Қызға қызығу
21.04.2017
5704
1

Бексұлтан НҰРЖЕКЕ-ҰЛЫ


– Аға! – деді телепоннан бейтаныс дауыс. – Ассалаумағалейкум!
– Уағалейкүмассалам!
– Мен – Жұмағазы деген балаңыз болам. 75-ке келіп жатыр екенсіз, құт­ты болсын, аға!
– Рахмет!
– Ұзын сөздің қысқасы, сізді апам екеуміз қонаққа шақырып отырмыз.
– Апаң кім?
– Апам – Қамқа. Сіз танымайсыз. «Келсін. Келген соң, неге шақыр­ға­нымды өзім айтам», – деді. Орнын өзіңіз дәлелдеп берген Орбұлақтың түбіне қанша үй тік  десеңіз, сонша үй тігіп қарсы алам. Оған жағдайым бар, аға. Достарыңыз отбасымен келсін.
Міне қызық: бір-бірін көрмеген адам  да  бір-бірін  қонаққа  шақы­ратын заман туыпты. Ақыры келістік. Келесі  дүйсенбіде Кәдірбек, Қуа­ныш­бай үшеуміз әйелдерімізді алып ауыл­ға жол тарттық. «Қайсы ауылға бара­мыз?», – деп, нақтылап сұра­ғанымда: «Жәркенттің қайсы ауылы да сіздің ауыл ғой. Іле көпірден өзім қарсы алам», – деді де, ар жағын Жұ­мағазы анықтап айтпады. Мен де тақақтамадым.
Жұмағазы айтқанындай, Іле көпірден қарсы алды. Біз екі мәшине едік, олар төрт мәшинемен келіпті: өңшең  өнерпазды іріктегені киімде­рі­нен-ақ көрініп тұр.
Аяғымыз жерге тиер-тиместен Ақжазық ауылының ақыны, Қайыр­жан інім домбырасын гулете жөнелді. Кәдірбек, Қуанышбай – үшеумізді өлеңге қосып, тәп-тәуір қошемет­теді.
– Енді тоқтамай Китіңге тартамыз, аға, – деді Жұмағазы осы арада ғана барар жеріміздің басын ашып. Қайыр­жан­ның да қарсы алғанына қа­рап, туған ауылым Ақжазыққа да ат ­басын бұратын шығармыз деп тұр­ғам. «Бұның қалай?» дегенді аңғар­тып, Жұмағазыға бағжаң етіп қара­дым.
– Мен сол арада тұрам, аға. Орманшы болып істеймін, – деді менің неге қарағанымды түсіне қойып.
Кеттік. Кеш батпай Китіңге де жеттік. Кимешек киген, жеңді камзолын түймелемей, ашық омырауын кере ұмсынған, орта бойлы кейуана бірден маған қарай жүрді.
– Амансың ба, жазушы балам?
– Аманбысыз?
Китің – тау етегіндегі тұйық ой­паң­ға орналасқан кішкене ғана ауыл. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында колхоз орталығы, одан кейін бөлімше болып, ақырында орман шаруашылығына қарап қалыпты. Кәзір үш-ақ үй отыр екен.
– Әуелі шөл басыңыздар, Ор­-
б­ұлақ­қа таңертең шығамыз, – деді Жұмағазы. – Бүгінше ән-күй тыңдап тынығыңыздар.
Шәй, шәймен бірге қуырдақ, қуырдақпен жарысып ән келді. Әнді Дәнеш ағаның ауылы Үшаралдың жігіті бастады.
– Өй, айналайын! – деді Кәдірбек ән біткенде. – Алматының әртісінен артық  айттың! Үйдің төбесін төң­керіп жібере жаздадың.
Содан кейінгі қыз одан асып түс­песе, кем соқпады.
– Әй, осы қызымнан аса қоятын әншің жоқ! – деп салды Қуаныш­бай.
Орталарында домбырашы жігіт, қобызшы қыз – бәрі бар екен. Тыңдап рахатқа баттық. Бір кезде ең шетте отырған талдырмаш қыз күлімсіреп орнынан түрегелді.
– Бұл қыз – менің құдашам. Аты – Бұлғын. Үлкенағаштан. Сізге наға­шы қарындас, – деді Жұмағазы маған айрықша таныстырып.
– Бәсе, – дедім мен де қарымта жасап. – Мұндай кескінді, келбетті қыз­дар шешемнің ауылынан шықпа­ғанда, қайдан шықсын-ау! Әдемілі­гіңе қызығып бөсіп жатырмыз, күйеуің осында отырса, құртады ғой, қызғаншақ емес пе? – дедім күліп.
– Жоқ. Мен қызғаншақпын, аға.
– Ойбай-ау, менде жоқ, менің ше­шемде жоқ мінез саған қайдан бітіп жүр?
– Сіздің де қызғаншақ екеніңізді кітәбіңізден  білем, аға. Мені алдай алмайсыз.
– Е, айналайын, өстіп ағаңның мінін бетіне басып қойшы, – деді Кәдірбек қуана құптап.
Жымиғанда жүзі жылу шашып, қыз, тегі, қырмызы гүлдей құлпырды. Назды дауысы сыбызғының сырылындай сүйкімді екен.
«Оралыңның барында ойна да күл, Ойнамаған, күлмеген не көріп­ті?», – деп әндетті Бұлғын қыз мен жаққа қулана қарап бір жымиып. Бәрі­міз улап-шулап қол соқтық.
– Бұлғынтай-ай, бұлқынтпай өлтірдің-ау! – дедім орнымнан түре­геп. – Өзің «Ойна да күл!» – дейсің, бір­ақ ойнап-күлмейсің. Алыстан арбаған сағым сияқтысың. Мені, сірә, елес ауруына ұшырататын шы­ғар­сың.
– О, ағам Бұлғынның әніне ғана емес, өзіне де қызықты, – деді Жұ­ма­ғазы мәз болып.
– Ағаңда ұят жоқ, – деді Кәдірбек те. – Қызындай қызға қызығып, Қуанышбай екеумізді ұятқа қалды­рып отыр.
– Әй, балалар! – деді кейуана сол сәт бәрімізді өзіне қаратып. – Бек­сұл­танның қылығы – нағыз жі­гіт­тің қылығы. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деген. «Ойын білмеген шешесін көтке түртіп ойнайды» деген де бар. «Аузында әзілі жоқтың қойнында қолшоқпары бар» дегені – тіпті рас. Бексұлтан Бұлғынды алам деп отыр­ған жоқ, Бұлғын оған тием деп жатқан жоқ. Екеуі сөз жарастығымен бір-біріне еркелеп, бір-бірін еркелетіп те отыр.  Қалжыңдасуың – бауырмал­дық. Жақтырмайтындар қалжыңда­майды, кекетеді. Нағашы мен жиен, жезде мен балдыз, құда мен құдаша, аға мен қарындас, іні мен әпке, ата мен келін – бәрі бір-бірімен әзілдесе береді. Ол – әріден келе жатқан әдет. Түп тамырын қаза қарасаң, кез келген қыз бен әйел кез келген еркекке құдаша болып шығады. Өйткені, қазақта бір-біріне қыз бермеген, бір-бірінен қыз алмаған ру жоқ. Қызға қызықпайтын еркек – әдемілікті бағалай білмейтін еркек.  Қыздың өзгені өзіне тартып тұратын күшін тартымдылық дейді. «Әкеңдей», «қызыңдай» деген сөз жас алшақ­тығын білдіргенмен, жан алшақты­ғын білдірмейді. Жан деген – сезім. Сезімде жас алшақтығы болмайды.
– Ойбай-ау, тән қартайғанда, жан қартаймаушы ма еді? – деді Кә­дір­бек келісе қоймай.
–  Жоқ, қартаймайды. Оны өз басымнан білем.
– Апырмай, Бексұлтанды онсыз да әзер тежеп жүр едік, енді мүлдем бас бермей кететін болды-ау! – деді  Кә­дірбек қулана кейіп. – Әй, Қуа­ныш­бай! Бұ кісі жаңа: «Өз басымнан білем», – деп қалды. Байқауымша, сол сөздің астарында қатпар-қатпар сыр жатыр. Әлі масаймай тұрғаны­мыз­да, соны тыңдап тастасақ қай­теді?
– Өте дұрыс, – дестік бәріміз.
– Қой. Қойыңдар, – деді кейуана екі қолын бірдей сілкіп. – Әңгімені өздеріңдей жазушылар айтпай, менің айтқаным ұят емес пе?
Басымызды шайқап, қолымызды сілтеп, оған келісе қоймадық. Ақыры көндірдік.
– Жарайды. Бәлсінгендей болмайын, – деді кейуана алақанымен маңдайын бір сипап.  – Әуелі Бек­сұлтанды қонаққа неге шақырға­ным­ды айтайын. Мен бір мың тоғыз жүз жиырма үшінші жылы көкек айында туыппын, – деді кейуана бә­ріміз­ді көзін сығырайта бір сүзіп шы­ғып. – Биыл тоқсан үштемін. Тоқсан үшке келген кісі өмірінде ең аз дегенде тоқсан үш рет қуанады, тоқсан үш рет қамығады. Соның көбі уақыт өте келе ұмытылады. Алайда, ұмытылмайтын нәрсе ұмытылмайды екен. Бір мың тоғыз жүз тоқсан үшін­ші жылы Нұржекені есіме түсірген бір оқиға болды.
Мен селк ете қалдым. Кәдірбек пен Қуанышбай да бетіме үреймен қарасты. Әйелім Айзаш та, Кәдір­бек­тің Қайшасы мен Қуанышбайдың Қаншайымы, үй тола отырған жастар да – бәрі тым-тырыс тына қалды. Ауыр, жайсыз әңгіме басталатындай көрінді.
– Нұржекені – мына Бексұлтан­ның әкесін – ұмытып кеткен сияқты едім. Сол жылы мен жетпіске толдым. Балалар той жасап береміз деп алашапқын болып жатқанда, «Ойбай, Ордың бұлағында той болады екен», – деген әңгіме дүңк ете қалды. «Қалмақтың елу мың қолын қазақ­тың 600-700 батыры  ор қазып соғы­сып жеңген екен, соны Ақжазық­тан шыққан Бексұлтан Нұржекеев деген жазушы дәлелдеп, соның 350 жыл­дығын мемлекет атап өтетін болыпты», – десті. «Е-е, Нұржекенің Бек­сұл­тан деген баласы бар екен-ау», –деп, сонда оны еріксіз есіме алдым. Отыз алтыншы жылы он үшке тол­ғам. Он үш дегенің – әжелеріміз бен шешелеріміздің ол заманда  күйеуге шығып жататын кезі.  Ашаршылықтан аман қалған жұрт жаңа-жаңа қоңдана бастаған. Әкем мен шешеме ілесіп Аққайқы деген жайлауға бардым. Бексұлтан біледі, Баркөрнеу  тауының батыс жақ бөктерінде. Қазақтың қымызды ауылы – қонақ үзілмейтін ауыл. Үй іші тола кісі екен, біз құсап келгендердің бір баласы сыртта тұр екен, мен де соның қасында қалдым. Ол еті тірі бала болып шықты, бірден жөнімді сұрап, екеуміз шүйіркелесе кеттік. «Жүр, бекер тұра бергенше, биебаудың басына барып саумал ішейік», – деді. Ердім. Бір әйел, бір еркек бие сауып, екі бала құлынға ие болып тұр екен. Амандастық. «Сауар көбейсін!», – деді қасымдағы бала. «Айтсын! Әй, Сәми, балаларға саумал бер», – деді бие сауып жатқан еркек. «Тостаған – Нұржекеде», – деді әлгі Сәми деген бала. Қалқан құлақ, шашы тікірейген, жазық маңдай, жайдары  жүзді бозбала бізге күлім­сіреп: «Бері келіңдер!», – деді. Келдік. Бір-бір тостаған саумал беріп тұрып: «Бұрын ішіп жүрсеңдер, ештеңе етпейді, – деді күліп. – Бірінші рет болса, іштеріңді қуып кетуі мүмкін». «Ақ ішіп үйренген қазақпыз ғой, қуа қоймас», – деді қасымдағы бала. Ол да, мен де тәуекел деп сіміріп салдық. Сол арада бие сауымы бітіп, Нұржеке мен Сәми қасымызға келді. Екеуі әрі ағайын, әрі дос, әрі құрдас, биыл он беске толыпты. Сәми – ақ сары, Нұржеке – қара торы. Кісіге күлімсі­реп қарайды, күлімсіреп сөйлейді. Жүзі қандай жылы болса, сөзі де сондай жылы. Биебаудан ұзап, беткейге қарай бара жатқанымызда, қасымдағы бала мен Сәми алдыға озып, Нұржеке екеуміз соңдарында қалдық. Сонда Нұржеке: «Мен үлкей­генде сен сияқты жымиып жүретін әйел алам. Жымиып жүрген адам – жақсы адам», – деді маған күлімсірей қарап. Онысы маған «сені алам» дегендей әсер етті. Себебі, соны айтқан­да, өр жақта тұрған ол қолымнан тар­тып,  қасына шығарып алды. Және бетіме біртүрлі  іш тарта қарады. Басқа ештеңе айтқан жоқ. Содан қайтып бір-бірімізді көрмедік. Бірақ әлі жолығармыз, сонда Нұржеке әлгі сөзін анықтап айтар деген үміт пе, дәме ме, бір нәрсе ішімде үнемі жүрді. Отыз тоғызыншы жылы ол он сегізге, мен он алтыға толдым. Жазда Нұр­жеке Әзіханға үйленіпті дегенді естідім. Әзіхан – біздің ауылдың қызы, әйгілі Байсақал болыс пен Көмекбай бидің немересі, әкесі – Нұрбек. Маған рулас әпкем, Нұрже­кеден де үлкен. Күйеуге тиген, күйеуін шекарада әлдекімдер атып кеткен болатын. «Таңдаған қызын ала алатын жігіттің қатын алғаны несі?», – деген таңданысты әркім-ақ айтты. Алайда, Әзіхан әпкеміз қызға бергісіз әдемі еді. Ақ құба, ат жақты, жазық маңдай, жайнаң көз, нағыз көріктінің өзі болатын. Жараған аттай жайтаң қағып, кейпі көптің ішінде  көрнеу тұратын келісті бойжеткен болатын. Әйткенмен, Нұржеке маған айтқанын орындады: жымиып жүретін әпкемді алды. Әдемі жігіттің әдемі әпкемді таңдағанына түк те таң қалмадым. Сол екеуінің баласы жазушы болыпты дегенді естіп, қыз кезімді еріксіз еске алдым. Бексұлтанның биыл жетпіс беске келгенін Жұмағазы гә­зет­тен оқыпты. «Қанша бәлен дегенмен, қимайды екен көзкөрген», – деген өлең бар қазақта. Көз көрген әпкем мен Нұржекенің баласын көргім келді. «Шақыр! – дедім Жұ­мағазыға. – Қанша жазушы досы болса, соншасын алып  келсін. Бексұлтанның мендей шешесі, сендей інісі, ел-жұрты бар екенін көр­сін!». Бұл шақырысымыздың мән-жайы – осы. Ал енді тамақ алыңдар.
Көзіме лықсыған жасты төгіп алмайын дегендей, орнымнан баяу түрегелдім. Менен бұрын Айзаш жетіп, кейуананы құшақтай алды. Адасып табысқан шеше мен баладай үшеуміз құшақ  жаза алмай шұрқы­рас­тық.  Жастар қол соғып, қоше­меттеп жатты.
– Көрмеген, білмеген шешелерің­ді таптыңдар. Құтты болсын! – десті Кәдірбек пен Қуанышбай Айзаш екеумізді құшақтап. Қайша мен Қан­шайым Қамқа шешемізді бетінен сүйіп, бауырларына басып жатты.
– Ал ағалар! – деді Жұмағазы апа­сын иығынан сипап тұрып:  – Осы сүйісу мен құшақтасудың бә­ріне қозғау салған Бұлғын қызда­рыңыз тағы бір ән салып жіберсін.
Отырдық. Бұлғынның әнінен кейін ет келді. Етке бет қойып жат­қа­нымызда, тағы Кәдірбек тыныш
отыра алмады.
– Ал Жұмағазы, апаң бір әңгі­ме­сін баяндап бітті. Жай біткен жоқ, мына жаман ағаларың мен жаман жеңгелеріңді жылатып барып бітті. Ен­ді жан қартаймайтынын қалайша өз басынан білетінін айтып тастасын.
– Айтам. Айтам, – деді Қамқа ше­шеміз күліп. – Өткенді еске алам деп, жасарып қалғандай қуанып
отырмын.
– Айта беріңіз. Аузымыз – дәмде, құлағымыз – әңгімеде, – деді Қуа­ныш­бай  бәріміз үшін жауап қатып.
– Сол жылы қыс ерте түсті-ау дей­мін. Әке-шешем қалқоздың қойын бағып, Баркөрнеу тауының етегіндегі Орта Қарағайлы деген қыстауда отырғамыз. Киіз үйдің сырт іргесін шомдап, ішкі іргесін шимен, құрақ көрпемен қомдап, қолдан келгенше қамзаулап алғанбыз. Май­шам­ның жарығында кешкі тамаққа отыра бергенімізде, сырттан ат тұяғының тысыры естілді. Бұл кім дегендей, әкем мен шешем бірінің бетіне бірі таңырқай қарады. Екі інім ғана та­бақтан бас алмай, көжесін сорпылдатып жатты. Әкем  орнынан түре­гел­ді де, үн-түнсіз шығып кетті. Есік жалп етіп жабылғанда, майшам да жалп етіп өшіп қалды.
– Қап, құдай-ай! – деп, қараңғыда апам орнынан кейи түрегелді. Орта­дағы қазан-ошақтан бір шаланы алды да, майшамды қайта сығырайт­ты. Әкем үйге әлдекімді сүйемелдеп кіргізді. Әлгі кісі майшамның қасы­нан өткенде, қалқасынан үйдің іші қап-қараңғы болып қалды. Кім де болса алпамсадай дәу біреу. Ол адам тамақ ішпек тұрмақ, бойын тіктеп отыра да алмады, тек тістеніп ыңы­рана берді.
– Атқан аңы бар екен, – деді әкем шешеме сыбырлап. – Соны көтеріп келе жатып, бұлақтың тоспасына құлап қалыпты. Қамқа өлі мен тірінің арасында жатқанда, бір тауешкі атып әкеліп бермеп пе еді баяғыда?
–  Иә-иә, – деді шешем өзім де білетін нәрсені айта берме дегенді аңғартып.
Ол осы өңірге әйгілі аңшы, атақ­ты Мұқыш мерген болатын.
Сонымен қойшы, әкем мен шешем аңшы жігітті екеулеп тыр­жа­лаңаш шешіндірді де, үстіне әкемнің та­за жейде-дамбалын кигізіп, жан-жағын  жылы қымтап іргеге жатқы­зып қойды.
Әкемді  азық сақтайтын шоша­лаға жіберді де, екі інім мен мені шешем қар­сы іргеге жатқызды.
Апам бір кезде ошаққа отын тас­тап, май шыжғырды да, ағаш қасық­пен аурудың аузына аз-аздап тамызып көрді. «Ірге жағынан келіп басын көтерші!», – деді маған жеки бұйы­рып. Айтқанын істеп болған соң, орныма барып қайта жатып қалғам. Сірә, түн жарымнан ауып кеткен кез болар, апам мені бетімнен сипап оятты:
– Пана іздеп келген байғұсты үйімізде өлтіріп алмайық, тұршы!
«Өлтіріп алмайық» дегені өне бойымды түршіктіріп, ұйқым шайдай ашылып кетті. Шешем құшақта­ды да, маңдайымнан сүйді. Дәп мені құрбандыққа шалғалы жатқан сияқты.
– Апа, не істегелі жүрсің?
– Қорықпа. Бұрынғылардан бір ем естігенім бар еді, соны істегелі тұрмын. Өйтпесем, мына байғұстың өліп кететін түрі бар. Ана құмандағы сумен дәретіңді алшы! Тез!
– Не үшін?
– Тазалық үшін. Бол енді!
Босаға жаққа барып дәрет алдым. Апам үстіме өзінің ұзын шапанын жапты да: «Енді шешін», – деді күнде естіп жүрген жұмсақ даусымен.
Сонан соң шалқасынан жатқан жігітті менің көзімше тыржалаңаш шешіндірді. Құмандағы жылы суды орамалға құйып, сығып-сығып алды да, аңшының төсін, омырауын, кін­ді­гін, сан жағын – бәрін ыждағат­пен ысқылай сүртіп шықты. Мен төменгі ішкиімімді ғана қалдырып, қасында тұрғам. Жалт қарады да:
– Оны да! – деді жекіп. Неге өйтетінімді түсінбей, бетіне үрейлене қарап ем, – Бол! – деді бұрқ ашуланып. Содан кейін қолымен ымдап: – Үстіне етбетіңмен жат, – деді кәдімгі бір үйреншікті жұмысқа жұмсап жатқандай.
– Жатпаймын! – дедім жұлқы­нып. – Өзің жат!
– Менің жатқаным ем болмайды, пәк қыз ғана жатуы керек. Жігіттің  бойындағы қуатты тек қыз ғана оята алады. Бір адамды өлімнен алып қалсаң, құдай сенің жолыңды өмірбақи оңдап жүреді. Бол, қызым! Осы адамды өлтірмеймін, аман алып қаламын деген ниетпен шошымай, жиіркенбей жат. Тоғыз жасыңда есің кіресілі-шығасылы ауырып жат­қаныңда, аң атып әкеліп, бұл да сені ажалдан құтқарып қалған.
– Білем. Мың рет айтқансың, – дедім мен де жекіңкіреп.
Апам итермелеп әкеліп еркектің үстіне әдепсіздеу жатқызды. Жігіттің жаны оған дейін-ақ шығып кеткен секілденді, өйткені өне бойы тап-тастай екен. Тітіркенгенімнен, қайта тұрып кете жаздадым.
– Енді қозғалмай құшақтап жат! – деді шешем үстіме көрпе жауып жатып.
Жігітке жан кіргіземін деп жатып, өзімнің жаным шығып кеткен секілденді. Миым да, денем де мұз болып қалғандай. Күнгейде жатқан жалпақ таспен талай ойнағамыз. Аспан ашықта аяқ-қолымызды күй­діріп жібере жаздаса, күн бұлыңғырда аяқ-қолымызды қарып, ызғар шаша қалатын. Жігіттің денесі тап сол бұлыңғыр күннің тасындай еді. Ет пен терім  тыжырынса да, салмағым екі денені бір-біріне жабыстырып жіберді.
Оның денесі қайсы, менікі қайсы, ажырата алмай біраз жаттым. Бір уақытта қалғып  бара жатыр екем, кеуде тұсым бүлк ете қалды. Оныкі ме, менікі ме, бүлк еткен дене кімдікі екенін анық білмеймін. Сөйтіп жатқанда, сан жағым да бүлк ете түсті. Тағы қайтер екен деп, сақтық­пен-ақ күтіп жатқам. Бір заматта екі дененің арасын жылбысқа желім секілді бірдеме жыбыр-жыбыр көктеп тігіп жатқандай сезілді. Бірігіп, кірігіп бара жатқан денемді дереу ажыратып алғым келді де, ақырын басымды көтермек болдым. Төс етім жігіттің кеудесін тесіп өтіп кеткен бе, кеудемді көтерсем, оның да кеудесі бірге ілесетін тәрізді, көтере алмадым: зіл батпан. Қыбыр-жыбыр етіп жатқан, бәлкім, оныкі емес, өз денем шығар, ажырата алмадым. Ақыры сөйтіп жатып, шаршаған болуым керек, қатты ұйықтап кетіппін. Апам арқамнан қаққанда, таң сібірлеп атып келе жатты.
Сол сәт анық байқадым: аңшы­ның бұғағы қайнардың әлсіз көпір­ші­гінше лып-лып ете қалды. Оны ажал­дан арашалап қалғанымды сон­да түсіндім.
– Бар  төсегіңе! – деді апам қат­қыл үнмен. Ұйқылы ояу шұбалаң түре­гел­дім. – Киін тез! – деді тап бір осының бәрін ол емес, мен ойлап тапқандай.
– Әкеме айтам бәрін! – дедім он­ың осал жерін дәл таптым деп ойлап.
– Айт. Айтсаң, әкең осыған қоса салады сені.
Ол да менің осал жерімді іздеп, сірә, шошытпақ болды, ал, шынды­ғында, ойда жоқты ойыма салды.
–  Қосса, қоса берсін. Қосылмаған несі қалды?
–  Тәйт! Тілің кесілгір! Тағы бірдеме деші, тіліңді кесіп алам!
Шешем желкемнен бір түйіп қал­ды. Оны ашуландырғаным кегімді қайтарғаным секілденді. Сол сенім­мен екі інімнің ірге жағына барып қисая кеттім.
Осы күні ойлап қарасам, өшіп бара жатқан отты қайта тұтатып дағ­ды­л­анған  қазақ өліп бара жатқан адамды да сол әдіспен қайта тірілтуге тырысқан.
– Ә, құдай, беті бері қарады бі­лем, – деді апам естірте күрсініп.
Таң атқанда жігіт тілге келді.
Сы-ыу, – деді кеберсіген ернін жалап.
Айтып-айтпай не керек, қыздың құдіреті өліп бара жатқан еркекті қай­та тірілте алатынына сонда көзім жетті.
– Апырмай, ә?
– Сонымен әлгі жігіт үйіне үн-түнсіз кетті де қалды ма? – тағы Кәдірбек тақақтады.
– Е-е, «Жаман сырын айтам деп, шынын айтыпты» деген осы. Ол ақыры мені алып тынды.
– Ал ендеше! Біліп ем-ау, бәсе. Әңгіменің қызығына енді келдік. Қалай алды?
Оп-оңай тие салдыңыз ба?
– Апам сілтеді ме, әлде өзі сөйтті ме, үйіне кетер күні қой қора жақты тазалап жүр едім, ақырын басып қасыма келді. Мен байқамағансып кетіп бара жатыр едім, қолымнан шап берді.
– Бетіме тура қарашы! – деді өзіне қарай тартып. Жалт қараға­нымда, – Маған ти! – деді бауырына қысып. – Сен мені ажалдан алып қалдың, енді мен соның есесін өле-өлгенімше өтеп өтейін! Бір түн бойы менің қойнымда жатып, енді қалайша басқа біреудің қойнына барып жата­сың?
Ойбай, ештеңе болған жоқ қой, құры жаттым ғой, – дедім бұлқы­нып.
– Қалайша ештеңе болған жоқ? Ештеңе болмаса, мен, немене, өз-өзімнен тіріліп кетіппін бе? Енді сен тағы бір еркекті тірілте алмайсың, сондықтан еш еркек дәл мендей сені жақсы көре алмайды; өзіңді жақсы көр­генге тимегенде, енді кімге тимек­сің?
– Әкем ти деген кісіге тием, – деп­­пін сасқанымнан тезірек құтыл­ғым кеп.
Кейін ойласам, тұтылғаным да сол сөзден болса керек. Неге өйдеге­німді өзім де білмеймін. Бірақ бір күн бұрын шәй ішіп отырғанда байқағам: аңшының шашы, қасы, көзі, мұрты – бәрі қап-қара. Соның бәрі ақ құба жүзіне әдемі жарасады. «Менің де күйеуім дәп осындай әдемі болса-ау!», – деген бір ой сонда басыма сап ете қалған. Сірә, сол ойдың да бір әс­ері тиді-ау деймін. Алайда, дәл осыған тисем-ау деген ойым болма­ған. Бірақ ол маған: «Қарызыңды қашан қайтарасың?», – деген кісіше тесіле қадалған. Қызға ол заманда жақсы күйеуге тию – үлкен бақыт. Бақытты болғым келген шығар, кім біледі?! Бұл өңірде ондай атақты адам жоғы басымды айналдырып жіберді ме, білмеймін.
Әкем ештеме демеді, тек шешем: «Шынымен тигің келе ме?», – дегенде, мен басымды изедім. Құдайдың құдіретіне қарасаңшы: Нұржеке де өзінен үлкен, бұрын күйеуге тиген әйелді алса, мен де өзімнен үлкен, бұрыннан әйелі бар кісіге шықтым.
– Е-е, шалыңыз шал-ақ екен? – деді Кәдірбек, бәрімізді бір жымитып.
– Иә, дұрыс айтасың: шалым шал-ақ болатын.
– Мен мына тоқсан үшке соның арқасында келіп отырмын. Өйткені, оның көңіліме қаяу салған бірде-бір күні, бірде-бір сағаты, сағатың не, құдай-ау, бір минөті де болған емес. Сексен жетіге келгенінше өмірдің де, өзінің де қызығын мол көрсетті. Өте сирек болса да  «Жаным!» деп қоятыны болушы еді. «Адамның Жаны жанында жату керек қой!», – дейтін еркелетіп.
– Апырмай, жарықтықтың моторы бар болды-ау, ә?! – деді Кәдірбек өзі де күліп, бізді де күлдіріп. Кейуана да құптай күмілжіді.
– Ой, жынды! – деді Қайша күйеуіне жазғыра қарап.
– «Екі қатын алғанның дауы үйінде» деген бір сөз бар ғой, ол жағы қалай болды?», – дедім мен де қарап қалмай.
– Алғашқыда абысыным ептеп пендешілік жасады. Күйеу оныкі, екі ортаға қыстырылып отырған ол емес, мен. Алайда, ешбір қыз ешбір еркекке өзі барып: «Сен мені ал!», – демейді. «Алам» деген – күйеуі, кінәлі – сол. Соның бәрін ойлаған болар, ойлай келе гәптің менде емес, күйеуінде екенін ұққан да шығар. Оның үстіне, ештеңеден қағылмағанына, бұрын­ғы­дай бала да бағулы, қатын да қағу­лы екеніне көзі жеткен соң, күңкіл-сүңкілді қойып, менімен сыр­­­лас-мұңдас болып кеттік. О кісі де сексен жетіге жетіп дүние салды.
Әңгіменің тым ішкіл жағдайға ойысып бара жатқанын байқап, Жұмағазы сақтаныс жасады:
– Апа, қонақтарды тамақтың орнына, әңгімеге тойдырдыңыз ғой?
– Сөйттім бе? Онда қояйын.
– Жо-жо, Жұмағазы, оның болмайды. Біз, Қуанышбай екеуміз, өмір бойы гәзет-жұрналда қызмет істеген адамбыз. Сондықтан әр әңгіменің түбіне жетпей тоқтамаймыз. Енді мынаны айтыңызшы: сондай сұмдық еркекке екеуіңізден басқа әйел баласы қызықпаған ба? Екі әйелі бар еркекке өкімет қалай қарады?
Кәдірбек бәріміздің көкейіміз­де­гіні сұрады.
– Құдай-ау, күйеуімнің құпиясын қайтіп айтам? Кінәсін де, күнәсін де күні бүгінге дейін бір пендеге жайып көрген адам емеспін. Жалпы, менің өз ойымша, бала-шағасының қамын ой­лаған еркек алдымен сол бала-ша­ға­сының шешесін, әйелінің қамын жеуі керек. Біздің шал сондай шал болды марқұм. Баланың бәрі соның ықпалымен өсті.
Қырқыншы жылы тұңғышымды тудым, ұзамай соғыс басталды. Екін­ші ұлымды әкесі әскерге кеткен соң, қырық екінші жылдың күзінде тудым. Шалым әскерден ерте оралды. Оң қолын иық түбінен оқ жұлып кетіп, шолақ боп қайтты. Қалқозда ол кезде еркек аз, әйел көп. Шалым көп ұзамай басқарма боп сайланды. Өзі де аң қуып, тау-тасты кезіп үй­рен­ген адам, бастық болған соң, апталап үй көрмей кететін. Сол арада бір қыз туып алғам, әлгіні марқұм өлердей жақсы көрді. «Бақшамдағы гүлім ғой! Шешесіне ұқсаған бәй­ше­шегім ғой!», – деп, оны да, мені де қо­сарлай еркелететін. Қырық жетін­ші жылы көктемде ауыл кеңестің хатшысы болып бір әйел келді. Күйеуі соғыстан қайтпапты, ауылы Жәр­кент­­тің ар жағындағы Алмалыдан екен. Көлігі ат пен арба ғана болған ол заманда екі ара әжептәуір алыс. Ол әйелді бір басқосуда алысырақтан көрдім. Кербез, кергіген, көрікті-ақ әйел. Беті қауызын ажыратқан бидайдай. Шашы мықынына түседі, нағыз қолаң шаш. Тоқпақтай-тоқпақтай қос өрім. Ұшына шолпы іспетті үш қара бақыр байлап қойып­ты. Киімі жұпыны. Аппақ жүзі мен қап-қара шашы түн мен күнше тайталасып, кісінің көзін еріксіз қара­тады. Бір күні абысыным мән бер­ме­генсіп қана күйеуіміз бен сол әйел жайлы бір әңгіме айтты, мен де мән бермегенсіп қана тыңдадым. Алайда, оңашада ұзақ ойландым: қайткенім дұрыс? Әйелдің сұлулығын мойында­ғаныммен, шалымның оған өліп-өшіп  ынтыға қалғанына күмәнден­дім. Себебі: күйеуімнің үйге кел­ген­дегі, жанымда жатқандағы бар­лық қылы­ғы баяғыдай. «Сонда қалай болғаны? – деймін ғой өзіме-өзім сұрақ қойып. – Менің шалым ол әйелге қызығып жүр ме, әлде ол әйел менің шалыма қызығып жүр ме? «Сұлу әйел саған неге қызығады?», – деп сөгем бе шалымды? Әлде, сондай шалға ие болып жүргеніме шүкір деймін бе?».
Арада біраз уақыт өткенде абысыным әлгі әңгімесін тағы тамызық­тады: әлгі әйел шалымыз екеуі аудан­ға барып, ерлі-байлыша бірге жүреді екен, бір жерге қонады екен.
– Үйге келгенде бізді ұрсып жатса, бір сәрі. Баяғысынша келіп жүр, балаларын көріп жүр, жанымызға жа­тып жүр, енді оған үйден шықпа дей­міз бе? – деп ем, абысыным үндемей ойланып қалды.
– Рас-ау, – деді сәлден соң сөзімді мойындап.
– О кісіні неге абысыным дейсіз, күндесіңіз емес пе?
– Күндестігі жоқ, әпкемдей адамды олай айтуға аузым бармады. «Абы­сын» дегенімді өзі де ұнататын еді марқұм.
– Не боса соны сұрап, Кәдірбек сөзді бөле берді, әлгі сұлу әйелдің соңы не болды? – деді Қуанышбай.
– Шынымды айтсам, шалым екеуінің қай межеге дейін барып-қайтқанын білмеймін, білгім де келген емес, сондықтан  айта алмаймын. Бірақ ол әйел көресіні көрсетті шалыма. «Екі әйел алған. Азғын жол­ға түскен. Ел басқаруға лайық­сыз», – деп, үстінен ауданға арыз түсіріпті. Бір жігіт келіп, абысыным екеумізді әбден тергеді. Барын барынша, жо­ғын жоғынша айтып бердік. Ақыры шалым дос-жарандарымен ақыл­дасты да, өзі арыз беріп орнынан түс­ті. Мың тоғыз жүз қырық сегізінші жылдың 27 ағұсында құлқын сәріде үш сиыр, он екі қойымызды алдыға сап, Қоғалыға қарай қаштық. Атты, түйені достары тауып берді. Шаған деген таудың қасындағы Қаспан деген ауылды паналадық. Бастық боп біраз шалқыған шалым бір күнде-ақ өз малын ғана баққан біреу боп шыға келді. Сонда барған соң үш күннен кейін мен босандым ақылдылығын да, адалдығын да абысыным сонда көрсетті. Обалы не керек, дәп бір келінімдей күтті. Екі үйдің тамағын да жасады, екі үйдің бала-шағасына да қарады. Қолынан іс келетін адамды іс білетін адам бірден таниды білем, сол ауылдың Сарқыт деген басқармасы: «Мал шаруашылығын басқарып беріңізші!», – деп шалыма, әй, әбден-ақ жабысты. «Мен балажан адаммын, – деді шалым. – Балаларымды күнде көріп, күнде қасында жүрмесем, жынданып кетем. Шын маған жаның ашыса, бағуға бір отар қой бер. Қатын-балам қасымда, таңертең  үйімнен шығайын, кеш­тетіп үйіме оралайын», – деді. Сылтауратып, мансап алғысы келмей отыр­ғанын сездім.
Әзілі ме, кекесіні ме дегендей, Сарқыт шалыма біртүрлі сенімсіздеу қарады.
– Шын айтасыз ба?
– Шын айтам.
Сонымен, шалым қойшы болды. Тамақтан, киімнен бала-шағасын да, екі әйелін де ешқашан қыжалат қылмады. Сөйтіп жүргенде, балаларымыз ержетіп, енді малды солар бақты, атақ-абыройын шалым алды. Орден тақты, озат шопан атанды, бір адам көретін қызықты көрді-ақ. Міне, сөйтіп басында маған қызық­қан шалым ақыры мені өзіне қы­зықтырып барып дүниеден озды.
– Әңгімеңізге рахмет! Бірақ сіз кейбір жағдайды күңгірт қайырып кеттіңіз, – деді Кәдірбек кәдімгі айыптаушы адамдай әр сөзін нығарлап. –  Абысыныңыздың балалары мен сіздің балаларыңыздың, өзіңіздің қарым-қатынастарыңыз қалай болды, соны айтпадыңыз.
– Иә, айтпадым. Отағасының тұңғышы ұл еді, менен бір жас үлкен, он жетіде. Сол ұлдың бір сөзі жүре­гім­ді зырқ еткізді. Әкесіне менің көзім­ше: «Бұ кісіні қарындас дейін бе, шеше дейін бе?», – деп салды. Отағасы ашуланбады. «Дұрыс сұрадың, – деді күліп. – Біз саған өйт-бүйт демей-ақ қояйық, не деріңді өзің таңда, «шеше» дегенді ұнатсаң, «шеше» де, «қарындас» дегенді ұнатсаң, «қарындас» де. «Неге олай дейсің?», – десе, елге жауапты өзің берерсің».
Содан кейін көпке дейін ол бала маған үндемей жүрді. Қайтер екен деп, мен де үндемей күттім. Қоржын үйдің ортаңғысы – асүй күндіз тамақты сонда ішеміз де, түнде балаларды жатқызамыз. Бір күні есік алдын тазаладым. Жақсы әйел атанғым келген болу керек. Дәл есіктің қарсысында үш-төрт қадам жерде, шеті көрініп бір қара тас жататын. Абысынымның кішкентай қызы бар. Әлгі тасқа сүрінсе, сөз жоқ, оңбай жарақат алады. Тастың айналасын ептеп қазып көріп едім, түбі дөңкиіп шыға келді. Ары-бері ырғап, қозғалта алмадым. Екінші ұл  көмектесіп еді, оның да әлі келмеді, «Әлгі тұңғышты шақырсаңшы!», – дедім оған. Ол бар даусымен айқайлап: «Әй, Тұңғыш! Әй, Тұңғыш!», – деп қуланды. Үйден шыққан ұлға: «Мына бір немеге шамамыз жетпей жатыр», – дедім қара тасты нұсқап. Қара тасты бар күшімен қымқыра ырғап босатты да, Тұңғыш оны ышқына көтеріп жерден жұлып алды. «Алысыраққа апарып тасташы, мына кішкентайлар жығылып қа­лар», – дедім алғаш рет оны жұмсап. Содан кейін бәріміз оны «Тұңғыш» деп кеттік. Бірақ  не керек, Құдай оған ғұмыр бермеді. Қырық бірінші жылы алдыңғылардың бірі болып майданға аттанды да, содан хат-хабарсыз қалдық. Оның соңынан іле-шала кеткен әкесі оралды да, соған шүкір дедік.
– Мына Жұмағазы сол Тұңғы­шыңыз­дың  ұлы ма? – деп, Қуа­ныш­бай өз жорамалын жасап үлгерді.
Е, жоға. Абысынымның екінші ұлы менен екі жас кіші еді. Оны «Кішкенем» деуші ем. Әзілкеш еді. «Мен кішкене ұлмын, сен кішкене шешесің», – деп күлетін. Тұңғыштан бала сүйе алмай арманда қалған отағасы Кішкенемді майданнан келген бойда үйлендірді. Келінінің айы-күні жетіп отырғанда, Кішкенем  майданға кетті де, ұзамай келін ұл туды. Төрт көзіміз түгел отырғанда отағасы: «Мына кішкентай балапанды сен бауырыңа салып ал», – деді маған бұйыра иек қағып. Ешкім, келін де күңк етпеді. Мейір дегенді құдай бере ме, адам бере ме, білмеймін, әлгі ұлға мейірімім түскені сондай, бір апта бауырыма басып жүрген соң, емшегімнен сүт шығып кетті. Орынбасар деп немересінің атын отағасы өзі қойды. Қысқасы, сол Орынбасарымның мың тоғыз жүз сексен төртінші жылы туған ұлы – осы Жұмағазым. Шал екеуміз өз атымызға жазып алғамыз.
– Нағыз ана екенсіз! – деді менің әйелім аса риза болып.
– Ал Жұмағазы, толтыра құйшы анауыңды! – деді Кәдірбек рөмкесін жоғары көтеріп.
Қуанышбай екеуміз де рөмкемізді қолға алдық. Аналық мейірге бәріміз бас идік.
– Ал, балаларым, енді асқа бет бұрайық! – деді  кейуана  әңгімем бітті дегенді аңғартып.
– Тұра тұрыңыз! – деді Қуаныш­бай бәрімізді жалт қаратып. – Мына Жұмағазының  Кішкенеңіз­ден қал­ған тұяқ екенін айттыңыз да, оның ше­шесі – келініңіз жайында ештеңе айтпадыңыз ғой?
– Иә, айтпадым. Айта берсең, әңгіме көп қой. Анау шетте отырған сары баланы көрдіңдер ме? Сол – Жұмашымның барлық шаруасын бітіріп жүрген інісі. Осы дастарқан үстіндегі нан-тұз, ет-майдың бәрі – соның еңбегі. Абысыным екеумізден тараған отағасының ұл-қыздары, Құдайға шүкір, кәзір Қазақстанның алты облысында қызмет жасап жүр. Орынбасарымды бауырыма басып алған соң, бес жылдан кейін абысыным екеуміз оның шешесін өз қызы­мыздай ұзаттық. Шежін деген жерде, әйгілі Әбілхан Қастеевтің ауылында үйлі-баранды болып отыр. Үш қыз, екі ұлы бізбен араласып тұрады. Сыйластық адамды біріктіреді, күншілдік алыстатады. Біз, әйтеуір, бірігіп жүріп бұл дәрежеге жеттік. Біздің тарих осылай, шырақтарым!
– Е-е-е! – деп әуендетіп мен де ризалығымды аңғарттым. Мұндай адамдар жер бетінде жоқ деп жоқтау айтып жүргенімізде, сондай адамға ойда жоқта ұшырасқаныма әрі қуандым, әрі таңдандым. – Туған балаңыз бен теліген балаңыздың бір-бірінен ешқандай айырмасы жоқ па сіз үшін?
– Жоқ. Менің де білмейтінім көп қой, балалар. Сендердің де білмей­тіндерің бар шығар. Менің, әйтеуір, бір анық білетінім: титтейінен аға­йын-туыс, нағашы-бөлелеріне ба­рып-келіп араласып өскен бала есей­генде де ел-жұртты, ешкімді жат­сынбайтын көпшіл болады. Ал өз әкесі мен шешесінен басқаны көрмей-білмей өскен бала ержеткенде де бас­қаларды жатырқап тұратын өзім­шіл келеді.
– Оныңыз рас. Талай рас нәрсені ақтарып-төңкеріп айттыңыз. Алайда, сіз аса күрделі, түсіне қою тым қиын адам екенсіз, – деді Қуанышбай күтпеген жерде күтпеген сөз айтып. Ежелгі, есте жоқ ерте кездерден кез­дейсоқ сақталып қалған адам сияқтысыз. Біріншіден, бүгінгі жастарға сіздей бол, өзіңнен үлкенге ти деп те, өз еркіңмен екінші әйел бол деп те үлгі ете алмаймыз. Екіншіден, қандай жағдайда да, тіпті заңға қайшы келгенде де, сыйласа білудің үлкен бақыт екенін сіз бүкіл өміріңіз­бен дәлелдеп отырсыз. Сіздің басты үлгіңіз – осы. Абай атамыздың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», – дейтіні бар еді, сіз соны жүзеге асырған адам екенсіз.
Қуанышбайдың сөзі өз сезіміме үстеме болды-ау деймін.
– Келіңізші! – дедім кейуанаға қарай құшақ жая түрегеп. – Құшағым жеткенше құшақтайын!
Құшағын ашып, кейуана да орнынан тұрды. Үйдегілер түгел үдере түрегелді. Әз сезімнің боса­ғасы іс­пет­ті екі білек бір кезде мені қапсыра бауырына тартты. Бетім бетіне тигенде ғана кейуананың көз жасы тө­гіліп тұрғанын сездім. Мейірімге зәру өне бойым иіп қоя берді. Кей­уана­ның қылығы кейде бағы жанып, кейде бағы қайтқан ата-бабамызды еске түсірді ме, әлде бақытты болмақ тұрмақ, бақытсыз да өмір сүріп үлгер­меген әке-шешемді ме, әлдебір көміп өткен сезімнің әсерінен төгіліп кеткен  көз жасымды тыя алмадым. Жұртқа онымды онша байқатпай Қуа­нышбай құтқарып кетті.
– Сіз үшін! – деді үні де, қолы да қалтырап.
– Иә, сіз үшін! – дедік, біріміз жымия күліп, біріміз көзімізді сүртіп тұрып.
Бәріміз аспаннан аласа, жерден биік әлдебір кеңістікке көтеріліп кеткендей сезіндік. Сол күйді бізге сыйлаған – бір ғана кейуананың әңгімесі. Қуанышбайша айтқанда, оның үлгі етуге болмайтын тағды­ры.

ПІКІРЛЕР1
Гүлбану 06.07.2017 | 17:27

Керемет шығарма екен. Шынында да үлгі етуге болмай тын үлгілі тағдыр иесі. Əдеби кейіпкер болса да шынайы адам болса да тек қазақ халқына тән адами болмыс ,кең пейіл, қамқорлық және ерлік көріп толқып оқыдым. Жазушының басқа да шығармаларын қызыға оқығанмын. Бұл да керемет жазылған. Рақмет айтам. Табыс тілеймін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір