Ескен Елубаев
17.02.2017
9017
9

Қазақ әдебиеті тағы да ауыр қазаға душар болды. 75 жасқа қара­ған шағында белгілі ақын, балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Ес­кен Елубаев дүниеден озды.
Ескен Елубаев 1942 жылы 18 ақпанда Жамбыл облысы, Қордай ау­данындағы Отар стансасында туған. 1958 жылы Отар стан­са­сын­дағы №29 теміржол орта мектебін бітірген. ҚазМУ-дің филоло­гия факультетін тәмамдаған.
1966 жылдан бастап «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») га­зетінде, «Жалын», «Өнер», «Балауса» баспаларында, «Балдырған» журналында жауапты қызметтер атқарған.
Ең алғашқы өлеңі 1958 жылы республикалық «Ара» журналын­да жарияланған. Ол шығармаларының денін балаларға арнап жаз­ды. Оның «Болатбек» пьесасы республикалық қуыршақ теат­рын­да қойылған.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. Ұлттық «Астана — Бәйтерек» конкурсының екі дүркін бірінші жүлдегері, Ха­лықаралық «Дарабоз» бәйгесінің екінші жүлдегері болды. «Қа­зақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталған. Мем­ле­кеттік гранттар мен стипендияларды иеленді.
«Көк жейде», «Көкпар», «Баламысың деген», «Өжет», «Кто силь­нее?», тағы да басқа қырықтан астам кітаптары қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген. «Балабек», «Асар» пье­салары республиканың көптеген театрларында қойылып келеді. «Саған күшік керек пе?» кинофильмі ав­тордың пьесасы бойынша түсірілген. Шығармалары қазақ және орыс мектептеріне арналған оқулықтарға енген.
Саналы ғұмырын әдебиетке арнап, жарты ғасырдан астам уақыт бойы талмай еңбектеніп, өмірінің соңына дейін қалам құрғатпай жазып, балалар әдебиеті жанрын байытқан Ескен Елубаевтың жарқын бейнесі хал­қымызбен бірге жасай береді.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының секретариаты.


 

ЕРЖҮРЕК АҚЫН

Ескен Елубаев кітап дүкендерін жиі аралайтын. Ондағы мақсаты – ғалымдардың балаларға шы­ғарма жазғанда пайдалануға болатын деректері бар кі­таптар мен әріптестерінің жаңа дүниелерін сатып алу және өзінің дүкенге жаңадан түскен кітабының жағ­дайын біліп қайту болатын.
Екінші рет барғанда өз кітабының тез өтіп кеткенін біліп, әріптестері бас қоса қалғанда, ол жайындағы қуа­нышын айта жүретін.
Есағаңның қуанатындай жағдайы бар еді. Кітап­тар­дың сатып алушысын күтіп, ұзақ уақыт сарсылып жат­қа­ны қайбір жақсы дейсің. Яғни кітап алуға келген жұрт­шылыққа ұнай бермегені де. Ал тез өтіп кеткені жұрт­шылықтың талабын қанағаттандырып, балаларын қуан­туға алып кеткені.
Ескен шығармалары кім-кімді де қуантуға лайық. Ба­лалар поэзиясының өте шебер жазылған алуан түрлі үлгілерінің бәрі табылады. Ескен өлеңдер, санамақтар, жұмбақтар мен жаңылтпаштар, ертегілер, пьесалар, метаграммалар, танымдық өлеңдер, юморлар, әліппедегі әріптердің бәріне құрылған атқояр дейсің бе, толып жатыр. Өлеңнің құрылысы жағынан да, мазмұны жағынан да балалар поэзиясында бұрын-соңды кездес­пеген өзіндік жаңалықтары да толып жатыр.
Бірсыпырасы орыс тіліне аударылып, Мәскеу бас­паларынан жарық көрген. Орыс ақыны Юрий Кушак аударған, Ескеннің қазақ балалар поэзиясына өзі енгіз­ген жаңалықтары да орыс оқырмандарына жаңалық болып көрінген болар-ау деген ойға жетелейді.
Бірқатар пьесалары республикамыздың көптеген театрларында қойылып жүруі де автордың пьесасы бойынша түсірілген «Саған күшік керек пе?» кино­фильмі де – үлкен жетістік.
Ескен Жамбыл облысының Қордай ауданында Отар станциясында дүниеге келген. Ол әрбір шәкірт бала кезінен өзінің туған жері, туған облысы, туған елі туралы там-тұмдап біле беруі керек. Сонда әрбір шәкірт есейгенде туған елінің нағыз патриоты болады деп есеп­теген. Бұл тақырып Ескеннің басты тақырыбы еді. Мы­салы: өзінің туған ауданының атауы қайдан шыққан? Оны көпшілік біле бермеуі мүмкін. Болмысы ізденгіш ақын іздене келе, көнекөз қарттардан сұрастыра келе ол атаудың қалай туғаны жайлы анықтап, өлең жазады. Ертеде ержүрек Қордай деген батыр болады. Елін шап­қысы келген жауды қынадай қырып жүреді. Сөйтіп жүргенде жаудан батырға ем қонбас ауру жұғып қалады. Жұқ­тырып алам ба деп, тәуіпке де бармай, ауру елге та­рап кетпесін деп, сүйегім сонда қалсын деп, жалғыз өзі тауға аттанады. Сөйтіп, елі үшін ең соңғы ерлігін жа­сай­ды.
Ескен өлеңінің соңын:
Қордайдың бізбіз ұрпағы, –
деп аяқтайды.
Ескен сөйтіп, қордайлық бүлдіршіндер мен жеткін­шек­тердің рухын асқақтатады.
Еліміздің, халқымыздың бүлдіршіндері мен жеткін­шек­тері шеттерінен елімізді сүйген ержүрек батыр, өнер­лі, тәрбиелі білімді болып өссін деп солар үшін не­бір ғажайып дүниелер тудырған Ескен Елубаевты ер­жүрек ақын демей, кім дейміз.

Сұлтан ҚАЛИҰЛЫ.


 

БАҚҰЛ БОЛ, БАЛАЖАН АҚЫН!

Ескен Қазақстанның әр түкпірінен бір кездегі астанамыз, гүлге оранған әсем қала Алматыға білім іздеп келіп, С.М.Киров атындағы Қазақ универ­си­тетіне оқуға түсу үшін 1961 жылы емтихан тапсырған түлектердің ішінен ерек­ше көзге түскені есімде. Ол кезде мен университеттің екінші курсында оқи­тынмын әрі университеттің комсомол комитетінің мүшесі едім. Деканымыз сол жылы мені оқуға түсетін түлектерден емтихан алатындардың тізіміне кір­гізген. Міне, сол кезде оқуға қабылданған Ескеннің жүріс-тұрысынан, газеттерге жарияланып тұратын өлеңдерінен оның болашағы жарқын екенін аңғаруға болатын еді.
Ол 1966 жылы университетті тәмамдаған бойда еңбек жолын «Қазақстан пио­нері» (қазіргі «Ұлан») газетінен бастады. Сол кезден бастап көбінесе ба­лаларға арнап өлеңдер жазумен болды. Мұны оның алғашқы шыққан «Көк жей­де», «Көкпар», «Баламысың деген», «Кемпірқосақ», «Балабақша», т.б. жыр жи­нақтарының атауларынан-ақ байқауға болады. Ескен бұдан кейінгі жыр жи­нақтарында да өз тақырыбынан ауытқыған емес. Кейінірек жазған пьесалары да балалар өміріне арналды. Сөйтіп, ол балалар тақырыбына қалам тартқан Бердібек Соқпақбаев, Мұзафар Әлімбаев сынды классик ағаларының жо­лын қуды.
Ескен спортқа жақын еді. Бұл тақырыпқа да қалам тербеп, бірнеше өлең­дер жазды. Әсіресе, қазақтың қайсар ұлдарының бірі, 1980 жылғы Мәскеуде өткен Жазғы олимпиада ойындарында қарсыластарын бірінен соң бірін жеңіп, бетқаратпай келе жатқан Серік Қонақбаев бауырымызды советтік солақай саясатты ұстанушылар көпе-көрінеу сүріндіріп, алтын медальдан қаққанда жаны күйзелген Ескен ақын боксшы Серікке екі өлең арнады. Соның бірінде ол «Сенің атың бұл күнде Серік емес, қазақ болып тұрған шақ» деп тебіренгені есі­мізде.
***
Бір өкініш өзегімізді өртейді. жүзге келген жыр алыбы Жамбылдың шә­кір­ті болып:
Келдім, міне, сексенге,
Тай үйретем тепсеңде.
Екі Кенен тумайды,
Алатауға ексең де, –
деп жырлап, өзі тоқсаннан асып дүние салған, асыл сүйек­ті кешегі Кенекең (Кенен Әзірбайұлы) өскен өңірдің топырағында туған Ес­кен ақын өзінің 75 жылдық тойын атап өтуге бір апта қалғанда көз жұмды. Ал­ланың ісіне шара бар ма?! Жаның жәннатта болсын, пейіште нұрың шал­қысын, балажанды ақын Ескен Еркешұлы!
Ғазизбек ТӘШІМБАЙ.


Абзал адам еді…

Ескен ағаның балалар әде­бие­ті­нің бағбаны екені баспасөзде жиі жазылған, енді тіпті молырақ ай­тылады. Оны іздей бастаймыз.
Балаларға арнап жазған өлең к­і­таптарым «Балқаймақ», «Оты­рар­төбе» баспадан («Жалын») шы­ғарда редакторым болып шек­сіз қам­қорлық жасаған еді. Жай редактор емес, кемшілігіңді сыпайы айтып, тәрбиелеп тұратын бауырмал Аға­ға мен де үйіршек іні болдым. Жү­ре­гі кең, алды ашық, мейірбан жақ­­сы Адам еді.
Біздің оқушы кезімізде көпте­ген танымдық қазақша кітаптар жетіспейтін. Барының өзі орысша еді. Осы оқулықтың орнын толтырып, танымдық әдебиетті көркем дәрежеге жеткізіп, қазіргі мектеп шә­­кірттеріне «Тілге жеңіл, жүрек­ке жылы» және юморға толы әдемі шығармаларын қалдырған Ескен ағаның аты өшпейді. Себебі, бала­лар әдебиеті адал қайраткер, қа­лам­герлер сиреген заманда Ескендей асыл ақынның, абзал адамның ор­ны ойсырап тұрады. Амал қан­ша?!
Ұстамы жақсы Ұстазым, әруа­ғыңыз­ға басымды иемін!..

Мылтықбай Ерімбетов.

ПІКІРЛЕР9
Аноним 12.02.2020 | 21:51

кушти

Аноним 16.02.2020 | 10:49

Сымбатқа

Аноним 16.02.2020 | 18:49

👍👍👍

Аноним 16.02.2020 | 21:15

Маа оте коп кой😦

Аноним 17.02.2020 | 19:21

Я

Аноним 14.02.2024 | 20:53

Оте коп😫

Аноним 14.02.2024 | 21:03

Мәәәәәә мынаны 1 жыл жазып отырамыз ғой😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫😫

Аноним 15.02.2024 | 20:47

Керемет

Аноним 18.02.2024 | 20:45

Өте күшті жазған осындай ақынлар тұралы оқысам мен есімде көп қала береді🌹

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір