ЖЫРШЫЛЫҚҚА САУҒА
Неге екенін қайдам, осы кісінің өнерін тамашалап жүргеніме біршама уақыт өткеннен кейін «сауға» сөзі ойыма сап етті. Арашаның бір түрі осы ма деп ойладым. Ақиқаты сол, бұл сөздің тура мағынасынан гөрі, ауыспалы мағынасымен айтпақ болған оймен төркіндес екен. Сауға. Жырға емес, жырауға емес, жыршыға, жыршылыққа сауға, ағайын. Халқымыз жырға бай, жырауы көп ел. Және жыр мен жырау өткеніміз емес. Біз осы күні жыршыны жоғалтып алған жоқпыз ба? Жыршы бар ма, қазір? Анда-санда, ілуде біреу кездесіп қалғаны болмаса, қатарымыздан қалғаны ақиқат. Сол ілуде біреудің «сойылын соғып» жүргеніміз де шамалы.
Даниял Әсенов. Жыршы. Абайдың қай шығармасын қалайсыз? Шәкәрім дастандарын тыңдауға уақытыңыз бар ма? Әлде сіздің ортаңыз үшін М.Арынның «Бес анығы» керек шығар? Жоқ лиро-эпостық, әлде батырлар жырын естігіңіз келе ме? Бәрі бар. Даниял Әсеновті Кереку өңірі жақсы таниды десем, шолақ қайырғандай болам. Бұл есімді естіген сәтте, Қазақстанның батысындағы оралдық, ақтөбелік зиялы қауым елең етері сөзсіз. Ал Астанада Даниял жыршы жыр сүйер қауымның қолдауымен жиырма бес қазақ мектебін аралап, жыр оқығаны кеше ғана-тын. Астана төріндегі М.Жолдасбеков ағамыздың мұрындық болуымен Президент мәдениет орталығында, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ әкімшілігінің ұйымдастыруымен өткізген кештерде де өзін ерекше сезінгені бар еді. Шығысым Абай бабамның 150 жылдық мерейтойында таныды. Ал Ресейдің Сібір өңірі мен Түркияның алып қалаларының (Анкара, Анталья, Стамбул) қазақтары аңсайтындарын жасырмай, іздеп жүреді. Даниял жыршы ақы сұрамайды. Сөзді ұғар орта іздейді. Бір болса, осы филолог мамандар ұғар деп, студенттерге келеді. Қанаттанып алғаны соншалық, моноспектакль жасап, халық алдына шығады. Ол жерде Абай боп толғанады. Барын байыта түседі. Мүдірмейді.
Әрі-беріден соң мәселе біз танып, танымайтын азамат жайлы емес, біз ұмытпауға тиіс, қазақтың қазақ екенін білдірер өнер жайлы. Даниял Әсенов бір жолыққанымызда: «Інім, қалай ойлайсың, жыр бізге керек пе? Жырды тыңдайтын орта бар ма?», – деп мұңая сұрады. Әп-сәтте үндей алмасам да, сөзімді: «Неге керек емес? Қажетті дүниенің жүгін көтеріп жүрген сізге әлі де болса ризашылық айтылар!», – дегеннен ары аса алмадым. Ағам іштей жылап тұр еді. Ағамның көзінен қазағының өнеріне деген қимастықты танып едім.
Расы солай ма? Солай-ау, шамасы. М.Әуезов жалпы қазақ жырларын қазақтың інжу-маржаны деп бағалағанында, С.Мұқанов жатқа айтқанында, Абай ауылына «жыршы келіпті» дегенде, бала-шаға, кәрі-құртаңы таңды таңға ұрып, тыңдағанында, Мәшһүр Жүсіп сөз салмағын арттырғанында осы жырларға арқа сүйегенін қалайша ұмыттық?! Ал бүгін ше? Қырғыз көршімізде жыр біреу, бірақ халықтық. Оның қарты немересі мектеп табалдырығын аттамастан, сол «Манасты» жатқа оқуын қадағалайды екен. Бізде ше? Даниял Әсенов жыршылар мектебін ашу керек дейді. Себебі, қазақ қартының немересі де сөзге жақын. Бірақ оның әке-шешесі жыршы баласынан болашақ көрмейді. Әйтпегенде Даниял ағам шәкірт дайындап көрді. Онысы сәтті шықты. Үшінші сынып оқушысы біраз жырдың басын қайыруға қауқары келді. «Баламның өлеңді жатқа оқуын бағалап жатқан ешкім жоқ. Ал оның ұзақ-сонар жырын қазір ешкім тыңдамайды», – дегенді ата-ананың аузынан естіген соң жыршы тартыншақтап қалды. Жас шәкірт компьютер үстелін серік етті. Бойдағы бар дүние осылай тұншығып қала берді. Кім ұтты? Кім ұтылды?
Жыршылық – бабалардан жеткен ұлы мұра. «Қазақ әдебиеті энциклопедиясы» «Жыршы – жыр айтушы, таратушы. Жыршылар домбыраның не қобыздың сүйемелдеуімен мақаммен, әнмен айтады. Сондай-ақ, эпикалық шығармаларды да орындайды» деген жауап беріпті. Жыраулар поэзиясы, эпостық жырлар, халық ауыз әдебиеті бізге жыршылар арқылы жеткен. Жадында сақтау мен жатқа оқу екі түрлі нәрсе болса да, бір-бірінен алшақ кетпейді. Үндемес заманынан ауылымыз алыстаған тұста,
С.Торайғыровтың «Айтысы» баспасөзде жарқ ете түскен-тін. Оны жариялаған біздің ұстазымыз Қинаят Шаяхметұлы еді. Ұзынқұлақтан естуімізше, сол дастан ұстазымыздың жатқа айтуымен жеткізілген екен. Бірақ ұстазымыздың халық алдына шығып, жыршылық дәстүрді серік еткенін естімеппіз. Ал жыршыға тән белгі тек жатқа оқу болмаса керек. Тыңдар қауымды баурап алар үн мен әртістік талант та керек-ау, шамасы. Осы жағынан келгенде, Даниял Сабырұлы дара тұр. Мұны Қинаят Шаяхметұлы да бағалаған екен. «Еуропа, Ресей елінен тараған, дамыған өнердің бір түрі осы деп айтылып жүр. Шын мәнінде жыр оқу, жырды жеке адамның оқуы қазақ өнерінің бір парасы. Біз барымызды бағалай алмай жүрміз. Даниялдың моноспектакльдік пайымы кімнен кем. Бұл қазір бізде мүлдем жоғалуға айналған дүние деп жүрсем. Әлі де болса ортамызда бар екен», – деп үлкен баға беріпті.
Расында атадан дарыған дария дүние осы еді. Даниял ағаның ұлы атасы Мәди Тастанбекұлы Абайдың барлық өлеңдерін жатқа оқыпты. Абай шығармаларын зерделеумен де айналасқан екен. Қ.Мұхамедханов Мәди ақсақалдың жатқа айтуымен Абайдың бес-алты өлеңін жазып алғанын жеткізгені бар. Мәди Тастанбекұлынан Даниялдың әкесі Сабыр – жалғыз ұл. Ол да Даниял Сабырұлы бірінші мүшелге толар-толмаста о дүниелік болған екен. Мұндайда қазақ қанына тартты дейді. Әйтпегенде екі жаста жыршы атасы, он екі жаста әкесінен айырылған балаға жыр жаттау қалай сіңбек? Бәлкім, тегіне тартқанның дәлелі осы шығар.
Жалпы, бұл ұрпақтың Абайдың қайын атасы Алшынбайға нағашылығы бар: Абайдың бәйбішесі Ділдә Қазыбек бидің немересі – Тіленшінің баласы Алшынбай кіндігінен тараған Түсіптің қызы. Ал Мәдидің анасы – Алшынбайдың інісі Бердінің қызы. Бердінің немересі ұста, зергер Мақан Абай шығармаларын жинастырып жүреді екен. Сол кісі арқылы Мәди Тастанбекұлы Абай өлеңдерімен танысып, тіпті қолжазбаларын да алады. Ел басына күн туған нәубат заманда, 1932 жылдар шамасы, қыстау қораларының біріне көмеді. Кейіннен іздеу салғанында қағаз қиындылары, өрттен күйген, ештеңеге жарамсыз күйінділер табылған. Заманның бір түзелер тұсына сенген екен қарт жыршы. Әйтпегенде жатқа оқу өзімен түгесілер ме еді, кім білсін?
Даниял Сабырұлы Семей педагогикалық институтын орыс тілі және әдебиеті мамандығы бойынша бітіреді. Ұзақ жылдар ішкі істер органдарында қызмет істейді. Аталған екі бағыт та жыршылықтан алыс жатыр. Жад жарқылы да осы болса керек. Ауғанстан жерінде әскери қызметте жүріп, парсы тілін үйренеді. Өз бетімен араб, түрік тілдеріне ден қояды. Біртіндеп өлең жолдарын оқиды. Ұзын-сонар дастандар да оңай жығыла береді. Бір кезде ата оқыған өлең санада жаңғырады. Құймақұлақтық санат қайта бас көтергендей болады. «Менің жолым да, тағдырым да қара өлең мен қара сөз екен» деген ойлар ақыры жыр болып шашылады. Алдамапты, алданбапты. Сұлтанмахмұт пен Мұқағали өлеңдері иіді алдымен, Мағжан Жұмабаевтың өргендері де жарқ ете түсті. «Қалқаман-Мамыр» да көп күттірмеді. Алпамыстың шұбарына, Құртқа баптаған бурылға тізгін түзген – Даниял Әсенов десем қалай болар екен? Әйтпесе қырыққа келіп, жад қатқан жаста қазақтың төл өнерін серік етер ме еді?!
Қанша болғанмен, пенде емес пе? Қара өлең әр қазаққа серік болғанмен, қара сөзді жеткізу, оны драма талаптарымен үйлестіру қиынның қиыны ғой. Мұны қалай жатқа айтуға болады деген сұрақтар да мазалаған әркімді. Бала күнімізде әкеміз бен шешеміз айтқан есте сақтаудың тәмсілін айтты: «Кез келген туындыны ынтамен, көбінесе, таңғы сағат бес-алтыларда тұрып оқимын. Сол сәтте оқып шыққан жыр-дастанның көп тұсы есімде қалады. Кейде қайталап оқып жатпаймын. Шығарма өзінен-өзі жадымда жатталып қалады».
Кейіннен журналистер қаумалап, орысауи жерде туған, орысша білім алған ағамызға «Қазақ тілін өте жақсы білесіз. Кез келген шығармаларды жатқа айтасыз. Қалай?», – деп таңқалғанда: «Бәрекелді-і-і. Мен қазақ емеспін бе? Орыс, тіпті жапон, қытай тілін оқысам да, жаным да, қаным да қазақ емес пе?», – деп жауап берген екен.
Әйтеуір деп тоқмейілсінсек те, қайдам деп күмәндансақ та, қазіргі оқудың шеңберіне сыймайтын жыршылық дәстүр жалғасын енді таба ма деген күдік сұрақ тұрады алда. Қазақ барда мұндай өнер өлмейді, бірге жасайды дегің-ақ келеді. Бірақ кейде осыған сеніңкіремей қарайтынымыз да анық. Бір ой айтады: орта бар ғой, бірақ соған жеткізетін делдалдық жоқ деп. Онда тағы да сауға айтамын, ағайын. Бәлкім, сіздің ортаңыз іздеген ғаламат дүние біздің өңірімізде шығар? Мүмкін, ол жыршы Даниял Әсенов шығар?!
Соңғы бір қоңырау шалғанында Даниял ағам:
– Інім, мен сенің студенттеріңнің алдында түнеугүні оқыған «Қыз Жібегімнің» жалғасын айтсам қайтеді? Мен өзім ұмытпауым үшін керек боп тұр, – деген еді.
Осы сөздерді сіздерге қарата айттым:
– Ағайын, мүмкін сіз жүрген орта қазақтың жыры мен жыршысына сауға айтар.