіндей еркелейтін. Еркелей отырып, ерекше перзенттік сезіммен әкесін әркез үлгі тұтатын, қатты құрметтейтін және бағалайтын. «Атам мені бірбеткей, турашыл, еңбекқор болуға үйретті, әкем адал, әділетті болуға, елмен жұмыс істеуге баулыды», – дейтін.
«Бірде каникул кезінде үйге барғанда, әкем демалыс күні қорада шөп үйіп жатты. Өзі жерге түсіп шөпті лақтырады да, қайтадан қора үстіне көтеріліп, шөпті жайғастырады. Мен қолыма айыр алып көмектесудің орнына төменде қолымды қалтама салып қойып: «Шөптің ана басы қисайып қалды, мына жағы дұрыс жиналмады», – деп ескерту жасап тұра беріппін. Мен шалдың баласы болғандықтан, әкем маған бір ауыз сөз айтпады. Менің орнымда ұлдарымның бірі маған солай «нұсқау» беріп тұрса, қайтер едім?! Қайран әкем-ай!», – дейтін Ризабек әкесін сағына еске алып. Біздің жадымызды жаңғыртар мұндай өмір көріністері өте мол. Оның бәрін Рекең достарына, отбасына өзі айтып отыратын…
Сламбек әкей ауырып жатып, өмірінің соңғы сағатында анамызға: «Мен жас кезімде Алла Тағаладан « буынымды қатайт, мені жеткіз» деп сұрадым, содан жігіт болдым. Соғыста жүріп, «еліме аман қайтар» деп сұрадым, ел-жұртыма аман-есен келдім. « Жақсы жарға жолықтыр» дедім, жолықтырды.
Ұл сүйсем, қыз сүйсем дедім, ұл да, қыз да сүйдім. Олардың ержеткенін көрсетуді сұрадым. Олардың қызығын көрдім. Соғыста өліп кетсем, қайтер едім? Алла Тағала менің сұрағанымның бәрін бере берсін бе?! Енді мына аурудан айықпаспын. Ризабекке айтыңдар, Алматы сияқты жылы екен деп Павлодарға туфли киіп келіп жүрмесін, аяғына жылы етік киіп келсін», – депті. Әкейдің осы сөзін Ризабек үнемі есіне түсіріп, оны өмірінің мазмұны мен мақсатындай, мәні мен мағынасындай сезінетін. «Сол әкемнің тілеуінің арқасында іргелі қызметтер атқардым», – дейтін. Сол тілек, сол мұрат, сол мақсат, шын мәнінде, Рекеңді биіктерге көтерді.
…Рекеңнің Баспа және полиграфия комитетінде жауапты қызметте жүрген кезі. Жауаптың жұмыстың қашанда қарбаласы көп болады. Оның үстіне Рекеңнің өзі де, достары да сондай өлшеусіз, ақысыз еңбекке қаршадайларынан әбден үйренген. Өзі де, достары да еңбегін бұлдауға жоқ адамдар… Сондай бір тұста Рекең өзіне үнемі көмектесіп, аударма жасап, түскен кітаптарға пікір жазып жүрген Сайлаубек досының үйіне телефон соғып, онымен сөйлеседі:
– Сәке, мына бір еңбекке тез арада пікір қажет болып тұр. Соны сен жазып берсең дұрыс болар еді, – дейді.
– Жарайды, жазайын, қашан дайын болу керек? – дейді Сәкең.
Сайлаубектен әңгіменің мән-жайын естіген Зибагүл Сәкеңнен Ризабектің жұмыс телефонын сұрайды. Көп қозғала бермейтін, бір қозғалса алған бетінен қайтпайтын жұбайының мінезін жақсы білетін Сайлаубек марқұм амалсыз досының жұмыс телефонын береді. Зибагүл телефон нөмірін теріп:
– Алло, маған Ризабек Сламбекович керек еді, – дейді.
– Иә, мен тыңдап тұрмын.
– Ризабек Сламбекович, бұл – Зибагүл Исаевна ғой… Ендігәрі Сайлаубек Жұмабеков сіздің тапсырмаңызды қаламақысыз орындай алмайды! Сау болыңыз! – деп телефонды қойып қояды.
Арада біраз уақыт өткен соң, Ризабек досы Сайлаубектің үйіне қайыра телефон соғады.
– Зибагүл Исаевна, бұл Ризабек Сламбекович қой… Сайлаубек Жұмабековтің қаламақысы дайын болды, келіп алып кетсін. Сау болыңыз.
Қызмет барысында үлкен-үлкен мектептерден өтіп, көпшілікпен араласып үйренген, мінезге бай, әдепті, әділетті Рекең досы Сайлаубек пен құрдасы Зибагүлге қатысты осы бір әдемі әзіл мен жарасымды қалжыңнан тұратын, ұтымды, өткір, өмірдің өзіндей өркенді, өрісті әңгімені жиі-жиі айтып, ортамызды риясыз күлкіге, рахатқа, шуақ пен нұрға бөлеп отыратын. Жанындай жақсы көретін достары – Сайлаубек пен Зибаны бір жағы еркелетіп, бір жағынан өзі де ретін тауып, оларға еркелеп, ер мінезді қалпынан жаңылмайтын. Досты қуантқаннан, дос көңілін алғысқа орағаннан үлкен бақыт бар ма, сірә?!
Уақыт өткен сайын, қатарымыз сиреп, жас ұлғайған сайын адал достықтың қадыр-қасиетіне көзіміз жетіп келеді.
…Ризабек Сламбекович пен Зибагүл Исаевнаның диалогтары келе-келе достар арасында қалжың-шыны аралас, әр түрлі ситуацияға орай айтылып жүретін зілсіз әзілдің көзіне айналды. Зибагүлдің құрбылары біздер «қаламақы түгендегенде» қалжыңға сүйеп, бір-бірімізге ресми атауларды пайдаланып, «пәленшеевич» дейтін едік. Бұл да бір қызық дәурен екен ғой?! Айналамыз түгел, көңіліміз бүтін кездің қадірін Сағат, Ризабек, Әділбек, Алма дүниеден өткенде сезіндік… Сезініп едік… Енді, міне, ойда-жоқта Сайлаубек пен Санжарбегіміз мына дүниеден бақилыққа өткенде ортамыз мүлде ойсырап қалды.
…Рекең КазТАГ-та орынбасар болып отырғанда жекешелендірудің алғашқы қадамдары басталды. Басшылық тарапынан өзінің мініп жүрген жаңа ақ «Волгасын» өзіңе жекешелендіріп ал деген ұсыныс болады. Рекең «менен гөрі бұл машинаға талай жыл осы жерде қызмет еткен жүргізушінің еңбегі көбірек сіңді», – дейді де, «Волганы» соның меншігіне бергізеді. Өзі сабақты жіп те алмайды. Ол кезде әр адамның басына қоғам қайшылығының ауыртпалығы түсе бастаған мезгіл… Жаяу жүрген Рекеңе жүрегі ауырса да парасатты Гүлнәзия бір ауыз сөз айтпай, «Қашанда әбігер Рекең өзінікін өзгеге сыйлыққа тартудан ләззат табады, бәрінің қайтымы бар ғой» деуден жалықпайтын.
Гүлнәзияның қай кезде де бір-ақ ауыз сөзбен кез келген үлкен әңгімеге нүкте қоя білер тапқырлығына өмір бойы тәнті болып, жарын құрметтеп өткен Рекең осындай тұстарда бәрін әзілге жеңдіріп, жарқылдай күліп, алаңсыз отырушы еді.
Болмаса, қандай сәт-сағатта да өз қасынан табылатын тау тұлғалы досы Ырымның иығына сүйене кетіп: «Мына Ырекең екеумізді тағдырдың өзі тауып қосқан. Әкелеріміз екеуі риза болып жүрсін деп, атымызды да ырымдап қойған. Қараңдаршы! Ризабек! Ырым!», – деп жарқылдай күлетін.
…Рекеңнің «Гүлнәз и Я» деп бәрімізге қалдырған аманаты бүгінгі күнде де мазмұн-құрамы сол қалпында… Өзгерген жоқ. Қазақшаға аударғанда «Гүлнәзия + Мен» деген мағынаны білдіретін бұл сөздер «Гүлнәзиясыз бірде-бір істің мәні жоқ, мағынасы бос» деген жаңа мазмұнға ие болып, өрісі кеңейе түскендей… Қазір бұл тіркес достарының, туыстарының, ел-жұртының арасында тарап кеткен:
«ГүлнәзияМен ақылдасайық», «Гүлнәзия Мен бірге өткізейік», «ГүлнәзияМен қатар жүрейік» деп қосарланып айтылып, достық ынтымағымызға қызмет етіп келе жатқан дәнекер белгі, тұ-марсөз ретінде – үлкен жүректі азамат, адал дос, аяулы әке, сүйікті жар – Ризабектің тұлғасын ірілендіре түседі. Бүгінде бұл сөз Ризабекке деген сағыныш пен құрметтің көзіндей болып, адамды сүюдің, махаббатты аялаудың өзіндік ескерткішіне айналғандай.
Ризабек өмірден озғалы жиырма бір жылдан асып барады…
Осы жылдар ішінде өмір көп өзгеріске түсті. Құндылықтарға деген көзқарас та түбірімен жаңарды. Бірақ Әдуовтер әулетінің үлкені болған Ризабек Сламбекұлының отбасындағы ол бекітіп кеткен кісілік мен кішілікті құрметтеу, досты қадірлеу, бауырды бағалау, ана мен жарды аялау, ұрпақты тәрбиелеу, аруақтарға арнап дұға бағыштап отыру, әженің қабағына қарау секілді бағамдар өзгерген жоқ… Сол баяғыдай…
Сыйлассаң – сыйыңды көтеретін, сырлассаң – сырыңды бөлісетін, сүрін-сең – сүйенішің болатын, еркелесең – алақанын тосатын құрбымыз – Рекеңнің аяулы жары – Гүлнәзия да «Табалдырықтан биік тау жоқ» дегенді өмір бойы мұрат етіп келеді. Табиғатынан ақылды, парасатты жан көңілдің төрінде, адамгершіліктің тұғырында Ризабегінің өмірдегі аманатын арқалап, қызы мен ұлдарын өсіріп, немерелерін тәрбиелеп, әріптестерінің, дос-жарандарының, туған-туысқандарының ортасында жүр.
Мен ауық-ауық кітап сөрелерінде тізілген Гетенің он томдығының алдына келіп, әлдекімдермен тілдескендей, сырласқандай бір күй кешемін.
Өңкей бір сыңғырлаған, жаңғырығы таза дауыстар құлағыма жеткендей болады…
Мына жарық жалғанға сыңғырлай тараған сол таза, ашық дауыстың бірі – «Гүлнәз и Я» деп қол қойып, өмірге үлкен үмітпен, тегеурінді сеніммен қараған Ризабектің жарқын дауысы екені шүбәсіз.