Жаратқанның Мөрімен…
17.03.2017
1599
0

Құрметті Оқырман!
Қазақ Өлеңі, әдетте… осылайша: әз-табиғи жан-жүрегіміздің ұлттық реңкті қан-бояуындай қуатты да құдіретті болуға керек-ті. Соның үшін, өткен уақытымыздың – таңғажайып табысы ретінде, Қарақалпақстанның Тақтакөпір ауданында туып-өскен бауыр­ымыз Мақсат Әлсейітов ақынның «жетімсайдың бойында – Жетім Ауыл» кітабынан «Жаратқанның Мөрімен…» атты жыр-топтамасын:
Ел-Назарына – ұсынып отырмыз…
Оқып, көріңіз?!
ИРАН-ҒАЙЫП.


 

* * *
Керегеден гуілдеп жел еседі,
Гуіліне жан құштар емес еді.
Киіз үйдің ішінде жанған шырақ,
Екпінімен сол желдің неге өшеді?!

Түскиізім қалшылдап дір-дір етті,
Құлап түскен домбырам «зың-зың» етті.
Саусағымды үсітсем өкінбес ем,
Мына суық тоңдырып тұр жүректі.

Туырлықты тулақша желпілдетті,
Босағаға домалап бөркім кетті.
Жоқтау айтып жылаған кейуанадай,
Еңкіш иінін уығым селкілдетті.

Ергенектен ес кетіп сасып қалды,
Аңқайды да… ауызын ашып қалды.
Көйлегімді кірлетсем өкінбес ем,
Жүрегімді шаң-тозаң басып қалды.

Шаңырағым қарайды жетімсіреп,
Не болады соқса обыр екінші рет.
Басы ала бір мысық мияулайды,
Бақандағы жылқының етін сүйреп.

Зыңғытып ем жерден бір кесекті ала,
Етпен бірге құлады қосақтала.
Жылқы етінен иіс ұрлап жел жүгірді,
Қашқан мысық соңынан безек қаға.

Сақ-сақ күлді сайқал-ай… масаттана,
Қорланады көңілі босап дала.
Сексеуілдің томарын құрт ғып сорып,
Сыр бермей тұр, әзірше, ошақ ғана…

* * *
Таусылып қалғаны ма тау сілемі,
Таусыз жерде жаңғырмас даусым енді.
Жоғалтқан тауларымның нар бейнесі,
Көк дәптердің ішінде қалсын енді.

Ақ жүректен туылсын дүние бұл,
Өте шықпай тұрғанда құйын-өмір.
Жоғалтқан тауларын сол табар бір күн
Көк дәптердің ішінен дүйім елім.

Тіршіліктің қамы үшін күле баққан
Төбелер көп мойныма білек артқан.
Төбе емес, маған керек тау сілемі
Көз жасы – сел, жаралған жүрегі оттан.

Тау сілемі көзімнен бұл-бұл ұшты,
Ық-панасыз үйімнің түндігі ұшты.
Ауғандар да бақытты менен гөрі
Жастап өлген басына Гиндикушты.

Түз жалаңаш, түз түгіл, қыз жалаңаш,
Запыран жүзім – сарғайған күздегі ағаш.
Араратын сағынған армяндардай,
Алатауын сағынды біздегі Алаш.
Алпыс басты Алатау арланбаса,
Жартас жасап кетейін қолдан қашап.
Жартасымнан шартас ал, ең болмаса,
Азу тісі мұқалған Арлан-Қазақ.

* * *
Көмілді шыңырауларым мөлдіреген
Шөліңді қандырамын енді немен!?
Жетіқат жер астынан жаутаңдайды,
Қарақат мөлдір жанар телміреген.

Моншағы маңдайымның боршаланып,
Тереңнен қайраң таптым сонша қазып.
Көзіне оның мөлдір топырақ шашты,
Арсыз құм айналасын қоршап алып.

Шашбауын жеңіл құмның жел көтерді,
Менің пәк мөлдірімді жерге көмді.
Менсінбей тереңдегі кәусарымды
Шалшығы шұқанақтың кеуде керді.

Дарақы шартық сулар кеуде керді,
Шайтаным керегіне мол кенелді.
Ағайын, көремісің, көзің бар ма,
Бейкүнә періштем менің шөлден өлді.

Періштеме жуһа жылан салды ауызын,
Шырқырап ұшты көкке жан дауысым.
Жүз рет өліп қайта жүз тірілдім
Мөлдірім жер астында қалмау үшін.

Шыңыраудан қауға тарттым сендер үшін,
Сусаған жүректерге бермек үшін:
Қаңсыған Жетімсайдан көрсетсем деп
Жерасты дариясының тербелісін.

* * *
Қазақ – түйе, ал жүз грамм – мұрындық,
Мұрындыққа мұрнымыздан іліндік.
Іліндік те айырылып еріктен
Емпең-емпең жетекке еріп жүгірдік.

Қазақ – түйе, мұрындығы – налалы…
Мұрны емес, жүрегі оның жаралы.
Келе-келе… түйелердің ішінен,
Іздеген жан жампоздарын табады.

Қазақ – түйе, осал жері: мұрыны,
Бұйда болды жын-шайтанның бұрымы.
(Аузын ашып, әждаһа арбап тұрғанда
Кімге жетсін бозторғайдың шырылы?!).

Қазақ – түйе, мұрындығы би оған,
Үзбесе оны семсер түсіп қиядан…
…Түйемін – Мен…
Мұрындығым тұрғанда –
Еркіндікте жүрмін деуге ұялам.

***
Ақша бұлт, қайда ағасың?
Ежелгі Жейхундай жөңкіліп,
Аспанның арнасын толтырып.
Мергенді көре сап үрпиіп,
Дүркіреп қашқандай мың киік,
Барасың қай жаққа ылағып,
(Ылағып барасың, бұл анық!).
Жердегі пенделік мінезден,
Бір ерді мұқалтқан мың езден,
Жиіркеніп, ақша бұлт, бездің бе,
Сөйтіп сен аспанды кездің бе?
Төбемде аз ғана аялда,
Мұңыңды сен маған баянда,
– деп едім,
Ақша бұлт:
Кемсеңдеп… жылады:
Көз жасын –
Көлдетіп…
«Үстіме» –
Құлады…
* * *
Үйірі бұғы мүйіз сексеуілдің,
Бауырында күйсеп жатыр көшпе құмның.
Көрігін көктегі ұста басқан сайын,
Бауырынан ұшқын шашты төстемір – күн.

Көзінен сексеуілдің сұрғылт түсті
Кесіртке тамшы болып жылжып түсті.
Мөлт етіп тамып түскен сол бір «тамшы»,
Өртеніп өліп-өшіп құмды құшты.

Шыққан соң құмбұлаудан – құмнан шоқтай,
Кесіртке сүйретілді тірі әруақтай,
Алды да адыраспанға аунап-аунап,
Жорғалап жөнеп кетті сұр жорға аттай.

* * *
Қанаты толқын-толқын құмды сызып,
Қаңбақты бүркіт боп жел бүрді қысып.
«Дүр-р» етті де «жалп» етті бір топ торғай?
Кеткендей құрым үйдің түндігі ұшып.

Топ торғай зікір салып, зар жыланды,
Аластап һәр бұтақтан әбжыланды:
Сиынып Самұрықтың әруағына,
Келетін кесапаттың алдын алды.

* * *
Қызылқұмға қашып едім қосанып,
Қара көзге қан аралас жас алып.
Шынжырлаулы нарлар шықты алдымнан,
Кете алмаған өз еркіне босанып.

Шынжырлаулы нарлар жатты ыңыранып,
Құбыладан дауыл соқты жынданып.
Көз алдымда шаң-тозаңға айналып,
Көшіп жатты…
Босып жатты…
Құм-ғәріп.

* * *
Пері қызы ұшып жүр жел ішінде
Оған лайық ер бар ма ел ішінде.
Өлеңімнің өрнегін содан алдым,
Желге ұқсайды жырларым сол үшін де.
Жанары бар, жаны бар – бөксесі жоқ,
Жүрегі бар – саны жоқ, өкшесі жоқ.
Желге мініп періштем келген сайын,
Мен жылаймын қасымнан кетпеші деп.

Құмға барсам қасыма жел келеді,
Жел жеңгесі жол бастап Ол келеді.
Сыбызғыдай сызылтып әнге салса,
Сыңғырлайды жанымның пернелері.

Пері қызы ұшып жүр жел ішінде
Кездеспейміз екеуміз ел ішінде.
Құмда ғана оңаша жолығамыз,
Елден бездім, құм кездім сол үшін де.

* * *
Мұңайма, төртқұлақ там, жердей қоңыр,
Ноқтаға асау тайша көнбейді өмір.
Көш айдап Алатауға барып қондым,
Жоқтаусыз қаларыңа сенбей көңіл.

Мұңайма, төртқұлақ там, кешегі өмір,
Тірілер өтпеді деп көшеден бұл.
Қисаймай, шарт жүгініп отыра бер,
Сіміріп аспан дейтін кеседен нұр.

Таңба қып бастым Сені нар құмдарға,
Мен үшін таңбам қымбат алтыннан да.
Таңба боп нар иесін дәлелдерсің,
Туыспен шөгірмелі дау тұрғанда.

Ыңыранған нар құмдардың жамбасында,
Жетер ме таңбам аман сан ғасырға!?
Бұйдасын нарларымның жат қолына,
Бермеуім керек еді әу басында.

Қайтейін, төртқұлақ там, амал нешік,
Ілесіп ескен желмен барам көшіп.
Қан төгіп әр төбені қорғар едім
Ержетсем найза ұстайтын заманда өсіп.

Құмдарды бір желпірмін самал боп кеп,
Әйтеуір, сол күндерге аман жет тек!
Қор болдым, қорқақ болдым –
Маңдайыма
Найза емес, айла ұстаған заман тап кеп.

Есен бол, төртқұлақ там – кешегі өмір
Не жазса, соған көнер пешене бұл.
Жел соқса желмен бірге домаланып,
Қаңбақша тұқым шашып көшеді өмір.

Есен бол, төртқұлақ там – зор қамалым,
Көкке ұшып кеткен жанның қорға тәнін.
Ұшқан жан көктен қарап тұрған шығар,
Өркешін нұр боп сүйіп әр ботаның.

Ұшқан жан, кешір болса өкпең маған,
О Бастан өзегімді өрт жалмаған.
Жоғалтқан нарларымды іздеп барсам,
Тұрғайсың тілектес боп көктен маған.
* * *
Қолымнан шығып кетті бозінгенім,
Өрт шалып өзегімді жоқ іздедім.
Жануар қолды болып кетеді-ау деп,
«Аһылап» атар таңға көз ілмедім.

Келеден бозінгенім безінгелі,
Жанымды сарыуайым – жегі жеді.
Ежелден түйе баққан әулет еді,
Туыстан қауіп етемін шөгірмелі.

Саудагер тақиялы туысымнан,
Тайынбан інген үшін суысудан.
Өркешін қос темірмен шойындапты,
Әй, шығара қоймас енді уысынан.

Төлеген жырға қосқан аруанадай,
Боздаумен шықса-дағы жолға талай.
Жеріне жете алмады жануарым,
Қалған ба құрсауланып, сонда қалай!?

Жасырып өркешіне боз отауды,
Болдырмай тастап еді-ау жазалауды.
Боздатып бозінгенін жұртқа тастап,
Барады қайтқан қаздай Қазақ Ауылы…

* * *
Кавказдағы ноғай туысқаным-ай,
Болсам ба деп ем өэіңде бір ай, құмықта бір ай!
Қу жоқшылықтың қолымды қырыққанын-ай!
Туысқаным-ай,
Сен мені ұмытпадың ба-ай!?

Алдыңда – Каспий, сүйенсең – артыңда Кавказ,
Шынтағыңды сүйеп жартасқа,
толқынға хат жаз.
Толқыннан хабар күтеді, сағынып Сені,
Теңіздің арғы бетінен қаңқылдап ақ қаз.

Төгіліп едік қос шектен қоңыр үн болып,
Біз егіз қозы ек – емшекте жолығып едік.
Бөлініп кеттік… шапқанда бөрі-күн келіп
Басылмай жатыр…
Қарт Каспий солығым болып…

Қайтадан көйлек киер ме ашылған тәнім,
Қайтадан қапқа түсер ме шашылған тарым.
Қайтадан көктеп шығар ма қасымнан менің,
Өртеніп кеткен ен тоғай – жасыл орманым.

Аунап бір қунап қайтсам ғой араңа барып,
Арқалап алып қайтсам ғой далама шабыт.
Сен мені, бауырым, адаспай табар ма екенсің,
Алау ғып қойсам жүректі жағаға жағып.

* * *
Қыран қыпшақ жайғанда қос қанатын,
Сусылғаннан жарты әлем жасқанатын.
Бір қанаты Еділден ары өтіп,
Бір қанаты Әмуден басталатын.

Басы – Каспий, құйрығы – Үрімші еді…
Түтіп жеді торғайлар бүгін сені.
Саңқылдаған үніңді сағындым ғой,
Самұрығым қайтадан тірілші енді.

Самұрығым қайтадан тіріл енді,
Жұта алмайды жұт заман ірілерді.
Ұсақтардың бірін де місе тұтпай,
Өзіңді аңсап көк аспан күңіренді.

Самұрығым қайтадан тіріл тағы,
Жалға сосын бітпеген жырыңды ары.
Жылжып келген зұлматты жаны сезіп,
Балапаның-боз далаң шырылдады.

Тіріл енді, тұр енді, самұрығым,
Қайта көктер жоқпысың тары құрлым.
Қамын ойлап құзғындар қарынының,
Түсінбейді жүректің зары-мұңын.

Қанаттарың дал-дал боп топшың сынып,
Қимылдамай, алыбым, жатсың сұлық.
Сауысқандар төбеңде сықылықтайды,
Жатсың сұлық далаңды басындырып.
Көктен түсіп бір сәуле жаныңды емдер,
Жанды емдеген сол сәуле бәрін жөндер.
Аспан жақтан аппақ нұр кеп қалар деп,
Көктен көзін алмайды адыр белдер.

Самұрығым жайғанда қос қанатын,
Қараңғылық қаптайтын аспан астын.
Айдаһарлар кіретін тесік таппай,
Арыстандар тығылып бас бағатын.

Қанатыңды сылайын таң нұрымен,
Таңдайыңды шылайын бал жырыммен.
Қатып қалған қаныңды қауырсынға,
Тазартайын көзімнің жаңбырымен.

Темірқанат сарауыз жас балапан,
Жұтылмасын зұлматқа ашқан аран.
Енді-енді талпынған бала құсқа,
Жер мүсіркеп қарайды.
Аспан алаң.

Басыңдағы сиқырды – нақ шындығы,
Өртеп жағып жіберсін һақтың нұры.
Шоққа күйген жыландай шоршып түссін,
Бәйтерекке оралған жаттың тілі.

Самұрығым «тіріл»! «тіріл!» «тіріл!» «уһ!»
Бөліну жұт болғанда бірігу құт.
Бауырыңнан тараған балалардың,
Бірін шаңырақ қылсаңшы, бірін – уық.

* * *

Аш-Тарханды салғанда
Жәнібек хан айбынды,
«Аузы түкті кәпірдің
Маңдай тері тамды-ау» деп
Асан-Қайғы қайғырды.
Маңдай Тері Пенденің Мөрі емес пе Алланың,
Өз жеріне өзгенің Терін – Мөрін бастырып,
Ел Еділден айрылды.

Айдап келді үйірлеп, қауға сақал мұжықты,
Шайтан билеп көңілін
Тегін еңбек күшіне есі кете қызықты.
Күңіреніп Қарт Абыз,
Бұл шаһардан күдерін күні бұрын үзіпті.

Жолдас болсаң жолдас бол:
Ерімен не Перімен,
«Қаш!», «қаш!», Бауырым, бірақ та,
Сарт-Сауанның Терінен.
Кісі ақысы қауіпті қойға шапқан бөріден,
Кел, Бауырым, қорғайық:
Мына Байтақ Отанды –
Өзгелердің Терінен!
Таңбалайық –
Топырақты
Жаратқанның Мөрімен!

* * *
Қаратерең-қаракөз, Бөрші-қабақ
Көзіңді сол мөлдірге көрші қадап
Қара көзден тұр екен мұң төгіліп,
Қабақ емес, ол көзді шер тұр орап.

Күңіренеді шуласып толқын көшіп,
Жүбата алмай ақ самал алқынды есіп.
Иесінің қолынан сусып кеткен
Көл түбінде бар дейді алтын бесік.

Көзіндей ғой мына көл құралайдың,
Көрген сайын жаныма мұң ораймын.
Қасқалдағын алысқа ұшып кеткен,
Есіне алып солқылдап жылар айдын.

Тағы келдім бұл көлдің жағасына,
Қазынам қалып барады нақ осында.
Көл астында қап кеткен қазынамның,
Баға жетпес әлемде бағасына.

Қазынам қалып барады көл түбінде,
Үмітімді қимаймын өлтіруге.
«Алтын-Бесік» қолыма қайтар ма екен,
Жағалауға шығарса жел түбінде.

Жағалаудан барады халқым көшіп
Көл түбінде қап қойды «Алтын-Бесік»:
Аманатын сақтаған тапсыра алмай,
Үрейлене қарайды толқын шошып…

Қаратерең – қара көз мөлдіреген,
Мұңын оның оқып тұр толқын-өлең.
Ай ғашық боп толқынның әуезіне,
Аққу құсап төсіне қонды ма екен?!

Қаратерең – қара көз тұнған арман,
Көз алмаймын жүзінен мұңға оранған.
Толқынына қараймын телмірумен,
Жүрегімнің асылын ұрлап алған.

Жетімдердің жиылған көз жасындай –
Мынау көлден
Қойды ғой шер басылмай.
Шерді көріп жүректен осы Өлеңім –
Тамып түсті құйылған қорғасындай!

* * *
Бір Әлем бар: бізге жұмбақ – Тәңір-Хақ,
Ешкім білмес қайда екенін оның нақ.
Жұлдыздар да сыр ашпайды ол жайлы,
Анда-санда тұспалдайды тек ымдап.

Тыным таппас құртақандай пенделер –
Сол Әлемді іздеуменен сенделер:
Пенде іздеген Жұмбақ Әлем Қақпасы –
Миллиардтардың тек біріне кез келер.

Тек бір Адам тауып жұмбақ шешімін,
Ашып кірер тылсым дүние есігін.
Ол қандай жан:
Пайғамбар ма,
Пақыр ма?
Ешкім оның айта алмайды есімін!

* * *
(«Жанқожа Батыр» дастанынан)
Бұл жердің әрбір бұтасы менен әр шөбі,
Тамырыменен келімсектерге қарсы еді.
Жатсынып өзін, сатылған жатқа сүмелек,
Басқаны қойшы,
Шөптен-ақ үлгі алса еді.

Бұғы мүйізді сексеуілдер өріп… топ-топ боп,
Мүйізін сілкер қамалды жарып өтпек боп.
Ерлерден қалмай қапталдап келед шұбырып,
Өлсе де разы өртеніп бүгін шош-шоқ боп.

Жантақтың өзі жаралап жауды кек алмақ,
Сондай-ақ болсын перзенті шөлдің адал нақ.
Жыландай болып иреңдеп жатқан қамалға,
Тікенін шашып, кірпі боп жантақ қадалмақ.

Гүлдерге дейін қуанып бүгін шаттанды,
Аяңдар гүлді, сәбилер олар пәк жанды.
Шаттанды гүлдер,
Қуанып алып ұшты олар,
Ерлерге еріп олар да жауға аттанды…

* * *
Қара түнек қаптады сар даламды,
Қаптап келіп жерімді қалмақ алды.
Қатыншалап қапыда қылыш сілтеп,
Ұлан дала денесін қанға малды.

Қазан ұрып, сұрланды шатынап көк,
Кісі тәні төгілді жапырақ боп.
Қара қарға төбеме төніп келіп,
Қарқылдады көзімді шоқымақ боп.

Дауыл соқты даламда сұрапыл боп,
Аман қалу қалайда мұратым тек.
Қаңбақ болып домалап жөней бердім,
Желге қарсы тұратын қуатым жоқ.

Жылжып тажал жеткенде төніп боп түн,
Жұмыртқадай ақ үйден безіп кеттім.
Теңіз едім толқынды толып тасқан,
Суы қайтқан көлдейін кеміп кеттім.

Ұл – атадан айырылды, қыз – анадан,
Жонарқамнан майырды ыза – заман.
Ұлан дала төсінде улап-шулап,
Жан қалмады жас төгіп жыламаған.

Қынадайын қырылды үштен – екім,
Өкініштен бармақты тістеледім.
Менің мүшкіл хәлімді Тәңір аяп,
Үштен – бірім қайтадан тіктеді есін.

Түркістанды – көзімнің қарашығын,
Түнек қаптап – қаншама аласұрдым?!
Сол түнекті нұр болып қуар ма екен,
Ынтымағы Қазақтың Баласының…

* * *
(Өзім жайлы)
Күйін кештім күлпара ебелектің,
Шерге – бөгіп, жанымды – шемен еттім:
Отанымның аялы алақанына –
Адасып…
Әзер қонған…
көбелекпін…

Мақсат ӘЛСЕЙІТОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір